Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9301 1 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 18:34

СӘКЕН СЕЙФУЛИН МЕН ҚАЗІРГІ ҚОҒАМНЫҢ КЕЛБЕТІ

Дауылпаз ақын, көрнекті жазушы, сыршыл композитор, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин - өз қатарластарынан бір ғасыр озық жүретін жаңалық жаршысы.

Оның поэзиядағы жаңашылдық теңеулері қоғам келбетінің көрінісі: қызыл ат – аңыздағы желден жүйрік қанатты пырақ, қазақтың киесі де, ал жауыр болуын суреттеуі ұлттық мүддеге қауіп төнгенінің нышаны-ды, экспресс – еліміздің техникалық, индустриялық даму қарқыны. Альбатрос – теңіз құсы. «Құс қанаты талатын» дегенде халық өмір тәжірибесінен алған. Дауылпаз ақын: «... қарлы-мұзға қарамастан, қанаты талмай мұхит шарлайтын көк киесі. Альбатрос тарихтың шындығынан алынған асқақ образ екеніне тоқталсақ: 1923 жылдың апрель айында Совнарком «Әуе флотын құру» жөнінде қаулы шығарады. Халыққа насихаттау мақсатында бірнеше мақала жазды. Өркениетті Европа елдері (Англия, США, Франция т.б.) әуе кеңістігін, су астын (сүңгуір кеме) игеріп, тіпті әуе флоты дамыған Германия І дүниежүзілік соғыста әуеде және теңізде қауіп төндіріп, бүкіл Европаны тітірентті. Қазір әуе транспорты дамыған елдерде кең тараған. Біздің Қазақстанға әзірге екі-үш аэроплан қажет. Әсіресе Бөкей губерниясы, Ақмола, Семей корреспонденттері екі ай жүретін айшылық алыс жерлердің губерниялары аэроплан алуға шын кіріссе, кешікпей қол жеткізеді «көз қорқақ, қол батыр» деп қайраған, атпен ай жүретін жолды, самолет бірнеше сағатта-ақ жеткізетінін, басты маңыздылығы почта-телеграф қызметін де атқаратындығын түсіндіреді. 
Ол кезде Мәскеуден, «орталықтан» барлық одақтас республикаларға 1 ғана самолет бөлінген. Қайсы қаржы тапса, сол республика алады. Сәкен Сейфуллин қиюын тауып, одақтас республикалардың бәрінен бұрын қазақтың өжет қыздары Нәзипа Құлжанова, Нағима Артықбаева, Сара Есова бастаған комиссия құрады. Бас комиссия мүшесі Сәкен халық арасында акция өткізеді.16000 рубль алтындай (қыз-келіншектер әшекей бұйымдарын өткізген) қаражат жинап, бюджеттен бөлінген тапшы қаржыны (776 000 руб. золотом) қаржыны толықтырып, сол самолетті сатып алған. Бұл жөнінде Ғ. Мүсірепов 1923 жылы Совнарком председателі Сәкен Сейфуллиннің үйінде Сәбитпен бір койкада жатқан күндерін еске алып: «Сәкен аға стол басында бізге ашық-жарқын әңгімесін айтып отыратын. Бірде Лениннің алдында болғанын. Қазақстанға ұшақ керек, ұлан байтақ даланың о шеті мен бұ шетіне жету үшін ай керек, хабар-ошар алысу қиындығын айтып, телеграф, почта, теміржол салу керектігін қозғай келе, самолет бөлдіруін қоса қабат сұраған екен. Ленин: «Ты же, поэт» ақынша ойлайсың деп қаржы мәселесінің жетіспейтіндігін алға тартыпты». Сәкен аға алдына 2-3 рет барып мәселені шешкендігін айтыпты. Сол Қазақ көгінде самғаған тұңғыш самолетті «альбатросқа» теңейді. «Экспесс» жүрдек поездар рельсте зулады. 1923 жылдың 17 июлінде Петропавл – Көкшетау теміржолын салу жөнінде Халық Комиссарлар Кеңесінің (Совнарком) қаулысы шықты (1923-1924). «Жер қазғандар» – алғашқы теміржол қызметіне қазақ жастарын тартуға арналған шығарма. 1926 жылы Көкшетау – Ақмола темір жолын салуға жол төсейтін қара жұмысқа жұмыскерлерді Мәскеуден алдырады екен. Соған қатты шамданған Сәкен: «Көкшетау, Ақмола төңірегінде, Қажымұқан мен Балуан Шолақ шыққан өңірде қазақ жігіттері қара жұмысқа жарамайды дегенге кім сенеді? Жүген-құрық тимеген 6 жасар асауды бір сілікпеден қалдырмай шоңқитып түсіріп, ауыз омыртқасын үзетін жігіттердің жұмысқа әлі келмейді» дегенге не айтарсың! ...Балтыры бесіктей, кеудесі есіктей Арқаның жігіттерінің «қара жұмысқа келмейтінін» Көкшетау жолындағы ұлықтарынан ғана естіп отырмын... Бұл іске барлық Қазақстан үкіметі тез назарын салып, қолын созу керек... мұны енді бетімен жібермеу керек» (Қызылжар – Көкшетау темір жолы. 1926 жыл). Сөйтіп, Ресейден арнайы жол ақысын төлеп шақыртқан мыңдаған жұмыскерге кетіп жатқан ақшаны тоқтатып, олардың орнына жергілікті қазақ жұмыскерлерін тартқан. 
Тағы маңызды оқиға жолаушылап келе жатқан Сәкен өз көзімен көргендерін мақаласында: «Бір паровозға 5 теплушка тіркеп сүйрейді. Теплушкалардың сәкілері тіпті жоқ. Едендері жаман тақтай. Тақтайға жарымай отырған тәрізді. Ал қарағай ағаш Көкшетауда су тегін. Темір жол мықты берік емес. Аз ғана жерді тырмалап, топырақ үстіне көлденең ағаш салып, темір жолды сала салған, кейбір жеріне азырақ тырмалап, темір жол темірін тастай салған», - деп сипаттайды. Барымтаны жұмыспен қамтып қана тоқтата аламыз деп кәсіп түрлерін игеруге арналған бірнеше публицистикалық мақалаларын жазып, Қазақстанның түкпір-түкпірін хабардар етіп, қазақтарды жұмысқа шақырып жатты. Риддер кен орнын шетелге ұзақ жылға жалға беруге қарсылығын білдіріп, өндірістің тиімді жолдарын терең талдаған мақала жазып қана қоймай, ұзақ мерзімге жалға беруді тоқтатқан.
Сәкен Сейфуллин өндіріс тақырыбына бірінші қалам тартқан деп шығармашылық тұрғыдан ғана айтылып жүр. Әйтсе де, Сәкеннің «ішкі сыр сандығының құпиясы» төл туындыларының түп-тереңінде жатыр. Сәкен қазақтың ар-намысы, ұжданы ғой, қазақ халқының келешегіне бей-жай қарамай, экономикалық және саяси қөзқарастарын саясаттанушы мамандардың бағамдауы қажет-ақ. Бірер мысал: 1) 1917-1920 жылдарда Сәкен бастап құрған «Қазақ ұйымы» «қалыңмалды» жою туралы декрет шығарды. 2) Кедей балаларға арналған тұңғыш кеңес мектебі Ақмолада мұғалім Д. Гобузовтың 3 бөлмелі үйінде ашылған. Сәкен 1 бөлмесінде тұрып, 2 бөлмесінде 40 бала оқытқан. Сәкен мен Гобузов балаларды өз аяқтарымен аралап жинағандары Гобузовтың естелігінде жазылған. Қазіргі оқыту формасын, яғни орыс педагогы Ушинскийдің 45 минуттық оқыту жүйесін, сабақтың 5 кезеңдік құрылымын енгізген Сәкен. Бастауыш сынып 26-28 сағат, жоғарғы сынып 36 сағат апталық жүктеме бекітілген. Қоғамдық пәндермен қатар гигиена оқу бағдарламасына енгізілген. Тек «Мир божьені» алып тастайды. Сол типтік бағдарлама өзгеріссіз оқылуда. 3) Сәкен тұңғыш қазақ қалашығын Ақмола уезінде салдырған. «Болашақ Қазақстан» жобасының макеті Францияда 1925 жылы одақтас республикалардың дүниежүзілік көрмесінде насихатталып, оны Әміре Қашаубаев дүниежүзі халықтарына насихаттаған екен. Әміре «Жас қазақ марсельезасын» гармоньмен орындаған екен. 4) Сәкен Сейфуллин Франция республикасының ән ұранының әнін қалдырып, тұңғыш қазақ әнұраны «Жас Қазақ марсельезасының» сөзін Ақмолада жазған (1918). 1 мамыр – Халықаралық еңбекшілер күні қазақ жұртында бірінші рет Ақмолада, Спасск мен Нілдіде тойланған. Қазақтың тұңғыш гимні қазіргі әкімшілік үйінің артындағы үлкен алаңда мерекелік шеруде айтылған. 5) Үкімет басшысы ретінде, «ұлтшыл» деген сөзден қорықпай, мемлекеттік тіл қазақ тілі болмай «болашағымыз бұлыңғыр», «тілді батыл тарата беріңдер» деп қайсар жігермен қаулы шығарып, «Қазақ тілін» мемлекеттік тіл ретінде қабылдатты; 6) Мемлекет басшысы Сәкен Сейфуллин «қырғыз» атанып келген мемлекетімізді, 1924 жылдың аяғында декрет шығарып, Қазақ республикасы деген тарихи өз атауын қайтарды. 1925 жылдың сәуір айында өзі де Совнарком төрағалығынан түсірілді; 7) Сәкен 1923 жылы Жоғарғы оқу орындарына қазақ кадрларын даярлау мақсатында 2000 орындық гранд (шәкіртпұл) тағайындатты да, оның тек тұрмысы төмен отбасының, яғни ел ішіндегі балаларға берілуін өзі қадағалайды. Сәбит, Ғабит бастаған талай мемлекет, өнер қайраткерлері шықты;8) 1923 жылы 7 ақпанда архив пен музейдің тұңғыш инструкциясын шығарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін мемлекет қарауына алуға (23 қыркүйек) қаулы шығарып, күрделі жөндеуден өткізді; 9) 1929 жылы Сәкен Сейфуллин тұңғыш фольклорлық экспедиция ұйымдастырып, «Халық мұрасын» жинастырып, екі томдық кітап етіп бастырып шығарды. Жоғарғы оқу орындарындағы зәруліктің орнын толтырып оқулық түрінде бастырса, әрі Ұлттық мемлекеттің келешегіне керек тәрбие құралы деп мақсұтын ашық білдірген алғысөз жазды. Тайға таңба басқандай айқын ұлттық тәрбиеден көз жазып қалмауымыз керек деген Сәкен: «Мен әлемде халықтың бай мұрасындай, қазақтың халық әндеріндей сәбидей пәк ештеңе көрмедім» деп тұжырым жасаған. 10) Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллиннің басшылығымен Жас Қазақ Республикасының бұрын соңды болмаған «кеден» , «жер кодексі», суд, арбитраж, Әділет министрлігі, Милиция мекемесі, «Қазақстан республикасының Конституция заңын», түрлі ресми құжаттардың мемлекет дәрежесінде іргелі елдердің процессураларынан еш кем емес екендігін айтпасқа бола ма? Бірлесе көтерген жүк жеңіл құжат даярлауда, оны іске асыруда қазақ зиялылыры жұмыла атқарғанын протоколдар айғақтайды (Орынбор,1922-1924).
Сәкеннің жазған публицистикасына тек шығармашылық тұрғыдан ғана баға беруге бола ма? Оның ақын-жазушылық ішкі әлеміне үңілсек: тарихшы нақты деректі, жазушы көзбен көргенін шындықты жазу керектігін айтса, екінші қыры: көріп тұрып көрмегенсігенге, салмойындыққа, меңіреулікке қарсы үндеуінде жатыр. Сәкен ағаның «Өзіңді ойласаң алдыңды бақ, қоғамды ойласаң алдың мен артыңды қатар екше» дегенін Сәкеннің серігі Байжұман (әнші әрі мерген, Жаңаарқада әншілік мектебі қалыптасқан) Қызылордаға бара жатқанда айтқан сөзін еске алып: «Сөйтсем есіл ер замана алдыңғы толқынмен бітпейтіндігін, келешек ұрпақты меңзеген екен, қазақ халқының болашағына сеніп, жастардың бойына шыншылдық, табандылық сіңдіруді әр ісінде мақсат етуші еді»,- деп естелік жазып қалдырған.
Әл-Фараби «Қайрымды қала тұрғындары» атты трактатында «Жаратушының» рахымы түссе мемлекетті дұрыс басшы билейді демекші, Алла тағаланың рахымымен шын еңіреген ерлердің 1922-1925 жылдар аралығында қаншама іс атқарғанын қалайша «мысықша көз жұмып» ұмытып кетеміз. Осы жылдың ішінде қыруар мемлекеттік істер атқарылды. Бас қалай бұрылса дене солай қарай икемделмей ме? Сәкен және ұлт зиялылырының қазақтың ұлттық психологиясын қалыптастыруда да айрықша үлесі бар. Қазақ психологиясындағы төл құндылықтарымыз: қонақжайлылық - жалпақ шешейлікке; кішіпейілділік - құлдық ұра берушілік ләппайға; елдік - рушылдық, жершілдікке; ұлттық тілдік құндылық көптілділік (нигилизм) астарында жасырынып – жасанды ұлтшылдық сықылды жағымсыз көріністер белең алып кетпес үшін Сәкен Сейфуллин шығармаларын мектеп жасында көбірек оқыту керек. Кейінгі ұрпақ қамын ойласақ сағат санын қайта қарау керек. Қазақтың өткені мен бүгінгі басшылығында Сәкен аға Түркия мемлекетін, оның басшысы Ататүрік атаған Мұстафа Кемалды, Елбасы Н. Назарбаев Тұрғыт Өзалды құрметтеулерінде де ұқсастық бар секілді. Тіпті Астана төріндегі Сәкеннің ескерткіші мен Түркиядағы Елбасымыздың ескерткіштері де ұқсас. Ақмоланы Сәкен Сейфуллин (1925 жылы) астана етуді армандаған еді, ол ізгі ойын Тәуелсіз Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырды. 
Ақынның ақталғанына аттай 30 жыл өткен соң, 1988 жылы Сәкен Сейфуллин мұражайын ашу Н. Назарбаевтың пешенесіне жазылыпты. Биыл Сәкен мұражайының ширек ғасырлық (25 жыл) торқалы тойы. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіз Қазақстанды Сәкен Сейфуллин бабамыздың әруағы желеп-жебей берсін!» деген ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған аманат лебізі мұражай төрінде тұр. 
Назгүл Сапиянова, 
С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері

 

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3542