Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 5627 0 пікір 27 Шілде, 2015 сағат 12:53

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕ «МАРОДЕРДІ» ҚОЛДАП ОТЫРҒАН КІМ?

Иманғали Тасмағамбетовке дейін Қорғаныс министрлігінің «қоқысқа» айналағаны туралы айтылып та, жазылып та келді. Қажетсіз, сапасыз қарулар мен әскери техникалардың қара базарына ұқсай бастаған саланың дауы бүгінгі Шығыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген Даниял Ахметов пен Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаевтардың есімімен байланыста өрбігенін ел іші ұмыта қоймаса керек. Абақтының аузынан қайтқан Ертаев Солтүстік Кореяға ұшақзымырандар сатқан топтың шырмауынан әрең шықса, экс-қорғаныс министрі Ахметов Израильден торғай ата алмайтын зеңбіректерді топтап әкеліп, құлақ біткенді шулатқан еді. Аталған саладағы сауда-саттықтың сондай ұсақ-түйек түрі әлі тиылмай тұрғанға ұқсайды. Ratel.kz сайтының жазуына сенсек, енді оңтүстікафрикалық  Paramount Group корпарациясы шығаратын Marauder («Мародер» деп оқи берсеңіз де болады) брономашинасына қатысты әңгіме тууда.

Жалпы, Marauder-дің мықты машина екендігі жарнамалық желілерде желбіреп-ақ тұр, ол туралы, тіпті, халақаралық телеараналарда да арнайы хабарлар аз емес көрінеді. Алайда, аты дардай, мақтауы керемет Marauder ҚР Қорғаныс саласындағы кезекті әскери сынақ-жаттығу кезінде тобық батпайтын батпақты кешіп өте алмапты. Бойы биік, салмағы ауыр машинаны сүйреп шығару қиынға түскен соң амалсыз шынжыр табан танкті «жалдауға» тура келген.

Мақтаулы Marauder осылайша масқара болғанымен қоймай, қорғаныс қабаты 90 миллиметрлік әйнегі кәдімгі Калашников автоматынан атылған үш оқтан соң шытынап сала берген.

Құны жарты миллион доллардан асатын бұл машинаны, тегінде, қалтасы қалың ағайынның кез келгені сатып ала беретін сияқты: өзі өңкиіп инкасаторлар мінетін көлікке ұқсайды. Былайғы жұртқа айбар көрсетіп, мақтану үшін аяқ артпасаңыз – арбиған немемен жауға шабу тым қиын көрінеді. Өйткені, бойы тым биік. Ал, көлемі көлдей техника қарсы жақтың көзіне менмұндалап бірден шалынады. Бірақ, сонда да осы «Мародерді» билікке ықпалды бір кісі Қазақстанға сүйреп әкеліп, оның «сүйек-саяғын» құрастыратын зауыт салып, "Мародерге" "Арлан" деп ат қоймақшы екен. Ол кім? Қысқасы, Қорғаныс саласында «Мародерді» қолдап отырған қандай күш? Әзірге бұл сұрақтың жауабы белгісізідеу.

Әйтсе де, Ratel.kz сайты Оңтүстік Африка елімен әлгі брономашинаны сатып алудың басы-қасында жаяу әскерлер армиясының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майекеевтің (суретте) жүргендігін жазады.  Себебі, Майекеев Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың 21 қаңтардағы (2015 жыл) № 30 бұйрығын елемей, 24 күн сынақтан өтуі тиіс  «Мародерді» бар-жоғы 9-ақ күн әскери жаттығуға жіберген. Неге? Неге «Мародер» өзге әскери техникалар сияқты сынақтар мен жаттығуларға толық қатыспайды?!. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең ел басына күн туа қалса, жаны аяулы «Мародер» қайтпек? Тоғыз күннен соң тоңқайып қалмақ па, әлде... генералдарын тиеп алып елден тайып тұрмақ па?

Abai.kz     

0 пікір