Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4158 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 05:10

Бренд емес – нышан

Жақында осы газеттен «Ой-көкпар» айдарымен берілген «Домбыра ұлттық бренд бола ала ма?» деген материал оқыдым. Пікір жарысына өнертану ғылымының кандидаты, доцент, домбырашы Жұмагелді Нәжімеденов пен экономика ғылымының докторы, профессор Сайра Есімжанова қатысқан. Мені, бір жағынан, жас газет ұжымының жаңалыққа құштарлығы қуантса, екінші жағынан, ағылшынның «бренд» сөзін ала салып, оқырманның ой-құлағына тықпалай беруі ренжітті. Бұл сөзді қазақшалауға болмай ма? Болады. Тілімізді шұбарлата бермес үшін өзге тілден келіп жеткен сөздерге балама табуымыз керек. Бір сөзбен ұғындыру мүмкін болмай бара жатса, екі-үш сөзбен айталық десем, мұның ешқандай ағаттығы жоқ. Заман ағымына қарай шет жұрттардан әкіреңдеп келген сөздің бәрін сол күйінде төрімізге шығара берсек, онсыз да тауқыметті ана тіліміз күні ертең кері мағынасындағы «халықаралық» тілге айналмай ма?

Жақында осы газеттен «Ой-көкпар» айдарымен берілген «Домбыра ұлттық бренд бола ала ма?» деген материал оқыдым. Пікір жарысына өнертану ғылымының кандидаты, доцент, домбырашы Жұмагелді Нәжімеденов пен экономика ғылымының докторы, профессор Сайра Есімжанова қатысқан. Мені, бір жағынан, жас газет ұжымының жаңалыққа құштарлығы қуантса, екінші жағынан, ағылшынның «бренд» сөзін ала салып, оқырманның ой-құлағына тықпалай беруі ренжітті. Бұл сөзді қазақшалауға болмай ма? Болады. Тілімізді шұбарлата бермес үшін өзге тілден келіп жеткен сөздерге балама табуымыз керек. Бір сөзбен ұғындыру мүмкін болмай бара жатса, екі-үш сөзбен айталық десем, мұның ешқандай ағаттығы жоқ. Заман ағымына қарай шет жұрттардан әкіреңдеп келген сөздің бәрін сол күйінде төрімізге шығара берсек, онсыз да тауқыметті ана тіліміз күні ертең кері мағынасындағы «халықаралық» тілге айналмай ма?

Жұмагелдінің қоңыр үнді домбыра мүддесіне сай ашқан және бір ерекше жаңалығын бұрыннан білетін шығарсыздар. Ол – домбыра тартуды сандық жүйемен үйрену, үйрету. Меніңше, ойға қонымды әдіс! Осы орайда айтарым: егер қазақ Жұмагелді қазақы домбыраны тартудың төте жолын, барша бауыр басқан нотадан жеңіл жолын ұcынады екен, одан неге үркуіміз керек? Нотаға неге тырп етпей байланып қалуымыз керек? Сандық жүйе жеке домбыраның да, домбыра оркестрінің де мерейін үстем етсе, біз бұл жаңалықты батыл қолдауға, мақтан етуге тиіс емеспіз бе? Мен – домбырашы емеспін, бірақ оның қоңыр үнін сүйіп тыңдайтын, домбыра тартуды үйренудің сандық жүйесі көкейіне қонған қазақпын, яғни ойы тиянақты Жұмагелдіні жақтаушымын! Жақсылыққа, жаңалыққа жол ашу, насихаттау, қамқорлық жасау керек-ақ. Осы орайда кейде мынадай бір қиялға берілемін: Қазақстанға, Алматы мен Астанаға, басқа да қалаларымызға шетелдік саяхатшылар (туристер) жиі келеді. Сонда олар ат басын тірейтін мейманханалардың бөлмелерінде біздің домбырамыз ілулі тұрса ше? Кім болса да оған бірден назар аударады, қолына алып, дыңғырлатып қызықтайды. Сондай сәтте ол мейманды қарсы алып, орналастырып жүрген, сандық жүйені игерген қазақ жігіт «мінеки, мынадай тәсілмен тез үйреніп алуыңызға болады» деп, домбырашы жігіттеріміздің бірі күй тартып жіберсе, мейман еріксіз таңданар, құмартар еді. Олай істеуге болады, өйткені Жұмагелдінің жеңіл тәсілі туралы түсінік орыс, ағылшын тілдерінде кітап болып шықты. Сол кітап жаңағы домбырамен бірге тұрса, қызыққан мейман қайтарында, көріп жүргеніміздей, ескерткішке қазақтың ұлттық әуен аспабы деп ойыншық домбыраны сатып алмас еді, ол нағыз домбыраны сатып алар еді деймін. Сонда, біріншіден, қазақ мәдениетінің жаршысы, қазақтың ұлттық нышаны – домбыра шет жұрттарға қазақ, Қазақстан туралы әңгіменің бір арқауы болып барса, екіншіден, домбыра көптеп сатылып, экономиканың мүддесіне де қызмет істейді.
Аталған мақаланың тақырыбы «Домбыра ұлттық нышан бола алады!» деп тұрса, жарасар еді. Сірә, таразы басын экономика ғылымы докторының «салмағы» басып кетсе керек: шүбәланушылық сенімнің алдын орай беріпті.
Біз жоқтан бар жасауға емес, бардан жоқ жасауға бейім тұрамыз. Қазақ бір жаңалық аша қалса, оған тезірек жол берудің орнына, «Бұл өзі… қалай болар екен?» деп, есік-тереземізді жаба бастаймыз. Бұған тірлігіміздің барлық саласынан көптеген мысал келтіруге болады. Соның бірі – Жұмагелді Нәжімеденовтің қоңыр үн, сандық жүйе хақындағы ғылыми негізді қызметіне теріс көзқарастың үстем болып тұрғаны. Бұл жүйе бойынша, бұрын домбыра ұстап көрмеген қазақты айтпағанда, домбыраның суретін көргені де екіталай ағылшынның қызығушылық танытып, домбыра тартуды бірер сағатта-ақ үйреніп алғанын білемін, көрдім, ал біздің құзырлы басшылардың, мамандардың ол жаңалыққа құлақ түргенін білмеймін, көрген жоқпын. Өкінішті ме? Әрине!
***
Соңғы кезде электр-домбыра болуы керек деген сөзді де естіп жүрмін. Бір-екі кеште көрдім де. Шанағына сым сұғып қойған. Сұмдық-ай! Ышқына шыңғырған шақар дауыс. Жүйкеңді сипаламайды, жүйкеңді жұлмалайды. Осындай қисық-қыңыр құбылысқа қарсы қадам жасап жүрген домбырашы, күйші, дирижер Жұмагелді Нәжімеденовтің байырғы қазақ домбырасының тіпті рухани мәні мен сәні дерлік байырғы қоңыр үнін іздеп, жоқтап шарқ ұрып жүргеніне мен білгелі он жыл болды. Ет комбинаттарымыздың бірінде домбыраға арнап ішек өңдейтін цех болса екен деп қанша жүгірді?! Табиғи ішек пен жасанды ішекті компьютерлік тәсілмен салыстырып, қой ішегінің артықшылығын дәлелдеп берді. Әттең, құлақ қояр басшы, басты қазақ табылар емес! Басқаны басқа десек, ең алдымен, елең етуге тиіс ұлттық консерваториямыздың тізгін-шылбырын ұстап отырғандар бұдан бұрын да газет арқылы жолдаған сәлеміме селт етпеді.
Қаперге
«Бренд» дегенді «нышан» деп алсақ, «домбыра – қазақтың ұлттық нышаны» десек, жөн болмай ма? «Нышан» – тілімізге сіңіп кеткен араб сөзі, «ішкі құбылыстардың сыртқы белгісі» дейді, яғни қазақ жанының бірден-бір жаршысы, аумалы-төкпелі хал-ахуалының хабаршысы, рухани белгісі ән мен күй десек, ол – домбыраның шанағынан шығып, пернелерін бойлап кететін қоңыр үн – ішектің тіл-дауысы. Қазақты сырт жұртқа танытқан көне өнерінің көшбасы – домбыра. Ендеше домбыра – ұлттық нышанымыз!

 


Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
«Алаш айнасы» газеті 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір