Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 5726 0 пікір 29 Шілде, 2015 сағат 13:34

БІЗДЕ ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯСЫНА ДЕГЕН ҮЛКЕН МАХАББАТ БАР

Қазақтың кемеңгер ақыны, сарқылмас қазынасы - данышпан Абайдың туғанына биыл 170 жыл. Осыған орай қазақтың табаны тиген жердің бәрінде Хакім ата тойын атап өту шаралары мен оның мұраларын ұрпаққа насихаттау жүріп жатыр. Жаңалықтарымызда Абайдың 170 жылдығына туған топырағы Шығыс Қазақстан өңірінде дүбірлі той өтетінін хабарлаған едік. Сондай-ақ, ақын мұрасын дәріптеуден шетел қазақтары да тыс қалмай,  Абай туралы мультфильм түсіріп жатқан шетелдегі қандастарымыз туралы да жазғанбыз. Хакім «Абайдың жолын» ұстанып, жастарды тың ғылымды, озық технологияны игеруге дәріптеп жүрген, «Абайдың балалық шағы» атты 3D-де мультфильм түсіріп жатқан Үрімжідегі қандасымыз Ғұсман Қажытайұлынан телефон арқылы сұхбат алып едік.

- Ассалаумағалейкүм, Ғұсман Қажытайұлы! Әуелгі сұрағымыз, сіздің анимациялық компанияны «Абай жолы» деп атауыңыздың сыры неде? Осы компанияда бүгінде қанша адам жұмыс істейді, олар қаншалықты кәсіби маман?

- Уағалейкүмүссалам! Әрине, біздің компанияның «Абай жолы мәдениет тарату серіктестігі» аталуының өзіндік мәні бар. Компаниямыздың құрылу алдындағы негізгі бағыты – техникаға сүйеніп, мәдениет саласында қызмет ету болды. Яғни, 3D  технологиясына сүйеніп мәдениет таныстыру, нарық жарату. Сондықтан бізге жаңалыққа уәкілдік ететін, өз руханиятымызға уәкілдік ететін, әрі, халық естігенде бірден есте қалатын ат қажет болды. Сөйтіп, кең ойланып, терең толғанып, компаниямыздың атын «Абай жолы» деп атадық. Абай жолы – жаңалыққа, ғылымға бастайтын жол. Абайдың жолы тек қазақ халқының ғана емес, ол – күллі адамзат руханиятының даңғыл жолы.

Басқа туысқан ұлттарға бұның маңыздылығын көрсетіп беру үшін, алдымен өзіміз осы жолмен жүре білуіміз керек. Қазір компаниямызда 20-дан астам ұл-қыздарымыз жұмыс істейді. Олардың алдына 5 жыл болды. Жаңадан білім алып, қызметкерлер қатарына қосылып жатқандар да бар. Уақыты келген кезде олар да қосынымызға қосылады. Техникалық қызметкерлеріміз 3D анимациялық экзамендерден өтіп, мемлекеттік қатысты орындардан «толымды аниматор» куәлігін алған жастар.

- «Абайдың балалық шағы» 3D мультфильм «Абай жолының» алғашқы жобасы ма? Бұдан басқа қандай жобалар жасадыңыздар?

- 104 сериядан тұратын «Бала Абай» - компаниямыздың алғашқы жобасы. Егер, бұл сәтті болып жатса, толық метражды фильмдер жасау жоспарымызда бар. Алла жазса, қалған жобаларды уақыт келген кезде халыққа ұсынатын боламыз.

- «Абайдың балалық шағы» 3D мультфильмінің сценарийін кімдер, қалай жазды? Қандай деректер мен кітаптарға сүйендіңіздер? Қазақстандағы абайтанушылардан кеңес алдыңыздар ма?

- Мультфильмінің сценарийін Қазақстан азаматтары мен осы жақтағы қандастарыңыз ортақ ақылдасып жазған. Көптің кеңесіне жүгіндік. Бұған қазақтың мифтік аңыздары мен Мұхтар Әуезов атамыздың «Абай жолы» романы негіз етіп алынды. Бірақ, 100 пайыз романмен сай емес. Өйткені бұл мультфильмде Абайдың бала кезі, қазақ балаларының үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын тәрбиелілігі, қиыншылық алдында сабырлылығы мен тапқырлығы, ала жіпті аттамайтын адалдығы мен ақылды Абай образы сомдалады. Негізінен балалық шағы айтылады.

- Бір сұхбатыңызда «Біз кемінде 500-ден астам қазақ азаматын анимация саласын игеруге тәрбиелеп шығуымыз керек»,- депсіз. Бұл мақсат бұл күнде қаншалықты орындалды?

- Әрине, бұл 500-ден артық аниматор ұлтымыздың атадан келе жатқан көптеген тартымды мифтік аңыз-әңгімелерін сценарий түрінде немесе толық метражды етіп жасап, дүниеге тарату үшін ешқандай көптік етпейді деп ойлаймыз. 5-6 жыл уақыт кетеді. Біз, әзірге дейін өзіміз тәрбиелеп шыққан техникалық мамандарды қоспағанда, биыл қыркүйекте оқуын бастайтын «Абай» атындағы академиямызға 50 шәкірт қабылдаймыз деп отырмыз.  Келер жылы қабылданатын адам саны бұдан да көп болады.

- Қазақстанда соңғы жылдары шыққан «Ер Төстік», «Алдаркөсенің көңілді оқиғалары» сияқты мультфильмдерді қалай бағалайсыз? Көрерменін бірден баурау үшін қазақ анимациясына не жетіспейді?

- Соңғы жылдары Қазақстанда шыққан сіз айтқан және басқа да мультфильмдерге менің емес, халықтың бағасы маңызды ғой. Ең әділі - халықтың бағасы, сөз бар ғой «халық айтса, қалт айтпайды» деген. Біз қолға алған бұл жобамызды, жан дүниемізбен, терең сүйіспеншілікпен, қоғам және ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен, ең соңғы озық технологиялармен халықаралық деңгейге, нарыққа шығаруға күш салып жатырмыз. Тек сонда ғана еліміздің, сондай-ақ, шетелдердің телеарнасында қазақ мультфилімін көрсету мүмкін болмақ. Жалпы, бізде, біздің қосынымызда қазақ анимациясына деген үлкен махаббат бар.

- Қыркүйек айына жоспарлап отырған Абай атындағы аниматорлар академиясының ерекшелігі не болмақ, өзіне жүктеген міндеті қандай?

- Қыркүйек айында оқу бастайтын академия Шыңжаңдағы бірден-бір анимациялық академия. Сондай-ақ, бұл Шыңжаңдағы тұңғыш реткі мемлекеттік жоғарғы оқу орны мен анимациялық компанияның бірлесіп қолға алған жобасы. Міндеті – бірнеше жылдық оқу арқылы мемлекеттік өлшемнен өткен толымды аниматорлар тәрбиелеп шығу. Сондай-ақ, студенттерімізді мемлекет мойындайтын ЖОО беретін біртұтас маман дипломына ие ету. Біз шәкірттерімізге сондай диплом бермекпіз.

- Атажұртқа жиі келіп тұрасыз ба? Қытайдағы қандастарымызбен елдегі бауырларыңыздың мәдени байланысын қалай бағалайсыз?

- Мен Қазақ Еліне жұмыс бабымен жиі барып тұрамын. Екі елдегі қандастардың мәдени байлансын өз басым жоғары бағалаймын. Бұдан кейін де екі елдегі мәдениет жағынан ауыс-түйістер тіпті жоғары өреге көтеріледі деп білемін.

- Абайдың 170 жылдығы Қытайдағы қандастарымыз арасында қалай аталып өтіп жатыр? Жалпы Қытайда Абай қаншалықты насихатталады?

- Абай атамыздың 170 жылдығын бұл жақтағы қандастарыңыз атаусыз қалдырып жатқан жоқ, әралуан жолдармен тойлап жатырмыз. Атап айтқанда ғылыми конференциялар мен түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. «Абай тағылымы – заман айнасы» атты арнаулы бағдарламалар БАҚ арқылы Абай мұраларын ұрпақтар руханиятына әр қырымен таныстырып жатыр.

Ал, Қытай хақының дәл өзі Абайды, әрине, 100 пайызы танымайды. Бірақ та, Абайды білетіндер Абай идеологиясын жоғары бағалайды. Абайды дүниенің озық ойлы философтарымен тең көрмесе, кем көрмейді. Сондықтан Абайдың насихатталуы бұл жақтан жылдан-жылға жоғары белеске көтеріліп келе жатыр. Басқасын айтпағанда, «Бала Абай» мультфильмі табысты шығар болса, онда оны бұл жақтағы мемлекеттік телеарналардан көрсетуге мүмкіндік аламыз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Шығармалық табыс тілейміз!

- Өздеріңізге де үлкен рахмет! Бізді іздеп, көңіл бөліп жатқандарыңызға алғыс білдіреміз! Мен бір ұлттың мәдениеті - сол ұлттың гені сияқты деп ойлаймын. Әр ұлттың мәдениетіне қарап, сол ұлттың өткен тарихта қандай болғанын, қаншалықты озық екенін байқауға болады. Біз басқалардың мәдениетін қабылдаушы ғана емес, өз мәдениетімізді де дүниеге таратушы болуымыз керек. Бұл жұмыс бәрімізге ортақ жұмыс десек те болады. Осы салада ортақ идеямен, жақсы пікірлермен тіл алысып тұрайық. Абайшыл азаматтарға дұғай сәлем айтамыз. Абай атамыздың 170 жылдығы құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай.

Abai.kz

0 пікір