Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 12388 0 пікір 26 Маусым, 2015 сағат 11:16

«МЫНА ЗАМАНДА ЖАЗУШЫ КІМГЕ КЕРЕК?»

Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовке телефон шалдық. Әлденеге назалы адамның дауысын естідік. Көп нәрсеге көңілі толмайтыны байқалды. Тіпті, өзінің кітабы туралы айтқанымызды да тыңдағысы келмеді. «Мына заманда жазушы кімге керек?»

Бұл сөзді Тынымбай Нұрмағамбетов айтса, басқамыз қайтеміз? Түрлі сауалнамаларда ол мықты жазушылар қатарында аталып жүр. Жаңаша ойлайтын жазушылар оны тізімнен тастамайды. Ауқатты адамдарды қайдам, сауқатты қаламгерлер арасында: «Тынымбайды оқыдың ба?»  – деген сауал өзімізге талай қойылды.

Сөйткен жазушы өз кітабы туралы әңгімелесуге құлықты емес. Телефон желісінің арғы басынан түңіле сөйледі. «Кім оқиды, қажеті қанша?» деген сөз жүрегімізге біздей қадалды. Біраз уақытқа дейін Тынымбай тақырыбына беттей алмай жүрдік. Алайда, ол бізге бәрібір маза бермеді. Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Ауғандық құстар» атты  кітабын талдауға Төлен Әбдікұлы мен Амангелді Кеңшілікұлын шақырдық.

 

 Жүсіпбек Қорғасбек: Тынымбай Нұрмағамбетов кешегі соцреализмнің құрсауынан шыға алмай жүрген заманның өзінде алған тақырыбы да, жазу стилі де, барлығы өзгеше, жаңаша жазушы болды. Сол кезде Тынымбай Нұрмағамбетов қана емес, Дулат Исабековтің «Қарғын» романын біз өзгеше деңгейде, өзгеше бағытта жазылған жаңалығы бар шығарма ретінде қабылдадық. Содан кейін қолдан-қолға өткізіп оқыған «Оң қолдың» өзі бізге тосын дүние болды. Басқа бір түсінікте жазылған шетелдік әдеби шығарма сияқты елестеді. Одан кейін осы бағытта Мұхтар Мағауин жаза бастады. Тынымбай аға бар, Дулат аға бар, сіз бар, Кеңес заманынан кейін ғана «көзімізді аштырып, жұмдырған» модернистік бағытқа қалай келіп қалдыңыздар? Мысал үшін айтайық, поэзияны түсінуге болады. Мағжандар болды бұл бағытта. Ал енді бұл прозаға қалай келіп қалды?

 

Төлен Әбдікұлы: Мен өзі әр жерде Совет әдебиетін жоққа шығарып жүрем. Себебі, совет әдебиеті дегеніміз – советтік шындық. Советтік шындықтың айтары белгілі, «совет өкіметінің тұсында қазақ халқы бақытты болды». «Елмен бірге Совет өкіме-тін орнатысты, шат-шадыман өмір сүрді». «Керемет мәдениетке жетті»… Бірақ, оның бәрі шындыққа жатпайды. Қазақ халқы барлық қасіретін совет өкіметі кезінде көрді. Ал, совет әдебиеті соны көрсете алмады. Сол себепті мен оны жоққа шығарам. Бірақ сол кезде шыққан шығармалардың бәрін бірдей советтік әдебиетке немесе соцреализмге жатқызуға болмайды. Ол кезде де әлемдік әдебиеттің үлгісімен жазылған шығармалар болды. Мұхтар Әуезовтің «Көксерегінен» бастап, мәселен. «Көксеректі» ешқандай соцреализмге жатқызу мүмкін емес, келмейді. Сол секілді қаншама том шығармаларымен халық өспей тұра алмайды ғой, баланың өспеуі мүмкін емесі секілді. Аздап әлемдік әдебиетпен таныса бастады. Әлемде кімдер бар екеніне көз жеткізді. Совет өкіметінен де басқа жер бар екенін, ел бар екенін, олардың жазушылары бар екенін білмей, қараңғы қалған жоқ. Алпысыншы жылдары белгілі бір дәрежеде қоғамда да, өнерде де, әдебиетте де ояну басталды. Өзі «60-жылдықтар» деген бар ғой. Бұл «60-жылдықтардың» негізгі мәні, сипаты – наразылық, протест. Өмірге ризашылықтың жоқтығынан туған нәрселер. Міне, сол кезде жаңағы Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауиндер шықты, одан кейін біздің ұрпақ көрінді, Тынымбай да шықты. Ал енді бір ғажабы, жаңағы айтып отырған сөзіме кішкене келіңкіремейтіндей де жері бар. Қазір тәуелсіздік орнады. Бүкіл шығармаға, әдебиетке басқаша көзқарас басталды. Бірақ, сонда да Бейімбет Майлиннің шығармалары осы күнге дейін өзінің оқырманын жоғалтқан жоқ. Өйткені Бейімбет шын мәнінде өте сирек кездесетін құбылыс. Бейімбет қаламгер ретінде кейіпкерлерін өзінің бұйрығымен жүргізбейді, кейіпкерлері өзінің шындық өмірімен өмір сүріп жатады. Арасында совет өкіметін жақтайтын бір-екі ауыз сөз қоса салады. Ал енді қазір қарап отырсаң, мүлдем басқаша сипатқа ие болғанын байқайсың. Кезіндегі біз Бейімбет совет өкіметін дәріптеді деген дүниелері, керісінше, келеке қылған боп шығып отыр қазір. Совет өкіметін барынша келеке қылған жазушы – Бейімбет. Ал осы стильді, осы мектепті ары қарай дамытып, кәдімгі қазақ әдебиетіне жаңа бір бағыт әкелгендердің бірі – Тынымбай. Өйткені Тынымбайды айтып отырып, Бейімбетке тоқталмау мүмкін емес. Соның жалғасы секілді, кез келген адам солай қарайды. Бірақ Тынымбайды Бейімбетпен бірге  қоюға тағы болмайды. Мұның өзінше ұшталған стилі бар, өзінің дүниетанымы бар. Кейде ұлы шығармаға да сын айтуға болады. Мәселе онда емес, мәселе дүниеге әдеби құбылыстың келуінде. Тынымбайдың алғашқы шығармаларында да дәл осындай болатын, ол реалист болатын.Тұңғыш повесін «Жалын» журналына басқанымыз есімде. Сонда «Жалынның» көпшілікке белгілі конкурсында бірінші сыйлық алды. Оны оқып шығып, автордың кім екенін де білмейміз, жанкүйер болып жүрдік. Кейін қарасақ, ешкім білмейтін Тынымбай Нұрмағамбетов деген жігіт болып шықты. Тынымбай әдебиетке толық қалыптасқан күйінде келді. Алғашқы повесінің өзі шын мәнінде өте жоғары деңгейде жазылған повесть болды. Сол уақыт қайталанғандай болып, төрт-бес жыл бұрын «Өркениет» журналына «Жыланның уы» деген повесін бастым. Мұнда да сол баяғы Тынымбай, ауылдың өмірін  бес саусағындай жақсы біледі. Ауылдың мұңын, ауылдың қайғысын, ауыл адамдарының барлық алуан түрлі характерлерін…

 

Жүсіпбек Қорғасбек: Қалай айтсақ та, қазақ әдебиетіне сол заманның өзінде жаңалық әкелген жазушылардың бірі де бірегейі. Бірақ, Тынымбай Нұрмағамбетов те өзгермей тұрмайды. Амангелдінің бір мақаласында стиль заманға қарай, қоғамға қарай ауысып, өзгеріп отырады деген пікір бар екен. Жазушының мақсат-мүддесіне қарай деген сияқты, мысалы. Меніңше, «Кене» әңгімесі жазушының арғы-бергі жазған дүниелерін бір уысқа жинап тұрған сияқты. Осы әңгімесін жаңашыл жазушыларымыз көп атады кезінде. Сеніңше, Тынымбай Нұрмағамбетовтің жаңалығы неде деп ойлайсың, Амангелді?

Амангелді Кеңшілікұлы:  Менің ойымша, жазушының өсуі  оның әдебиетке таза жүрегімен келуі және сол қалпынан өзгермей,  сақталып қалуында болса керек. Әрине, жұрттың бәрі де әдебиетке  ұлы мақсатты қуып  келеді. Бәрі де әдебиетке келгенде сөз өнеріне адал қызмет етуге ант береді. Бірақ, уақыт өте келе солардың көбі өнердің ұлы миссиясын ұмытып, оны пендешілік мақсатпен шатастырып алады.  Сол кезден бастап  ақынның, жазушының шығармашылығы өледі. Құрдымға кете бастайды. Өз басым Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармадан-шығармаға өсіп отыруының себебін сол берген сертіне адал болып қалған тазалығымен  байланыстырамын.  Жазушының еш уақытта ұлы әдебиеттің мұратын саудаға салған кезі болған емес. Әрине, Тынымбай ағамыздың кейбір жазған шығармаларында да шеберлік жетіспей жататын жерлер бар. Кейбір шығармаларында айта алмай қалған бір ойлар да болуы мүмкін. Бірақ, жазушы үшін ол үлкен мін емес. Ондай кемшіліктер ірі суреткерлердің бәрінде де бар.  Ең бастысы, ол ешуақытта да заманға бейімделіп, уақытқа икемделіп, жалған шығарма жазған емес.

Жаңа стильге байланысты  менің пікірімді мысалға келтірдіңіз. Менің ұғымымда стиль дегеніміз – адамның өзінің ішкі табиғатынан шығатын нәрсе. Ешкімге ұқсамайтын жаңа стиль әкелу үшін ғана әңгіме жазуды мақсат ететін прозаиктерді мен қабылдай алмаймын. Жазу үшін алдымен адамда бір үлкен ой пайда болуы керек. Ой пайда болғаннан кейін барып қана соған ыңғайлы форма, стиль өздігінен қалыптасады.  Тынымбай ағам да, менің ойымша, стиль қуалаушылыққа аса әуес болған жазушы  емес.  Маған ол форма іздеп, стиль іздеп әуреленбеген сияқты болып көрінеді. Өйткені ол өте еркін жазады. Сондықтан да оның жазған дүниелерін тынысың тарылмай, еркін оқисың.  Өз басым ақындар мен жазушыларды  екіге бөлем. Ақындықпен ауыратындар және нағыз ақындар. Жазушылықпен ауыратындар және нағыз жазушылар. Бізде нағыз ақындар, нағыз жазушылар өте аз. Тынымбай ағамыз осы сирек – нағыз жазушылардың қатарынан.

Біздің прозамызда екі үлкен мектеп бар. Біреуі – Әуезовтің мектебі, екіншісі – Бейімбеттің мектебі. Әуезов мектебінің бір бақыты, оның жалғастырушылары, шәкірттері көп болды да, ол мектеп өзінің әдемі, жақсы жалғасын тапты. Мағауиннің шығармаларын оқыған адам оның Әуезов мектебінен шыққанын бірден байқайды. Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларынан да оның Әуезовке бүйрегі бұратыны айқын сезіледі.  Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырауы» да, «Бәйгеторысы», «Ханша дария хикаясынан» да Әуезов тағылымын көресіз. Ал, Төлен Әбдіковтің «Өліара» романындағы кейбір детальдардан  Бейімбеттік стилді жазбай танисыз. Алайда, осы үлкен бейімбеттік мектептің бірден-бір жалғастырушысы және оны биік деңгейге  көтерген жазушы – Тынымбай Нұрмағамбетов. Адамды жылатуға болады, ал күлдіріп отырып жылату – шеберліктің шыңы.  Оның «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деген шығармасында қазақтың ешкімге ұқсамайтын психологиясы керемет берілген. Шығарманы басынан аяғына дейін оқып шыққанша күлкіден ішегің түйіліп қала жаздайды. Күлдіру мақсатымен жазған сатирик жазушылардың әңгімелерінен де мен ондай шеберлікті көрген жоқпын.  Бейімбеттегі күлдіру арқылы адамның  мінезін ашу шеберлігі осы Тынымбай ағамыздың шығармаларында айқын көрініс тапқан. Жұрт байқамайтын дүниелерді байқап, күлкіге көметін тұстары көп. Тынымбай юмордың шебері. «Жұмаға қараған түн» деген әңгімесін алайықшы. Сол әңгімесінде Пәрікүл деген кемпір ауырып жатады. Алғашында бәрі кіріп-шығып жүреді. Өледі деген Пәрікүл өмірден өтпей,  ұзақ жатып қалады. Аяғында қараусыз қалып, үлкендердің айтуымен бәрі кезектесіп күзетпек болады. Іштей бәрі де Пәрікүл кемпірдің өлгенін тілеп отыр. Күзетуге келгендердің бірі: «Құдай біледі, осының түрі жаман, бүгіннен қалмайды осы кемпір», – деп қояды тіпті.  Іште жасырынып жататын пенделік арам психологияны автор керемет жеткізе  біледі. Өмірдің шындығы мұнда ащы сарказммен берілген.

 

Жүсіпбек Қорғасбек:  Иә, Абайдың «ызалы күлкі» дегеніне келеді. «Бұл қолмен істелген қылмыс емес, бірақ Алланың алдындағы қылмыс» деген сенің сөзің болар?

Амангелді Кеңшілікұлы: Мысалға Төлен ағамыздың «Оң қол» немесе Тынымбай ағамыздың «Жұмаға қараған түн» әңгімелерін алайық. Екі шығармада да адамның қолымен емес, санасында жасалып жатқан қылмыс суреттелген. Қолмен істелген қылмыстың да зардабы зор, алайда, ең қорқыныштысы адамның санасында жасалынатын  қылмыс.

 

Жүсіпбек Қорғасбек: Сана ағымы, модернистік сипаттар көрініс тапқан. Атын атап, түсін түстемедік кезінде. Бүкіл дүниежүзі әдебиетінде көрініс тауып жатқан нәрселер біздің әдебиетте көрінбеді десек қателесерміз, бәлкім?

Амангелді Кеңшілікұлы:  Мен модернистік, яғни жаңашыл аталып жүрген шығармалардың бәрін қабылдай алмаймын. Соңғы жылдардағы модернистік шығармаларды, әсіресе,  Нобель сыйлығын алған лауреаттардың кейбір туындыларын  оқып, мынандай қорытындыға келдім. Қазір әлемдік әдебиеттегі проза белгілі бір дәрежеде үлкен тоқырауға ұшыраған сыңайлы.  Адамның жанына үңілетін шығармалар некен-саяқ болып барады.  Мысал үшін Сарамагоның «Евангелие от Иисуса» немесе  Джон Максвелл Кутзеенің «Дневник плохого года» романын немесе сол Орхан Памуктың  соңғы жазған шығармаларын алайық. Маған бүгінгі проза  қазір интеллектуалдардың ойынына айналып бара жатқан сияқты болып көрінеді. Тым қатты жаңашылдыққа ұмтылған прозалық туындыларды  оқу да, түсіну де қиындап барады. Қазіргі  жас прозаиктердің  соларға тым қатты еліктеушілігі қаншалықты дұрыс деген менің көңілімде үлкен күдік те бар. Тым жаңашыл болуға тырысып, ұлттық тамырымыздан ажырап бара жатқан жоқпыз ба біз осы. Жапон жазушысы  Рюноскэ Акутагаваның тағдырын алайықшы. Акутагава да әдебиетке өнер үшін деген прициппен келді. Бұл оның өнердегі ашқан алғашқы жаңалығы болатын. Аркадий Стругацкийдің «Три открытия Рюноскэ Акутагавы» деген  мақаласында ең соңында Акутагава өнер халыққа қызмет етуі керек деген шындыққа көзі жеткен кезде қандай үлкен қайғыға батады, қасіретке батады, соны жазады. Өзінің жазып жүрген дүниелерінің шындығында үлкен адасушылық бар екенін түсінеді. Міне, біздің қазіргі прозаиктеріміз де осындай адасушылыққа келе жатқан жоқ па, күдігім де, күмәнім де сол. Өйткені, қалай болған күнде де шығармада бірінші кезекте ұлттың тағдыры, болмысы, шеккен азабы мен қайғы-қасіреті көрініс табуы тиіс.

Жүсіпбек Қорғасбек: Тынымбай Нұрмағамбетовтің әдебиетшілер арасында көп айтылып жүрген шығармаларының біреуі – «Кене» деген әңгімесі. Адам ана дүниеге аттанғаннан кейін «Кенеге» айналып кетіп, өзінің өмірден өткендегі қайғылы сәтін қайтадан көріп тұрады. Өлгеннен кейін өзінің қалай құрметтелгенін немесе құрметтелмегенін көріп тұрады. Бұл енді әлемдік әдебиетте бар үлгі. Амангелдінің келтірген бір пайымы мынандай: Әлемдік әдебиеттегі осындай үлгілерді қарап отырсақ, ұқсастығы адамның жәндікке айналып кетуі ғана. Ал енді Тынымбай Нұрмағамбетовтің ерекшелігі жәндікке айналып кеткеннен кейінгі тіршілігін көрсету. Бұл шығармаларының сыр-сипатын осылай ашып-ашып көрсете беруге болады. Соның бірі, ащы сарказм мен халықтық юмор шебер астасқан.  Осы арқылы терең психологизм көрініс табады. Кейіпкерлерін бейімбетше мінездеу, қанын шығара кейіптеу жағынан Тынымбай Нұрмағамбетов кәсіби биік деңгейге көтерілген. Диалогтарын алып қарасаңыз да, портреттік сипаттауларын алып қарасаңыз да, өзінің анық-айқын қолтаңбасы көрініп тұр. «Ауғандық құстар», «Анасын сағынған бала», «Күнді жек көру» деген шығармаларының барлығы да бүгінгі күн адамдарының ниет-пиғылын тосын әрі күтпеген және қызықты ситуацияларда айра-жайра әшкерелеп тастайды. Осы арада Төлен ағадан бір нәрсені сұрағым келіп отыр. Тынымбай Нұрмағамбетовтікі бізге ұнайтын стиль. Әдебиет атаулыда қарсылық, протестік деген нәрсе оқырманға, халыққа ұнайды. Бұл табиғатта бар нәрсе. Протестік сипат Тынымбай Нұрмағанбетовтің бойында, шығармашылығында басымдау көрінеді. Мысал үшін айтсақ, күнді жек көруге бола ма? Ал енді Тынымбай үшін ол кәдуілгі нәрсе. Нұрмағамбетовтің бір шығармасы «Күнді жек көру» деп аталады. Біреу әбден қарызға батқан, қарызын сұраушылар жан таптырмайды. Қарыз берген адамдардың сұрап келгені ештеңе емес. Олар келеді де дігірлеп-дігірлеп, аяғында мыңқ-мыңқ етіп кетеді. «Мен баяғы мектептегідей сазарып отырып аламын» дейді негізгі кейіпкер. Бірақ олардың әйелдерінің келгені сұмдық екен. Алайда, олардың әйелдерінің келіп таптап-таптап кеткені де ештеңе емес. Олардан кейін өз әйеліңнің таптап, табалағанына ешқандай сұмдық жетпейді. Сөйтеді да бұл адам өлгісі келеді. Балконнан барып секіріп кетейін десе, баласы келіп қалады. Саусақтарының ізі терезеге тарбайып-тарбайып түскен, баласы келіп «папа-папа» деп шыңғырып жылап тұр. Содан кейін өлудің басқадай бір жеңіл жолдарын іздейді. Жандүниесі осылай арпалысқа түсіп жатқан кезде, қайнағасы қайтыс болады да, жолға ақша жоқ болғаннан кейін әйелі мен баласын жібереді де, өзі қалады. Енді қалай қиналмай өлудің амалын іздей бастайды. Біреу консервіленген балықтан уланып өліпті! Мұндай қуанбас, жүгіріп дүкенге барып, жеуге жарамды мерзімі атам заманда өтіп кеткен бір консервісін сатып алды. Соны жесе өлмейді, қайта күшейіп кетеді. Сол аралықта күн бұзылып, табиғатта бір өзгеше құбылыс болады. Әлгі құбылыс болғанда елдің бәрі шошиды. Бұл шынында да ерекше құбылыс болып тұр. Жер-дүние асты-үстіне түсіп өзгермек. Ол дереу қарыз берген адамдардың біреуіне телефон соғады. Телефон соғады да: «Мен сіздің қарызыңызды қайтарайын деп едім», – дейді. Шын мәнінде ақшасы жоқ қой. «Ей, сен қарызды қоя тұршы, мына дүние не болып кетті?» – дейді анау. Бұл ақырзаман болып жатыр екен десе, «е, онда сен менің қарызымды қайтармай-ақ қой» дейді. Сөйтіп екіншісімен, үшіншісімен сөйлеседі. Әртүрлі психологиялық ерекшеліктерді ашады. Сөйткен абыр-сабырдың үстіне әйелі келеді. Аман-есен оқиғаның барлығы бітеді. Қандай реалистік сипаттар десеңізші! Тынымбай ағамыз осындай қызық-қызық ситуацияларды тауып алады. Алып бара жатқан оқиға жоқ, қарап отырсаңыз. Бірақ, бағанағындай ситуациялардың өзі қызық.  «Ауғандық құстар» атты шығармасы да сонысымен қызық. Енді өмірде бар шындық қой. Кезінде мен де жүрген-тұрған жерлерімізді жайлап алған ауғандық құстарға байланысты «Өлмейтін құс» деген әңгіме жазғам. Сосын тағы бір ақындардың өлеңдерін оқыдым. Ал мына ауғандық құстар мүлдем басқа бұл жерде. Әлеуметтік астары мың қатпар. Ауғандық құстар келеді де біреудің баласының бетін шұқып, қанатып кетеді. Бір бай қызын ұзатып жатса, үстіне келеді да саңғып кетеді. Сөйтіп бәрін бүлдіреді. Осы оқиғалардың ауқымында жазушы адамдардың психологиясын керемет ашады. Кейіпкердің ойы: Біз осы қалада тұрып жатырмыз да, осы қалада қандай құстар пайда болғанына біз назар аудармаптық. Қандай құс бар? Қандай құс жоқ? Сөйтсе ауған құстары келіп бәрін қырып, бүлдіріп жатыр. Аспандағы құстар қандай боп кеткен дейміз, ал адамдар қандай боп кеткен? Қарасаңыз өте қызық әңгіме, қызық ситуация. Тіпті балконға тығылып алып, ақша санап отырған кезде ауғандық құс ұшып келіп, 200 еуросын алып қашып кетеді. «Атаңа нәлет, мынау ақшаны да танитын болған ба?» деп, тіпті, шошиды олар. Осындай оқиғаларды ащы сарказммен күлдіре де мысқылдай жазып отырады да, одан әлеуметтік, қоғамдық шындықты ашады. Бірақ, осы әңгіменің маған бір олқы түсіп тұрған жері бар сияқты көрінді. Осындай жақсы әңгімеге бүгінгі күннің бір саяси оқиғалары араласып кетеді. Саяси бір шындықтар болуы мүмкін. Публицистика араласып кеткендей әсерде қаласыз. Мұндай тұстар Бейімбет Майлинде де болған, әрине. Бірақ мінсіз деген шығарма түпкі шешіміне келген кезде саясатқа бағынып кетіп жатса, уақытша дүниедей көрінетіні өтірік емес. Осы кемшілік пе, жоқ әлде бүгінгі заманда көркем шығарма осылай жазылуы керек дейсіздер ме?

 

Төлен Әбдікұлы: Принципін ғана айтайын. Көркем шығармада ешқандай қалыптасып, қатып қалған ештеңе жоқ. Саяси тақырыпта жазылған көркем шығармалар бар. Жақсы жазылғандары да бар олардың. Не болмаса жәй өмірді көрсетіп отырып та, саясатты араластырып жазып кетесің. Өйткені саясат деген біздің өміріміздегі бар зат қой. Айналып кеткенде қайда барасың. Бірақ мәселе сонда, біз оны қалай көрсеттік? Ол егер жамау секілді болып тұрса, шығарманың өзімен толық үндесіп, соның ішкі қайнарынан бірге қосылып шығып жатпаса, әрине, онда кемшілік болып есептеледі. Өмірді қалай көрсетемін десең де, алдымен соған лайық ситуация тапсаң болды. Әдебиетте ең үлкен зат, негізі, ситуация. Ал менің жаңағы Тынымбайдың әңгімесінен көретінім, бүгінгі өмірге өте жақын. Кемшіліксіз дүние бола ма? Кемшіліксіз шығарма да жоқ. Бірақ, салыстырмалы түрде Тынымбай өте талантты жазушы. Ол қоғамға тісін қайрап жүр деп айта алмаймын. Қайта өнерге Тынымбайша адал болуымыз керек шығар. Жүрегіңнен өтпесе жазармысың демекші, жазушыда алаңдаушылықтың болғаны дұрыс. Осы Тынымбай секілді әлі тиісті бағасын алмай жүрген жазушыларымыз баршылық. Үлкен сыйлықтар бола ма, басқалар бола ма, пысықтау біреулерге кетіп қалып жатады. Соның ішінде Тынымбай секілді жазушылардың лайықты бағаланбай жүргені әдебиетке абырой әкелмейді.

 

Амангелді Кеңшілікұлы: Тынымбай Нұрмағамбетовтің таза көркемдік дүниелері он том болады. Ол қазақ жазушыларының ішінде ең өнімді жазғандардың бірі және біздің прозамызды биік белеске көтерген жазушы. Тынымбай Нұрмағамбетов сияқты жазушыларды көтеру арқылы біз әдебиетімізді көтереміз деп есептеуіміз керек.

 

Жүсіпбек Қорғасбек: Қызық, кекесін мен мысқылға толы осы «Ауған құстары» деген кітабындағы әңгімелерінен оптимистік сипатты көп байқадым. Өзімізге-өзіміз күлеміз, кемшіліктерімізді көреміз. Соны көре, көрсете отырып, оқыған адамды бір жеңілдетіп тастайды. Адамды оптимистік бір бағыттарға қарай жетелейтін сияқты көрінеді. Шын мәнінде көркем шығарманың алдына қойған миссиясы солай болуы керек деп ойлаймын. «Мына заманда жазушы кімге керек?» деген сұрақтың жауабы да осында жатса керек.

 

Дайындаған Балжан Мұратқызы

 

Дереккөзі: «Ақ желкен», №6. 2015 жыл

 

0 пікір