Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5806 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 11:24

НИЙДЕ ҚАЛАСЫНДА «ҚАЗАҚ – ТҮРІК МУЗЕЙІ» АШЫЛДЫ

Нийде Университеті және Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетті бірігіп ашқан музейде Қазақтардың ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары, бағалы кітаптар қойылған. Музейдің лентасын Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің Профессоры Қазына Аймағанбетқызы және Нийде Университеті Ректоры,  Профессор, доктор Аднан Гурур қиды.

Ашылу салтанатында Нийде Университеті Ректоры Аднан Гурур: «Нийде Университеті және Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті бірлесіп ашқан көрмеге қош келдіңіз! Бүгін бұл жерде Түрік – Қазақ Музейі атында бір музей аштық. Музейдің мұнда ашудағы мақсатымыз, Түрік – Қазақ арасындағы достықты, Түркия және Қазақстан арасындағы бірлікті одан әрі жалғастыру. 2011 жылынан бері Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетімен Нийде Университеттің арасындағы достық жалғасын табуда. Осы достығымызды одан әрі нығайту мақсатында музей ашуды жөн көрдік. Қазақтар мен Түріктер тарих, мәдениет, тіл және дін жағынан ортақ болғанымыз, Түбі бір Түркінің ұрпағы болғанымыз бәріңізге аян. Осы ортақтығымыздың жалғасуы үшін кішкентай болса да үлесімізді қосқымыз келді. Осы жерде екі университеттердің бірлесіп жұмыс жасауы Қазақстан үшін де, Түркия үшін де маңызды нәтижелер беретініне сенімдіміз», - деп ыстық лебізін білдірді.

Өз кезегінде Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетті Профессоры Қазына Аймағанбетқызы:  «Біз өткен жылы «Халықаралық түрік ғылыми-зерттеу симпозиумы» өткізілгеніне өте қуаныштымыз және «Қазақ-түрік бөлім-мұражайының» ашылуы біздің ынтымақтастығымыздың жалғасы болып табылады. Бұл тағы да бауырлас елдермен мәдени байланыстардың шынайылығын растайды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы жалғасып жатқан қарым-қатынастар тарихын нығайтады. Аталмыш өнер мекемесінің өмірге келуі қазақ ұлтының өркениеттін, яғни мәдениетімен әдебиетін кеңірек таныстыруға мүмкіндік береді. Осы уақытта, Нийде университетінде әр түрлі мамандықтар бойынша біздің студенттер білім алып жатыр. Болашақта мектепке дейінгі, бастауыш және музыкалық білім беру саласында екі дипломды білім алуға жыл сайын студенттермен алмасуды жоспарлап отырмыз. Олар тек қана білім алмай, сонымен қатар түрік тілі мен мәдениетін үйренеді» деген ізгі тілегін білдірді.

Бүгінде Нийде Университетінде Қазақстандық 20 шақты студенттер білім алуда және Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің Профессоры Жарқынбике Сүлейменова білім беруде. Қазақстандық студенттер білім алу барысында түрлі мәдени шараларға қатысып Қазақстанның мәдениетін танытып, көк туымызды желбіретіп жүр.

Ләззат Базарбаева

Түркия, Нийде Университеті, Филология Магистранты

Abai.kz

0 пікір