Жұма, 26 Сәуір 2024
Адасқандар 9024 0 пікір 24 Шілде, 2015 сағат 16:32

ТАЛДЫҚОРҒАНДА БІР ТОП ШАЛ АЛАШ ЕРІНІҢ ЕСІМІН ӨШІРМЕК

Орынборда шыққан “Қазақ” газеті авторларының бірі Біләл Сүлеев және отбасы

Былай қараған адамға болмашы, ішкі мәселе сияқты болып көрінгенімен, қала көшелері мен ауылдық аумақтағы нысан атауларына қатысты сөз қозғағанда абай болуымыз керек сияқты. Әсіресе бұл жұрттың санасына сіңіп, тарихи жазбаларға кірігіп кеткен байырғы атауларға қатысты болса екі шоқып, бір қараған жөн. Бірақ, Талдықорған қаласының ақсақалдары басқаша ойлайтындай…

Негізі қай өңірде болсын, жер-су, аумақ, көше атауларына қатысты мәселе ушығып тұр. Орталық пен солтүстік аймақ, Шығыс облыстардағы ономастикалық проблеманы сан қырынан сипаттап беруге болады. Ал, жері де, елі де қазақылықтан ірге бөлмеген Жетісу өлкесінде жер-су атаулары бір тоға, ұлттық таным мен мемлекеттік талапқа сай сияқты еді… Өкініштісі, осы өлкеде де ішкі атауларды, әсіресе қала мен ауыл көшелерінің атауларын оң жамбасына сай етіп өзгертуді көксейтіндер көбейіп келеді. Мәселен, жақында Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының бір топ ақсақалы жергілікті билік өкіліне салмақты өтініш айтып келіпті. Осы ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің мүшелері Еркін ауылындағы Біләл Сүлеев атындағы орталық көшенің атын ауыстыруды талап етіп отыр екен.

Бұл туралы аймақтағы еркін ойлы «Алатау» газетінде жарық көрген «Сүлеевке шүйліккендер…» атты мақалада егжей тегжейлі баяндалады. Мақала авторы Жемісбек Толымбеков еркіндік ақсақалдардың бастамасының астарынан трайбалистік сарын іздейді. Толымбеков мырза «Ізбасқанов Тортай бастаған ардагерлер Еркін ауылындағы Біләл Сүлеев атындағы көшеге Жалайыр руының Қошқар тармағынан тарайтын Есберлі немесе Еспембет аталардың есімін беру туралы бастама көтеріп жатыр. Ондағы уәждері «Біләл Сүлеевті бұл аумақта ешкім білмейді. Ал, аталарымыз осы өңірді найза ұшымен қорғаған» деген саяды екен…» деп жаза келе, Біләл Сүлеевтің ұлт, қоғам алдындағы еңбегін термелеп, қайраткердің бейнесін сомдауға күш салады. (Мақаланың толық нұсқасы: «Алатау» газеті, № 30, 24.07.2015. 13-бет).

Қадырғали Жалаири

Ал, бұл мәселе бойынша журналистік сұрау салған редакция қызметкеріне әлгі Еркін ауылдық округі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мадияр Нұрахметов былай деп жауап берген екен: «2016 жылдың 1-қаңтарына дейін мароторий жарияланған, ешқандай көше атаулары өзгермейді. Ономастикалық өзгертулерді қазір жергілікті жер емес, республикалық комиссия қарайды. Мына мәселеге келсек, ауыл ақсақалдары келіп, Жалайыр атадан тарайтын кейінгі ұрпақтарының атын берсек деген ұсыныс жасаған. Ол кісілердің атаған есімдерінде Отан соғысына қатысқан, қайтыс болғанына 5 жыл толмаған адамның да есімі болды. Сол себепті, біз ол кісілерге қайтыс болғанына 5 жыл толмаған есімге көше атауын беруге болмайтынын айтып түсіндіргенбіз. Ол кісілер Қадырғали би Жалайырдың аты кейінгі ұрпақтарға өнеге болсын, ұмытып қалмасын деген мақсатты алға тартты…». Бас маманның бұл жауабынан ұққанымыз, жергілікті ардагерлердің Біләл Сүлеевтің атын ауыстыруға білек сыбана кіріскендігі анық екен…

Рас, ел ішіндегі елеулі есімдерді дәріптеу керек. Бірақ ол бұған дейін қалыптасқан дәстүрді бұза отырып жасалмауы керек шығар. Дей келгенде біз бұл бастаманың артынан шынымен рулық санадан арыла алмаған топтың бейнесін аңғарғандаймыз. Ия, тарихи сауатсыздық пен Тәуелсіз еліміздің ұлттық мұраттарын толық түсінбеушілік те болуы ықтимал… Ал, егер  трайбализмнің талдықорғандық түрі болса ше? Онда бұл ақиқатында қауіпті құбылыс ретінде бағаланып, лайықты бағасын алуы тиіс қой!

Айтпақшы, дәл осы жетісулық ардагерлер облыс аумағындағы Ұйғыр ауданының тарихи атауына қатысты ат төбеліндей ынталы топтың жиі көтеретін мәселесінен үнемі қалыс қалуға тырысады…

Ал, Қадырғали би Жалайыр мен Біләл Сүлеевті «қағыстыру»  кімге қажет болып отырғандығы алдағы күндері толық айқындалады деп сенеміз!

 

Jetysunews.kz

(Түпнұсқадағы тақырып: 

Қадырғали би мен Біләл Сүлеевті «қағыстыру» кімге қажет?)

0 пікір