Жұма, 26 Сәуір 2024
Өзгелер 4659 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 10:52

ТҮРКИЯ ИМ- ГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТІ ЖАНДАНДЫРА БАСТАДЫ

Түркияның қауіпсіздік күштері бүгінге дейін болмаған үлкен операциялар бастады. ИМ (Ислам мемлекеті) ұйымына адам тартумен айналысқан адамдарды тұтқындап, ұйымның үгіт насихатын жариялап келе жатқан интернеттегі сайттар мен әлеуметтік желілеріндегі парақшаларын бұғаттауда.

Өткен апта ішінде Түркияның көптеген қаласында радикалдарға қарсы жүзеге асқан операция барысында 21 ИМ мүшесі тұтқындалған болатын. Қауіпсіздік күштері ИМ- нің белгісі болған қара униформалармен бірге үлкен көлемдегі қару жарақтарды қолға түсірген. Сириядан Түркияға өтуге әрекеттенген көптеген ИМ «жиһадшыларын» да шекарада тұтқындағаны мәлімделген.

Cumhuriyet ve Al- Monitor ақпарат агенттігінің тілшісі Семих Идиздің айтуынша бүгінге дейін ресми Анкара  ИМ- ге қарсы жылы қабақ танытып келген. «Оған себеп ИМ- нен Түркияға келетін қауіптен сескенді әрі ИМ ұйымы Асад режимін құлататын күш деп танып келген еді» дейді.

ЕО (Еуропа одағы) елдері бұрыннан бері ресми Анкараны ИМ- ге қарсы ешқандай шара қолданбай отыр деп сынап келеді. Ирак пен Сирияға өз шекарасынан әлемнің түкпір түкпірінен келген  радикал «жиһадшыларды» өткізіп жатыр, түрік жері «жиһадшылардың дәлізі» деп Түркияны қатаң айыптап отыр.

Кадир Хас университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің профессоры Соли Өзел, ИМ- ге қарсы тұтқындау шаралары халықаралық айыптаулардан соң басталғанын айтады. «Түркия үкіметі Сириядағы қақтығыс «діни сипаттағы соғыс» деп танып келген, енді кеш те болса екі- үш аптадан бері Түркия үкіметінің ел ішіндегі ИМ- ге қарсы шара қолдана бастауында үкіметте өзгеріс бары байқалады» дейді.

ИМ- ге қарсы саясаттың қатаңдауы, Ердоғанның ӘДП (Әділет және даму) партиясының парламентте көп орындарын жоғалтуынан  соң басталды. Жақында ғана өткен парламенттік сайлаудан соң партия ішінде көптеген депутат сыртқы саясатқа өзгерістер енгізуді талап еткен. Өткен аптада ғана Түркияның бұрынғы президенті Абдуллаһ Гүл, үкіметтің жүргізіп отырған саясатын сынап, Түркияны оқшаулап келеді деп мәлімдеген болатын.

Cumhuriyet ve Al- Monitor тілшісі Семих Идиз ИМ- ге қарсы саясаттың қатаңдануы- прагматикалық саяси есептердің нәтижесі дегенді алға тартады. Маман «әлем елдері ИМ- ге қарсы қатаң көзқарасты ұстанып отырғанда,  Түркия үкіметінiң «жиһадшылар» мәселесіне назар аудара бастағаны дұрыс» деп отыр.

Дегенмен, Түркия үкіметінің ИМ- ге қарсы күрес бастауына саясаткерлер мен мамандар бір жағынан аладаушылығын білдірді. «ИМ ұйымы бұған дейін Түркияда тыныштық сақтап келген еді, енді биліктің бұл саясатына қарсы жарылыстар мен шабуылдар ұйымдастыруы мүмкін» деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның БАҚ- тарында ИМ ұйымына біздің елімізден барып қосылған «жиһадшылардың» Түркия арқылы барғаны жазылған. Сондай- ақ, Сирия мен Түркия шекараларына таяу маңдарда ИМ- ның арнайы дайындық лагерлері де барын, келген «жиһадшыларды» Сирия шекарасына дейін жеткізіп, көмектесетін жолбасшылардың да бары айтылған.

Мақаланы аударып, әзірлеген Тұрықбайұлы Назар

Abai.kz

0 пікір