Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5053 0 пікір 2 Тамыз, 2015 сағат 11:34

БІР ҚАЗАҚТЫ ЕКІГЕ ЖІКТЕМЕЙІК

Жуықта газеттен ешкімді де бейжай қалдырмайтын, қуаныш толқытатын, терең сүйсініс туғызатын ақпаратқа кезіктім. Семейде, Қазақстанның өзге де 16 қаласында 23 Ана үйі (орысшасы – Дом мамы) ашылыпты.

Ана үйі тағдыр тауқыметіне ұшыраған жалғызілікті әйелдерге психологиялық һәм әлеуметтік қамқорлық жасайды екен.
– Некеге отырмай туған әйелге, – дейді аталған ақпаратта «Ана үйі» игілік қоры директорының орынбасары Нәдия Боранбаева ханым, – отбасы, қоғам тарапынан сөге жамандаушылық жиі ұшырасады. Кейде отбасының кәріне килігіп қуылады. Істеп жүрген жұмысынан айырылады да қайда барарын білмей қаңғырып далада қалғандай болады. Ондай жас ана шақалағын жетім балалар үйіне тапсырады. Кейіндер сол ағаттығы үшін өмірі өксіп өтеді.. Міне, сондай қиындық, ауыртпалыққа ұшыраған әйелді біз Ана үйіне шақырамыз. Онда керекті жағдайдың бәрі жасалған. Нәрестесі екеуіне тұруға жеке бөлме беріледі. Тамағы, дәрігерлік көмек – үш жыл бойына бәрі тегін. Әйелдің былайғы болашағының жарқын болуы жайы да ұмытылмайды. Белгілі бір мамандыққа ие болуы жағы қарастырылады. Компьютерлік курстан өтеді. Тігін цехында киім пішіп-тігуді үйренеді. Жергілікті билік орындары да ондай мүскін жандарды ұдайы назарында ұстап отыруы мақсатында тиісті меморандум шартқа отырамыз…
Соңғы бірнеше жыл ішінде 990-ға жуық әйелге көмек көрсетілді. Тең жарымы туған отбасына оралды.
– Бұдан өзге, баласынан бас тартқан әкелерге де тиісті ықпал етуге тырысамыз. – дейді Нәдия Боранбаева. – Басында балапанын тым құрса бір көріп иіскеп кетуге үгіттейміз. Нәтижеде, көбінің әкелік сезімі оянады, жиі қатынап жүріп, ақыры шүйке басы мен сәбиін біржола қанатының астына алады. (Қараңыз: Ангелина Колмакова. «Рожать не стыдно!» «Время» газеті. 28. 2015 жыл.)
«Қазақстан» телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасы бойынша жуықта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген тақырыпта қызу да құнарлы әңгіме өткізілді. Осы телеарнаның «Шетелдердегі қазақ балалары» деген бағдарламасын тебіренбей көре алмайсың. Бір жағынан, туған елінен ажыраған бүлдіршіндерімізге жаның ашиды, екінші жағынан, шет ел әке-аналарының жетімектер үйінен қалап алған сол балапандардың асты-үстіне түсіп адам болуларына барын салып жүрген ақ пейілділігіне шын жүректен ризалық алғыс айтып отырасың.
Осындай ақпараттардан түсініп жететінің айқын. Некелі отбасында туғанға қандай қамқорлық жасалса, некесіз туғанға, оның анасына да сондай аталық қамқорлық жасалуы міндет. Қай-қайсысы да – қазақ, біздердің баламыз ғой…
Әттегене, ақты қара, қараны ақ дейтіндер де кезікпейді емес. Осы мәтел журналист Жолдыбай Базардың «Көрдемше» атты мақаласын («Егемен Қазақстан», 13 маусым, 2015 ж.) оқығаныңда еске оралады.
Автор мақаласының бас шенінде: «Қазақ некесіз туған баланы шеттетіп, көрдемші екенін бетіне басып, намысына тимеген. Егер әлдекім осындай әдепсіздік жасаса, ол айыпталып, жазықсыз жанның жүрегін жаралаған жан ретінде ақсақалдар талқысына түскен» дейді де, мақаласының қалған бөлігінің өн-бойында осы дұрыс қағидасын бұрыстыққа шығарады.
Олай құйғытып, былай құйғытып келіп, ақыры сала құлаш мақаласының соңында «…Бүкіл қоғамды көрдемшелердің көбею үрдісіне тіксіне, үрке қарайтындай деңгейге жеткізген жөн.» деген үзілді-кесілді қорытынды жасайды.
Біздіңше, күрделі мәселені бұлайша шешудің пайдасынан гөрі зияны әлдеқайда мол.
«Мамандардың айтуынша, – делінген мақалада, – қазіргі таңда елімізде дүние есігін ашатын бес баланың бірі некесіз туылатын көрінеді…Соңғы он жылда елімізде туған 3 397 652 сәбидің 682987-сі көрдемше».
Мақала авторы бір-екілі емес, соңғы он жылда туған жеті жүз мыңға жуық балаға (көбі қазақ, өз балаларымыз болуға тиіс) «көрден тудың», «арам сідіктенсің» деп бетіне былш еткізіп қарамай жағады. Оларды тапқан ана байғұстардың сілікпесін шығаратынын айтпағанда..
Авторға салсаң, ХХ ғасырдың бас кезіндегі «некесіз бала тууды жат қылық, жабайы әрекет, жиіркенішті жағдай» санаған бұрынғы жағдаятқа қайта оралуымыз керек сияқты. «Орта ғасырларда кейбір монахтар көрдемшелерді өртеп жіберуге үкім де шығарған… Ал Францияда кезінде некесіз бала тапқан әйелді ел азаматтығынан айырып, бір жылға соттап жіберетін пәрмен болыпты». Өткенді өстіп әспеттегенде ол: әттең, сол заман қайтып оралар ма еді дегендей, аузының суы құрып, аһ ұрады..
Енді бір уақытта келіп мақала авторы кешегі Кеңес Одағын жөн жоқ жазғырады. Бұл мемлекеттің күнәсі бір басына жетіп жатыр. Бірақ айыпты да жөнімен тағуға керек қой. «КСРО бойынша бір жылда туған барлық баланың 10 пайызы көрдемше болыпты. Ондай нәрестелерді тапқан аналар «жалғызілікті деп құрметтелген. Содан барып некесіз бала туу айып емес» деген сана орныққан-мыс. «…Кеңес Одағы тұсында осы санаттағылардың үйсіздеріне үй беріліп, бос жүргендері жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Сондай-ақ, балалары 14 жасқа толғанша жұмыстан шығаруға тыйым салынған. Бұған қоса, коммуналдық төлемдеріне жеңілдіктер қарастырылған әрі тұрақты түрде ай сайын жәрдемақы қарастырылған».
«Мұның өзі некесіз туған балалардың артуының елеулі себебі дей аламыз».
Солай-ақ делік. Бірақ нәресте дүниеге келді екен, оған Кеңес мемлекеті теріс айналмай, адамгершілік жасағанын неге ерсілікке жатқызамыз?
Некесіздікке талай тарихи ахуал да себепші болған. Ұлы Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларынан жүкті болған әйелдерден туған перзенттер жөнінде академик Майский Сталинге хат жазыпты. Тез арада олардың фамилияларын өзгертіп, орысша қойып, балалар үйінде тәрбиелеу жөнінде. Осы деректен автор тағы да қисынсыз қорытындыға келеді. «Бұдан біз академиктің неміс сарбаздары кіндігінен тараған балалардың келешекте қауіпті күшке айналуы мүмкін екенін ескертіп, оның алдын алу жолдарын ұсынғанын анық көреміз», – дейді. Ел ішін қан сасытқан сталиндік репрессия аз көрініп, немістен жаратылған балалардың итжеккенге айдалмағанына өкініш білдіретін тәрізді.
Еуропаны фашизмнен азат ету барысында кеңес сарбаздарының немісте, басқа да елдерде қанша баласы қалды? Есебін шығарған ешкім жоқ, ГДР құрылғанға дейін кеңес сарбаздарына неміс әйелдерімен қарым-қатынас жасауына қатаң тыйым салынды. Бірін бірі ұнатқандарының көбі қамауға алынды, ішінара атылып кеткендері де бар. Ондай фактілердің орын алғаны рас. «Әттең, дүние» атты романда (Ш.Елеукенов. 2002) сондай пақырлардың біразының аты-жөні аталады. Шығармада бұл тарихи шындық қанды соғыс трагедиясы ретінде суреттелген.
Жолдыбай Базардың ұсыныс­та­рынан құлаққа енетіні – «Мерейлі отбасы» салтын сақтау. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Мерейлі отбасы» атты республикалық байқаулар өтуде.
Алайда өзге ұсыныстары – қай­шы­лыққа толы. «Көрдемше» мақаласының авторы «Әйелдің міндеті – «адал жолмен таза қанды» ұрпақ әкелу» дейді. Некесіз туған нәрестені арам қандыға санайды! Тағы бір ұсынысы – ультиматум: некеден тумағандарға жаны ашитындарға тосқауыл қою керек. Яки жоғарыда айтылған «Ана үйін» жауып тастауға тиісті екенбіз… Автордың ойынша, некесіз туған балалар «ұлтымызға қасірет қамытын» кигізбек-мыс…
Мақалада себебі дұрыс анықталмаса да, көкірегіңде шер туғызатын бір факт келтірілген. «Некесіз бала көтеріп, одан құтылу үшін түсік жасатып жатқан жас қыздар қаншама». «Бұл жан жабырқатар өмір үрдістері біз секілді демографиялық проблемаларын шешуге мүдделі халық санын өсіруге ниетті елдерге ауыр соққы».
«Көрдемшенің» авторына еріп «некесіз әйелден туған балаға жан көрден бұйырады» дегенге қол қойып, «оларды қазақтың жақтырмасы анық» дегеніне көнсек, арты неге әкеп соқпақ? Тағы да бір саяси науқан ашпақпыз ба? Тағы да бір «тап күресін» жариялауымыз қалды ма?!
Кезінде «Егемен Қазақстанның» бір санынан әлемге әйгілі академик ағамыздың некесіз көрген, бірақ өз есімін берген бір қызы туралы очеркті жабыла, қызыға оқығанымыз бар. Оқыдық та, ол кісінің артында қалған бұл тұяғының да бақытты, ғұмырлы өмір сүруіне тілектестік білдірдік.
Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы ешкімді де туған тегіне қарап алаламайды. Үлкен-кішінің бәрін – қоғамымыздың тең праволы мүшесі санайды.
Ел тыныштығы – кешегі көне тарихымыздың ғана емес, бүгінгі тәуелсіздігіміздің де баға жетпес бас­ты құндылығы. Ұлт бірлігін көздің қарашығындай сақтау – Мәңгілік Ел идеясы салтанат құруының басты шарт­тарының бірі.
Халқымыздың арасында жоқ жерден жік тудырмайық, ағайын!

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.

Baq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610