Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Әдебиет 19724 3 пікір 17 Шілде, 2015 сағат 12:22

АБАЙ МҰРАЖАЙЫ - ҰЛТЫМЫЗДЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ

 

Іргетасының қаланғанына жетпіс бес жыл толғалы отырған Семейдегі Абай қорық-мұражайы Қазақстандағы ірі мәдени орталықтардың бірі. Бүгінгі таңда елімізде мұражай – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Осындай мекемелердің бірі – өлкеміздегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау. Мұражай қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1-сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16-шы қазан күні мереке үстінде ашылды. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады.

1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударды. Бұл екі үйдің Абайға тікелей қатысы бар. Ақын 1975-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүрген.  1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Қазіргі кезде мұражай әдеби-мемориалдық музейден Республикадағы ірі қорық-мұражайлардың бірі.

Қорық-мұражай алқабында көптеген мемориалдық ескерткіштер өлке тарихының өткенін көз алдыңа әкеліп, ұланғайыр территорияның түкпір-түкпірінде орналасқан бағзы қорымдар мен қасиетті орындар ұлылар өмір сүрген өлкеге тағзым ете келген көпшілікті ерекше сезімге бөлейді. Бүгінде ұлы Абайға арналып ашылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай бүгінде тарам-тарам жеке құрылымдардың басын біріктірген іргелі мәдени кешенге айналды.

Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайдың құрамына қалалық кешен, Абай ауданы Бөрілі ауылындағы М.Әуезовтің мұражай-үйі, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, 6400 га қорық аймағына кіретін 16 ескерткіштер мен тарихи орындар, Абай ауданында Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбенұлы және Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының мұражайлары кіреді.

Қалалық кешен құрамына Ленин көшесі, 12 үйде орналасқан көпес Роман Ершовтың үйі, 1995 жылы салынған жаңа ғимарат, 1993 жылы кешен аймағына көшірілген Ахмет-Ризаның медресе-мешіті, мұражайдың әкімшілік үйі, сонымен бірге Бөгенбай батыр көшесіндегі 132-ші үйде орналасқан «Алаш арыстары және М.Әуезов» мұражайы кіреді. Бас мұражай  экспозициясы 16 бөлімге қанат жайып отыр. Олар: «Абай дәуірі», «Қайнар бұлақтар», «Абайдың шығармашылығы», «Аударма, ән-күй мұрасы», «Абайдың поэмалары» залдары, «Жаз», «Абайдың ақындық өнер айналасы», «Абайтану», «Бейнелеу өнеріндегі – Абай тұлғасы», «Тақырыптық көрме залы», «Сыйлықтар», «Абай халық жүрегінде».

Адамзат тарихының қалыптасуы мен кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы үшін әдебиеттің алар орны ерекше. Әрі көне, әрі мәңгі жас тарихтың тағылымдарының талай ұрпаққа рухани азық болары ақиқат. Қай халық болса да өзінің өткенін, қайталанбас тарихын, салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етеді. Оны олардың тарихи ескерткіштері мен мұражайларына қарап көруге болады. Ғасырлардың талай тезінен өткен әрбір мәдени мұра  бағаланып сақталуы қажет. Ал оның орны мұражай екені ақиқат. Сондай ақ тарихи оқиғалар мен арнайы жекелеген адамдарға немесе ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштердің адамзат баласына рухани азық көзі екені айтпаса да түсінікті. Мұражайдың арнайы орынға айналуына оның ондағы экспонаттардың алатын орны ерекше. Ол жәдігердің қорға алыну себептері мен құндылығы, сақталу мерзімінің ұзақтығы да маңызды болмақ. Әрбір мұражай жәдігері – әлеуметтік, тарихи, ғылыми құндылығы еліміздің мәдени мұрасы болып табылады. Себебі, мұражайдың өзі белгілі бір тарихи тұлғаның атымен аталып, бір бағытта жұмыс жасаса да әртүрлі тақырыптарды қамтитын залдары арқылы сан-салалы ілімнің негіздерін біріктіреді.

Мұражайлар қызметінің негізгі бағыттарына: мұражай қорына құнды жәдігерлерді жинақтау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (реставрация), зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, мұражайдың кадрлық жүйесін жетілдіру, мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, тақырыптық дәрістер, танымдық сабақтар өткізу, мұражайлық басылымдар шығару және т.б. сан-салалы қызметтер жатады. Осы бағыттардың бірі – танымдық сабақтар өткізу Абайдың  қорық-мұражайында ілгері дамыған. Мұражайда білім беру процесінің мәні сәл өзгеше: мұражайға келуші енді тәрбие құралы емес, тең дәрежедегі пікірлесуші, яғни аудиториямен әңгімелесу диалог формасына ауысты. Мұражай мен оған келушілердің өзара қарым-қатынасының жаңа әдістеріне байланысты «мәдени-білім беру қызметі» термині пайда болды. Мұндағы «білім беру» ұғымы кең ауқымды, адамның интеллектісі мен ой-өрісін дамыту, оның жан дүниесі мен жеке қасиеттерін, қарым-қатынастарын дамыту. Мәдени-білім беру қызметінің теоретикалық дәне әдістемелік негізі мұражай педагогикасын құрайды; ол мұражайға келушілермен бірге жасалатын жұмыстың жаңа әдістері мен бағдарламасын құрайды, мұражайдағы көпшілікпен жасалатын жұмыстар түрлі формаларда жүргізіледі. Абай қорық-мұражайында осындай жұмыс формалары түрлі бағыттарда жүргізіледі. Олар –экскурсия жүргізу, лекция оқу, әдеби-танымдық кештер, сайыстар, танымдық сабақтар өткізу және т.б.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біздің міндетіміз бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу», - деген пікірі жастарға Абайша білім алу, Абайша ойлау дегенді ұқтырады. Өйткені Абай шығармалары ұлттық өнерді дамытудың жаңа бағыты ретінде қызмет атқарып келеді. Ақын және оның ақын шәкірттерінің шығармаларынан оқушылар үлкен үлгі-өнеге алады. Олар ғылым-білімге, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды жастарға өсиет етті.

Абай жырлағандай:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан! – деп, ел болашағы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, өмірдегі орнын табуға дәнекер болған. Абай өнегесі, Абай тәлімі, Абай ұсынған дидактикалық пайымдаулар – адамдық жолын көрегендікпен нұсқаған даналық ойларды мұражай қонақтарына насихаттау мұражай қызметкерлерінің басты назарында.  

Музей ісінің жан-жақты дамуы үшін бір ғана музей қызметкерлері ғана емес, сол жердің барлық халқы сол музейдің қажеттілігін сезініп рухани байлық көзі ретінде мақтанышпен дәріптеп жүрсе нұр үстіне нұр болары анық. Бүгінгі таңда музей ісінің ғылыми бағытта дамуы, оған тарихи маңызы бар жәдігерлерді көру үшін ғана емес, зерттеу жұмыстарын жүргізіп ел-жер, өлке тарихының көне көздері арқылы сараптама жасай аламын деп келетін ұстаздар, студенттер, оқушылар, зерттеушілер мен ғалымдар көптеп саналады. Өткеніңді білмейінше, бүгінгі күннің  мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес. Олай болса, мұражай ісінің жан-жақты дамуы мен өз өлкеміздегі тарихи және мәдени құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мұражай қызметкерлерінің басты мақсаты болып табылады.

 

 

Алдабергенова Алмагүл Қажымұратқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және

әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының бас қор сақтаушысы,

филология магистрі.

Abai.kz

3 пікір