Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 4413 0 пікір 17 Шілде, 2015 сағат 14:30

АСТАНА МЕН ЖЕЗҚАЗҒАНДА ТЕЛЕФОНДАР ШЫҒАРЫЛАДЫ

Телекоммуникациялар саласында әлемдiк көшбасшы саналатын «Avaya» америкалық компаниясы Қазақстанда өндiрiстер ашуды жоспарлауда, деп хабарлайды «NADLoc» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ баспасөз қызметiне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Қазақстанда телекоммуникациялық саланы дамыту мақсатында «NADLoC», «Avaya» және «ҚазТехЭлектроника» компаниялары арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бұл ынтымақтастық «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы Н.Назарбаевтың экономиканың әлеуеттi салаларында халықаралық стратегиялық серiктестермен бiрге бiрлескен кәсiпорындарды құру жөнiндегi тапсырмасын орындау аясында жасалуда.

Тараптар Қазақстанда телефон стансалары мен телефон құрылғыларының өндiрiсiн ашуды, елде осы саладағы жергiлiктi қамтудың үлесiн арттыруды және жаңа технологияларды енгiзудi көздейдi.

«Бiрiншi кезеңде бiз 30 пайыз жергiлiктi қамтуды қамтамасыз ететiн боламыз. Бiрiншiден, құралдарды жинау үшiн жергiлiктi инженер-бағдарламашылар, техникалық жүйелеушi инженерлер тартылады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өзiмiздiң бiлiктi мамандарымыз дайындалады», - дейдi NADLoC агенттiгiнiң басқарма төрағасы Қайрат Байтүргенев.

Қазiргi уақытта өндiрiстiк база салынатын ыңғайлы орын iздестiрiлуде.

Алматыда әзірлеушілер орталығын құру жоспарлануда. Ал Жезқазғанда өндірістік және құрастыру цехын, тестілік зертхананы, инженерлік бөлім мен әзірлеуші-бағдарламашыларды қамтитын өндірістік база даярлануда. Ал Астанада жабдықтардың сериялық партиясын шығаруды қамтамасыз ететін қажетті алаңдар іздестірілуде. 

«Жоба аясында «Avaya» компаниясының технологиясы негiзiнде арнайы оқу орталығын ашу көзделуде. Онда қазақстандық инженерлер оқытылып, бiлiктiлiктерi жоғарылатылады», - дейдi «Avaya» компаниясының Қазақстандағы және Қырғызстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Серiк Әлиасқаров.

Бүгiнгi таңда мұндай жүйелердiң өндiрiсi Қазақстанда жоқ, дегенмен нарық бiрнеше миллион долларға татиды.

Abai.kz

0 пікір