Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7681 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 18:07

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ. "АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ КҮНДЕРІ"

Соңғы айларда дүние асты-үстіне шығып, мидай былығып кетті. Бастан кешіріп жатқаны реалды өмір ме, әлде көрген түс пе, ажыратудың өзі қиын. Әлде бұл осынау пәнимен параллель, қатар өтіп жатқан басқа бір уақыт иіріміне түсіп кетті ме? Бәлкім, бұл әлдеқашан өліп, мына көріп жүргені – тозақтың қинауы шығар? Еш нәрсе айқын емес. Ойлай-ойлай  сана да сарқылған. Үміт үзілген. Бастабында ғайыптан бір ғаламат күш келіп, құтқаратындай көрінуші еді, өлеусіреп барып ол да өшіп тынды.

Ақын өр еді, тәкаппар еді. Көрген адамның көзі тояр сымбатты еді. Қазір содан жұрнақ та қалған жоқ. Қыры сынып болған. Абақтының алғашқы күндері осындай қыр сындыруға, тұтқынды кісілік қалыптан айыруға жұмсалады екен. Адам еркіндікте жүргенде ешкімге кеудесін бастырмайтын, қорлауға көнбейтін, бір асау намыс болады ғой. Бұлар ең алдымен сол намысты алып тастайды екен. Бұл қазір диірменге түсіп шыққан дән сияқты. Илеуге көне беретін ұн ба, талқан ба, бірдеңе.

Мұнда келгелі айнаға кім қарап көріпті. Бірақ бір кезде арулардың көз құрты болған, әйел тұр ғой, ерлердің өзі сұқтана қарайтын сұлу жүз, нұрлы келбет көзден ғайып болғанын іш сезеді. Бет-аузы көлкілдеген ісік, бар денесі байы сабаған қатындай көп-көкала. От ұшқындап тұратын мойылдай қос жанардың орнында жыртиған бірдеңе тұр. Көзіне зақым келді-ау деймін, сонау бір соққыдан кейін сорасы тиылмай, бұлдырай береді. Жендеттердің жұдырығы ат тепкендей. Бұл қазір қасқа тістен жұрдай. Ақынды өзге жұрттан ерекшелеп тұратын тағы бір жері – қиылған қара мұрты еді. Жендеттердің көзіне сүйел боп қадалды ма екен, соңғы сұрақ кезінде оң жақ шалғысын уыстап, қанталата жұлып алды. Ауыр азапқа жан шыдағанмен, тән шыдамайды екен. Бұл күнде бір ғана тілек бар: «ұрмаса екен, жанымды енді қинамаса екен» дейді. Тергеушілерді көргенде, тағы қай жерімнен періп қалар екен деп, өзінен-өзі бұғып, кішірейіп кетеді.

Тіршіліктен күдер үзіп қойғалы қашан. Ендігі жерде жарық дүниені көремін-ау деп дәметпейді. Мына түрімен өмірге оралғанда не бітірмек? Тірі аруақтай боп, ел көзіне қалай көрінбек? Мына тірлікте бұл қимайтындай не қалды? Ақынның ендігі аңсап күткені – ажал ғана. Адамды ауыр азаптан ақ өлім ғана құтқармақ. Бұрын өлімнен өлердей қорқушы еді. Онысы ағаттық екен. Өлім жұрт ойлағандай құбыжық емес, құтқарушы екен ғой. Мынадай лас дүниеден сені арулап алып кететін, шыбын жаныңа рахат-тыным беретін сондай бір ақтық пананың болғаны қандай жақсы! Мағжан қалай тауып айтқан:

«Мені де өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!» –

деген жолдар қазір мұны бесік жырындай тербетеді. Ит тірлікте кімнің қадірін кім білген, қайран Мәкең данышпан екен ғой. Өзі айтқандай, «Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар». Айтпақшы, сол Мағжан да қайта ұсталған сияқты. Оның бостандыққа шыққанына жыл толды ма, толмады ма? Бір мәрте жазасын өтеп қайтқан ақынды қайта қамағаны несі екен? Секем алғаны, соңғы сұрақтардың бірінде Мағжанның аты шығып қалды. Ол да, сірә, «Жапонияның шпионы» болса керек.

– Жұмабаевты былтыр Алматыға келгенде үйіңе шақырып қонақ етіпсің. Екеуің сонда не жайлы сөйлестіңдер? Бір-бірлеріңе қандай тапсырма бердіңдер? – дейді... Күлесің бе, жылайсың ба? 

– Қазаққа ондай берекені кім берсін? Мағжан екеуіміз өмір бойы ит пен мысықтай ырылдасып өткен жандармыз. Біздің сорымыз осында. Ондай бәтуаға келіп, сонау қиырдағы Жапониямен тіл табыссақ, арман не?! – деген ашу үстінде. Сол жауабы үшін тағы бір мәрте соққыға жығылды...

Ақын ұсталғанда қоңыр күз еді, қазір ақпанның аяғы. Қарғыс атқан сол бір 24 қыркүйектен бері де бес айдың жүзі болыпты. Әр күні жылға бергісіз азапты айлар. Абақтының іші азынап тұр. Тұтқын мақтасы іріген алабажақ төсенішке бауырын төсеп, қамсауы жоқ ескі жамылғыны кеудесіне таман тартып  қойды. Күн көтеріліп қалса керек, жабықтағы торлы терезеден себездеп сәуле түсіп тұр. Осындай жарықта ғана байқалады: төсеніш пен жамылғының әр жерінде қатып қалған қан дағы бар. Өз қаны ма, өзгенің қаны ма, белгісіз. Үсті-басына қылау қондырмайтын, лас жерге отырып,  кірлі аяқтан ас ішпейтін кірпияз ақын қазір ештеңеден жиіркенбейді. Өмірлік машықтың, мінездің өлгені – өзінің де өлгені ғой.

Соңғы күндері мұны ешкім мазалаған жоқ. Тергеу бөлмесіне сүйрелеп, сұраққа алмағалы да жарым айдың жүзі болды. Соған қарағанда, «тойдың» жақындағаны. Тергеп-тексеретіндей не қалды? Бәрін сұрап болған. Күн сайын соққыға жығып, шыбын жанды шырқыратып жүріп, қажетті қағаздарына қол қойдырып алған. Қылмысы бастан асып жатыр. Халық жауы, Кеңес өкіметін құлатуды көздеген астыртын ұйымның мүшесі, шетелмен тіл біріктірген Жапонияның шпионы... Бұдан артық не керек? Атақты 58-статьяның бірнеше тармағын түгел толтырады. Высшее мера наказания! Жазаның ең жоғарғысы. Тек сонысы тезірек жетіп, мән-мағынасы жоқ мына бір «ойыннан» құтылса екен!

Тергеу деген аты болмаса, ол да бір спектакль, мысық пен тышқанның ойыны секілді. Мысық қолына түскен жемді асай салуға асықпай, тышқан байғұсты ары-бері қақпақылдап, ойнамаушы ма еді. Бұл да соған ұқсас бірдеңе. Мұны тергеген НКВД майоры мына науқан кезінде Мәскеуден арнайы келген көрінеді. Мұздай суық жанары ызғар шашып, шегір көзі шатынап, адамға жауыға, өшіге қарайды. Жеті атасынан келе жатқан кегі бар секілді.

– Сонымен, сіз өзіңіздің ұзақ жыл Жапонияның жансызы болғаныңызды мойындайсыз ғой? – деген мұнымен алғаш кезіккен сәтте-ақ.

– Қайдағы Жапония? Мен өмірі тірі жапонды көрген емеспін! – деді, ол кезде әлі қыры сына қоймаған ақын.

– Жапонды көрмесеңіз, оның одақтасы Колчакпен әмпей болғансыз! Айырмасы не?

– Жалған! Колчактың «Ажал вагонында» болған адам өзінің қас жауымен  қалай тіл табысады? Мен сол кездегі оқиғаларды «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабымда анықтап жазғанмын.

– Көз бояу үшін кітапты әдейі жазғансыз! – деді тергеуші рақаттана жымиып. – Әйтпесе, Колчактың түрмесінен оп-оңай сытылып кетуіңізді қалай түсіндіруге болады? Олар сізді арнайы тапсырмамен әдейі босатқан...

– Бос сөз! Мен – Қазақстанда Кеңес өкіметін өз қолыммен орнатқан адаммын. Өз өкіметіме ор қазатындай не көрініпті?

Бұл күйініп ызаланған сайын тергеушінің қыбы қанып, рақаттанатыны көрініп тұр. Шегір көзі бал-бұл жанып, кекете езу тартты.

– Оған таңданатын не бар? Бұратана жұрт өкіліне бәрібір емес пе? Кеңесі не, Колчагі не, әйтеуір, қожайын болса жетіп жатыр... Жапондар күдік тудырмау үшін қызыл комиссар – сізді әдейі таңдаған. Ал сізге керегі – двойная игра. Екі алып биге шықпақ болғансыз...

Мұндай сандырақты қалай тыңдап отырарсың? Ақын орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де аңғармай қалды.

– Жалған, жала!... Сіз, майор, кіммен сөйлесіп отырғаныңызды білесіз бе? Сіздің алдыңызда – Қазақстанда  жаңа әдебиеттің іргесін өз қолымен қалаған, Кеңестің бірінші ақыны, Халық Комиссарлар Кеңесінің бұрынғы төрағасы отыр. Біліп қойыңыз! – деген ызадан қалш-қалш етіп.

Майор шалқайып отырған беті жымиып күлді де, есік жақтағы біреуге иек қақты. Босағада НКВД-ның қарғылы төбеті, аты – қазақ, заты – ібіліс Дәуқара манадан бері бұйрық күтіп тұрған-ды. Кісі сабаудың теңдесі жоқ шебері... Қыр желкесінен бір ауыр соққы сарт ете қалғанда, ақын анадай жерге ұшып түсті. Одан арғысы  – бұлыңғыр.  Әлдекім қалың ұлтанды шойтабан етікпен тепкілей бастаған... Арада қанша уақыт өткенін білмейді, бір мезетте қараса, камераға сүйретіп әкеп тастады. Сүйек-сүйегі күл боп кеткен секілді, қимылдауға дәрмен жоқ. Ұрты қанға толып, екі күрек тісі аузында саудырап бос жүр... Сонда бір-ақ түсінді: бұлармен адамша сөйлесіп, қисынға жүгінем, ақтығымды дәлелдеймін деу әурешілік екен.

Әттең, дүние-ай, басқа азаматтардың да көрген күні осы шығар. Осыдан бір ай шамасы бұрын Бейімбетті көріп қалды. Мұны сұраққа әкеле жатқанда, оны екі жендет екі қолтығынан алып, шала-жансар күйінде дәлізде сүйреп барады екен. Қайран, Би-ағаң! Бір жылы туған төл еді... Қой аузынан шөп алмас момыным-ай! Саған мынадай зауал туғанда, басқамызға не жорық.   Былтыр жазда ең алдымен ұсталған Ілияс еді. Ол байғұс не күйде жүр екен? Қалың пұшпақ, қайратты еді. Бірақ мынандай қанды қасапқа қалай төтеп берсін-ау! Өзінің «Құлагері» сияқты Батыраштың балтасынан мерт болатын шығар.

Ел басына тағы бір апаттың төнгені анық. Астары арыда, зілі тереңде. Бұл жолғы нысанасы  – зиялы қауым. Халықтың қаймағын сыпырып алса, қалған тобырды құлға айналдыру боқтан оңай. Бұл сапарда кеңшілік, аяушылық деген болмайды. Етіңді боршалап, сүйегіңді ұн ғып тартатын машина сартылдап істеп тұр. Мұндайда қол ұшын созып, араша  түсетін кім бар? Еңбекші халық па? Етекбасты елден дәл қазір не күтесің? Біздің қазақ өз ұлдарына ара түсер биікке әлі көтерілген жоқ. Ара түсер еді, баяғы азат-еркін заманы басында тұрса... Ана жылғы ашаршылықта қақа жарымы қырылған қазақтың бел омыртқасы үзіліп кеткен жоқ па?! Ел бастар серке қайда? Серкелердің сиқы мынау  – өздері қойдай көгенделіп қамауда жатыр.

Ақынға түрме таңсық емес-ті. Ақ пен қызылдың шайқасы кезінде Колчактың «Ажал вагонына» да бір түсіп шыққан. Бірақ ол кезде бәрі басқаша еді ғой. Жас еді. Атқан оққа қарсы шабар айқай жиырма бес басқа төнген қауіп-қатерді елең құрлы көрмеген. Ең бастысы, алдында асқақ арман, анау-мынауға мойымайтын ұлы идеал бар-тұғын. Азаттық, теңдік, әділет деп дүниені дүр сілкіндірген социализм идеясы. Заманның басты белгісіне айналған революция ұрандары өзінің дулы дүрмегіне мұны да тартып әкеткен. Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғын-сүргін, қамау-қапас  – күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Колчак түрмесі, одан қар тасыған шанаға жасырынып, ақынның қашып шығатыны, ел ішінде бой тасалап жүрген күндер, Арқа өңірінен тұрақ таппай, Бетбақты басып, Шуға асатын сапары  – жатқан бір романтика, қызығы мол хикаялар... Шүкір, сол еңбегі зая кеткен жоқ. Көп ұзамай барлық жерде Кеңес өкіметі орнады. Қайда барсаң желбіреген қызыл тулар, жеңіс маршы, жас қазақ «марсельезасы» ...Абырой-атақ, биік мансап дегендер өзінен-өзі келіп жатыр.

Ал бүгінгі жағдай оған мүлде ұқсамайды. Мәселе – арада жиырма жылдай уақыт өтіп, жастың ұлғайғанында емес, идеалдың күйреуінде, төңкеріске сенген бүкіл бір ұрпақтың тақырға отырып қалуында. Ұят-ай, бұл қазір іргетасын өз қолымен қаласқан, жиырма жыл бойы басынан құс ұшырмай жырға қосқан Кеңес өкіметінің түрмесінде жатыр! Бұл не? Тағдыр тәлкегі ме, әлде асатынан келген зауал ма? Еткен еңбек, төккен тердің қарымтасы қайда?! Қазақтың игі жақсыларына жаманатты болып, қара таяқ коммунист атанғанда, алған «сыйы» осы ма? Өз басы ғана алданса бір сәрі ғой, соңына ерген аңқау халықтың обалына қалды-ау! Тәңірім-ай, ешкімге опа бермейтін сайқал саясатта несі бар еді? Табиғат берген таланты, Құдай артық жаратқан ақындық өнері бар еді ғой. Өзінің Көкшетауын жырға қосып, айрылысқан аққулармен мұңдасып, жайына неге жүрмеді екен?! Енді, міне, не болды? Ұранмен өткен алдамшы өмір көктемгі соғымдай ыдырады да жоқ болды...

Ұзақ уақыт жалғыз жатқан адамның іштей қақ жарылып, өзімен-өзі сөйлесетіні болады. Қазір ақынның көкірек қуысында екі адам отырған сияқты. Бірі – ақтаушы, екіншісі – қаралаушы. Осы сәт өзіне бүйрегі бұратын бірінші дауыс бас көтерді.

– Сен өзіңді түкке алғысыз етіп, айыптай берме! Адасқан, алданған ұрпақ жалғыз сен емессің. Қашанда төңкерістің бейнетін біреулер тартса, жемісін басқа біреулер жейтін әдеті. Социалистік идеяда еш қапы жоқ. Орта ғана білімі бар сен сияқты қыр баласы түгіл, Еуропа мен Азияның аузымен құс тістеген небір қасқа мен жайсаңы осы жолды таңдаған. Өзің ойлашы: бостандық, теңдік, әділет деген жаман ба? Бұл идея адамзатпен бірге жасай береді. Ниетің хақ еді, сен де өз халқыңа теңдік әпермек болдың. Сенің сорың – социализмде емес, басқада. Себебін сол жақтан ізде! – деді балғамен ұрғандай шегелеп.

Бір бүйірде бұғып жатқан «оппоненті» де осыны аңдып отыр деп, бірден қамшы тастады:

– Бірақ мынаны да ескеру керек. Социализм қанша керемет болғанымен, ол қазақтың төл тумасы емес, шеттен енген, бұл елге күшпен танылған кірме! – деді өршеленіп. –  Кең далада емін-еркін көшіп жүрген, не өндірісі, не жұмысшы табы жоқ қазаққа таптық төңкеріс, пролетариат диктатурасы неге қажет болды? «Тілеп алған аурудың емі табылмайды» деген осы. Пролетариат өзіне жат қауымды жаныштамай тұрмайды. Ендеше, сен де өзің орнатқан диктатураның құрбанысың!

– Жоқ, бәрібір, мәселе социализмде емес, басқада! – деді тағы да бірінші дауыс. – Сен бұл жолы мүлде басқа иірімге түсіп кеттің. Бұл – таптық күрес емес, ұлттық жаныштау. Геноцид. Өзің әлі ұмыта алмай жүрген отыз екінші жылғы қырғын апат та – сол саясаттың жемісі. Сенің басты қателігің –  социализм мен отаршылдықты ажырата алмадың. Әу баста кімнің арбасына мінгеніңді білуің керек еді. Сен бұрын құл болсаң, қазір де құлсың. Еш нәрсе өзгерген жоқ. Сол құл күйінде өтесің дүниеден...

Бұдан ары тыңдауға ақынның шыдамы жетпеді. «Жә, жетер! – деп дауыстап қалды. – Иә, дұрыс айтасың, бізді құртқан социализм емес, отаршылдық! Үзілмей келе жатқан империялық саясат! Менің әлгі  «Советстан» деп малданып жүргенім – атын ғана өзгерткен баяғы империя. Аңқау басым соны да білмей келіппін-ау! «Біреу қыз алып қашса, біреу босқа қашады» дегендей, төңкерістің желігімен жүре беріппіз ғой... «Құлды бәрекелді өлтіреді» деген осы. Өзгені ұмытсақ та, өзіміздің құл екенімізді қалай естен шығардық екен? Халқың қапаста тұншығып жатқанда, сен азат аспанда самғаған «қызыл сұңқар» болмақсың. Неткен бейшаралық?!».

Әрине, қазақтың бәрі бірдей ақымақ емес. Осы төңкерістің түбі шикі екенін, оның ақыры неге апарып соғарын «Алаш» азаматтары әлдеқашан болжаған. Апаттың алдын алу үшін айтысты, тартысты. Реформаның өзгеше жолын ұсынды. Бірақ оларға қызыл белсенділер ырық берді ме, айтаққа ерген ақкөз солақайлар жан-жақтан мүйіздеп, аренадан тайдырғанша асықты. Сол солақайдың бірі –  ақынның өзі. Ұлтшыл азаматтар жылай-жылай сахнадан кеткенде, «біз жеңдік» деп мәз болысты-ау! Ұят-ай! Жеңгені кім сонда? Ұлттың көсемдері... Бір есептен, ана Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың армандары жоқ. Өз ұлтының бостандығы үшін күресті. Сол жолда басын берді. Ары таза, жолы сара. Нағыз құрбандар деп соларды айтса болады. Ал қызыл коммунистер кімнің «құрбаны?». Сонша шапқылағанда тапқан олжасы осы ма?

Өкімет тарапынан халыққа жасалған қиянатты білмедім, сезбедім десе өтірік болады. Сәл кейінірек бұл да соны байқаған. Отыз екінші жылғы аштық апаты кезінде көзге қамшы тигендей шырқ айналған. Бірақ, керегі не, көзқарақтылар баяғыда сезінген шындықты бұл қазақтың қақ жарымы аштан өлгенде бір-ақ көрді. Онысы да түбегейлі емес. Бар кінә –  Голощекинде, соған көзсіз ілескен қазақтың дарынсыз басшыларында деп пайымдаған.  Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Сол сұмырай кетсе, бәрі орнына келетіндей көрінген... Иә, жауып кеткен арызға байланысты Голощекин кетіп, оның орнына Мирзоян келгенде, дүниенің сәл кеңіп қалғаны рас. Халық ес жинады. Аш қарын жұбанды. Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өтіп, жұрт қатарлы ақынға да орден тақты... Орден алғанына әлі екі жыл да толмапты-ай! Сөйтсе, соның бәрі алдарқату, баланың қолына кәмпит ұстатқандай бірдеңе екен ғой. Дауыл алдындағы болымсыз толас. Естуінше, республика басшысы –  сол Мирзоянды да ұстап әкеткен деседі. Сонда бұл өкімет кімге опа бермек?

Енді бәрі кеш. Қолдан билік, бастан ырық кеткен соң өкіндің не, өкінбедің не? Жалған жол жарға жықпай қоймайды екен. Бәсе, ақыннан саясатшы шықпаса керек еді. Бұл соны тағы бір рет дәлелдеді. Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлапты. Ел билігіне араласқан екенсің, алты қырдың астындағыны көруің керек қой. Кім дос, кім қас, одақтасың кімдер –  одан жаңылмауың керек. Бұл болса танауынан арғыны көрмепті. Кімге өкпелейді?

Ақынның ой-санасы тағы да қақ жарылып, өзара айтысып кетті.

– Тұрлаусыз дүние, отаршыл өкімет үшін сен жауап бермейсің. Халықтың алдында арың таза болса, басқасына қиналма! – деді бірінші дауыс. – Сен де елің үшін аз бейнет тартқан жоқсың. Басыңды сан рет қатерге тіктің. Адассаң да ел қамын ойлап адастың. Келер ұрпақ бұл еңбегіңді ескереді...

– Еңбек еткенің рас. Бірақ өз мүддеңді де бір сәт ұмытқан жоқсың! – деді екінші дауыс аттап бастырмай. –  Өзімшіл едің. Мен-мен, тәкаппар едің. Өзіңді тым жақсы көретінсің. Сондықтан, қашанда күштілердің, жеңімпаздардың тобында жүргің келді. Картаға басыңды салғаның рас. Бірақ қолында көзірдің тұзы отыр еді. Атақ-абыройға, мансапқа құмар болдың. Сені жолдан тайдырған –  сол атаққұмарлық...

Жетер! Сол атағы да, мансабы да неге құрып кетпейді. Мүйіз шығатын болса таққа отырып та көрген. Төрт жылдай Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Жоғары лауазымды жатырқамай, төңкеріске сіңірген еңбегімнің бодауы деп қабылдаған. Ал мансаптың жұқпалы дерт екені рас. Оны бұл тақта отырған кезінде емес, орнынан түсіп қалғанда байқады. Бір өзі Бетбақтың шөлінде қалғандай қатты құлазыған. Басындағы бақты біреулер талтүсте тартып алғандай қиналғаны есінде. Сол жылы ел астанасы Орынбордан Ақмешітке ауысты. Байшыл, ұлтшылдар қайтадан күш алып, солшыл коммунистерді ығыстырғандай көрінген. Орталықты оңтүстікке күштеп көшірген де –  сол оңшыл топтар. Бірақ, Ақмешіт атауы Мәскеуге ұнаған жоқ, жаңадан ат табу керек болды. Ұзақ таластан соң, ақыры мәмлеге келген. Ақмешіттің ендігі аты –  Қызылорда. Екі жақ та «біз ұттық» деп ойлады. «Қызыл» деген сөзді қосқанына қызылдар мәз. «Орданы» қыстырып жібергеніне ұлтшылдар да мұртынан күлді.

Сол 1925 жылдың  сәуір айында республика советтерінің V-съезі өткен. Осы жиында қазақтар бұрынғы «киргиз» деген жалған аттан құтылып, қазақ деген өз есімін қайтарып алды. Бұл бәріне ортақ қуаныш еді. Алайда, съезде басшы қызметкерлер сайланғанда, ұлтшылдардың тасы өрге домалап, ақын өкімет құрамына ілінбей қалды. Сондағы тауы шағылып, қорланғанын айтпа! Жан дүниесін сұрапыл ашу, ымырасыз өкпе билеп алған. Тәңірім-ау, мұның мансапта несі бар десейші! Ақыры сол пенделік сезімдер ырық бермей, мұны орны толмас қателікке ұрындырды.

Арада бір ай өткенде, ақын Мәскеудегі Советтердің бүкілодақтық үшінші съезіне барған. Он күнге созылған жиналысқа аракідік Сталин де қатысып жүрді. Қызыл қорғанды Кремль, Қызыл алаң, желбіреген қызыл тулар ақынның төңкерістік рухын қайта қоздырды.  Сірә, соның әсері болар, бір күні президиумда отырған Сталинге «записка» жазып, аудиенция сұрады. Ойы – өзінің қызметтен шеттеп қалғанын айтып, осындағы коммунистік академияға түсуге жолдама сұрамақ. Жиын аяқталар шамада Сталин мұны қабылдады.

Бұл Сталиннің бұған дейін өзіне қолбайлау боп келген жарымжан көсемнен құтылып, бар билікті өз қолына алған, әйткенмен, дәл қазіргідей алапаты аса қоймаған кез еді. Республика басшыларының бірі боп келген ақынды ол бұрыннан білетін-ді. Талай жиында, банкеттерде бірге болғаны бар. Қою қара мұрт пен қайратты қара шашта бір тал қылау жоқ, қырық бестерге жаңа келген шағы. Орысша сөйлегенде әр сөзін нақтап, қате жібермеуге тырысқанымен, Кавказ акценті бәрібір білініп тұрады... Бұл кіргенде, Сталиннің қасында Молотов пен Куйбышев отыр екен.

– Жолдас Сейфуллин, хош келдіңіз! Қазақстанда не болып жатыр? Әңгіме айта отырыңыз! – деді қол беріп, жайғасқан соң.

Ақынның бұйымтайы басқа еді. Бірақ сөйлесе келе өзін ірке алмай қалды. Іштегі қыжыл еріксіз сыртқа шықты. Республикадағы саяси ахуалды баяндай келіп, дәл қазір байшыл-ұлтшылдардың белең алып тұрғанын да жасырмады. Ең соңында өзінің қызметсіз қалғанын айтып, Мәскеуге оқуға қалдыруын өтінді.

–  Бұрын қайда оқыған едіңіз?

–  Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітіргем.           

– Революционер үшін ол аз оқу емес. Менің де бар бітіргенім – семинария! – деді Сталин мұртын бүлк еткізіп. – Сізді Академияға қалдыру оп-оңай. Бірақ сіз сияқты байырғы коммунистер дәл қазір республиканың өзіне де қажет емес пе?! Алаңсыз қайта беріңіз! Біз Қазақстандағы жағдайды әлі-ақ реттейтін боламыз...

Әңгіме осымен аяқталған. Көсеммен бетпе-бет сөйлескенін бу көрмесе де, едәуір бел алып, елге көңілденіп қайтқаны есінде. Айтқанындай-ақ, көп ұзамай Қазақстанды «ретке келтіру» басталып та кетті. Сол жылы қыркүйек айында республикаға басшы болып Филипп Исаевич Голощекин келді. Ақын оны бір көргеннен ұнатқан жоқ. Өзі ұры иттей жылмаңдаған неме екен. «Патшаны атқан, қолы қанды, жолы зарлы адамның келуі жақсы ырым емес-ау» деп іш жиып қалған. Және соны өзі шақырып келгендей, біразға дейін қатты қобалжып жүрді.

Голощекин мұнда келісімен маңайына өзіне қолайлы, айтқанынан шықпайтын, неғұрлым шала сауатты адамдарды топтап жатты. Ақынның беделіне қаймықты ма, қызметке шақырған жоқ. Ерегескендей бұл да ыңғай таныта қоймады. Бар өшін қағаздан алып, көптен ойда жүрген «Тар жол, тайғақ кешуді» жазуға кірісті. Айғақты фактілері мен құжаттары жинақталып, баста піскен дүниенің жазылуы ұзаққа созылған жоқ. Бірер жылда қағазға түсіп, келесі жылы кітап боп басылып шықты. Деректі шығармада Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес, ақынның өз басынан кешкендері, төңкеріске еңбегі сіңген ерлер мен оған қарсы шыққан байшыл-ұлтшылдар әрекеті нақты көрініс тапқан. Былайша жаман кітап емес. Өмірдің өзінен туған тамаша тараулар бар. Тек, «мыналар кеңес өкіметінің жауы» деп, Алаш азаматтарын тізіп көрсеткені сәл артықтау болды.

«Тар жол» дереу орысшаға аударылып жатқан. Сол аударманы қолына қалай түсірді екен, бір жолыққанда Голощекин:

– Жолдас Сейфуллин, кітабыңыз тамаша екен! Республикадағы саяси жағдайды алақанға салғандай ғып айтып беріпсіз! – деп аузының суы құрып мақтағаны бар.

Ақын оның мақтауына масаттанған жоқ, қайта әлдебір ыңғайсыздық сезініп, тыжырынып қалған. Алайда, Голощекин сұм кітаптағы кейбір фактілерді өз қажетіне жаратқан секілді. Араға жыл салмай, «байшыл-ұлтшыл» атанған азаматтар бір шетінен ұстала бастағанда, ақын санын бір-ақ соқты. Қазақ ағайынды өкпеге қиса да, өлімге қимайды. Бұлай болар деп кім ойлаған? Бұл тек өз кітабында кеңес өкіметіне сіңірген еңбегін айтқысы келген. Ақын да пенде ғой, өткенді естеріне салып, өкіметке өзін бұлдап өткізгісі келді ме, кім білсін?! Ал, Алаш азаматтарын атағанда, мақсат бәсекелестерін біржола құртып жіберу емес, оларға өзінше сес көрсетіп, «Аяз, әліңді біл» демек еді. Әйтсе де сол  аңғырттығын өзіне мәңгі кешірмейді. Қашанда тарихқа төреші – уақыт қой. Тәңір таразысын қолына ұстап тұрған кісіше, замандастарына қатал үкім шығаратындай бұл кім еді соншама?! Орыста «қаламмен жазғаныңды, балтамен шауып өшіре алмайсың» деген мәтел бар. Ақ қағаз – арың, қара сия – қаның іспетті. Ал, сөз – екі жүзді алдаспан. Аңдамасаң өзің арандаласың...

Жаңағы бір әредікте тұтқынға сәскелік ас әкелген. Екі тілім нан, бір тостаған шай, тары ботқасы. Тамақ – үш арсыздың бірі ғой. «Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» дейді қазақ. Қандай қасіретке жолықсаң да, осы үшеуінен безе алмайсың. Аштық жариялау – бұл өкіметке өтпейді. Аштан өлсең тіпті жақсы, «Жүрегі тоқтап қалды» дейді де, бір шұңқырға көме салады... Тамақтан кейін бой жазу үшін камера ішінде ары-бері жүрген болды. Есік пен төрдің арасы – үш-төрт-ақ қадам жер. Еркіндікте жүргенде оқыған азаматтар жақ-жақ болып қазақтың кең даласына сыймаушы еді, ендігі бұйырғаны – түрменің тар құжырасы... Соңғы соққыдан кейін оң жақ ұршығы бастырмай, қан қақсап ауыратын болған. Аздан соң төсегіне қайта келіп жайғасты.

Сонымен, қамшының сабындай қысқа ғұмыр екі айналуға келтірмей өте шыққаны ма? Ақын қалтырай күрсінді. Бұл тірлікті байтақ далада бастап еді, тар қапаста аяқтайтын болды. Жалған дүние деген осы. Бұл пәниге «жалған» деп ат қойған қазақтан басқа халық жоқ. «Бәрі алдамшы, тұрлаусыз» дегені ғой. Соған қарағанда, қазақтың сан соғып, опынған кезі көп болған-ау, сірә! Әрине, бұл жалғанда өмір кешу де, өлу де жаналық емес. Осы пікірді айтқан кім еді? Сергей Есенин екен ғой. Жолы болмаған ақын өмірмен қоштасарда: «В этом мире жить не ново, и умирать, конечно, не ново» деген жоқ па еді. Ал одан гөрі салымы бар Маяковский: «Жить хорошо, жизнь хораша» деп жазды. Бір-біріне жұлдызы қарсы сол Маяковский мен Есенин қайда қазір? Екеуі де осы қоғамға сыймай, ел аман, жұрт тынышта өздеріне қол жұмсап, мерт болды.

Анада алғашқы қинау кезінде ақын да бір амалын тауып, өлуді ойластырған. Қас қылғанда, буынып өлетін жіп, не тамырды қиып жіберетін көк темір табылсашы! Әлдебір имансыз жендеттің қолынан қаза тапқанша, өз еркімен ажал құшқанды артық санаған. Кейін ойлана келе бұл райынан қайтып қалды. Онсыз да бұралаңы көп, шатасқан тағдырын қолдан қиындатқысы келмеді. Мейлі, өмір өз ырғағымен-ақ өте берсін. Мұның обалы – Кеңес өкіметінің мойнында ғой. Нақақ төгілген қан күндердің күнінде отаршылдардың бетіне күйе боп жағылмас деймісің. Уақыт өз төрелігін айта жатар.

Айтты-айтпады, бұл қоғам түбі не болар екен? Осы бетімен кете бере ме, әлде бір өзгеріс бола ма? Әй, өзгеретін шығар. Дүние өзгермесе, ескінің орнын жаңа баспаса, жаңғырмаса, бұл тіршілік құрып кетпей ме?! Шіркін-ай, осыдан елу жыл, жүз жыл өткенде қандай ұрпақ келер екен? Солар баяғыда Сейфуллин деген біреудің болғанын еске алар ма екен? Не бопты, еске алатын шығар, кітаптары бар емес пе... Солардың өртеуден, жоюдан аман қалған бірлі-жары әлдебір тарихшы, зерттеушінің қолына түспес деймісің. Мұны сол бейтаныс ұрпақ қалай бағалайды, мәселе сонда. Олар мұның шығармаларын салмақтап көрер, архив құжаттарына көз жүгіртер. Бәрі бірауызды бола қоймас, араларында қиян-кескі дау туар... Әрине, олар қолдағы деректерді ғана таразыға салады ғой. Ал ақынның қапастағы ақырғы ойларын, ауыр азаптан туған ақтық байламын кім жеткізеді? Бұған енді «Менің сырым, жігіттер, емес оңай... Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген Абай сөздерін қайталаудан басқа не қалды?

Сол күні кеште ақын бір қызық түс көрді. Бұрынғы түстері шырма-шату, бұлыңғыр болушы еді, бұл жолғысы өңіндегідей ап-анық. Арқаның кең даласы екен дейді... Ел жайлауға қарай бет алған секілді. Ұбақ-шұбақ, сәнді көш... Ер-тұманы жарқылдаған үкілі қыздар, сәйгүлік мінген жігіт-желең. Ақынның астында өзі өлеңге қоса беретін ақбоз аты бар... Содан бір мезгілде көп ауыл көл жағалай қонып жатқан сияқтанады. Жағалауы қамыспен жұрындалған шалқар айдын. Әупілдектің көлі тәрізді. Көл бетінде аппақ қайыңдай аққулар жүзіп жүр... Кенет дүние дүрлігіп кетеді. Көл бетін өрт шалғандай. Өрт емес, қанға боялған аққуларды біреулер жағалаудан оқ жаудырып атып жатқан секілді... Ақын «аққуды атуға болмайды» деп айғайлағысы келеді. Бірақ, қанша зорланса, үні шықпайды... Сөйтіп, бастығырылып жатып, оянып кетті. Өнебойын сұп-суық тер басып кетіпті. Таң атып қалса керек, камера іші алакеуім. «Қайбір жақсылық дейсің, – деді ақын іштей күбірлеп. – Бұл заманның түсі де жан шошырлықтай».

Осыдан үш күн өткенде, түн ортасы шамасында есік салдыр-гүлдір ашылып, ішке екі-үш адам кіріп келді. Жүрістері қандай суыт болса, түстері сондай суық. Араларында бұл білетіннен шегір көз тергеуші жүр. Сол беті ақынды тұрғызып алды да, әй-шәй жоқ, алдарына салып айдай жөнелді. Тұтқындарды тым алысқа апармай, осы сұр үйдің астында атады екен дегенді естуі бар-тұғын. Сол зауалды сәттің жеткені ғой. Іштей сиынып, иман айтқан болды. Қызыл комиссардың көптен бері Алланы аузына алғаны осы. Шейіт қой, Құдайдың өзі кешірер...

 Подвалдың кіреберіс бөлмесінде шам жанып тұр. Одан арғы ұзынша зал да самаладай жап-жарық. Әлгі бөлмеге кірген соң, әлдекім «Советтік Социалистік Республикалар атынан» үкім оқи бастады. Ақын оған құлақ та қойған жоқ. Бар назары – есігі ашық тұрған жаңағы залда. Еденде ойдым-ойдым қан дақтары білінеді. Біреуді тіпті осының алдында ғана атса керек, қып-қызыл қан сол күйі көлкіп жатыр.

Әлден уақытта ақынды біреулер итермелеп, солай қарай бейімдеді. Ол іркілместен ішке кірді. Көптен күткені осы еді ғой, көңілінде титтей қорқыныш жоқ. Мына дүниеде бұл қимайтындай не қалды, шынында? Бұрын кім өліп көріпті. «Өлім қалай болады екен?» деген әуестік қана бар. Ол да – жазушыға тән әуестік... Есіктің ішкі жақтауында қарулы жендет тұрғанын байқады. Бірақ бұрылып қараған жоқ. «Бұлар мүлт кетпейді ғой. Жанымды қинамас» деді ішінен. Сол оймен бес-алты қадам ілгері басқаны сол еді, кенет арт жағынан тарс  еткен  дыбыс шықты да, біреу қарақұстан шоқпармен қойып қалғандай, ақын ұшып түсті... Арғы жағы түпсіз түнекке, жоқтыққа айналған.

Өз елі үшін азаттық, теңдік іздеп, бұрма-бұрма жол басқан ақын дүниеден осылай өтті. Бірақ ол, дүниенің бір қалыпта тұрмасын сезсе де, нақақ қандардың киесі ұрған рақымсыз империяның арада жарты ғасыр өтпей омырыла құлайтынын, қазақтың ерікті ел болатынын, өздерінен гөрі әлдеқайда әділетті, әлдеқайда саналы, азат ұрпақ бақытсыз әкелерін көп кіналамай, тарих тозаңынан тазартып алатынын білген жоқ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600