Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дода 9070 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 10:24

БІЛІМ БӘЙГЕСІ ЖӘНЕ «СЕРПІН-2050» ЖОБАСЫ

Шіліңгір шілденің соңғы онкүндігі, тамылжыған тамыз айының алғашқы жартысында Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарының аламан бәйгесі өтеді. Бәйге екі белестен тұрады: бірі – талапкерлер тарапынан ЖОО орны мен мамандықтарды таңдау, екіншісі – республикалық байқаудың қорытындысы жарияланатын кезең.  Бас-аяғы 20-25 күнге созылатын, талапкерлердің бірінің көңіліне нық сенім мен үміт, екінші біріне күдік мен уайым орнататын күндер.  Ата-аналар да бәйгеге түскен баласының үкілі үмітін қолдап, «тақымын  қысып» отырады. Бәйгенің басталу күні – 2015 жылдың 23 шілдесі.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биылғы 2015-2016 оқу жылына мектеп және колледжді бітіуші талапкерлерге 32 168 білім гранты бөлініп отыр. Оның 75% орта мектепте немесе колледжде қазақ тілінде, ал  25% орыс тілінде білім алғандарға бағытталған. Білім гранттары – мемлекеттің өз азаматтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау түрінің бірі. Олай болса, 32 168 талапкердің бағы жанып, мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі туады.

Сарапшылардың пайымдауынша, мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігіне, яғни грантқа ие болған талапкер отбасына жылына 800 мың мен 1 миллион теңге аралығындағы шығынды үнемдеуге жәрдемдеседі екен. Ата-анасының жәрдеміне жарауды арман етпейтін жасөспірім жоқ шығар, сірә?!  

Білім гранттарының аламан бәйгесіндегі басты ойыншы – талапкер. Мәреге озып жетудің бір тәсілі – болашақта білім алатын оқу орнын және мамандықты дәл таңдау. Талапкердің төрт мамандықты таңдау мүмкіндігі бар. Таңдаған төрт мамандықты бір жоғары оқу орынан немесе төрт жоғары оқу орнынан  төрт  мамандық белгілеуге болады. Осылайша «төрт құбыласын түгендеген» талапкер өз «таңдауын» бәйгеге қосады.  Бұл жердегі қағида: дәл таңдасаң – дөп түсесің, яғни бағың жанады. Мұның мәнісі неде? Біріншіден, мұқияттылық танытып, мамандыққа бөлінген грант санының мөлшерін білу, екіншіден, көптеген мамандықтар тізбегінен жұртшылық аса бір ұмтыла бермейтін, бірақ еліміздің экономикасында өзіндік ерекше орны бар, табысы жаман емес  мамандықты «іліп алу», үшіншісі жоғары оқу орнын дұрыс таңдау.

Қойылған мәселелердің соңғысынан бастайық. Талапкерлердің басым көпшілігі Астана немесе Алматы, Қарағанды сынды үлкен қалалардың ЖОО-ларын таңдайды. Осылайша үлкен қалаларға ұмтылатындардың саны артады. Бұл өз кезегінде байқаудың бәсін арттырып жібереді. Бәс көп тігілген жерде «бәсіреден» бос қалу ықтималдығы жоғары. Оның үстіне бұл  - сонау кеңес дәуірі тұсынан келе жатқан «сапалы білім орталықта орналасқан жоғары оқу орындарында» деген стеротиптің бірі. Қазақстанның Еуроодақтың Боллон үрдісіне енуі «сапалы білім алу» шекарасын кеңейтіп жіберді. Басқаша айтсақ, аймақтағы ЖОО-дан Еуропаның үздік оқу орындарының шетелмен байланысы артып келеді. Соның арқасында шетелдік білікті мамандарды шақыру, сондай-ақ  академиялық икемділік бағдарламасы арқылы шетелге шығып, сапалы білім игеруге болады.

Ал грант санының мөлшерін білу және жұртшылық ескере бермейтін мамандықты таңдау қандай пайда әкеледі? Әдетте, мамандыққа бөлінетін грант саны елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қажеттілігіне, экономиканың өзекті салаларының  сұранысына орай белгіленеді. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанда үдемелі  инновациялық инсдустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі жүргізілуде. Бұл бағдарлама инженер, ауылшарашылығы мен ветеринария, технолог мамандықтарға деген сұранысты арттырып отыр және бағдарлама «инновациялық», яғни мүлдем жаңа мазмұндағы индустрализациялау болғандықтан жалпы қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ ұлтына аса таныс емес, құлаққа тосаңдау естілетін мамандық түрлері бар. Мамандық таңдағанда мұндай тұстарды, әлбетте, ескеру қажет.

Биылғы жылы қазақ тілінде білім алғандарға, әсіресе, еліміздің Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының талапкерлеріне былтырғы жылдан бері қолға алынған «Серпін» бағдарламасы тағы да «жәрдем» қолын созып отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруды көздейтін «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының басты мақсаты  – демографиялық өсімі жоғары оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялды-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жәрдем ету. Жәрдемнің сипаты мынадай: білім гранттарының жалпы байқауына бүкіл республиканың барлық аймағы қатысса, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына, жоғарыда аталған,  бес өңірдің жастары арасында бәсекелестік көрігі қызады. Олай болса, «Серпінге»қатысқан түлектің бәйгеден озып шығып, грант иесі атануына мүмкіндігі мол. Аталмыш бағдарлама, Serpin-2050.kz сайтының көрсетуінше, солтүстік және шығыс аймақтардағы 19 жоғары оқу орындарының 60 мамандығына 5000 (бес мың) грант бөлініп отыр.

  

Бөлінген гранттардың басым көпшілігін экономиканың маңызды салаларына тікелей қатысы бар әрі индустриялы-инновациялық бағдарламаға аса қажет мамандықтарға бағыттау көзделген. Демек, 5000  гранттың педагогикалық мамандықтарға бөлінген 1500 грантынан басқасы, яғни 3500 грант техникалық,  ауылшаруашылығы және ветеринария, өңдеу технологиясы салаларына бағытталған. Қысқасы, «Серпін» - жастардың мемлекет есебінен тегін білім алуға септігін мол тигізетін, мемлекеттік маңызы бар жоба.

Сөз соңында, осы жолдардың авторы ретінде,  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне инженерлік-техникалық, ауылшаруашылығы және оны өңдеу технологиясы, ветеринария мамандықтарына 450 грант бөлінгенін баса айта кеткіміз келеді. Қазақ даласына озық үлгідегі Еуропалық білім үлгісін енгізуге елеулі еңбек сіңіріп, «дала қоңырауы» атанған Ы.Алтынсарин, ұлттың рухани көсемі А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы дүниеге келген қазыналы Қостанай өңірі «Серпін» жобасымен солтүстікке бет бұратын жастарды қабылдауға әзір. Бірақ таңдау тізігіні – құрметті талапкерлер, Сізде!

 

Алмасбек Әбсадықов, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры

Abai.kz

0 пікір