Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 6244 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 15:33

Атом полигонын жаптық, ЕКІНШІСІН АШТЫҚ...

Қатер қайдан демеңіз

Жобаны талқылауға бірнеше жыл кеткенімен, Қазақстанда ядролық отын банкі (ЯОБ) орналасады деп шешілді. Бұл шешімді белгілі жаңалық десек те, күтпеген жағдай болды: 2017 жылдан бастап, біздің елге төмен байытылған уран әке­ліне бастайды. Біреулер оған банк енді Қазақ­станға әлемдік рангтар туралы тізімде маңызды орын алуға мүмкіндік береді деп қуанса, бір­еулер бұл жағдай республикадағы экологиялық ахуалды нашарлатады деп алаңдаулы. 

Төмен байытылған уран банкі дегеніміз не? МАГАТЭ мен қазақстандық мемқұрылымдардың айтуынша, банк дегеніміз – уран қоймасы дейді. Элемент үлкен цилиндрлерде уран гексафториді түрінде сақталатын болады. Уран гексафториді – отын таблеткаларын өндірудегі негізгі материал.

Ол У-235 изотопының концентрациясы 20%-дан төмен материал. Деңіл сумен істейтін ядролық реакторларда қолданылады. Ондай реакторлар түрі елдерде кеңінен таралған. Ол үшін уранды У-235 құрамы 3–5%-ға дейін байытылады. Осы орайда МАГАТЭ таратқан ақпараттық парақшасында мынадай делінген: «Осы ұйымды басқару кеңесі төмен байытылған уран банкін құруды 2010 жылы 3 желтоқсанда мақұлдады. Қазақстан 2011 жылы 29 маусымда агенттік ұсынысына жауап ретінде өзінде банк орналастыруды ұсынды. Сол сәттен бастап Қазақстан мен МАГАТЭ банк ашудың техникалық түйткілдерін жөнге келтіріп, бірлескен келісімге келді. МАГАТЭ банк иесі болады және оны бақылап отырады, бірақ банктің жұмысына Қазақстан жауап береді. Банк қауіпсіздігінің шаралары Қазақстан заң­намаларының талаптары мен агенттік стандарттарына сай болуы керек. Физикалық тұр­ғыдан банк 90 метрикалық тоннаға дейінгі төмен байытылған уранды сақтайтын қойма іспеттес болады. Ол уран жеңіл сумен жұмыс жасайтын 1000 мегаваттық реактордың жұмысына жетеді, ал ол қуат ірі қаланы үш жыл бойына электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. Банк Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында орналасады. Ол зауытта осындай материалдарды сақтаудың 60 жылдық тәжірибесі бар. Банк ерікті жарнаның арқасында жұмыс атқаратын болады, донорлар $150 млн-дай қаражат бө­ліп отыр, ал ол банктің он жыл жұмыс атқаруына жетеді».

«Банк аумағының өзі 300 шаршы метрдей жерді алып жатыр. Бізде ондай материалдарды сақтау тәжірибесі бар. Біз олармен жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс атқарып келеміз», – дейді «Үлбі метал­лур­гиялық зауыты» компаниясының сатылым директоры Александр Ходанов. Оның айтуынша, шығын аз болмақшы, ал күзетуді жетілдіруді МАГАТЭ қаржыландырады. А. Ходановтың айтуынша, қазақстандық тарап банк тұрған алаңды күтуге, электр қуатына, жылуға ғана қаражат жаратады. «Ол шығындардың шамасы жылына он мың доллар болады», – деді ол «Свобода» («Азаттық») радиосына берген сұхбатында.

 

Мәселенің қаржылық жағы

Танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-та сабақ беріп және жұмыс жасаған Зейнетолла Еңсепов банктің қаржылық жағының хронологиясын келтіреді. 2007 жылы ядролық қауіп бастамасының (ЯҚБ) кеңесшісі Уоррен Баффет МАГАТЭ басшылығындағы ЯОБ құруға $50 млн сыйлады. Бірақ оның шарты бойынша, бір немесе бірнеше мемлекет ядролық отын банкін құру үшін кем дегенде $100 млн бөлуі керек немесе төмен байытылған уранның (ТБУ) тиісті санын бөлуі тиісті, сондай-ақ банк осы жарияланымнан соң екі жылдың үшінде құрылуы тиісті (2007 жылдың қыркүйек айында).

АҚШ президенті Джордж Буш ЯОБ құру туралы заңға қол қояды. 2008 жыл – Біріккен Араб Әмірлігі ЯОБ үшін $10 млн уәде етті. 2008 жыл – Еуропа 25 млн еуро ($35 млн) бөледі. 2008 жыл – Норвегия идеяны қолдап, $5 млн бөлуді шешті. 2008 жыл – АҚШ үкіметі ядро­лық отын банкін құруға $50 млн бөледі. 2009 жыл – Кувейт ЯОБ құруға деп $10 млн бөледі. Яғни қаражат келесі 10 жылға жетеді. 2009 жылы маусымда З. Еңсепов ҚазТАГ-қа берген сұх­батында Қазақстандағы ядролық отын банкінің жұмысы қауіп-қатерден гөрі, мүмкін­діктер береді деп айтқан болатын. Оның айтуынша, XXI ға­сырда түйеқұстың саясатын ұстанғандай, «басты құмға жасыруға» болмайды. Себебі ел үшін білімді, ғылым мен жаңа қауіпсіз технологияларды дамыту маңыздылығын елемеуге болмайды, яғни оны барлық индустриалы дамыған мемлекеттер жасап отыр. «Қазақстан халқы ЯОБ – өте елеулі халықаралық жоба екенін түсінуі тиісті. Ол Қазақстанды бірден әлемдегі саясатта, экономикада, ұлттық қауіпсіздікте, білімде, ғылым мен келешек технологияларда алға шығарады. Қазақстан осындай банкке ие бола отырып, ол шындап келгенде, осының базасында басқа да – айталық, халықаралық энергетика орталығын, технологиялық құрылымдар ашып, коммуникациялар тартып, көлік, ақпа­раттық ағымдар тудыруына болады. Ол орынды келешектегі кеңестердің, конференциялар мен білім ордасына айнал­ды­руға болады», – деді сұхбат­шымыз агенттікке.

Ядролық отын банкінің келешегіне қатысты сауалға Зейнетолла Алпысұлы келесідей сұлба ұсынды. Алғашқы кезеңде сұлба қарапайым: отынды жинап, сақтап, беріп отыру керек және Қазақстан осы арқылы пайда табады. Екінші кезеңде елдің технологиялық мемкіндіктеріне қарай – отынды опа немесе таблетка түрінде шығара бастау. Соңғы кезеңде – отынның өзін өндіру. Соңғысы – едәуір қиын іс, мысалы, «Вестингхауз» фирмасы тек АҚШ-та ғана ядролық отынның 32 түрін шығарады. Бір сөзбен айт­қанда, ядролық мамандар келешек жарқын деп отыр. ҮМЗ-да онсыз да сақтаулы тұр­ған, ішінде уран гексафториді бар 100 цилиндрге тағы бір жарым тонналық 60 цилиндр қо­сылғаннан не болушы еді?

 

Қарсыластар не дейді?

Әйткенмен, онша қуа­нышты емес пікір бар. 2012 жылы отын банкінің перспективасы туралы жоғары технологиялар институты – «Қаз­атомөнеркәсіп» ен­шілес компаниясының директоры Серік Қожахметов ойын­да­ғысын айтқан еді. Ол ядролық отын банкі – саяси және имидждік жоба екенін, Қазақстанның ядролық қауіп­сіздіктің ашық жүйесін құруға деген талпынысын көрсететінін айтты. Қаржылық жағынан жо­ба пайдасыз болады. Ол бұл жобаны жейтін және үстелге қоятын әдемі ыдыс-аяқпен салыстырды, ол ыдыс байсалдылық элементін береді.

Оның пікірінше, банк сон­дай-ақ технологиялық құндылық әпермейді. Жобаның барлық сипатталған әдемілігімен бірге сынқатерлер де жоқ емес. Мысалы, ең қарапайымы – қаржылық тәуекел. Тараптардың бірде-бірі – МАГАТЭ де, ҮМЗ-да – Қазақстандағы банкті асыраудың құнын нақты айта алмайды. Донорлық $150 млн 10 жылға есептелген, алайда оның басым үлесі уран гексафториді мен басқа да материалдарды сатып алуға кетеді, сондықтан $15 млн-ды бір жылдық шығын ретінде санау – асыра сілтеу. Мүмкін, ҮМЗ қызметкерлерінікі дұрыс және қосымша шығындар ондаған мың доллармен аударылатын болар. Және де, мүмкін, саяси табыс шығындарды өтейтін шығар.

Әрине, ядролық отын банкі бойынша жеке ұлттық компания құрамыз, сол ұлттық ком­панияға ондаған миллион доллар бюджет қаражаттарын бөлеміз деп жүрген шенеуніктердің алақандары қалай қышып жүргенін көз алдыңа елестету оңай.

Бірақ ол – банкпен тікелей байланысты дегенге қарағанда, әкімшілік мәнге жуық тәуекел. Сонымен қатар ядролық банкке қарсы жақ экологиялық қауіп-қатерлерге нұсқайды. Және банктің Қазақстанның онсыз да ең радио­активті облысын қалайша нашарлататынын айтып жату тағы қиын. Өткен материалдарда біз Шығыс Қазақстан облысындағы жерасты сулардың ластанғанын, ауаның тазалық аулынан алыс екенін жазған едік, сол себепті де облыстағы онкологиялық аурулардың деңгейі тым жоғары. Оның үстіне таулы өңірде күшті қирандыға соқтырар зілзала қаупі бар. Дегенмен, бұл жағдайда адамдар бірнеше ондаған уран гексафторидінен гөрі, зілзала жағдайында металлургтердің ондаған жылдар бойы қаттап ұстаған қазақстандық кәсіпорындардың жеке қалдықтарынан анағұрлым жылдам зардап ше­геді.

Биліктік экологтардың, экология саласындағы металлургтер мен ҮЕҰ-дағылардың бел­сенді достығына деген бірлі-жарым шағымдарына қараған­да, қоршаған ортаның тазалығы бәрін бірдей алаңдата бермейді. Белгілі бір аумақтық қауіптер бар. Оларды есептен шығарып тастау қырағысыздық болады. Егер бұрын ядролық отын қоймасының егжей-тег­жейлі схемалары тек бізде ғана болған болса, енді сол бүкіл құжаттар МАГАТЭ-де де болады, бұл оның жария болып кету қатерін күмәнсіз арттырады. Өз құпиясын жақсы сақтай біле­тіндер аз, ал өзгенікін сақтау жайлы ешкім ойламайды да. Сондықтан егер енді ҮМЗ-дағы уран гексафторидінің цилиндрлеріне деген қолжетімділік шұғыл түрде халықаралық террорлық ұйымдарға қажет бола қалса, олар дереккөздерді МАГАТЭ-ден де әркез іздей алады.

Бәлкім, кең ауқымды тергеу бәрінің есінде болар: Қазақстанда уран өндіретін бір шетелдік компания уран концентратын Иранға салынған санкцияны «аттап өтуге» келісімге келген еді. Бізді тап содан кейін МАГАТЭ тексеріске алған болатын.

 

Түнектегі шешім

Зейнетолла Еңсеповтікі дұрыс және аз байытылған уран банкі Қазақстан атом өнер­кәсібінің технологиялық шыңына деген алғашқы қадамына айналады дегенге өте сенгің-ақ келеді. Бізде ондай жоба аз болмады – миллиардтаған доллар табыс, серпінді технологиялар, таза су, әлемдегі үздік білім беруді дәмелі еткен жағдай есте. Өкінішке қарай, әзірге ол байлық бола қойған жоқ. Бюджет әлі де болса ең алдымен пайдалы қазбалар экспортымен толығуда. Арманшылдардың оптимизмі мен сыншылардың скепсисіне қарамастан, банктің де дөрекілеу даму нұсқасы бар: қойма ретінде бастайды, қойма болып қалады. Өте қымбат қойма.

Бастысы қазір бұл – қоғамға қажет ақпарат. ШҚО-да ядролық отын банкінің орналасуы Қазақстанға тап қандай көзжетерлік, өлшенерлік, айтарлықтай артықшылықтар береді? Жұртшылықта ақпарат тым аз. Мемлекеттік блогерлердің (ондай да бар) өз жеке ойларын жазып, ғаламтор қоғамдастығын хабардар етіп отыратындығы өте қызықты және пайдалы. Алайда көпшілікке ең жоғары деген мінбелерден нақты деректер қажет, ахуалдың кері дамыған жағдайында кімді айыптау керек екенін білу үшін, дұрысы – жауаптылардың тізімі болуы керек. Ең жақсысы мынау болады: егер біз қауіпті материалдардың қоймасын өз есебімізден халықаралық ұйымның туы астында орналастырып отырсақ, онда өңірдегі, одан Қазақстандағы экологиялық жағдайды да танымал халықаралық ұйым өлшесін.

Тағы бір жағдай: біздің өзіміз үкімет бастамаларының кепілгері атандық. Энергетика министрлігі атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төраға орынбасары Тимур Жантықиннің айтып отырғаны мынау: «Біз жобаға одан әрі қатысудан біржақты тәртіпте бас тартуға құқылымыз. Әлбетте, бұл банктің орын ауыстыруы бойынша, жойылуы бойынша шығындарды Қазақстан өз мойнына алады. Кім бас тартса, сол төлейді. Егер МАГАТЭ бас тартса, МАГАТЭ төлейді, ал Қазақстан бас тартса, Қазақстан төлейді».

Келісімге қол қоюдың жоспарлы датасы қызық – 29 тамыз – Семей ядролық полигоны ақыры жабылып тынған күн. Біздегі алып аймақты өмір сүруге жарамсыз еткен полигон – еуропалық елмен бірдей көлемді алып жатыр. Ондаған мың өмірді жалмап, майып қылған полигон. Бұл датаның бірдеңені білдіретініне үміттенеміз, соның ішінде біздің үкі­меттегі бастамашыл адамдар үшін.

 

Расул РЫСМАМБЕТОВ

ҚазТАГ

«D»

 

0 пікір