Жұма, 20 Мамыр 2022
Ұлттық Кеңестің үні 4889 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 09:57

ОЛИМПИАДАНЫ АЛМАТЫҒА АРТПАҢЫЗ, Thomas Bach мырза!

Халықаралық олимпиада

     комитетінің   президенті  

 

 Томас Бах мырзаға

 

Ашық хат.

Құрметті президент мырза!

  ХОК шілденің 31 күні 2022 жылғы қысқы олимпиада Алматыда немесе Бейжіңде  өтетіні жайлы шешім шығарады. Әр елдің азаматы үшін олимпиаданың өз мемлекетінде өткені үлкен қуаныш, елінің бүкіл әлемге танылуы абырой. Бірақ  олимпиададан да құнды нәрселер бар екенін ескере отырып, осынау Қазақстан үшін елеулі оқиғаға байланысты шешім шығарар сәтте  қателеспеулеріңізді өтінеміз.  

 Егер сіздер біздің биліктің айтқанының бәрі шындық деп ойлап,  Алматыны таңдасаңыздар, онда қателесесіздер!    «Шындық – көп, ақиқат – біреу»  демекші біздің үкімет  өзіне тиімдісін ғана айтады. Қазақстан  негізінен мұнай, басқа да шикізат өнімдерін сатудың арқасында ғана өмір сүріп келеді. Биліктің «біз кереметпіз, дамып өркендеп жатырмыз»  деген даңғазасының қарапайым халыққа еш қатысы жоқ. Халықтың көпшілігі тұрмыс тауқыметін тартып, қиындықта өмір сүруде. Олардың орташа айлығы 200-300 доллардан аспайды. Зейнеткерлердің зейнетақысы күнкөрісіне жетпейді. Мүгедектердің алатын жәрдемақысы сіздер иттеріңіздің тамағына бөлетін ақшадан да аз. Тағдырдың жазуымен  кемтар туылған  балалардың көбі дәрі алуға жағдайы болмай қиналуда, шет елдерге барып емделуге мүмкіндік таппай қасірет шегуде. Егер қазақтың жарымжан ауру балалары ота жасатуға ақша таба алмай өліп кететін болса, біздің биліктің олимпиада өткізуге моральдік құқы бар ма? Қаражат бөлінсе мыңдаған бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалуға болар еді. 

Бұдан басқа да бізде қордаланып қалған әлеуметтік мәселе шаш-етектен. Өкінішке қарай, біз қаржыны халықтың мүддесіне емес, олимпиада өткізуге жұмсамақшымыз. Ұлттық валютаның құнсызданып, мұнай бағасы түсіп, дағдарыс қысқан кезде біздің биліктің олимпиада өткіземіз деп ақшаны желге шашуы – барып тұрған бассыздық. Норвегия, Швеция  сияқты, тағы басқа бай, дамыған елдердің өзі: «Олимпиада біздің экономикаға ауыртпалық салады», – деп халқының қамын ойлап, одан бас тартып жатқанда, Қазақстанға не жорық! Оның себебі  мынада: біздің билік түрлі даңғаза конференциялар мен форумдар өткізіп, мақтанып, дарақыланып, шетелдіктерге жақсы аттанып көрінуге құштар.

Тағы бір ерекше ескеретін жайт – жемқорлық  індеті жайлаған біздегідей елде олимпиада өткізуге болмайды! Себебі бөлінген қаражат міндетті түрде ұрланады. 2011 жылғы Азиада өткізгеннен түскен табыстан гөрі, сол Азиада өткізуге бөлінген ақшаны ұрлаған жемқорлардан шеккен зиян бірнеше есе асып түсті. Азиада өткізуге қажет деп салынған нысандар өз бағасынан 3-4 есе қымбатқа салынғаны кейіннен анықталды. Қазір бүкіл әлем көз тіккен  ЭКСПО-17-ге бөлінген қаржыдан басшылар миллиондаған доллар ұрлап, құрылыс кешеуілдеп жатыр. Осыдан-ақ 2022 жылғы қысқы олимпиадаға бөлінетін қаржы ұрланатыны түсінікті емес пе? Біздің елдің тағы бір ерекшелігі – ешқандай мемлекеттік сатып алуды  пара бермей жеңе алмайсыз.  Біздің үкімет, Алматы қаласының олимпиада өткізу құқығын жеңіп алуы үшін, сіздерге пара ұсынуы әбден мүмкін. Уақыты келгенде бұның ақ-қарасын анықтап, халықаралық комиссия құрып тексертеміз. 

Құрметті президент мырза!  Алматы  қаласы  олимпиада өткізу құқығын  жеңіп алған  күннің өзінде де, ол өтпей қалуы мүмкін. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден қаржы тапшылығы. Сочи олимпиадасына  50 млрд. доллар жұмсалды. Бізге оның жартысы кеткеннің өзінде экономикамызға ауыр салмақ түседі. Біздің билік біраз спорттық нысандар салынып қойылған дейді. Жарыстың алдында спорт кешендерінің барлығы күрделі жөндеуден өтетіні анық. Оның кейде жаңа нысан салғаннан да  қымбатқа түсетіні мәлім. Бұған қаражатты қайдан аламыз? Әлде Грекия сияқты бір олимпиада өткізуге қарыз алып, соны өмір бойы өтей алмай жүруіміз керек пе?

   Болашаққа деп жинап жүрген Ұлттық қордағы қаржы күн санап азаюда. Бюджет тапшылығы артуда. Жұмыссыздардың саны көбеюде. Бұның арты халықтың тұрмысының күрт төмендеуіне алып келіп, соңы наразылықтар мен толқуларға ұласуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда сіздердің: «Олимпиада өткізетін мемлекет, жыныстық азшылық өкілдеріне түсіністікпен қарап, олардың құқығын бұзбай гей шерулерге тосқауыл қоймауы керек», – деген талаптарыңыз отқа  май құйғандай әсер етеді. Ол кезде «бұл мұсылмандарды қорлау», деп ИМ содырларының назары осында ауады. Бұндай жағдайда ешкім де спортшылардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. 

Қазір Қазақстан Еуразиялық одаққа мүше болды.  Біз оған өз еркімізбен емес, Ресейдің  үркітіп, қорқытуынан кіргеніміз айқын. Бүкіл әлем Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығы үшін санкция жариялап, қысым көрсетіп жатқан кезде, біз  онымен одақтас болып отырмыз. Көршіміз соғыстың аз-ақ алдында тұр. Болашағы бұлыңғыр рублі құнсызданып,  экономикасы күн санап құлдырауда. Бұл біздің экономикамызға тікелей әсер етуде. Оның үстіне Путин жақында «ортақ ақша болады»  деді. Ондай болса біз тәуелсіздігімізден толық айырылып,  «кемедегінің жаны бір»,  демекші құрдымға Ресеймен бірге кетеміз. Осындай жағдайда қайдағы олимпиада өткізу!                                                

Құрметті президент мырза!  Шешім қабылдауға асықпаңыздар, тағы да ойланыңыздар. Мәселені бір жақты қарамай саяси, әлеуметтік жағына назар аударыңыздар. Алматы  қаласы 2022 жылғы қысқы олимпиада өткізу құқығын жеңіп алған жағдайда, егер ол жоғарыда айтылған себептерге байланысты өтпей қалса, онда басты кінәлінің бірі Сіз боласыз және соған жауап бересіз. Біздікі ескерту. Жақсылап ойланыңыздар! Абырой сіздерге де, бізге де керек!

Қазақ ұлттық кеңесі

(Хаттың ағылшын тілінде жазылған нұсқасы ХОК-ке жіберіледі). 

Abai.kz

0 пікір