Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 7409 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 23:02

ШӘУЕШЕКТІҢ ШЫРАЙЫ – МАЙРА МЫРЗАШҚЫЗЫ

 Бұл мақала бірер жыл бұрын жазылса керек. Қызығы сол, сіздерге ұсынылып отырған мақала Қытайдағы қазақ сайттарында көп қайталанып көшіріліп басылған әрі wechat микроблогты хат-хабар алмасу желісімен бірнеше он мыңдап бөлісілген. Былтырғы жылы әлдебір шенді "оралмандарды сауатсыз" деп салып еді. Қоғамда оралмандар елге келіп, экономиканы құр жеміруде деген жағымсыз пікір де бар. Қытай, Монғолия, Түркия мен Еуропадан келіп жатқан қазақтардың арасында кәсібін дөңгелетіп елге үлесін тигізіп жатқандар аз емес. Шетелде де жүрген жерінің ең қалталысы әрі сыйлы зиялысы болып жүрген қандастар көп. Солардың бірі Майра Мырзашқызы. Оқыңыз, ой түйіңіз.

Abai.kz


2012-жылдың шілде айында шығыстағы Қытаймен шекарада қоныс тепкен «Бақты» кеден бекетіне жаңадан ғана ауысқан кезім болатын. Әдеттегідей, айқай-шуы көп жолаушылар терминалының ішінде кедендік тексеру жұмыстарын жүргізіп жаттық. Жалпы, кеден бекетіндегі ең ауыр жұмыс учаскесі осы жолаушылар терминалы болып есептеледі. Өйткені шекарадан арлы-берлі өткен жолаушылардың ішінен небір пиғылдағы пенделерді көп кездестіресің. Сондықтан да бұл учаскеде жұмыс істеу үшін мықты кәсіби-психологиялық дайындық керек.

Кенет жолаушылар терминалының алдына Қытай елінің мемлекеттік нөмірі ілінген ақ джип автокөлігі тоқтай қалды. Бұл мен үшін тосын жағдай еді. Себебі Қытай жағынан біздің елге автокөлікті арнайы рұқсатпен ғана өткізеді. Сондықтан да біздің елімізге жеңіл автокөлікпен негізінен, ресми делегациялар ғана өтетін. Джиптің ішінен ұзынша бойлы, әдемі өңді және өзіне өте жарасымды киінген бір келіншек түсті.– мына кісі кім? – дедім қасымдағы әріптесіме. ?– не, сіз оны танымайтын ба едіңіз? – деп таңдана қарады әріптесім. ?– жоқ, бірінші рет көруім.– ол біздің Майра деген қарындасымыз ғой. Өзі Шәуешекте тұрады. Осы өңірге танымал кәсіпкер. Қытай жақтағы беделі де мықты, – деді. Бейтаныс әйел кедендік тексеруден өту барысында біздің әріптестермен жылы амандасты. Сол кезде қасымдағы әріптесім оған: «Майра, хал қалай? Танысып қой, біздің кеден бекетіне жақында ғана ауысып келген бастықтың орынбасары» деп таныстырды мені. Сөйлеген сөзінен, инабатты жымиысынан көпті көрген және мәдениетті адам екені бірден байқалып тұрды. Өзін өте қарапайым ұстайды екен. ? Осы таныстықтан кейін арада көп уақыт өте қойған жоқ. Бірде шекарадан Қытай жағынан Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданына қарасты Тарбағатай аймағының басшылары өтті. Мақсаттары – Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігімен келісім аясы төңірегінде Өскемен қаласында Қытай тауарларының жәрмеңкесін өткізу екен. Қарасам, делегация ішінде өзіміздің қарындасымыз Майра жүр. Оның мойнына бірден екі міндет жүктеліпті. Біріншісі – жәрмеңке барысындағы ұйымдастыру шараларына белсене қатысу, екіншісі – тілмаштық қызмет. Содан кейін Қытай жағынан Қазақстанға өтетін ресми делегация ішінен Майраны жиі көріп жүрдім. Тіпті ол бірде Қытай азаматтарын жазғы уақытта Алакөлге әкеліп, демалдыру жұмыстарына да белсене араласты. Бұл, әрине біздің елде туризмді дамыту үшін жасалып жатқан үлкен шара екені белгілі. «Қытай азаматтары Алакөлдің тамаша табиғатын көрді. Енді олар сол жерге инвеститция салу және өз елдері тарапынан демалушыларды тарту мәселесін қарастырып жатыр» деді.

Жалпы, Майрамен жай таныстығым болмаса, оның жасап жүрген игі шараларынан онша хабардар емес екенмін. Мен оның жат жердегі беделі мен игі істерін Шәуешек қаласына келгенде ғана көз жеткіздім. Ол былай болған еді. Бірде денсаулығым сыр беріп, мазам болмай жүрді. Соған қарамастан, емдік шараларды қабылдау үшін жұмыстан қол үзуге мүмкіндік болмады. Оның себебі - кеден бекетіндегі қайта жөндеу жұмыстарын бітіріп, оның салтанатты түрде ашылуына қызу дайындық шаралары жүріп жатты. Сондай күндердің бірінде жолаушылар терминалынан Майра жолдасы Асқар Талғатұлы екеуі өтіп бара жатты. Көрген бетте: «Саламатсыз ба, аға! Халыңыз қалай?» деп өзіне жарасымды жымиысымен амандасты да, жанындағы жолдасы Асқармен таныстырды. Жолдасы Шәуешекте көліктік бақылау саласында қызмет істейді екен. Мен мазам болмай тұрса да, әдеттегідей сыр білдірмеуге тырысып «жақсы» дей салдым. Сол кезде ол бетіме көзін тіктей қадап: «Аға, мен қателеспесем, сіз сырқаттанып жүргенге ұқсайсыз» деді. «оны қайдан білдің?» дедім таңырқап. Сол кезде ол: «Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Ал кәсіпкерлік – қосымша кәсібім. Сырқатыңызды көзіңіз айтып тұр ғой» деді. Мен шынымен де соңғы жылдары созылмалы бүйрек сырқатымен қиналып жүргенімді айттым. Мені тыңдап болған соң: «Аға, мүмкіндік болса, Қытайға келіңіз. Жақсы емхана мен тамаша дәрігерлер бізде де көп. Сонымен қатар Қытайдың қай емханасында ем шаралары мықты, сол жағынан да кеңес ала аласыз» деді. Майра қарындасымның осы сөзінен кейін шынымен де ойланып қалдым. Бүйректі емдетемін деп қазақстанда мен бармаған емдеу орны қалмаған шығар десем де болады. Қытай медицинасының да әлемді таңырқатқан тұстары көп екені белгілі. Содан кейін басшылықтың рұқсатымен бір аптаға Қытайға кіріп шығуға рұқсат алдым. Шекарадан Майра қарындасым тосып алды. Көлікке мінген бетте бірден Шәуешектегі Тарбағатай аймағының ұлттық емханасына тарттық. Емханадағылар Майраны жақсы таниды екен. Негізгі кәсіби мамандығынан шеттеп қалмау үшін Майраның өзі де осы емханада арагідік дәрігер-гинеколог қызметін атқарып қоятын көрінеді. Сонымен қатар аталмыш емханада қызмет істейтін өзіміздің қандастарымыз да аз емес көрінеді. Барлығы құшақ жая қарсы алды.

Менімен жылы амандасқан емдеуші дәрігер, профессор Ербол Жұмәділ лезде тиісті емдік-тексеру шараларына кірісіп кетті. Бар-жоғы үш сағаттың ішінде барлық анализдерімді дайындап, диагнозымды дұрыс қойып берді де, қалай және қандай дәрілермен емделу керектігін тыңғылықты түсіндірді. Мен дәрігерден инемен емес, тибеттік дәрілік шөптермен емдеу жағынан кеңес беруін өтіндім. Ол қарсылық білдірген жоқ. Тиісті дәрілік шөптерімді де лезде тауып берді. Мен рахметімді айтып, жұмысымның тез біткеніне қуандым. Содан кейін уақытты бос өткізбей, ертесіне түстен кейін елге қайтуға бел будым. Майра ертеңгі күні тәңертең хабарласып, «Аға, сағат он бірде Шәуешек қаласының партком хатшысы және қала әкімі мен кеден басшылығы сізді қонақ қылады. Басқа бірдеңе жоспарлап қоймаңыз» деді. Бұл менің жоспарымда жоқ тосын жай еді. Сасқанымнан: «Айналайын, Майра! Ол кісілер неге бекер әуре болды? Менің бұл сапарым ресми емес қой» дедім. «Оқасы жоқ, аға! Ол кісілердің көбісі сізді жақсы біледі. Кеше сіз шекарадан өткен кезіңізде алдын ала солай жоспарланып қойған болатын» . Мен шынымен де абдырап қалдым. Қонаққа баратындай галстук тағып, шікірейіп те келмеген едім. Бір жағынан Майра қарындасымның ниетіне, жат жерде жүрсе де, қазақ деген азғана халықтың беделін көтеріп жүргеніне іштей риза болдым. Содан кейін сағат 11-де уәделі жерге келдік.

Алдымыздан Шәуешек қаласының партком хатшысы Жан Ян, қала әкімінің орынбасары, өзіміздің қандасымыз Жаудат, кеден бастығы және «Пакиту» автокөлік өткелінің бастығы Син Фу, сондай-ақ есімдері сол өңірге белгілі ағайынды кәсіпкерлер Қайрат пен Ділшат қарсы алды. Бейресми басқосу болса да, дастарқан үстінде екі ел арасындағы достық және экономикалық қарым-қатынас жөнінде жақсы әңгіме өрбіді. Бұған қоса, Қытай мемлекеті басшылығы тарапынан екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайту үшін Шәуешек қаласына бірнеше миллиард доллар инвеститция тартылып, халықаралық деңгейдегі мықты жобалар жүзеге асырылып жатқанын естідім. Сонымен қатар осы басқосуда Тарбағатай аймағы басшылығының біздің қандас қарындасымыз Майраға қандай сый-құрметпен қарайтынына көз жеткіздім. Бұл мен үшін, әрине ұмытылмас бір сәт болып қалды десем де болады.Отырыстан шыққан кезде Майраның ұялы телефоны шыр ете түсті. Телефонды көтерген ол: «Иә, қызым, қазір келеміз» деді де, маған бұрылып: «аға, жарты сағат қана уақыт кетеді. Ренжімесеңіз, қызымды мектепке апарып тастайын» деді. Екеуміз өзі тұратын үйдің ауласына келдік. Алдымыздан кішкене ғана сүп-сүйкімді Рана есімді қыз бала шықты. «сәлеметсіз бе, аға?» деп жылы амандасты. Қазақша судай ағып тұр. Дикциясында ешбір акцент байқалмайды. «Балаң қай тілде оқиды?» деп сұрадым Майрадан. «Қытай тілінде» деді. Мен абдырап қарап қалдым. Содан кейін менің көкейімде кептеліп тұрған сұраулы сөйлемді дөп басқандай: «Қазір Шәуешекте таза қазақ мектебі жоқ, аға. Тек аралас мектептер ғана қалды. Сондықтан да Қытай тілінде оқытып жатырмын. Ал үйде тек қазақша ғана сөйлесеміз. Қызым болашақта қазақ, Қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерсе деп армандаймын. Сондықтан, қосымша ағылшынша да оқытып жүрмін. Ал өзім болса аздап орысша үйрене бастадым» деді. Сонымен қатар сөз арасында жалғыз қызы Рананың өнерпаз екенінен де хабардар болдым. Ол 2013 жылдың тамыз айында Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен өнер сайысында қазақтың ұлттық «қара жорға» биін билеп, 1-орын алыпты. Бұған қоса, музыкамен әуестенеді және қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайды екен. Иә, қаншама жыл Атамекенінен жырақ жүрсе де, кіндігінің қаны жат жерде тамса да, өзінің ана тілін ұмытпай, ұлттың әдет-ғұрыптарын дәріптей білу – тарихи отанын, халқын сүйетін және бойында ұлттық рухы бар адамдарға ғана тән қасиет екені ақиқат. Дәл осы сәтте қалың қазақтың арасында жүрсе де, өз ана тілін білмейтін және білуге де тырыспайтын кейбір мәңгүрт ағайындар есіме түсіп, ішім у жалағандай әсерде қалдым.

Майра өзінің игі істері жайлы айтуға ыңғайсызданды ма, көп ашыла қойған жоқ. Содан кейін: «аға, шетелде кәсіпқойлықпен айналысып, көзге түсіп жүрген қандастарымыз жөнінде Мұратхан Шоқан деген ақын әрі оралман жігіт «Қытайдағы қазақ кәсіпкерлері» атты кітап шығарған болатын. Сол кітаптың ішінде біраз мәлімет бар» деп менің қолыма сол кітапты ұстатты. Кітапты парақтап отырып, Майраның кім екеніне сонда ғана толық көзім жеткендей болды. Ол 2008 жылы қазан айында дүниежүзілік аз ұлттардың үздік жеке кәсіпкер өкілі ретінде танылып, Америка, Мексика, Украина, Молдова, Қазақстан, Түркия мемлекеттерінде экономикалық бас қосуларда болыпты. Сонымен қатар Тарбағатай аймағы бойынша «үздік кәсіпкер әйел» атағының иегері екен. Бұған қоса, өзі басқаратын «Рана» (қызының атымен қойылған) сыртқы сауда серіктестігінің жылдық тауар айналымы он миллион доллардан асыпты. Қазақстанға жылына он мың тоннадан астам көкөніс жөнелтуге қол жеткізген. Бұған қоса, екі ел арасында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген отандастарымызға қолдан келген көмегін аямай, тиісті жерінде ақыл-кеңесін де беріп жүретін көрінеді. Қазіргі уақытта ата-анасын қазақстанға көшіріп алып, бар жағдайларын жасап қойған. Елге оралу өз жоспарында да бар сияқты.Қайтатын уақыт та таяды. Шәуешекте бар-жоғы екі-ақ күн болсам да, екі сағаттай өте шықты. Уақыттың тығыздығына қарамастан, қаншама мықты азаматтармен танысып, денсаулығыма байланысты да негізгі шаруамды бітіріп алдым. Көңіліме сол медеу. Шекараға келдік. Кеден бекетінің алдына келіп тоқтаған кезде, сол жерде жиналып тұрған біраз азаматтар жапырыла Майрамен амандасып жатты. Майра мені олармен «ағам» деп таныстырып жатыр. Ал мен болсам іштей мақтауға да, мақтануға да лайықты қарындас тапқаныма қуанып тұрдым. Иә, жат жерде, миллиардтаған Қытай халқының ішінде көптің бірі емес, бірегейі болып жүрген қазақ қызының адамгершілігіне, игі істеріне еріксіз басыңды иесің. Осындайда өзінің білімімен, мәдениетімен, адамгершілік қасиетімен және еңбекқорлығымен екі елдің арасын байланыстырып жүрген Майра Мырзаш қызын шынымен де Шәуешектің шырайы десе де болады. 

«Айқын» басылымы 

Бекен Төлеужанұлы

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621