Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қырдағы әңгіме 5014 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 13:52

САНДРОША ҺӘМ ТОҚАЛ ХИКАЯСЫ

Меңдуананың екі танауы желп-желп етіп, көздері шадырайып кетті. Аламан бәйгеге түсетін сымбыл сәйгүліктің танауындай кеп-кең танауын қойшы, ал енді шадырайған көздерінен адам шошиды… адам шошиды. Тап қазір ғана бір қора жаудың бетін қайтарып тастап, айналасындағы адам біткенді… адам баласына санамай кететін кейбір әңгүдіктер болушы еді, қазіргі сықпыты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі емес, сондай әңгүдіктерге көбірек ұқсап кетіпті. Әншейінде біртоға жуастау болып көрінетін жігіттің аяқ астынан «жынды боп» қалғаны оны талайдан бері танитын, оның ішкі-сыртқы қан-жынын жақсы білетін біздер үшін аспанннан аяғы салбырап, басқа планетаның адамы келіп қалғандай жаман әсер етті… жаман әсер етті.

«Оу, не боп қалды, Мәке, не боп қалды? — дейміз ғой бесқабатты панель үйдің ауласында жұмыс жоқ, түк жоқ – еріккеннен бес-алты қазақ ойнап отырған карта-партамызды асфальт тротуарға тастай салып, — тыныштық па, түрің тіпті түтігіп кетіпті ғой, тағы да «подсолнечный масло» ішіп алғансың ба?» «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» дегендей, түтігіп келген Меңдуанаға алғашқыда шоши қарасақ та, секунд өтпей жатып еріккен қазақтар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін қытыр-қытыр қажай бастадық.

Айтпақшы, «подсолнечное масло» демекші, қайбір күндері осы біз отырған үйге жақын маңдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін МЕҢДУАНА (о тоба, бір грамм өтірігі жоқ, әке-шешесінің азан шақырып қойған шын аты осы, қазекең де қоя береді-ау) подьезден атып шықпай ма – алақ-жұлақ етіп. Сүріне-қабына тротуардың шетіне жете бере лақ еткізіп құсып жіберіпті. Содан құсып жатыр, құсып жатыр дейді байғұс өлердей болып… көргендердің айтуларына қарағанда. Сөйтсе – түнімен тойда болып, «ақаңнан» артықтау сілтеп жіберген Мәкең таңертең «бас жазам» деп жүз граммды тартып жіберген де, оның артынан еделдете-жеделдете бір стакан күнбағыс майын сылқ еткізбей ме – өңешіне. Естіген ғой біреулерден, «подсолнечное маслодан» тартып алсаң, арақтың иісі вообще білінбейді» дегенді. Сөйтіп өліп қала жаздаған болатын, қазір де соны есіне түсіріп, далбасалап әзілдеген болып жатырмыз.

«Неменеге күлесіңдер-ей! – деді ол тағы да шақ-шақ етіп шадырая қарап. Бұрын қалай байқамағанбыз, көздері шадырайып кетсе, жүдә қорқынышты болып кетеді екен түрі. – Неменеге күлесіңдер? Осы жаңа ғана Сандрошам… Сандрошам өліп қала жаздады ғой! Өліп қала жаздады! Балконнан секіріп кете жаздады. Өздерің ойлаңдаршы – он бірінші этаждан секіріп кетсе, несі қалады оның, а, несі қалады?!»

Үрпиісіп қалдық. Шынымен шошып, үрпиісіп қалдық мынаны естігенде. Алты жылдан бері әлеуметтік жәрдемақымен ғана күн көріп келе жатқан Артанай деген қоңыр қазақ жалма-жан қалтасынан өмірі тастамайтын тарағын суырып алып, тап-тақыр басын тарап жатыр – сасқанынан ұмытып кеткен сияқты, кеше ғана шашын тақырлатып алдырып тастағанын. Шашы жоқ басын тарап жатыр… онысын өзі сезбейтін де сияқты. «Сандроша… Сандрошаға не болды?» — дейді көздері жыпылықтап.

Қысқасы, Меңдуананың үйінде мынандай мәселе қаралыпты – әлгінде ғана. Ыңғай бесқабатты үйлердің арасында… қаптаған үйректердің арасында жалғыз қалып қойған түйеқұс құсап, бесқабатты үйлердің арасынан ерекше сорайып көрініп тұратын жалғыз үй бар осы маңайда – он бір қабатты. Осы үйдің он бірінші қабатында тұратын Меңдуана жұмыстан үйіне келіп — әйелі, биыл мектеп бітірейін деп отырған… бүкіл аулаға белгілі тентек қызы Сандра (американдық атақты актриса Сандра Баллоктың құрметіне қойған, естуімізше) үшеуі шәй ішіп отырмай ма?! Шәй арасында Мәкең кейінгі кездері көбейіп кеткен ТОҚАЛ мәселесін әңгіме қылып… отырып-отырып… бір кезде бас-аяғы жоқ: «Осы мен тоқал алсам қалай болады, а?» депті әйеліне.

Бәріміз жақсы білеміз – Мәкеңнің әйелі «жер қозғалса, қозғала қоймайтын» өте сабырлы кісі, мынаны естігенде де мыңқ демепті. «Тоқалдың мәселесін менімен емес, балаларыңмен ақылдассайшы» депті. Сөйткенше болмапты, «сен тоқал алғанша, мен балконнан секіріп өлем… секіріп өлееееммм!» деп жар дегендегі жалғыз Сандрасы балконға қарай тұра жүгіріпті. Қызының тентек мінезін жақсы білетін Меңдуананың әйелі қас қақпай қарап отырған екен, іле қызының артынан жүгіріп жетіп, әйтеуір абырой болғанда балконның жақтау ағашына аяғын салып жатқан қызын әупіріммен ішке қарай тартып алыпты — әрең-пәрең дегенде.

«Ойбай-ау, тоқалда нең бар сенің, есің дұрыс па – жар дегендегі жалғыз Сандрошамыздан айырылып қала жаздадық қой!» — деп… біз тұратын «кедейлер кварталында» төбелескіштігімен аты шыққан жалғыз ұлына Сандраны алып бермек болып жүрген Артанай тызалақтап кетті. Әйтеуір қойшы, еліміздің әр жер, әр жерінде айтылып қалып жүрген тоқал мәселесі осылайша біздің ауламызға да жетіп, бүкіл аула жақсы көретін САНДРА деген болашақ Ұлы актрисамызды о дүниеге алып кете жаздаған.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесі екінің бірін алаңдататын болды қазір. Екінің бірі асылып өле салатын болды қазір. Екінің бірі балконнан секіріп кететін болды қазір. Тиісті мамандар тиісінше қорытынды шығарғанша біздің еліміз суицидтің орын алуы мәселесі жағынан дүниежүзі бойынша бірінші орынға шығатын шығар – қазір үшінші орында тұр, ресми мәліметтерге қарағанда. Ал енді тоқал мәселесіне келетін болсақ, рас, дәл осы мәселе соңғы кездері еліміздің үкіметі деңгейінде де, парламенті деңгейінде де екі күннің бірінде «бірінші нөмірлі» мәселе ретінде әлсін-әлсін көтеріліп қалып жүр. Бос әңгіме барлығы да, ашығын айту керек. Әрі-беріден кейін тіпті әлеуметтік желілерде «осы мәселені қайта-қайта даурықтырып, елдің назарын аудара бергенше, тоқал алғыштар алатын тоқалын неге тып-тыныш қана ала бермейді, өйткені екі әйелі бар адамдар осы күні тіпті де аз емес қой!» деген де пікірталастар жүріп жатыр. Шынында да осы екінші әйел мәселесін заңдастыру, жасыратыны жоқ, бүгін-ертең жүзеге аса қоятын дүние емес, өйткені біздің Ата заңымызда атап тұрып көрсетілген – біздің еліміздің демократиялық, зайырлы қоғам болуға бет алатыны… беттеп бара жатқаны. Сондықтан қазекеңнің «оң жамбасына онша келе бермейтін» әлемдік демократия шарттарын бұзбай, заңымыздағы бір әйел алу тәртібін өзгертудің түкке де қажеті жоқ.

Ал енді екі әйел алғысы келіп, денсаулығы мен байлығы «миына маза» бермей жүрген кейбіреулер мәселені дау-дамай қылмай, мәдениетті түрде шешіп жіберсе болмай ма? Болады әрине, әлбетте болады. Ың-шыңсыз… «құда да тыныш, құдағи да тыныш» деген «сабырлы саясатты» басты қағидасына айналдырып алып, екі әйелмен өмір сүріп жатқандар тіпті де аз емес елімізде. Бұл жерде біз әлбетте, кішкентай ғана Чешен Республикасының мықтылығын мойындауымыз керек. Кеше ғана емес пе – осы елдің басшысы Рамзан ҚАДЫРОВтың қолдауымен 47 жастағы Нажуд ГУЧИГОВ деген азаматтың 17 жастағы үлбіреп тұрған жап-жас қызға үйленіп алғаны. Бұл Гучигов дегеніміздің өзі анау-мынау емес, құқық саласының қызметкері. Бақандай полковник. Ножай-Юртовск аудандық ішкі істер басқармасының бастығы. Чешендер әлбетте, «қолымыздан келді, қонышымыздан бастық, ал енді не істейсің бізге?» дегендей қабақ танытты – Путиннің Ресейіне, өйткені Ресей Федерациясында екі немесе одан да көп әйел алу мәселесіне заң бойынша тиым салынған. Он жеті жастағы қызды екінші әйелдікке ұзатып (ресми мәліметтерге қарағанда, қыздың келісімі бойынша әлбетте), Гучиговты «гүлдендіріп» жіберген президент Қадыровқа президент Путин «мәу» деген жоқ, не болса да ішінде жатыр. Бұл мәселе бойынша тек Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий ПЕСКОВ қана «әу» деді: «Мен бір нәрсені ғана ашық айта аламын: көп әйел алу мәселесіне Ресей Федерациясында заң бойынша тиым салынған…» — деді ол.

Есімізге ала кететін болсақ, Ресей Федерациясының құрамындағы Чешен Республикасының президенті әкімшілігінің жетекшісі Магомед ДАУДОВ қана емес, сонымен бірге Башкирия Мемлекеттік жиналысының (Госсобрание) депутаты Эдвард МУРЗИН мырза да екі әйел алуды заңдастыру мәселесін әлсін-әлсін көтеріп жүр. Бір қызығы – «қазақтардың қарғысына» жиі-жиі ұшырап тұрғанды қатты жақсы көретін ресейлік ЛДПР партиясының лидері Владимир ЖИРИНОВСКИЙ де кейінгі кездері екі әйел алуды заңдастыруды қатты-қатты қолдап жүр. Ал ТОҚАЛ турасындағы біздің әңгімеміз… ашығын айтайық, асхананың маңайы мен әлеуметтік желінің ішінен шыға алмай-ақ қойды. Ұят нәрсе!

Сондықтан, менің ойымша, тоқал мәселесін «тоңқылдатып» дүрсін-дүрсін көтере бергенше, бұл әңгімеге мүлде нүкте қою керек. Жағдайы жақсы қазақтар «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» — екі әйелмен-ақ тұрып жатыр ғой?! Тұрып жатыр. Олардың кімдер екенін мен де жақсы білем, СІЗ де жақсы білесіз, құрметті оқырман. Тәмам осымен тоқал мәселесі. Мен үшін.

 

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір