Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 5347 0 пікір 12 Шілде, 2015 сағат 17:17

Астана тойынан КЕЙІНГІ ОЙ

 

Қазақстанның астанасы – Астана қаласында тұратын жұрттың арманы жоқ шығар! «Конгресс-Холл» ғимараты бастап, үлкен-кіші театрлары қостап, алақандай алаң біткеннің баршасында күнде жиын, күнде той («Конгресс-Холл» деген тіркес сөздерді тәуелсіз республикамыздың мемлекеттік тіліне аударуға да бәйге жариялап, той өткізу керек-ау!).

Ал бұл жолғы той – той біткеннің көкесі болды. Дәстүрлі «Астана күні» және президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның «бесжылдық» сайынғы мерейтойының биылғы тарихи 75-іншісі бүкіл тайлы-таяқтымызды тамсантып өтті. Бір ай бұрын газеттерден оқып, телеэкраннан көріп, радиодан естіп мәре-сәре болдық қой, тәптіштеп жырламай-ақ қояйын.

Газеттерден демекші, осы газеттің 2 шілдедегі санында шыққан «Жүрек таза болсын...» деген мақаламда Сауытбек Әбдірахманов мырзаны куә еткен тұсымда, «егер жаңылыспасам» деп отырып, жаңылысып қалыппын: мен хатты партия жаққа емес, Министрлер Кеңесіне жазыппын, ал Сауытбек ол кезде сонда аға референт, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары екен. Сондағы лауазымын бүгін «өсіріп жібергеніме» қаламдас інім ренжімеген болар.

Ал енді сол мақалаға қосайын деп отырып, ұмытып кеткен бір жәйтті де айта отырайын.

Есенғали Раушановтың мен де назар аударған сұхбатында аталған Ташкенттің «Дүрменінде» мен бұдан 25 жыл бұрын бір ай жатқанмын. Жазушыларға арналған шығармашылық үйдің сол кездегі қалпы әлі сақтаулы екенін естіп, өзбек ағайындарға өте разы болдым. Өзбек зиялыларының Ислам Каримовты әспеттеуі орынды. Ол – халқының мақсат-мүддесін қадірлеп жүрген басшы. «Өз күніңді өзің көр!» деп нұсқау берген жоқ. Біздің кейбір жалбақайлар Ислам-аканы, Өзбекстанды кемсіте сөйлеп, босқа арамтер болып жүр.

Енді Астанада өткізілген қос тойды «тәптіштеп жырламай-ақ қояйынға» оралып, бір ғана сәтін әңгімелейін. Сән-салтанаттың ортасында жүздері моншадан жаңа ғана шыққандай-ақ қызара бөртіп, жан-жақтарына еңселерін көтере қарап, көздері жайнап, екі езулері екі шықшыттарына шығып кеткен бір мол топ жүрді. Ол топ – халқымыздың қалаулылары, парламентіміздің депутаттары.

Кеше ғана анау Ресейдің «Сатира и жизнь» деген интернет-сайтынан: «Путиннің Кремльдегі сөзінен кейін (қашанғы, қай сөзінен кейін екені аталмапты, сірә, көсемдерінің көп сөзін санай бермейтін болған шығар. – Ғ. Қ.) үш депутат және Валентина Матвиенко ауруханаға жеткізілді. Төртеуінің де шапалақ соғудан алақан сүйектері сыныпты» дегенді оқыдым. Біздің депутаттар әзірше ондай күйге ұшыраған жоқ, әлі де құдай сақтасын! Біздің депутаттарға қолдары жандарынан да қымбат. Айлық жалақы құжатына 400 мың теңге алғандарын растап, қолтаңба қалдырып жүрулері үшін, мәжілістерде төрағаның қас-қабағын бағумен көтеру керекте – көтеру, көтермеу керекте – көтермеу үшін қажет.

Міне, осындай түсінгіш, білгіш депутаттарымыздың тобын «Хабар», «Қазақстан» телеарналарымыз кезек-кезек көрсеткен сайын, көз жазбай отырып, Қарағанды облысынан сайланғандарын іздедім. Ешқайсысын өзім жыға танымаған соң, қайтейін, арна тілшісі бірін болмаса, бірін атап қалар деп үміттеніп едім, оным бекершілік болды.

Ал қарағандылықтардың қалаулыларын неге іздедім? Өйтуіме осы айдың 2-сі күні кешкі сағат 8-де 31-телеарнадан көрген сұрқайы жағдай себеп болды (бүгінгі тіршілігіміздегі қиыншылықтар осы және «КТК» арнасында айтылады, басқалары билікке жақпайтын жәйтке жоламайды). Арна хабарында, тағы да «егер жаңылмасам» деп айтайын: 7000 шамалы халқы бар әйгілі Ақтау елді мекенінің тұрғындары судың жоқтығынан сенделіс күйге түсіпті. Тауқымет тартқандарына бірнеше ай болған. Мекеннің іші-сырты шаңдаққа айналған. Тұрғындардың үй іргесіндегі жер бөліктеріне егілген, отырғызылған көкөністері, жеміс-жидектері, гүлдері көктей бере күйіп кеткен. Одан бұрын ауызсудың тапшылығы жұртшылыққа қаншалықты азап болып тұрғанын айтуға дәтің бармайды. Сұмдық!..

Қазекемде: «Боранды күні ит пен бала құтырады» деген мәтел бар ғой: ақтаулықтар тап болған ауыртпалыққа алақайлап жүргендер де жоқ емес. Арна тілшісіне шағымданған бір тұрғын: «Судың иелері бізді адам екен демейді, сөзімізді тыңдамайды. Бізге былтыр 1 литр суды 150 теңгеге сатып еді, биыл 350 теңге!» деп қасарысып отыр», – деп күйінді.

Адам төзгісіз мұндай жағдай облыстың басқа да бірнеше ауыл-селосында үстем. Ал парламенттің сенаты мен мәжілісіндегі қарағандылық депутаттардың қайсысы анау жерлесіне қосыла күйінді? Қайсысы қай күнгі сенатта, мәжілісте ашынып сөйледі? Жым-жырт. Өйтетіні олар, басқа облыстардан сайланған қалаулылардың көпшілігінше, шын мәнінде жер бетіндегі жұмақта жүр. «Көйлек көк, тамақ тоқ», бас мәңгіртер мәселе жоқ. Бар шаруалары – қажетті-қажетсіз, орындалар-орындалмас заң шығару. Халықтың мұң-зарына құлақ қою, мән беру, жақтаушысы, жоқшысы болып дауыс көтеруді азаматтық парызым деп білмейді.

Биыл көктемде 5–6 облыс су тасқыны салдарынан орасан зардап шекті. Мен тілге тиек етіп отырған Қарағанды облысында 35 ауыл-село су астында қалды. Міне, осы апат парламентте арнайы сөз болды ма? Болса, апаттың алдын алуға қам жасамағандар табылды ма? Табылса, кімдер және оларға қандай жаза қолданылды? Әлде ол үкіметтің ғана құзырындағы іс пе? Егер парламент, сондай-ақ анау Халық ассамблеясы «бардак» үкіметтің бетіне қарай алмас болса, онда олардың халыққа керегі не?

Әу баста «Қазақстан Халықтарының ассамблеясы» деп аталып, «Ел бірлігі» деген доктринасын құшақтап шыға келген, бүгінде «Қазақстан Халық ассамблеясы» делініп, жуықта ғана өзінің 20 жылдығын дүркіретіп тойлаған осы ұйым туралы бір ауыз сөз. «Ассамблея» дегеннің мағынасы не?.. «Шет тілдер сөздігінде» былайша түсіндірілген: «Ассамблея (фр. asemblee) – 1) бал, собрание в эпоху Петра I; 2) название некоторых руководящих органов в международных организациях; Генеральная Ассамблея Организации Объединенных Нации (ООН) – один из главных органов ООН, состоящий из представителей всех государств – членов ООН; 3) в некоторых буржуазных странах – составная часть наименования парламента или одной из его палат».

Бұл үш мысалдың қайсысы Қазақстанға тән? Азиялықтарды (оның ішінде, әрине, қазақтарды да) мылқау қара күшке айналдырып, жаныштап ұстау керек деп өткен І Петрдың ойын-сауық кеші ме, жиналысы ма? Өшкен аты жаңғырмасын! Әлде халықаралық басшы органдардың бірі ме? Қайдағы?!. Немесе біз буржуазиялық елміз бе? Құдай сақтасын!..

Демек, «Қазақстан Халық ассамблеясы» – өзімізде ойлап шығарылған ұйым.

Бізде пәлен халықтың, түглен халықтың республикалық мәдени орталықтары бар. Анығында ол пәлен ұлыстың (диаспораның) мәдени орталығы делінуі керек. Жоқ, біз бәрін де түпкілікті ұлтпен теңестіре салдық. «Теңестіре» дегенде, басқалар ет пен сүйектен жаралған адам ретінде қазақтан сорты кем деп отырған жоқпын, тек: «Жер менікі, төр менікі!» – деп төстеңдеуге тиіс емес деймін. Ал енді осынау орталықтар Қазақстандағы ұлыстардың барлық мәселесін шешіп келді, шешілмегені (ондай болған-болмағаны есімде жоқ) тиісті министрлікте немесе үкіметте, парламентте реттеліп отырды. Ендеше «ассамблеяны» шығарып, оны министрлікпен, үкіметпен, парламентпен жағаластырудың кімге, неге қаншалықты қажеті болды?

Ол «Ел бірлігін сақтап отыр» деп даурығудамыз. Кешегі тойында да осы топшылау аспандата айтылды. Бұл – қазақ халқының жаратылысын, тарихын жете білмейтіндердің пайымсымағы. Қазақ қазақ болғалы, руға, жүзге бөлінгелі, сырттан келген жоңғарлардың шапқыншылығына, Ресейдің отаршылдығына қарсы тұрып, жанпидалап шайқасқаны болмаса, өзара ешқашан қырқысқан жоқ. «Қазақ қойдан қоңыр» деген мәтелдің шыққаны соны меңзейді.

Ал осы ұйымды ұстауға, оның және «әлемге әйгілі» Астананың жылдағы тойларына қаншама қаржы кетті екен? Президент Н.Назарбаев осыдан бір ай бұрынғы бір сөзінде тойды шектеу керек, тарихи тұлғалардың мүшелтойларын ғылыми-практикалық конференция ретінде атап өту керек деген ой айтып еді. Олай десе, Астана қаласының 10–15 жыл дегендей дәстүлі күнін («круглая датасын») емес, әрі-сәрі 17 жылдығын бүкіл Қазақстан бойынша тойлауға, ондаған миллион теңге қаржыны ысырап етуге неге жол ашты? Ресми дереккөздері қазіргі уақытта республикамызда 600 шамалы ауыл ауызсусыз отыр, бірнеше үй өзара бірлесіп, ақша қосып, жақын маңдағы суы бар мекендерден су тасып жүр дейді.

Меніңше, Әділбек Жақсыбеков мырза басқарып отырған қаладағы жерге, пәтерге, жұмыссыздыққа байланысты қиыншылықтар түзетіліп болғандай-ақ, мынау Астана тойына жұмсалған қаржыны, кеше ғана опыр-топыр келіп кеткен мәскеулік «МузТВ» тобына төленген 2 миллион долларды (баспасөздің мағлұматы) ауылға жұмсар болсақ, ауызсу мәселесі біраз шешілмес пе еді? Әлбетте!

Жалпы бізде ауылды қалпына келтіру сөз жүзінде ғана. Соңғы 10 жылда бұл мақсатқа мемлекет бюджетінен дүркін-дүркін жүздеген миллиард теңге бөлінгені, оны парламенттің құптап қаулы қабылдағаны, президент Н. Назарбаев мырзаның қол қойып бекіткені кезінде жария етілді. Бірақ оң өзгеріс жоқтың қасы.

Жылдан-жылға қағынып тұрған қымбатшылықтың қыспағындағы халықтың жәрдем тілеген жан дауысы қазаны лыққа толы тойшылдардың желікпе-желпіністі у-дуының, дарақы-далақпай шуылының астында қалып жатыр. «Әлем» демей сөз бастамайтын «көсемдер мен көсеулер» қашанда: «Астанамыз арқылы Қазақстанды әлемге танытамыз!» деген сужаңа ұран көтере бастады. Астана қаласын аптаған алтын, күптеген күміс анау жүздеген ауылға ауызсу, электр жарығы, емхана-аурухана, жылу жүйесі, жұмыс орны бола алар ма?

Тойдың болғаны, әрине, жақсы. Тек мынау 6 шілдедегідей даңғаза-дақпыртқа айналып, халықтың нәпақасын аузынан жырып алып жатқаны жаман.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

"D"

0 пікір