Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
46 - сөз 4577 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 17:39

ТЕМІРХАН НЕГЕ КЕТТІ?

Ай мен күннiң аманында депутаттық мандатты өткiзе салу – Қазақстан тарихында өте сирек болатын құбылыс. Өйткенi парламентте шалқайып отыруға да әжеп­тәуiр “күш” керек. “Күшi” барлар мандатты өткiзуi мүмкiн, бiрақ жоғары билiк­тен мәнсап алады. Бұл – қа­лыпты жағдай. Ал Темiрхан Досмұхам­бетовтiң өз еркi­мен Мәжiлiстен кетуiн осы “қалып­қа” сыйдыруға бола ма?

Өздерiңiзге белгiлi, өткен аптада Мәжiлiс депутаты Темiрхан Досмұхамбетов өз қалауымен отставкаға кеттi. Оның өтiнiшi Мәжiлiс отырысында қабыл алынып, депутаттық өкiлеттiлiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылды.
Ендi “неге кеттi?” дейтiн сауалдың салмағын арттыратын бiр­қатар жайттарды тiзiп көрейiк. Оның ең бастысы, Т.Досмұхамбетов анау-мынау депутаттардың қатарынан емес. Қызметтiк жолына үңiлсеңiз, департаментке директор, комитетке төраға сынды майда-шүйде жұмыстарын есепке алмағанда, Астананы басқарды. Спорт және туризм министрлiгiнiң тiзгiнiн ұстады. Алайда экс-депутатты елден ерекшелеп тұратын артықшылығының жөнi мүлдем бас­қа. Бiлетiндер оны “Ақордаға емiн-еркiн кiрiп-шығатын санаулы серкелердiң санатынан” деседi.
Ендеше мұндай адамның мандаттан бас тартуын қандай себеппен түсiндiруге болады? Әрiптес­терiнiң алдында айтқан сөзiне қарағанда, ол “бизнеске бет бұрғысы” келген. Әйтсе де мұны себептен гөрi “сылтаудың” жөнiне жат­қызатындар жетiп-артылады. Әр-әр жерден жылт етiп көрiнген ақпараттарға ден қойсақ, Т.Дос­мұхамбетовтiң отбасы онсыз да бизнестiң белортасында жүрсе керек. “Темiрханды бiз жақсы бiлемiз” дейтiндер оның туыс-туғаны құрылыс, туризм және ауыл шаруашылығы саласында бизнес жасап жүргенiн айтады.
Сонда не? Темiрханның аяқасты кетiсiн ЭКСПО-мен байланыстыратындар әлдененiң иiсiн сезетiн тәрiздi. Өйткенi бұл нұсқаның медальдiң екi бет сияқты қос қыры бар. Алғашқы қырына зер салсақ, жоғарыдағы “қалып” ойға оралады. Яғни, Т.Досмұхамбетов Мәжiлiс­тен кеткенiмен, тәп-тәуiр мәнсапқа ие болуы мүмкiн. Бiреулер оны Алматыға әкелiп, Есiмовтiң орнына “қойғысы” келiп жүр. Рас, “Есiмов кетедi екен” деген әңгiменiң шыққанына аз уақыт болған жоқ. Бiрақ президенттiң Алматы сынды алып шаһардың тiзгiнiн Темiрханға ұстатуы бiртүрлi сенiмсiздеу көрiнедi. Ендi бiреулер бұрын Астананы басқарғанын ескерiп, “баяғы креслосына қайтады-ау” деп долбар жасайды. “Бәл­кiм, Жақсыбековтiң “жұмы­сын же­ңiлдетiп”, ЭКСПО-ға басшылық жасар” дейтiндер де табылып жатыр.
Мұндай пiкiрлердiң бәрiне ортақ бiр мәселе бар. Егер Мә­жiлiстi “талақ” еткен экс-депутат билiкке келсе, онда бағының жанғаны. Ал олай болмаса ше? Мұның сырын медальдiң келесi бетiнен iздеймiз.
Естерiңiзде болса, iлгерiде Т.Досмұхамбетов пен Т. Ермегияев қоян-қолтық жұмыс iстедi. Спорт және туризм министрлiгiнде бiрi – бастық, екiншiсi – орынбасар болды. “Екеуiнiң достығы темiрдей едi” дейтiндер ендi келiп, Т.Ер­мегияевтiң қамалуы мен Дос­мұхамбетовтiң “босауы” арасынан “әлдене” iздеп әлек. Әрине, Мә­жiлiсте отырған депутаттың ЭКСПО құрылысына тiкелей қатысы жоқ. Бiрақ бизнес деген бәлекет кiмдi кiммен жұғыстырмайды? Әсiресе жемқорлықтың жегiқұрты жүйке-жүйесiне дейiн енiп кеткен Қазақстанның бүгiнгi жағдайында. Мiне, осылай ойлайтындар Досмұхам­бетовтiң кетiсiн “досының” iсiмен байланыстыруға құмар.
Және бiр нұсқа бар. Бұл – Бiлiм саласын былыққа әбден батырып, саяси әлемнен iзiм-ғайым жоғал­ған Бақытжан Жұмағұловтың жолы. Оның қайда екенiн қазiр ешкiм бiлмейдi. Құдды Жұмағұлов дейтiн шенеунiк Қазақстанда болмаған сияқты.
Ендi бұл долбарлардың қайсысы Досмұхамбетовтiң Мәжiлiстен кету себебiн айқындап бере алады? Әзiрге ешқайсысы. Өйткенi долбар алдын ала жасалады. Ал оның дұрыс жерi мен қиыс жерiн уақыт көрсетедi. 
 
Сансызбай НҰРБАБА

ЖАС АЛАШ газеті.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2197
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1683