Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Билік 3563 0 пікір 13 Тамыз, 2015 сағат 08:29

«ЭКСПО-2017» ЖАМБЫЛ КӘСІПОРЫНДАРЫНА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНУДА

 

11 тамыз күні Жамбыл облысының тауар өндірушілері тауарларын жеткізу мүмкіндігін талқылау үшін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК бас мердігерлерімен және басшыларымен кездесті.

«Жеткізушілерге қойылатын басты талаптар – баға, сапа және жеткізу мерзімі. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінің идеясы «Болашақ энергиясына» шоғырланғандықтан, жеткізушілерге қойылатын тағы бір талап – бұл тауарлардың экологиялық қауіпсіздігі. Экологиялық қауіпсіздік туралы сертификат бәсекеге қабілеттілік мәселесінде үлкен рөл атқаратын болады», - деп атап өтті өз сөзінде «Астана «ЭКСПО-2017» Басқарушы директоры – баға, сатып алулар және жергілікті мазмұн маркетингі жөніндегі департамент директоры Анна Боева.

Жамбыл облысындағы кәсіпорындар «Жамбылгипс» АҚ, «Азмина-Мрамор» ЖШС, «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС басшылары өз өнімдерінің сапасы, өндіріс көлемі және шығарылып отырған материалдардың артықшылықтары туралы ақпарат берді.

«Жамбылгипс» АҚ гипс өндірумен айналысады, бізде өзіміздің карьеріміз бар. Қазір тәулігіне 600 тонна гипсты өндіре алатын зауыт құрылысы аяқталайын деп отыр, оны 2016 жылы іске қосу жоспарлануда. Гипс экологиялық таза өнім болып табылады, ол жанбайды және уытты заттарды бөлмейді, бұл экологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Қазір біз 30 мың тоннадан аса құрғақ құрылыс қоспаны, гипсокартоннның 8 млн. шаршы метрін және 50 мың тоннаға жуық гипсті өндіріп отырмыз. 2016 жылдан бастап өндіріс көлемі тәулігіне 600 тонна гипсты құрамақ, бұл ЭКСПО-2017 нысандарындағы әрлеу жұмыстарын аяқтауға қажетті бүкіл көлемді қамтамасыз етуге әбден жетеді», - деді «Жамбылгипс» АҚ сауда бөлімінің бастығы Е. Щукина.

Сонымен қатар, кездесуге қатысқан «Азмина-Мрамор» ЖШС директоры Руслан Жетпісбаев өз кәсіпорны өндіретін көк және жасыл мәрмәрдің бірегей қасиеттері жөнінде тарқатып айтып берді.

«Әлемде жасыл және көк мәрмәрді өндіретін тек үш кенорын бар, ол Индияда, Бразилияда және бізде өндіріліп, өңделеді. Негізінен, біз жеке тапсырыс берушілермен жұмыс жасаймыз, алайда қазір біз «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-мен ынтымақтасу туралы келісім-шартқа отыратын болсақ, біз республикалық деңгейге шығатын боламыз», - деп атап өтті ол. Ресми бөлімнің соңына қарай бас мердігерлер мен аймақтық жеткізушілер жұмысқа қатысты мәселелерді талқылап, іскерлік байланыстарды үзбеуге келісті.

2016 жылдың 26 мамырында «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК және Жамбыл облысының әкімдігі облыстағы тауар өндірушілерді ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысына тарту туралы меморандумға қол қойғанын еске саламыз. Осындай кездесулер Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының кәсіпорындарымен өткізіліп қойылған.

 Еске сала кетсек, 

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін 2013 жылдың 15 қаңтарындақұрылды. Көрме Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта өтеді.

Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан аса қонақ 5 миллионға жуық рет келеді деп күтілуде.

 

 

Abai.kz

0 пікір