Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 50448 29 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 15:33

САЯ ЕЛЕМЕСОВА. ТУЫЛҒАН ЕМЕС, ТУҒАН

Құрметтілерім! Бәріміз филфакта оқимыз. Сондықтан біліп, білмегендерге айтып, ескертіп, көңілге түйіп жүргеннің артығы жоқ. Көпшілігіңізден байқаймын осы әлеуметтік желілерде дос-құрбыларыңызды құттықтағанда «Туған күніңмен!» дегенді «Туылған күніңмен!» деп айтып та, жазып та қолданып жүрсіздер. Негізі «Туған күніңмен!» болуы керек. Кез келген әдеби шығарманы алып қараңыз халқымызда бұрын соңды бұндай сөз тіркесі қолданылмаған. Қазақ тіліндегі ережені алып қараңыз мысалы. «Ыл»деген ырықсыз етістің жұрнағы. Ырықсыз етісте қимылдың иесі болмайды. Осы сөздің дұрыс еместігін айтсақ, анасының туған күні, өзінің туылған күні деп дауласатындар жетерлік. Алайда -ыл жұрнағы өздігінен болған іс-әрекетке қолданылатын ырықсыз етіс жұрнағының бұл сөзге жалғануының орынсыз екендігін аңғармайды. Басқасын қойып, жай мысал келтіргеннің өзінде сәби өздігінен туылмайды. Мұны келген күн, көрген күн деген сөздермен де растауға болады. Дүниеге келінген күн деп айтпаймыз ғой. Осының ара-жігін әр қазақ ажырата білуі керек. ТУҒАН КҮН - әркімнің көз ашып, өмірге келген күні. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 819-бет. ҚР МжАМ Тіл комитеті бекіткен. 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі бар. Қарапайым мысал, егерде «туған күн» тіркесін «туылған күн» дейтін болсақ «өлген күн» «өлілген күн» дейміз бе?! Егер бұлай қолданатын болсақ: Мен туЫЛған, Мен жатЫЛған, Мен отырЫЛған, Мен тұрЫЛған, Мен жүрІЛген...болып кетер еді. "Туылған" деген беріде шықты, өздерінше орысша "День рождения"ны тікелей аударғандағысы сияқты. Қазақ әлмисақтан "Туған күн" дейді. Қазақтың жазушы классиктерінің кітаптарын оқып қараңыздар, бәрінде - "туған күн". Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін қараңыздар (бұрынғысын және қазіргісін) онда да анық жазылған (мағынасы, жазылуы, т.б.) - "туған күн". "Туылған күн"-ді жақтаушылармен талай пікірталастырдым, жазушылардың кітаптары мен сөздіктерден дәлел келтіре отырып, оларға сұрақ қойдым: "Ал маған бір әдеби кітап немесе сөздік көрсетіңдерші "туылған күн" деген сөзі бар?" дедім, ешқайсысы дәлел келтіре алмады. Сондықтан босқа қисая бермей қазақтың сөзін дұрыс жазу (айту) қажет: Туған күн, Туған жер, Туған өлке, Туған ел, т.с.с. Хәкім Абайдың өзі де: «Туғанда дүние есгіін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең» немесе Мұқағалиды алайық: «Бүгін менің туған күнім ой, әлі-ай,
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!». Сол сияқты әулие Шаһкерімді алайық: "Анадан алғаш туғанымда жыладым неге дыбыстап?". Осылардағы «туған» сөзін байқауға болады. Қазақ тілінің өз емле, ережесі және сол үшін арнайы сөздіктер бар, соны сақтау керек. Әркім өз ережесін шығарып, ойына келгенін көже қыла берсе, ТІЛден береке кетеді!

@Filfak stories блогынан алынды

29 пікір