Бейсенбі, 1 Желтоқсан 2022
Жаңалықтар 5024 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 14:50

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ II ҚҰРЫЛТАЙЫ ТІЛ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ыстамбұлда 17-20 шілде күндері өткен Түркия қазақтарының екінші құрылтайындағы басты тақырып қазақ жастарының тіл мәселесі болды. Құрылтайға қатысушылар Түркия қазақ жастарының ана тілін білмей өсіп келе жатқанына қатты алаңдайтындықтарын атап өтті. Бұған басқа елдерден келген өкілдер де үн қосты. Лондон мен Үрімжі, Парижде де өскелең ұрпақтың ана тілін жеткілікті білмей отырғаны айтылды. Сондықтан бұл мәселенің тек Түркиядағы қазақ жастарының ғана емес, шетел қазақтарының мәселесі екені, сондай-ақ бұған атажұрт Қазақстан мен шетел қазақтары болып тізе қоса отырып шара қарастыру керектігі баса көрсетілді. 

Ыстамбұлдағы Түркия қазақтары қоры ұйымдастырған құрылтайға Қазақстан, Қытай, Түркия мен Еуропаның қазақтары келіп атсалысты. Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Түркиядағы жеті қазақ қоғамы мен Еуропадағы 12 қазақ қоғамының басшылары да ресми түрде шақырылған.

Еуропа және Түркия қазақтары құрылтайының ең негізгі шараларының бірі – футбол турнирі. Өйткені шетелдегі қазақ жастарының футболға деген қызығушылығы ерекше. Футбол арқылы құрылтай жұмысына жастарды көптеп тартуға болады. Биылғы футбол додасы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Қабанбай батыр атында өтті. бұдан бұрын Түркиядағы құрылтайларда жыл сайын додаға бір қазақ батырының атын беру жөнінде шешім қабылданған болатын. Мәселен, өткен жылғы құрылтайда аладоп аламаны 300 жылдығы тойланған Ер Жәнібек батырдың атында өткен болатын. Осы арқылы жастардың ұлттық тарих туралы сана сезімдерін күшейту, өзінің батырларын, солар арқылы ел басқарған ұлыларын, билерін, ақын-жырауларын таныту көзделіп отыр.

Құрылтай Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқумен басталды. Биыл Қабанбай батыр атындағы додаға жастардың қызығушылығы ерекше болды. Өткен жылғы Ер Жәнібек жүлдесіне таласу үшін 8 команда қатысса, биылғы аламанға Ыстамбұлдан және Түркияның қазақтар тұратын басқа қалаларынан 12 футбол командасы қатысты. Жеңімпазды анықтау үшін әдетте екі күн болатын турнирді үш күнге созуға тура келді. Жарыс нәтижесі бойынша Ыстамбұлдың Зәйтінбұрын қазақ жастары жеңімпаз атанды.

Құрылтайдың турнирден кейінгі соңғы күні алқалы басқосуларға жалғасты. 1952 жылы 13 наурыз күні қаулы қабылдап қазақтарды алғаш рет Түркия қабылдаған экс-Премьер Аднан Мендерес пен 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелісіздігін әлемде бірінші болып мойындаған Түркия Президенті Тұрғыт Өзалға қазақ халқынын алғыс сезімін білдіру үшін олардың кесенелеріне барып құран оқылды. Бұл рәсімнің жалғасы ретінде Түркия қазақтары қорында қазақ халқының ел билеген тарихи тұлғалары, батырлары мен Түркия қазақтарының көш жетекшілері үшін құран хатым оқылып, ас берілді.

Түстен кейін «Түркия қазақтарының өткені, бүгіні мен болашағы және атамекен Қазақстанмен байланыстары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел жиналысы болды. Оған қазақ қоғамының басшылары, ақсақалдар, зиялы қауым, іскер азаматтар және басқа да мамандық иелері қатысты. Бұл жерде сөз сөйлегендер тіл мәселесіне баса назар аударды. Ана тілімізден айырылсақ ұлтымыз да жойылады деген ақсақалдар жастардың ана тілін жетік меңгерулеріне жағдай жасаудың көкейтестілігін баса айтты. Тек Түркия қазақтарының емес, дүниежүзі қазақтарының ортақ проблемасы болған бұл мәселені шешуде Қазақстан мемлекетінің қолдау көрсетуінің маңызды екендігі тілге тиек етілді. Әсіресе, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шетел қазақтарының өкілдерімен бірігіп әр ел үшін жеке-жеке және тиімді кешенді жобалар жасауы қажет. Тіл өз ортасында дамиды. Сол үшін шетелдегі қазақ жастарын көбірек Қазақстанға шақырып құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасын нығайту қажет. Маусым айында қарағандылық кәсіпкер Ерлан Әшімнің Париждегі 20 қазақ азаматын бүкіл шығындарын көтеріп Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларына қыдыртуы мен футбол турнирін ұйымдстыруы ерекше атап өтіліп, жомарт жігітке үлкен алғыс айтылды.

Екінші маңызды мәселе ретінде ұлттық тарих туралы жастардың білімінің жоқтығы баса көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылды «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ретінде жариялауы өте маңызды болған. Бұл тек атамекен қазақтарына ғана емес, шетел қазақтарына да ой салды, Қазақ хандығы туралы ізденіске жетеледі. Түркия қазақтары арасында Қазақ хандығы қашан құрылды? Тәуке Ханның жеті жарғысы, Абылай ханның үш жүздің басын қалай қосқаны, Кенесары хан туралы Қазақстаннан келген ғалымдармен жиналыс та өткізілді. Дастарқан басындағы әңгімелер мен ғаламтор арқылы әлеуметтік желілерде талас-тартыстар да жүрді. Тіпті биылғы Құрылтайда «Қабанбай батыр» атының берілуінің де басты себебі осы еді. Құрылтай жиналысында шетел қазақ жастарының Қазақ хандығы туралы білімін толықтыру үшін түсінікті және қарапайым тілмен саланың мамандарына арнайы бір кітап шығару керектігі айтылды. Содан соң бұл кітапты олар тұратын елдердің тіліне, атап айтқанда, түрік, неміс, француз, ағылшын тілдеріне аударылып электрондық кітап түрінде ғаламторда таратылса игі болар еді. Сонымен қатар бұл түрік, неміс, француз, ағылшын сынды әлем халықтарының да Қазақ хандығы туралы мәліметтермен танысуына мүмкіндік берер еді. Жиын барысында басқа да мәселелер талқылана келе Түркия қазақтары құрылтайының Еуропа қазақтары үшін де маңызды болғаны көрсетіліп, құрылтайды жыл сайын ауқымын кеңейте отырып жалғастыру керектігі айтылды.

20 шілде күні кеште құрылтайдың соңғы іш-шарасы ретінде өткізілген гала концерттің ашылу салтанатында Түркия қазақтары қорының төрағасы Фазыл Топлы, Қазақстан Ыстамбұл консулы Ғалымжан Ерімбетов және құрылтайға қатысып отырған қазақ қоғамдарының басшылары сөз сөйледі. Қазақстандық журналист Жазира Амантай мен анкаралық өнерпаз Мейіржан Жұмамұратов түрік және қазақ тілдерінде жүргізген Гала концертте Қазақстаннан арнайы келген және Түркиялық әншілер ұлттық музыканың түрлі үлгілерін шеберлікпен орындады. Астана филармониясы халық аспаптар оркестрінің дирижері, домбырашы Нұрлан Бекеновтың төгілтіп шерткен күйлері, айтыскер ақындар Бекарыс Нұриман пен Сырым Әуесханның әзіл-қалжың аралас айтысы, астаналық әнші Нұргүл Әлқожаның орындаған дәстүрлі әндері, Швецариядан келген этникалық музыка зерттеуші Саадет Түркөздің «Елім-ай» әні, түркиялық әншілер Элмира Шендұран, Бешір Ахмет Көсе мен Ержан Тұнжер, күйші Седат Солақоғлының өнері халықтың ықыласына бөленді. Ыстамбұлдағы Қазақ мәдениет қорының ұстазы Седат Солақоғлұ басшылығындағы домбыра үйірмесінің екі шәкірті Таха Малкоч пен Касым Қантемірдің орындаған күйлері жастардың келешегін ойландырды. Осыдан кейін осы үйірмені үздік аяқтаған 20 балаға сертификаттар табысталды.
Түркиялық ақын Ибраһим Ақсел жазған Мейіржан Жұмамұратов сахнада оқыған «Бір қарияның аузынан Түркия қазақтарының көші» атты 1937 жылы Шығыс Түркістаннан қозғалған қазақтардың Тибет пен Гималайдан ат-түйемен асып Үндістан шекарасына жетуі, ол жердегі өткен 12 жылдақ қыйыншылықтар, ақырында Аднан Мендерес басқарған үкіметтің осы қазақтарды Түркияға қабылдауына дейін баяндаған поема-дастан залда отырған халықтың көз алдында бүкіл Түркия қазақтарының тауқыметті көш тарихын елестетіп, жанарларына жас үйірілтті.

Гала концертте Түркия қазақтарының мақтанышы, таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің Ыстамбұлдағы шәкірттері Жамал Қабадайы мен Іляс Кәрімнің баулыған жастары ойын көрсетті. Ойынның соңында бір шебер жүгіріп келіп үш метр биіктегі екі плакатты аяғымен теуіп қиратқан уақытта бір жағынан әуеге конфеттер шашу болып шашылса, екінші жағында үстінде жазуы бар екі таспа салбырап жерге түсті. Бірінде «Өзара достығымыз бен туыстығымыз мәңгі болсын», екіншісінде «Ұстаздардың ұстазы Мұстафа Өзтүрік жүрегімізде» деген жазулары бар екі лентаны көрген көрермендер еріксіз орындарынан тұрып қол шапалақтады.

Гала концерттің соңында Ертұғрыл Ербаш ұйымдастырып, басқарған Қабанбай батыр атындағы турнирдің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Түркия қазақтарында футбол әу бастан сүйікті спорт болған. Осы орайда 1958 жылы іргесі қаланған Түркия қазақтарының тұңғыш футбол командасы жайлы тарих ғылымының докторы, профессор Әбдіуақап Қара дайындаған «Түркістанспорт» атты 7 минуттық деректі филмь көрсетілді. Осы филмнен кейін Түркістанспортқа кезінде еңбегі сіңген ардагер азаматтар шақырылып алғыс плакаттары табыс етілді. Осылайша Түркия қазақтарының Ыстамбұлдағы екінші құрылтайы табысбен аяқталды. Құрылтай қатысушылары «биылғы жиын өткен жылдағыдан ерекше және жемісті, жоғары деңгейде өтті» деп құрылтайды ұйымдастырған азаматтарға алғыс сезімдерін білдіріп тарқасып жатты.

Әбдіуақап ҚАРА 
Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 307
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 224
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 319