Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 11730 0 пікір 21 Шілде, 2015 сағат 17:45

ЖҰМАҚТА СӨЙЛЕЙТІН ТІЛ - АРАБ ТІЛІ МЕ?


"Мұхаммед пайғамбар айтыпты-мыс" деген сөздер өте көп. Олардың қайсысының шын, қайсысының өтірік екендігінде біздің шаруамыз жоқ. Бірақ, бірталай жыл бұрын, бір молданың қолынан сондай сөздердің брощюра түріндегі бір жинағын көргенім бар. Сондағы 8-хадис мынадай еді: "Арабтарды үш негізде сүйіңіз. Біріншіден, мен-өзім арабпын. Екіншіден, Құран-Кәрім араб тілінде түсірілген. Үшіншіден, Жұмақта сөйленетін тіл де - араб тілі". Яғни, "Тәңірдің Өзі О Дүниенің мәңгілік Жұмағында тек арабтың қамын ғана жейтін Құдай" екен! Ал, керек болса! Онымен салғастырғанда, бес күндік Бұ Дүниеде Жұмақ (коммунизм) орнатпақшы болған Никитоштың (Н.С. Хрущевтің) "Орыс тілі - коммунизм тілі" деген зымияндығы әншейін бір, қияңқы баланың қыршаңқы сөзі болып қана қалады ғой!.. Еліміздегі қазіргі мұсылман қазақтарымыздың көбісінің намазды тек арабша ғана қирағаттап, шариғаттық барша амалдарды да тек арабша ғана орындауға тым белсенділік танытып жүргендеріне қарағанда, сол жолыңболғырлар аталмыш хадиске имандай ұйыйды деген сөз! Ол ол ма, "талай жыл болды, қошқарымыздың маңдайыннан да, жыланымыздың жұмыртқасынан да, асқабағымыздың қабығынан да, тіпті, қарғаларымыздың қардағы ізінен де нақ араб қаріптерімен жазылған "Алла" деген сөз жаппай көрініс бере бастады"! Мұсылман қазағымыздың дені таза арабша "алла"-лап кетті! Енді қайтсін, "Құдайдың Өзі тек араб жазуымен ғана "Алла" деп белгі беріп отырса"!
Айпырм-ай, сондағы соншама әңгүдіктіктің себебі неде десейші! Неде болушы еді, тәйірі; ол - еліміздегі мұсылмандардың басым бөлігінің кәдімгі ой-өрісінің, исламдық сауатының, жалпы, ғылым-білімінің баяғыда Абай "әннәтәйінә кәркәусәр, пошал дереу, күнәһар, әні-шәні күләптәр" түрінде әжуалай келтірген "Абралы намазынан" еш айырмашылығының жоқтығында.
"Қарғамыздың қардағы ізі" демекші, "сонау бір жылы, Арқадағы бір қарғамыздың "Алла! Алла!" деп, арабша сұңқылдап қоймай қойғаны" және бар! Кезінде, "Алла" деген жазулардың жер-жерден арабша қаптап оқыла бастағандығы" бүкілқазақстандық телеарналарымыздан қалайша дақпыртталынып отырды, "аллашыл" араби қарғамыз да дәл солай ерен "жарнамаланып" еді. Жақында соны мемлекеттік телеарнамыздан қайталап тағы көрсетті! Қырық сан түрлі мұсылмандарымыздың көпшілігі тағы да өлердей таңырқап, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Қалғандары оларға қосылмаса да, іштей құптайтындықтарын үнсіздіктерімен көрсетіп бақты. Сондықтан, біздің осы жазбамызды да қарғап-сілейтіндердің аз болмайтындығына сеніміміз кәміл. Мейлі ғой, кімнің аузына қақпақ болғандаймыз. Оданда, әлгі "аллашыл қарғамызды" түсінуге тырысалық. Жалпы, "түйсіктік Ес иелері" болып табылатын хайуанаттар ішінде, өзіндік "ойлау" қабілеті жағынан да, тірлік етудегі алуан айла-амалдары жағынан да, айналасындағы өзіне ұнамды я қорқынышты дыбыс-дауыстарды "жаттап алудағы таланты" жағынан да, - қарғаның жөні ерекше. Оған қарағанда, тотықұсыңыздың "жатқасоғарлығы" жолда қалады. Көзі ашық адамдар қарғаның кәдімгідей ақылдылығының қилы-қилы зертханалық ғылыми дәлелдерін де жақсы біледі.
Сөз соңында айтпағымыз: "аллалаған" ащы азан түн тыныштығында һәм таң алдында тосыннан шақырылған сайын, мешіт мұнарасынан үркіп ұшып, "алла"-лап кетуге мәжбүр болған шошымалы қарға да - бір, мешітте арабша намаз судыратып, оларынан өздері дым түсінбей, құр "алла"-лайтын мұсылмандарымыз да - бір.

 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596