Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 13810 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 15:07

«СОТТА ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ ЖЕҢІЛІП ҚАЛАЙЫН ДЕП ТҰР ҒОЙ...»

Бұған дейін жазғанымыздай, айдың басында Ақтолқын Жәнібекова есімді жас ананы қостанайлық жолпол жол ережесін бұзғанына байланысты тоқтатып, ереже бұзуы туралы хаттаманы Ақтолқынның еркінсіз орыс тілінде толтырған. Азаматтық құқығы бойынша хаттаманы Қазақ тілінде толтырғысы келген Жәнібекованы Досмаилов есімді жолпол «Қазақшаны өз ЕЛІҢДЕ, ауылыңда жазасың» деп қорлаған. Бұл өз кезегінде қоғам наразылығын тудырып еді.  Осы мәселе алғашқында  "Қостанай таңы" газетінен бастау алып, Abai.kz, «Қазақ үні» порталдарында жалғасын тапқан болатын.

Аталған іске байланысты 20 шілдеде әкімшілік сот өтуі тиіс еді. Алайда сот бүгінге шегерілген болатын. Сот қарсаңында аталған мәселеге бірқатар қоғамдық тұлғалар да үлкен алаңдаушылық білдірді. Тілшінің қоңырауына жауап берген Ақтолықынның айтуынша, Руза Бейсенбайтегі ылғи да қоңырау шалып, оған қолдау білдіріп отырған.  Бейсенбайтегі әлеуметтік желіде де қазақ тілін сыйламайтын полицейге қоғам назарын аударуға шақырды. Ақын, Қуаныш Мұқатай бүгін, өзінің әлеуметтік желідегі парағында: «Жаңа ғана менің ұялы телефоныма Қостанай қаласынан Ақтолқын Жәнібекова қоңырау соқты. "Қуаныш аға! Соттың алдында тұрмыз. Сержант Дәулет Досмаилов өзінің ісін дұрыс деп тауып, бар жаланы менің өзіме жабайын деп тұрған сыңайлы. "Мойныма ештеңені де алмаймын" деп бет бақтырар емес. "Сотта мен жеңілсем қайтер дейсіз, сотта қазақтың тілі жеңіліп қалайын деп тұр ғой, ағатай-ай!!!" - деп Ақтолқын қарындасым жылап жіберді...», - деп сот өтер уақыттан бірнеше сағат бұрын жазды. Ол, сәлден соң соттың жолпол қызметкерлері келмегендіктен сағат 15.00 мин. шегерілгені туралы да хабарлады.  

"Қостанай таңы" газеті жаңа ғана жариялаған материалында Ақтолқын редакцияға шағым айтып келгенде облыстық ІІД бастығы Т.Маткеновке редакция атынан хат жолданған хатқа жауап алғанын жазды. Онда, «Д.Досмаиловтың бұл әрекеті қаншалықты заңды? Хаттамалар тек орыс тілінде толтырылуы міндетті ме?» деген газеттің ресми сұрауы жіберілген. Ресми жауапта Д.Досмаилов әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істі жүргізу тілін нақты белгілемей, заңдылық талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік шара қолданылғаны жазылыпты. 

Ал, Сағат 15:00-ге белгіленген сот туралы Ақын, Қуаныш Мұқатай парақшасында төмендегідей жазба жариялады: "Қостанайдағы мамандырылған сотта жәбірленуші Ақтолқын Жәнібекова мен жәбірлеуші МАИ қызметкері Дәулет Досмаиловтың ісі қаралды. Сот Айткужинов Азамат Муратович жәбірленушінің арызы қанағаттандырылмайды деген үкім шығарды!

Сотқа әзер дегенде келген сержант Д.Досмаилов сотта орыс тілінде жауап берді.   Жәбірленуші А. Жәнібекованың талабынан кейін өзі де қазақша екі сөздің басын әзер қосып отырған сот Айткужинов Азамат Муратовичтың   амалсыздан жасаған  «қазақша сөйлесіңіз» деген ескертпесінен кейін, бір-екі ауыз ғана қазақша бірдеңе деп мұрнының астынан мыңғырлап, соттан шығып кетті. Ақтолқын сотта іркілместен өзінің қызыл бағдаршамға өтіп кеткенін мойындағанын айта келе: «Маған жәбірлеуші жақтың ештемесі керек емес, тек қана Дәулет Досмаилов өзінің қазақ тілін қорлап, маған дөрекілік көрсеткені үшін кешірім сұрасын» деген екен, сот оның сөзіне ешқандай мән бермепті… Ал Д.Досмаилов кінәсін мойындамақ түгілі, қасындағы полиция қызметкерімен Ақтолқынды мазақтап, ыржалаңдап тұрыпты форма киіп келгеніне қарамай.
Сонымен, Қостанайда қазақ тілін қорлау енді сот шешімімен жалғасты!…"

Ақтолқынның "Сотта қазақ тілі жеңіліп қалайын деп тұр ғой, ағатай!" деп шырылдағаны айдай келді. Қазақ тілінің ғана емес осы тілде сөйлейтін барша адамның намысы қоса құлады...

 

Abai.kz

0 пікір