Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 24847 6 пікір 13 Шілде, 2015 сағат 18:50

ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЛПАҚ БІР ТУҒАН

e55fc523f343edbfd819083bbc020cb4

Қарақалпақ (Толағай) халқы қазақтармен сан мыңдаған жылдар бойы бір туыс, бір тудың астындағы халық. Олар қазақ елі құрамынан, Кеңестер одағы кезінде Сталиннің бұйрығымен алынып, Өзбекстанға күні кеше ғана (1936 жылы) берілді. Сонау тарих түпкірінен бері қарақалпақ пен қазақтың атамекендері Арал теңізінің жағалаулары, Амудария мен Сырдария өзендерінің төменгі жағы болып табылады. Қарақалпақ халқын құрайтын тайпалардың құрамы да қазақтармен бірдей: үйсін, қаңлы, кыпшақ, арғын, керей, найман, алшын, қоңырат т.б. болып табылады. Тілдері де бізбен бірдей. Қарақалпақтың белгілі ақыны Бердақ өзінің «Шежіре» атты дастанында екі елдің туыс екендігін былайша жырлапты:

 «Анес, Малик-икки киши,

Пайғамбардың сахабасы,

Анес қазақтың баласы,

Шуннан «Алаш» болған екен.

Маликтің улы Разы хақ,

Яшлығында қойды гулпак,

Кийген екен каракалпак,

Шуннан «калпак» болган екен». Бұл жырдың мағынасы «Анес пен Мәлік, екеуі де қазақтың баласы. Мәліктің баласы Разының бас киімінің атауына байланысты, оның ұрпақтары «қарақалпақ» аталған» дейді.

Нұрым ақын:

«Бір туған Қазақ, Созақты

Қазақ пен Қарақалпағың

Бірге туған ар жағың» — деп түйеді. (Ө.Озғанбай «Ұлы Бесін» Алматы 2010 268 б.)

«Түменнен Айырқалпақ-ты,

Айырдан Қазақ, Созақ-ты,

Созақтан Қарақалпағың,

Қазақ пенен Қалпағың

Тумалас болад аржағы» (Ұзақбай Қазжанұлы (1897-1976)

«Сыбан менен Өзбек-ті,

Сыбаннан туған ер Қалпақ

Ер Қалпақ ұлын сұрасаң,

Қазақ пенен Созақ-ты.

Созақтан туған жарандар

Қара мынау Қалпақты,

Қазақ пенен бір туып,

Хорезмде қалам деп,

Өзі іздейді азапты (Әбубәкір Кердері. «Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің» Ақтөбе-2011. 161 бет).

«Майқы бидің баласы,

Жиен менен Өзбекті.

…Баласы сол жиеннің қазақ, созақ,

Созақтан жеке туды айырқалпақ,

Баласы Айырқалпақтың Қарақалпақ:

О дағы бірталай ел жатқан жалпақ.

Қарақалпақ баласы үшеу екен:

Қоңырат, Манғыт, Кенегес» (Ыбырай Ақұн Құлбайұлы «Алтынды Орда қонған жер» Ақтөбе-1994. 12 бет).

«Туыпты Қазақ пенен Созақ бірге

Әкесі Айырқалпақ бір дейді ана.

Созақтан Толағай мен Сүйір туып,

Мекені аталады екен «бес қала»,

Үргеніш, Төрткүл, Шымбай, Тақтакөпір,

Қонысы Толағайдың тап сол ара.

Толағай әуелде аты болғанымен,

Атанған Қарақалпақ бара-бара (Ш. Жұбанұлының шежіресі. Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресі». Алматы, 1994. 13 бет).

Қазақтың ежелгі аңыз, ертегі, шежірелеріндегі көп айтылатын әйгілі Толағай (алып) батырдың елі (ұрпақтары) осылар.

Жалпы қарақалпақ халқы бізбен туыс, кезінде сан ғасырлар бойы, тіпті күні кешегі 1936 жылға дейін олар қазақ құрамында болды.   Олар қоңырат, он төрт ру деген бірлестіктерден тұрады. Қоңырат бірлестігі өз кезегінде шуулық (9-8 ру) және жауынгер (7 ру) болып бөлінеді. Он төрт ру да екі топқа бөлінеді: біріншісі қытай мен қыпшақ (қытай-қыпшақ), екіншісі – кенегес пен маңғыт (кенегес-маңғыт).

Бұл жерде ноғай мен қарақалпақтың ұқсастығы екеу — қыпшақ пен кенегес, сондай-ақ маңғыт рулары. Сол сияқты қазақ-қарақалпақ ұқсастығы да екеу – қыпшақ, қоңырат, сондай-ақ қоңырат ішіндегі маңғыт пен қытайдың қосындысы – маңғытай.

Қазіргі Қарақалпақ жеріндегі Әмударияның бір саласы Қазақдария деп аталса, Қазанкеткен   атты елді мекен, Қарабауыр, Қаражар, Қараөзен атты микротопонимдер бар.

Бұдан шығатын қорытынды қазағы да, ноғайы да, қарақалпағы да бәрі бір халық, Шыңғыс хан одан да арғы сан мыңдаған жылдар бұрын құрылған қазақ мемлекеттігіне қараған елдер.

«Қарақалпақ халқының құрамындағы қазақтың белді рулары үйсін, балғалы және қайшылы (жалайыр), қаңлы, қарамойын (қыпшақ), ашамайлы және шереуші (керей), бағаналы, терістамғалы, қара-керей және садыр (төртеуі де наймандар), байбақты, адай, сумұрын, беріш және таз ( бесеуі де алшын)» (М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» Ташкент-1925. 27 бет).

«Өзімізден айрылған қарақалпақ деген ел бар. Ол тіпті қазақ атанған соң айрылған. Олар Сырдарияға барып, орнығып, бұрынғы сарт атанып тұрғандармен бірге сарт атанған» (Ш.Құдайбердіұлы «Түрік, Қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» Орынбор-1911. 65 бет).

Жалпы түрік халықтарының тегі (түбі) бір екендігін және олардың бәрі Маңғыстаудан бастау алатындығын айғақтайтын басты деректердің бірі «Алпамыс батыр» дастаны болып табылады. Жырда айтылатын оқиға желісі Маңғыстауда болып өткен. Соған сәйкес жырдың дүниеге келген жері де осы Маңғыстау. Жырдағы аттары аталған жер, су, тау, елді мекен атаулары әлі сол бұрынғы күйінде Маңғыстауда сақталған. Бұл жырды (эпос пен ертегілер циклі) Қазақтар мен қарақалпақтар «Алпамыс», озбектер «Алпамыш», башқұрттар «Алпамыпі пен Барсын Хылуу», татарлар «Алпамша», алтайлықтар «Алый Манаш», қырғыздар «Манас» деп атайды. Бұл эпостың барлық (оғыз, қоңырат, қыпшақ) нұсқаларында да, олардың пайда болған уақыты айтылмайды. Алайда жырдың Дешті Қыпшақ даласында пайда болып, дамығаны анық аңғарылады.

Алпамыстың қоңырат тайпасынан шыққаны эпоста айқын көрсетілген, тіпті батыр шыққан Лақай руы да көрсетіледі. Эпоста Қоңырат тайпасының Орта жүзге жататыны, сондай-ақ осы тайпаға біріккен рулар саны отыз екі («отыз екі ата қоңырат») екені де айтылады. Эпостағы мәліметтерге сәйкес, Алпамыстың шыққан тегін былай деп есептеуге болады. Эпоста Арыстан баб туралы айтылады, аңыздарға сәйкес, ол мұсылмандар дүниесінде атағы мәлім, әулиелік және діндарлық қызметімен әйгілі Қожа Ахмет Иассауидің рухани ұстазы болған. Ескерте кететін жағдай екеуі де бір өңірде, яғни Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған жерде ғұмыр кешкендерімен араларын бірнеше ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар бөліп жатыр.

Оның кесенесі (бұрыштарында төрт мұнарасы бар екі күмбезді) Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы Қоғам селосының маңында, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында орналасқан. Эпосқа қарағанда, баласы жоқ Байбөріге ұлы Алпамыс пен қызы Қарлығаштың дүниеге келуі туралы басқа әулие-әнбиелермен бірге Арыстан баб та аян берген.

«1936 жылы большевиктер (Москва) Қарақалпақ Автономиялық Республикасын (165 мың кв. км) Қазақ ССР-інен ешқандай негізсіз, заңсыз тартып алып өзбектерге қосты. Олар қарақалпақ халқының бұл жайлы не ойлайтынымен санасқанда жоқ. Ал, біздер өзбекке емес, қазаққа туыс халықпыз. 14 желтоқсан 1990 жылы Қарақалпақ АССР-ы Жоғарғы Кеңесінің сессиясы «Тәуелсіздік Декларациясын» жариялады. Бірақ бізді Ташкент зорлықпен ұстап отыр. (Ерназар Коныратов. Пресс секретарь Партии национального возрождения Каракалпакстана» Еркин Каракалпакстан». freekarakalpakstan@gmail.com 15.03.2008).

«Өзбек өрістес ел,

Қырғыз қоныстас ел,

Қарақалпақ қарындас ел,

Түрікпен тамырлас ел». Халық сөзінен.

Қарақалпақтар Кеңестік Мәскеу билігінің зорлығымен қазақтан бөлінген ең соңғы туыс ел.

 

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы,

Маңғыстау

Ұлт порталы.

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534