Жұма, 19 Сәуір 2024
Өзіңе сен 4269 0 пікір 3 Тамыз, 2015 сағат 02:00

РОЗА ИСАЕВА: ОҢТҮСТІКТІҢ БЮДЖЕТ КӨЛЕМІ ҚОМАҚТЫ

Қазiргi экономикалық дағдарыс жағдайында бюджет түсiмдерiн толықтыру мен қазына қаржысын уақтылы және нысаналы жұмсау – қаржыгерлер қауымына үлкен сынақ. Оның үстiне облыстың коммуналдық меншiгiн басқаруды оңтайлы жүргiзу де оңай шаруа емес. Осы орайда жоғарыдағы жауапты мiндеттердiң орындалуы жолында күресiп келе жатқан қаржыгерлер алғашқы жартыжылдықты қалай қорытындылады? Бұл жөнiнде ОҚО қаржы басқармасының басшысы Роза Әбдiрқызы ИСАЕВА әңгiмелейдi.


– Өзге облыстармен салыстырғанда Оңтүстiкте бюджет көлемi қомақты. Осыған қарамай бұл бағытта соңғы жылдары едәуiр табыстарға қол жеткiздiңiздер. Биыл осы қарқынды төмендетiп алған жоқсыздар ма?

– Үстiмiздегi жыл экономикалық тұрғыда қиын кезең болып отыр. Соған қарамастан дер кезiнде қабылданған шаралардың нәтижесiнде бiрiншi жартыжылдықта облыс бюджетiнiң түсiмдерi жоспарға сай атқарылып, болжамды түсiмдер артығымен орындалды. Облыс бойынша мемлекеттiк бюджетке 95,6 млрд. теңге түстi. Оның iшiнде жергiлiктi бюджетке, яғни облыстық, аудандық қалалық бюджеттерге түсетiн салықтар мен басқа да түсiмдердiң жоспары 115,6%-ға орындалып, 46290,2 млн. теңге түстi. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 млрд. теңгеге көп.

Атап өтерлiгi, жергiлiктi бюджеттiң кiрiстер жоспары барлық аудандар мен қалалар бойынша асыра орындалды.

Бюджеттiң шығыс бөлiгiн орындау жөнiндегi көрсеткiштер де жылдан-жылға жақсарып келедi. Биылғы 6 айда 227,8 млрд. теңге бюджет қаржысы игерiлiп, жоспарланған меже 97,7%-ға орындалған.

Өткен жыл қорытындысында облысымыз бюджет қаржысының 99,8%-ға игерiлуiн қамтамасыз етiп, республикада көшбастаушылар қатарынан көрiндi.

– Өңiрде әлеуметтiк салаға зор көңiл бөлiнiп келедi. Бұл салаға қарастырылған қаржы мөлшерi қандай?

– Мысалы, бiлiм беру саласына биыл 155,7 млрд. теңге бөлiнiп, оның 6 айда 86,4 млрд. теңгесi игерiлдi. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға өсiп отыр. Денсаулық сақтау саласына 73,6 млрд. теңге қаралса, оның 6 айда жұмсалғаны 38,5 млрд. теңгенi құрады.

Мәдениет, спорт және ақпараттандыру саласына биыл 22,6 млрд. теңге бөлiнсе, мәдениет саласы бойынша 3,5 млрд. теңге, спорт саласы бойынша 7,3 млрд. теңге, ақпараттық кеңiстiк бойынша 0,8 млрд. теңге игерiлдi.

– Бюджет қаржысының қомақты бөлiгi инвестициялық жобаларға және кәсiпкерлiктi қолдауға бағытталып отыр ғой.

– Иә, нақты цифрлармен айтатын болсам, 2015 жылы облыстық және республикалық бюджет есебiнен барлығы 396 нысанның құрылысын жүргiзуге 88,2 млрд. теңге қаралып, 6 айда 41,8 млрд. теңге игерiлiп отыр. Оның 23,6 млрд. теңгесiне 88 мектеп пен 13 балабақшаның, 2,7 млрд. теңгеге 26 аурухана мен емхананың, 3,9 млрд. теңгеге 22 мәдениет және спорт нысанының, 5,8 млрд. теңгеге 36 тұрғын үйдiң, 25,7 млрд. теңгеге 34 су жүйесiнiң, 3 жылу жүйесiнiң, 55 газбен қамтамасыз ету және 20 коммуналдық нысанның құрылысы жүрiп жатса, 15,8 млрд. теңгеге аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың ағымдағы, күрделi және құрылыс жұмыстары жүргiзiлуде.

Ал, кәсiпкерлiктi қолдауға тек бюджет есебiнен 10,7 млрд. теңге бөлiнiп отыр. Оның iшiнде екiншi деңгейдегi банктерден алатын несие пайыздарының бiр бөлiгiн субсидиялауға 2,8 млрд. теңге, ал, кепiлдiкке қойылған мүлiктерiн iшiнара қаржыландыруға 81,0 млн. теңге бөлiнсе, жаңадан бизнестi бастауды қолға алған азаматтарды оқытуға, үйретуге тәжiрибе жинақтауға және оларға несие қаржы беруге 1,8 млрд. теңге бағытталды. Сондай-ақ, «Бизнестiң жол картасы–2020» бағдарламасы аясында 30 нысанның инфрақұрылымдарын жүргiзуге 5,5 млрд. теңге қаралса, оның 1,2 млрд. теңгесi игерiлiп қойды.

– Жекешелендiрудiң екiншi толқыны аясында заңды тұлғалар мен кәсiпорындарды бәсекелестiк ортаға беру жоспары қалай орындалуда?

– 2014–2016 жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысының коммуналдық меншiгiндегi мемлекеттiң қатысу үлесi бар 28 заңды тұлға мен кәсiпорын, әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясының құрамындағы 4 ұйымды бәсекелестiк ортаға беру жоспарланған. Бекiтiлген сату кестесiне сәйкес өткен 2014 жылы жекешелендiруге жататын 6 ұйым электрондық сауда-саттыққа қойылып, оның бесеуi 73926,14 мың теңгеге сатылды.

Ал, биыл коммуналдық меншiктегi 8 ұйымды және әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясының құрамындағы 1 ұйымды бәсекелестiк ортаға беру жоспарланған. Бүгiнге дейiн «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нiң жарғылық капиталындағы 51% мемлекеттiк үлесi 379605,04 мың теңгеге сатылды. «Жасыл Кентау» МКК, Түркiстан қаласының «Муниципалдық базар» ЖШС электрондық сауда-саттыққа шығарылды.

Төлеби ауданының «Өркен» МКҚК бойынша бағалау жұмыстары аяқталып, қазiргi таңда электрондық сауда-саттыққа қоюдың алдыңғы процедуралары жүргiзiлуде. «Облыстық салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы» МКҚК, «Ордабасы» кәсiби футбол клубы» АҚ, «Мақтаарал–Жасыл желек» МКК бойынша мүлiктi бағалау жұмыстары басталды. «Облыстық мектеп олимпиадаларын өткiзу орталығы» МКҚК бойынша жекешелендiрiлетiн ұйымдар тiзбесiнен шығару жұмыстары жүргiзiлуде.

Әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясына қарасты «Иран Бақ-Оңтүстiк» ЖШС осы жылдың қазан айында сауда-саттыққа қойылады. Бұдан басқа бекiтiлген кестеге сәйкес 2016 жылы 14 ұйымды сауда-саттыққа шығару жоспарланған.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
облыстық қаржы басқармасы баспасөз қызметiнiң жетекшiсi.

Abai.kz

0 пікір