Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 15182 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 12:21

ҒАЛЫМДАР: ҚАЗАҚТАР ҒҰНДАР ЖӘНЕ АНДРОНОВТЫҚТАРМЕН ТУЫС

Қазақстандық ғалымдар қазақтар мен жауынгер халық ғұндардың, сонымен қатар көбірек арийлер ретінде таныс андронов мәдениеті өкілдерінің ДНҚ-сын салыстырды.

Болжанғандай үш халықтың арасында жақын туыстық байланыс бар екені анықталды деп жазды «Экспресс К» басылымы. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.

Зерттеуді Shejire DNA жобасының ғылыми жетекшісі Жақсылық Сәбитов жүргізген. Ол 3-4 мың жыл бұрын Қазақстан жерінде өмір сүрген андроновтарда қазақтардың табын руында жиі кездесетін гендер тобы барын анықтаған.

Батыс мәдениетінде андронов өкілдерін арийлер деп атау қабылданған. Нақ солар аңызға айналған Арқайым қаласын тұрғызып, алғаш рет екі аяқты күймені ойлап тапқан. Олардан қалған мәдениет іздері Сібірден бастап Үндістанға дейінгі аумақта кездеседі.

Ғұндар қазақтардың керей, уақ, сіргелі сынды руларына туыс болып шыққан. Жақсылық Сәбитов Қытайдың солтүстік аймағындағы Егінкөл, Дүрлік, Нарс, Баркөл сынды қорымдардағы жауынгерлердің ДНҚ-сын зерттегеннен кейін осындай шешімге келген.

Ғұндар күш-қуаты мықты тайпа болған. Жауынгер ғұндардан қорғану үшін Қытай императоры Ци Ши Хуанди ұлы Қытай қорғанын тұрғызған.

Қазақ елі биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауды қолға алды. Советтік кезеңде қазақ тарихы Қазақ АКСР-інің құрылуынан басталады делініп келді. Ал тәуелсіздік алған соң қазақ тарихын Алтын орда ыдыраған соң орнына келген Ақ орда(Көшпелі Өзбектер мемлекеті) мемлекетінен бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығынан басталады деп жаздық.

Қазақ мемлекетінің атауына негіз болған қазақ сөзі XIII-XIV ғасырларда пайда болғанымен, қазақ ұлтын құрайтын ру-тайпалардың тамыры тереңде жатыр. Атап айтқанда, Үйсін мемлекеті Б.д.д. III ғасырда, Қаңлы мемлекеті - Қытай жазба деректерінде канцзюй деген атпен, б.з.д. II ғ. Өмір сүргені айтылады. Қазақты құраушы көптеген рулар ерте орта ғасырдағы Түрік қағанатының тайпалары болған. IX-XII ғасырларда мемлекет ретінде өмір сүрген Керей, Найман, Жалайыр хандықтары монғол шапқыншылығына дейін өмір сүрді. Осы уақыттарда қазіргі Қазақстанның тұтас территориясы Дешті Қыпшақ деп аталды.

Естеріңізге салатын болсақ, былтыр көрші Ресей президенті Путин «Қазақтарда бұрын мемлекет болмады, оны қазақтардың қазіргі президенті құрды» деп айтса, ЛДПР партиясынан мемлекеттік думадағы депутат Жириновский «Жоңғарлардың бетін біз қайтарып, қазақтарға хандық құрып бердік» деді.  Ал, былтырғы қыркүйекте Ресейдің Владимир Хандрусай   деген этносаясаттанушысы «Путин тарихшылардың ойын дұрыс жеткізді, қазақтарда (КСРО-ға дейін) мемлекеттілік болмаған. Қазақ ұлтшылдары "бізде Ұлы Қазақ хандығы, державасы болған. Олар әлемдегі ірі мемлекеттермен сауда-саттық жасады, бәрі бабаларымыздан қорыққан" деп алдап келеді. Мұны дәлелдеу үшін олар оқулықтар, көркем шығармалар арқылы Қазақ хандығының болғанын жазуда. Бірақ бұл жалған. Бұқар, Қоқан, Хиуа, Жоңғар, Қазан, Қырым, Сібір, Ноғай секілді хандықтар болды, мұны айғақтайтын құжаттар, бұлтартпас деректер бар. Тіпті орыс-казактарының жаулаушы екенін айғақтайтын мәліметтер жетерлік. Ал Қазақ хандығы жайлы бір жолдық жазба жоқ. Оның болғаны жөнінде құжат та жоқ.» деп қазақ тарихына топырақ шашты.

Шығыстағы көршіміз қытай өз тарихын 5000 жылдан астам деп жазып жүр. Егер қазақ ғалымдары қазақтардың ғұндардың тікелей ұрпақтары екенін дәлелдей алар болса, қазақ тарихын 3000 жылдан астам деп жаза алған болар едік.

 

Abai.kz

0 пікір