Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 6378 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 16:08

Сайлау БАЙБОСЫН. БЕЛГІСІЗ ДЕРТ БАЯНАУЫЛҒА КЕЛІП ЖҮРМЕСІН!

Кейінгі жылдары еліміздің әр аймағында пайда болған жұмбақ жағдайлар қоғамды барынша алаңдатуда. Және осындай түсініксіз құбылыстарға бүгінгі ғылым жауап беруге дәрменсіз болып отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы Березовка, Ақмола облысындағы Қалашы ауылдарында болған жағдайдан оқырмандар құлағдар. Жуырда ғана Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағында мыңдаған бас киіктер белгісіз кеселден қырылып қалды. Ең қиыны, ресми орындар әлі күнге дейін осы оқиғалардың бірде біріне нақты жауап айта алмай отыр. Дегенмен, бұдан шығатын жалғыз қорытынды: еліміздегі экологиялық ахуалдың адам төзгісіз жағдайға жеткендігі. Өкінішке орай ресми орындар бұны да мойындағысы келмейді. Қазір осы апаттардың себебін анықтамаққа шетелдік ғалымдардың да тартылып жатқанын білеміз. Ал, ұлт жанашырлары мен қоғам белсенділерінің қайсы бірі бұны ғарыштық зымырандардан төгілген улы гептилдің зардабы  десе, енді бірі Қазақстанның әр аймағында орналасқан әскери полигондардың әсері дейді. Тағы біреулері уран және басқадай экологияға қауіпті кен өндіретін кеніштерден тарайды деп жатыр. Осы болжамдардың қай-қайсы да шындықтан алыс емес.

Сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ағылшындар мен орыс көпестері сахара даланың тауы мен тасын қопарып, кеніштер ашып, зауыттар тұрғызғанын білеміз. Бұлардың көбі қазір бір ғасырға жуық уақыт қараусыз, ашық күйінде жатыр. Ал осылардан қоршаған ортаға келер қандай қауіп бар екенін зертттеп жатқан ешкім жоқ.

Кеңес билігінің қоластында болған ондаған жылдар ішінде қазақ жерінен бірнеше әскери полигон, бір ғарыш айлағы ашылды. Бұлардан да келіп жатқан экологиялық зиянды әлі ешкім де жүйелі түрде зерттеп, қорытынды шығарған жоқ. Тек Семей атом полигонын айтамыз да қоямыз.

Енді осы әңгімені қозғауға себеп болған жағдай. 2010 жылдан бері Павлодардағы «Экосервис-С» серіктестігі облыс өңірін арнайы зерттеп, бірінші кезекте тұрған экологиялық проблемаларды анықтап келеді. Осы зерттеудің бір бағыты Баянауыл ауданына қарасты елдімекендердегі радон газының мөлшерін анықтауға арналған болатын. ( Радон-түссіз инертті газ, радиоактивтілі, адамның өмірі мен денаулығына зиянды, бөлме температурасында ең ауыр газдардың бірі болып есептеледі).

Бұл секілді бір зерттеу жұмысы осыдан 4-5 жыл бұрын, 2010 жылы да жүргізілген екен. Сол жылы Павлодардың Ертіс-Баянауыл өңіріндегі ауылдардың 33,8 пайызын, ғимараттардың 12,3 пайызын, қызмет бөлмелерінің 8,6 пайызын, су көздерінің 9,7 пайызын зерттегенде, радон мөлшерінің бірнеше есе көбейіп кеткені анықталған. Әсіресе, Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылының Мәдениет үйіндегі спорт залы мен Құндыкөл ауылындағы тұрғын үйлерде.

Сөйтіп 2010 және 2014 жылдардағы тексерудің нәтижелері бойынша, аудандағы бірнеше елдімекендерде родон газының деңгейі екі, екі жарым есеге көтерілгені белгілі болған. Әсіресе, ғимараттар мен тұрғын үйлер ішіндегі ауаға радонның араласу деңгейінің тым жоғар екені айтылады. Айталық, Құндыкөл, Торыайғыр, Ақсан секілді ауылдардағы бұндай жағдай экологтарды алаңдатып отыр.

Енді осы кесел тарататын радон газы қайдан шығады десек, мамандардың айтуынша, ол жер астынан, су көздерінен бөлінетін көрінеді. Сосын іргетастың жарығы немесе басқадай жолдар арқылы үйдің ішіне кіріп, ауаға араласады екен.

Ал, радонның денсаулыққа нақты зияны қандай дегенге келер болсақ, әлемдік медицина бұл жөнінде бірнеше жылдардан бері дабыл қағып келеді дейді экологтар. Себебі, Халықаралық радияциадан қорғану жөніндегі комитеттің мәліметіне жүгінсек, дүниежүзі бойынша өкпе рагының 10 пайызы осы радон газынан болады екен. Бұдан басқа ол: тыныс алу жолдарының кеселіне ұрынуға, асқазан мен несеп жолдары, тік ішек және тері рагына ұшырауға соқтырып, одан басқа жүрек-қан тамырлары, бауыр, жыныс бездерінің сырқатқа ұрынуына себеп болатын көрнеді.

Жоғарыдағы көрсеткіштердің айғағы іспеттес, Павлодар облысы қазір рак дертіне шалдығу жөнінен елімізде алдыңғы қатарда тұрған аймақтардың бірі. Облыста 2 мыңға жуық адам жыл сайын онкологиялық кеселге ұрынады екен. Онкологиялық емдеу мекемесінде мыңға тарта адам тіркеуде тұр. Бұлардың ішінде жас балалар да барын ескерсек, алдағы күндерде бұл көрсеткіштің биіктеп кету қаупі бары да анық.

Өкінішке орай, «Экосервис-С» серіктестігі елді мекендерді ғана зерттеген. Ал, шындығында бүгінде Баянауыл өңіріне экологиялық қауіп төндіретін бұдан басқа да көптеген апат ошақтары бар екенін ескерткіміз келеді. Айталық, кеңес өкіметі орнағанша, Ертіс-Баянаула өңірінде мыс өндіретін 5 зауыт болған. Олар: Александровский қорғасын-мыс-күміс зауыты (Баянауыл тауларынан 10 шақырым Қандықарасу деген жерде); Иоанно-Предтеченский мыс зауыты (Қызылтау-Жосалыда); Владимирский (Ертіс өзеніне жақын, қазіргі Курчатов қаласы маңында); Баяндықұдық (Майкөбе кенішінен 18 шақырым жерде); Вознесенский кен байыту зауыты (Екібастұз қалысының жанында). Міне, осы  зауыттарға кен өндіріп беріп отырған кеніш көздерінің көбі бүгін қараусыз, ашық-тесік жатыр. Бұлардан ауаға қаншалықты улы заттар бөлінуде, оның қандай зияны бар екенін ешкім зерттеп жатқан жоқ.

Бір ғана мысал келтірейік. Жоғарыда аталған Александровский зауыты мен қазіргі Бірлік аулының арасында Утас деген жер бар. Қазақтар сол кезде бұл араны айналып өтіп, ол төңірекке мал жайғызып, ел қондырмаған. Яғни, ол жердің радиациялық деңгейі жоғары болғанын қазақтар білген. Және осы Бірлік пен Торыайғыр ауылдарының арасында уран кенінің үлкен көзі жатыр. 1960 жылы осы жердің үстімен ұшқан ұшақтың приборлары істемей қалып, артынан ғалымдар келіп зертегенде, уран кенінің бар екені анықталған. «Кей аймақтарда уран кені жердің сыртқы қабатына жақын болады. Ал бұл тұста жатқан уранының қоршаған ортаға қаншалықты зияны бар екеніін ешкім әлі анықтаған жоқ»-дейді қаламгер, өлкетанушы-ғалым Серік Жақсыбаев деген ағамыз.

Кейін кеңес үкіметі орнап, Майқайың алтын комбинаты жұмыс істеп тұрған кезде, Баянауылдың солтүстік-батысынан Сувенир деп аталатын алтын кеніші ашылды. Қазір бұл кеніш те қараусыз жатыр. Торыайғыр көлінен бастысқа қарай он шақты шақырым жерде Қазан аузы деген ескі кен орны бар. (Ертеде Сарыадыр кеніші деп аталған). Арнайы барып байқағанда көрдік, көк құрыш тасты жарып, тікелей қазылған шұңқыр, түбі көрінбейді. Ерте уақытта біреулер астына түскен екен, түбінде кен таситын темір вагонеткалар бар депті-мыс. Бұл кеніштердің көбінен мыс өндірілген. Ал, мамандар мыс пен уранның міндетті түрде бірге жүретінін айтады. Сондықтан иесіз қалған шахталардың қоршаған ортаға өлшеусіз зияны бар екені айтпаса да белгілі.

Осыдан бірер жыл бұрын Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан ауылдық округінің аумағынан «Fonet Er-Tai AK MINING» деп аталатын, мыс кенін байытатын кәсіпорын ашылды. Жол картасы бойынша тағы да бір кен орны іске қосылды деп бөрігін аспанға атып жатыр ресми орындар. Бірақ ол кеніштің әкелер экологиялық зардабын ескермейміз. Ертең кәсіпкерлер кеніштің берері таусылған күні тастайды да кетеді. Сосын оның қасіретін тартатын айнала отырған қалың қазақ. Оны ескеріп жатқан жан жоқ.

Бұл жақтағы ескі кен орындарының радияциалық деңгейі өте биік екеніне тағы бір мысал: Жоғарыда аталған «Fonet Er-Tai AK MINING» кәсіпорыны орналасқан Қожан шаты деген жерге жақын жатқан Тесікмола деген ескі кен орны бар. Осы Тесікмоланы өткен ғасырдың басында орыс кен іздеушілері ашып, біраз уақыттан соң тастап қашып кетіпті. Себебі әлгі араның радиациялық деңгейі өті жоғары болып, ешбір себепсіз адамдары өле бастайды. Сол заманнан бері осы кен орнының беті ашық жатыр. Бертін, сол жерге жақын тұрған Ұзынбұлақ ауылының кейбір адамдары кеніштің шұңқырына еңкейіп қараймыз деп, бастарындағы шаштары түсіп қалған. Қазір ел-жұрт ол маңайға жоламайды. Осыны көздері көрген үлкендер әңгімелеп отыр. Бірақ бұл да жергілікті билік пен экологтарды әзірше алаңдатып отырған жоқ.

Ертіс-Баянауыл өңірінің бүгінгі экологиялық ахуалына ой жүгіртіп отырып, сонау Есіл ауданындағы Қалашы мен Батыс Қазақстандағы Березовка ауылындағы жұмбақ жағдай және әр жерде бұрқ етіп жатқан экологиялық апат Баянауылда қайталанып жүрмес пе екен деп ойлайсың.

 

Abai.kz

0 пікір