Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 18055 0 пікір 9 Шілде, 2015 сағат 16:07

ОРЫСША ӘНҰРАН ОҢДЫРА МА?

Қазақстандағы белгілі сайттардың бірі ztb.kz мәскеулік қазақтың Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орыс тілінде шырқағаны туралы жазды. Сайттың жазуынша, Қазақ әнұранын орысша шырқаған Ақтан Сүйіншалин есімді Мәскеу қаласының тұрғыны Алматы қаласында туған екен.

Орысша айтылған әнұранды жариялаушылар әнұранның Қазақстанның тәукелсіздік алғаннан бер қарайғы жылдарда «Мемлекеттің қарым-қатынас тілі» статусы бар орыс тілінде айтылмағанын сынағандай сыңай танытады. «Тәуелсіздіктің барлық уақытында ұлттық әнұранның Мемлекеттің ресми тіліндегі поэтикалық аудармасы болмады», - деп жазады жариялаушы.

“Youtube-де” видеосы жарияланған Әнұранның астына тыңдаушылар «жақсы» баға білдіріп көптеген пікір қалдырған. Тіпті кейбір тыңдармандар орындаушының «батылдығына» алғыс та білдіріп жіберіпті.

Туды жыртып қоқыс тасығанды да көрдік. Шетелдіктердің Қазақстанды мазақтап кино түсіргенін де көрдік. Көрмей келе жатқанымыз аз емес. Алматыда туған Жириновскийдің Мәскеу төрінде Қазақстанды Ресейдің жері етеміз дегенін де еш қарсылықсыз тыңдадық. Енді келіп Алматыда туған бір қазақ Мемлекеттік рәмізіміз – Әнұранды орысша айтыпты. Ал оны қызу қолдап, қол шапалақтап жатқандар көп. Бұлай кете берсе, Ассамблеяның жиырма жылдығы деп шулап, ұсыныс айтқыш ассемблисттер, мүмкін, Әнұранды орысша айту туралы бастама көтеріп жүрер. Ертең ғаламторда Әнұранды ұйғырша, кәрісше айтқандар шықса таң қала алмай қалармыз.  Теңгемізде орыс тілі бар, Орыс тілі «ресми тіл» статусына айырылмастай жабысып алған. Енді келіп Әнұранды орысшалап жатырмыз...

Егер, ҰҚК шынымен Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін ойлайтын болса, мемлекеттік мүддеге қол сұғатын осындай дүниелерге бейжай қарамауы керек деп санаймыз. Бүйте берсе бір күні көк байрағымыз қызылға боялып кетер...

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір