Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4277 0 пікір 10 Шілде, 2015 сағат 15:39

ӘКІМ ӘБДІБЕКОВ: НАЗАРБАЕВ ӘЛДЕ ЛЕНИН?

«Айтып отырғанымыз – кеншілер астанасы атанып кеткен әлемге әйгілі Қарағанды қаласы. Айтып отырғанымыз – осы қаланың қақ ортасындағы Николай Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхана. Айтып отырғанымыз – осы кітапхананың тура жанындағы қалалық Білім бөліміне қарайтын Балалар мен жеткіншектер сарайы деп аталатын мемлекеттік қазыналық кәсіпорын. Айтып отырғанымыз – осы сарайдың тура алдындағы көкпеңбек жасыл алаңқайдағы ЛЕНИН мен ГОРЬКИЙ ескерткіші. Алексей Максимовичке (Максим Горький дегеніміз Алексей Пешков қой негізі) рас, бір ауыз әңгімеміз жоқ. Қасқайып қай жерде тұрса да, ол кісіге жарасады енді. Ал сонда атам заманда-ақ архивке аттанып кеткен ЛЕНИН жарықтыққа не жорық?».
Ұлт.кз порталы жақында ғана осылай деп жазған еді, жазылған жайдың жаңғырығын қайта шығарып отырмыз – өйткені бұған Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ те, кеншілер астанасының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ  те әлі күнге дейін «МӘУ» деген жоқ. Облыс әкімдігіне жап-жақын жерде қарағандылықтарға қасқая қарап тұрған Ленин жарықтықта арман жоқ, өйткені өзінің тас мүсініне тап-таяу жерде өзінің атымен аталатын көше және бар. Сонда дейміз-ау, сонда әкімдер Әбдібеков пен Әубәкіров өздері облыс пен қала аумағында ұршықтай иіріп отырған қазіргі «Нұр Отан» партиясының көсемі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың ескеркішін сүйегі баяғыда қурап қалған Ленин жарықтықтың орнына қоямын десе, біреу қойма деп пе? Әлде бұл екі әкімге Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатынан гөрі коммунистер көшбасшысының «даңғыл жолы» қымбат болып отыр ма – әлі күнге дейін?

Біреулер айтар әрине, «қайдағы бір ескерткіш үшін облыс әкімінің мазасын алғандарың дұрыс емес-ау!» деп. Ал бұған біз айтамыз – идеология дұрыс болмай, «төртеу түгенделмейді» деп. Әсіресе қараша қазақтың «төртеуі түгенделмейді» деп («Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді»). Қысқасынан қайырғанда, коммунистер идеологиясын егемен елімізде әлі күнге дейін жасқанбай жүргізіп келе жатқан бұрынғы коммунист, қазіргі «Нұр Отандық» Әбдібеков те, жап-жас «Нұр Отандық» Әубәкіров те «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» тәмсілін сірә да онша-мұнша біле бермейтін болса керек. Егер шынымен де осылай болса, еске салып қойғанымыздың да онша-мұнша артықтығы жоқ-ау деп ойлаймыз. Қанша дегенмен де әкім Әбдібеков аймақтың бірінші нөмірлі адамы емес пе, тиісті орындарға «ау, бұларың қалай, Ленин неғып тұр әлі күнге дейін?» деп бір ауыз «жылы сөзін» арнаса, сөз түсінгенге соның өзі де жетіп жатыр емес пе?

Бір ойым айтады – «мүмкін, әкімдіктің баспасөз қызметі мен ішкі саясат саласының басшылығы Ленин ескерткіші туралы жақында ғана жарияланған портал материалын Әбдібековке жеткізе қоймаған шығар» деп. Тағы бір ойым айтады – «портал материалын Әбдібеков алдында тұрған компьютерден өзі-ақ оқи салады ғой, интернет тілін білмейді деп пе едің ол кісіні…» деп. Қалай болғанда да, Ленин ескерткішін бір жақты қылу керек, НҰРМҰХАМБЕТ аға, әйтпесе Сізге дейін бұл ескерткішке бұрынғы әкімдер Әбдішевтің де, Ахметовтің де, Нығматулиннің де, Мұхаметжановтың да «тісі батпай» кеткен болатын.

 

Марат МАДАЛИМОВ.

"Ұлт" порталы

 

0 пікір