Жұма, 29 Наурыз 2024
Ханталапай 4835 0 пікір 29 Шілде, 2015 сағат 13:00

СЕЛ: МАРОДЕРДІҢ ӨЛІМІ

Табиғаттың құдіреті болар, адам баласы емін-еркін сыйып кетерліктей болып ойылып жасалған қуыстан ақырын ғана аттап-аттап басып шықты да, тырнаның мойынындай ұп-ұзын мойынын ары-бері бұрып, айналаға көз жүгіртіп еді – таң қалғаннан көздері алақандай болып кетті. Алақандай болмағанда қайтсін, түннің бір уағында басталып, көзді ашып-жұмғанша дүниені дүрліктіріп жіберген ғаламат сел... жүріп өткен жерінің бәрін де жайпап өтіпті. Өз көзіне өзі сене алар емес – алапат тасқын атандай-атандай тастарды домалатып әкеліп, қаздай-жездей тізілген коттедждер арасына шашып тастапты. Құдды біреу қолымен әдейілеп тұрып, құмалақ шашып жібергендей – дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Қаланың шіріген бай-бағыландары мен қарапайым қазақтарының қараша үйлері аралас-құралас салынған осынау аумаққа бұл бағана – түнгі екілерге қарай келген болатын. Өзінің жоспары бойынша екі бірдей зәулім үйді үптеп (тонап) кетуге тиіс еді, аяқ астынан басталған алай-дүлей сел тасқыны мұның алдын-ала құрылған жоспарының тас-талқанын шығарды. Әйтеуір өзі аман қалды, әйтпесе атандай-атандай тау тастарының бірінің астында қалғанда, жағдайының не болары тіпті де белгісіз еді. Осы бір қуысқа тығылып үлгерді, апақ-сапақта абдырап жүріп. Сөйтсе де... сөйтсе де «үмітсіз – шайтан» дегендей, мұның жолы оңғарылайын деп тұрған сияқты, өйткені енді ғана ағарып атқан таң шапағының астынан анық көрініп тұр – быт-шыты шығып жайрап жатқан коттедждер мен орташа келген қараша үйлер аумағында тірі жан жоқ. Тіпті де тірі жан жоқ. Тәрізі, кейінгі кездері төтеннен келетін апат атаулыдан әбден жүректері шайлығып қалған қала тұрғындары астаң-кестең басталысымен-ақ үй-мүйлерін, дүние-мүліктерін тастай қашқанға ұқсайды. Ал керек болса, мұндай да сәттілік болады екен-ау, ә! Бұл өзі соңғы уақыттары «қолы жүрмей», соның кесірінен «коллегаларынан» әжептәуір «сөгіс» естіп жүрген әккі «трассовиктердің» (трассовиктер – жол үстіндегі жолаушыларды автобус сияқты қоғамдық көліктерде тонайтын ұрылар) бірі еді, соңғы бірнеше айдан бері «мамандығын» өзгертіп, «домушник» (домушник – үй тонайтын ұрылар) болып кетті – «басекесінің» бұйрығымен. Бұл аумаққа да сол – алдын-ала көзделген, алдын-ала «арнайы зерттеуден» өткен екі коттеджді «тазалап» (тонап) кету мақсатымен келген болатын. Ендігі жоспар өзгеретін болды.

Әлгінде ғана өмір мен өлім арасынан әрең-пәрең дегенде аман шыққан «домушник» айналасына тағы да әккі ұрының кәсіби барлаушыға бергісіз көздерімен тіміскілене қарады. Ешкім жоқ! Точно ешкім жоқ! Анадайда ғана бес-алты адам тау жаққа жалтақ-жалтақ қарап, қаланың орталығына қарай безіп барады. Ал көшелердің өзінде қараң еткен көлік қалмапты. Бар болғандарының өзін тау тастары мен сел айдап әкелген батпақ басып қалған. «Домушник» бірден түсінді. Мұндай сәтті... осыншама аумақта бір де бір адам жоқ мұндай ыңғайлы сәтті босқа жіберіп алмау керектігін «домушник» бірден түсінді. Бірден түсінді де – манадан бері көзінің тура алдында көлбеңдеп тұрған жап-жақын жердегі екі қабатты коттеджге қарай бүкшең-бүкшең етіп зымырай жөнелді. Осындай саяқ «жұмыстары» кезінде жанынан тастамайтын үп-үлкен «қытайский» қара сөмкені қолтығына қысып алды. Бағана... сел басталған кезде тастар тасқынынан аман қалу мақсатымен сасқалақтап, ары-бері безіп жүрген кезде осы сөмкесін лақтырып тастамақшы да болған. Енді міне, сол бір сасқалақ кезде лақтырып тастамағанына да қатты қуанды. Бір кезде бірдеңе есіне түскендай, кенет тоқтай қалды. Тоқтай қалды да – серейген мойнын ирелеңдете созып, көзінің тура алдында алақандағыдай ап-анық көрініп тұрған иесіз үйлерді «домушниктің» әккі көзімен тағы бір қарап өтті. «Дұрыс, - деді өзіне-өзі күбірлей сөйлеп, - құдай өзі бере салайын десе осылай – «форточкадан-ақ» бере салады. Мұндай сәтті тез-тез, әрі тиімді... өте-өте тиімді пайдалану керек. Анау бір қатар-қатар тізілген үш-төрт үйді зырылдатып аралап шықсам болды, мына сөмкем сонымен-ақ толып қалмай ма? Тек... тек арқалауға ыңғайсыз ауыр-пауыр, үп-үлкен заттарды емес, ақша-пақша, алтын-палтын сияқты қымбат нәрселерді сыпырып алу керек те, жылдамдатып таю керек. Әйтпесе шамалыдан кейін бұл аумаққа ЧС-тің адамдары да келіп жетеді. Мұндай сел болатынын «ЧС» (чрезвычайная ситуация комитеті) сияқты, «акимат» сияқты «конторалардың» адамдарға алдын-ал ескертпегені қандай жақсы болды, ә?! Қандай жақсы болды..!»

Кенет... бірдеңе шиқ-шиқ ете қалғандай болды. Селк етті. Селк етті де – шиқылдаған дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді – сол жағында... бір аттам ғана жерде бір ит жатыр екен. Осы маңайдағы байлардың бірінің иті болса керек, әп-әдемі – «ухоженный» қара төбет! Таудан төмен қарай домалаған атандай тастардың бірі кәдімгідей-ақ езіп... байғұсты басып қапты. Дереу жанына жетіп барды да, өзінен көмек сұрғандай көздері мөлие қараған қара төбеттің басынан шіреніп тұрып бірдіні тепті: «Жамандық шақырмашы-ей, итттің баласы!».

Сөйтті де – қайтадан бүкшеңдей жөнелді. «Ұрыста – тұрыс жоқ» деуші ме еді-ей, бір білгіштер?!»

...Айналдырған жарты сағаттың ішінде бес-алты үйдің ішінен «қытайский» қара сөмкесін шытырлаған долларлар мен теңгелерге, алтын-әшекейлерге, қымбат-қымбат сувенирлерге толтырып алған «домушник» бір кезде «уһ!» деп белін жазды. Рақат! Қандай рақат, ә! Бір де бір адам жоқ! «Какое везение, а, какое везение! Сегодня просто повезло! Просто повезло!».

Қала жақтан енді-енді ғана «ЧС-никтердің» көліктерінің шиқылдаған дауыстары естіле бастаған кезде  «домушник» батпақ-батпақ көшелерде шашылып жатқан... бірінің үстіне бірі қолмен қойғандай қаланып қалған атандай-атандай тастардың арасымен мықшыңдап, жан-жағына алақтай қарап кетіп бара жатыр еді... кетіп бара жатыр еді – қайдан шыққаны белгісіз, алдындағы атандай тастың арғы жағынан сумаң етіп бір овчарканың шыға келмесі бар ма? Жай ғана шыға келген жоқ, шыға келген бетте шоқиып отыра қалды да, сасқалақтап қалған «домушникке» қарап ырылдап қоя берді. Ой-бай-ау, енді не істемек керек? Не істемек керек, а? Жалма-жан оң жағына жалт қарап еді – анадайдан андағайлап өзіне қарай жүгіріп келе жатқан «ЧС-никтерді» көрді. Дереу сол жаққа қарай бұрылып кетіп еді, аяғының астында езіліп жатқан асфальт бетіндегі жұп-жұқа батпаққа тайғанап кетті де... тайғанап кетті де - екі қолы ербең-ербең етіп, етпетінен түсті. Сол-ақ екен, тура жанындағы атандай тастардың үстіңгі біреуі кенеттен қытыр-қытыр қозғалып келіп... қозғалып келіп - мұның тура осылайша құлауын күтіп тұрғандай, арқасын езіп-жаншып... басты да қалды. Қыбыр ете алмай қалды. Езіліп барады. Арқасынан басқан атандай тас езіп барады. Ұрлаған алтындары мен доллар-теңгелері салынған «қытайский» сөмкені бауырына баса құлаған еді, әттең-әттең - қызығын көре алмайтын болды-ау! Қызығын көре алмайтын болды енді! Несі бар еді-ай, а, осы бір атасына нәлет алтындар мен ақшаларда, несі бар еді? Кетіп қалу керек еді бағана... кетіп қалу керек еді бағана қала жаққа! Басы аман-сау тұрғанда! Енді не болды, а? Енді не болды? Бітті ғой енді, бітті ғой – енді бәрі де бітті ғой!

Шыбын жаны шырқырап, үзіліп бара жатқанда кешегі «домушник», бүгінгі «мародер» жігіттің есіне өзі әлгінде ғана басынан бір тепкен қазақы қара төбет түсті. Көздері жәутеңдеп, «құтқаршы мені, шығарып алшы мені мына атандай тастың астынан...» деп жалынғандай қыңсылап еді-ау, ә?! «Әй, әттеген-ай, ә, әттеген-ай, ә! Осы бір атасына нәлет алтындар мен ақшаларға ұмтылғанша, сол итті құтқарып қалғаным дұрыс болған болар ма еді, а, сол кезде? «Жеті қазынаның бірі «деуші еді-ау, ә, итті – атамыз қазақ! «Жеті қазынаның бірі» деуші еді..!».

...анадай жерде шоқиып отырған овчарка «ата-бабасында» жоқ әдетті бастап, тұмсығын көкке көтере ұлып қоя берді...

Марат МАДАЛИМОВ

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590