Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 8756 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 18:12

ШИРК ДЕП ҮКІМ ШЫҒАРУҒА БОЛА МА?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде қазақ даласындағы кесенелерді «ширк» деп атаған сурет көп талқыланды. Онда Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата сияқты халық жиі барып, зиярат ететін, ел ұғымында қасиетті саналатын орындар да бар. Бұл суретке қатысты пікір білдірерде әлеуметтік желі қолданушыларының ойлары екіге жарылды. Біреулер кесенелерге зиярат жасау кешірілмес күнә екенін айтып, Аллаға серік қоспаңдар десе, екінші топ оның еш әбестігі жоқ екенін дәлелдеу үшін ұзақ-ұзақ аргументтер келтіріп жатты. Фейсбук желісіндегі бір ғана саясаттанушы Айдос Сарымның парақшасында бұл сурет 392 лайк, 290 пікір жинап, 62 адам оны өз парақшасында қайта жариялаған. Біз осыған қатысты теолог-ғалымдардың пікірін білген едік.

Досай Кенжетай, дінтану ғылымдарының докторы.

 

Ислам мазарды зиярат етуді, яғни кесенеге барып, дұға оқуды, өлілерді құрметтеп,  рухына құран бағыштауды жоққа шығармайды. Әулиелердің басына барып, құрмет көрсетуге, еске алуға қарсы емес. Тек оны Алланың орнына қойып, оған табынбаса болғаны. Дегенмен, түркі мұсылмандары ешқашан ондай әбестікке бармаған. Бір кездері көшпелі бәдәуилерде сондай тенденцияның белең алғаны рас. Қазақтың әулиелерге деген құрметін солармен салыстырып, ширк деп үкім шығарып тастайтын «білгіштер» қазір өте көп. Әулие деген - Алланың мирасқоры, оның досы. Бұған дәлел - Құран сөзі. Құранда ол жайлы жүздеген аяттар бар. Мәселен, «Йунус» сүресі 62-64 аяттарда былай дейді: "Әулиелерге дүниеде де, ақыретте де Алланың сыйы, сүйіншісі бар. Алланың достары үшін, әулиелер үшін ол күнде қорқу, қобалжу болмайды". «Әнғам» сүресінде "әулиелерді дәрежеге көтереміз" десе, «Фатих» сүресіндегі жиырма тоғызыншы аятта "Әулиелердің жүздерінде сәжденің іздері бар" делінеді. «Али Ғымран» сүресінде "Алла қалағанын өз жәрдемімен қолдайды" деп айтылады. Әулиелерді жоққа шығаратын - уахаббистер. Бұл ағым Ханафи мазхабын «кәпірлердің мазхабы» деп танитын, исламдағы революциялық сипаттағы, Матуруди ақидасына төзімділігі жоқ, қазіргі заман талабына пысқырып қарамайтын, Құранды жаттанды ережелер мен нормалар ретінде қарайтын, кез келген аятты сөздік мағынасында түсінуге шақыратын, өздерінен басқаның барлығын мушрик дейтін, өздерінің шариғатынан басқаның барлығына бидғат ретінде қарайтын, ғылым мен білімге емес, көрсоқырлыққа бастайтын, Қазақстанда жаңа сипатта танылып жатқан «изм».

Серік Тәжібаев, Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы, дінтанушы.


  Тарихта Зындықтар деген адасқан топ болған. Олар қажылықтың орнына кесене аралап, қабір басын тауаф етсек болғаны, деген тұжырыммен Қасиетті қағбаны - қабірстанмен ауыстырып алған. Оларды көптеген әлемге әйгілі Ислам ғұламалары сынға алған болатын. Кейін келе бұл мәселенің шешімі табылып, зындықтар жоғалып кетті. Дегенмен, бүгінгі таңда ақ жол, ақтырна т.б. сынды зиратқа табынып, өлген адамға арнап мал союшылар көбейіп кетті. Өлген адамның кесенесін тауап етіп, бір сөзбен айтқанда, соны кәсіпке айналдырған топтар пайда болды. Мұсылмандар қайтті? Дұрыс бұрысын білгісі келген исі мұсылман қауым жауап іздеуге кірісті. Дәстүрлі исламды ұстанатындар білімді имамдар мен теологтардан анық қанығын айқындап алды. Ал салафилік бағыттағы топтар шет елдегі шейхсымақтарынан пәтуа алып, ширк - харам деген шешімдерін естіді. Бұл өте нәзік мәселе. Егер адам - кесене, қабірстанға барып - тауап етіп, иіліп сәжде жасап, малды сол өлген адам разы болсын деген ниетте соятын болса, онда бұл әрекеті - ИСЛАМ ДІНІ бойынша ХАРАМ! Ал егер кесене, қабірге барып, ата-бабасының жатқан жеріне барып, құран оқып, Алладан оларға кешірім сұрап, мал сойған жағдайдың өзінде - Алла разылығы үшін, осы қабірде жатқан бабаларымыздың әруақтарын Алла кешірім берсін деген оймен, сондай-ақ сол өлген адамдарды көріп, біздің де барар жеріміз сол жақ, біз де мәңгі емеспіз деген Өлімді еске алу мақсатында баратын болса - онда РҰҚСАТ! ИСЛАМ тыйым салмайды!

Жанат КАПАЛБАЕВА

ҚазАқпарат

0 пікір