Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 5773 0 пікір 17 Тамыз, 2015 сағат 11:38

АБАЙ МҰРАЖАЙЫНЫҢ КӨРМЕСІ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА

 

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы Қарағанды облысы Абай ауданы Абай қаласына арнайы қазақтың бас ақынының 170 жылдық мерейтойына арналған шараларға қатысу үшін ат басын тіреді. Ұлы ақынның есімі берілген кеншілер қаласында «Әлем таныған кемеңгер Абай» атты мерекелік шара аясында Абай қорық-мұражайы 2015 жылдың 12 тамызында көрме ұйымдастырды.

Көрме ұлы тұлға, ойшыл-ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметі және Абай ұрпақтары, ақын шәкірттерінің мұрасын мерейтойға қатысушы қауымға таныстыру, насихаттау мақсатында дайындалды.

Көрмеде Абай 1885 жылы Семейдің өлкетану музейіне тапсырған заттар: кісе белбеу, шынаяққап, тері торсық, асатаяқ пен сыбызғы орын алды. Сонымен қатар әнші Әлмағамбеттің домбырасы, кіршомбал және сол замандағы тағы басқа жәдігерлер мен ақынның қоғамдық қызметін дәлелдейтін архив деректері ұсынылды.

Көрмеге келген зиялы қауым, мереке қонақтары мен жас ұрпақ қызушылық білдіріп, Абай шығармашылығы мен қызметі, ақын шәкірттері жөнінде, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын ұрпақтары туралы мәліметтер мен фотосуреттер және мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттайтын баспа өнімдері, мұражай бөлімдері мен қызметі туралы ақпараттармен танысып тамашалады. Көрме бойынша экскурсия жүргізіліп, сұрақтарға жауап берілді.

Абайдың 170 жылдығына арналған шараларды ұйымдастырушы Абай ауданының әкімі С.Шайдаров Абай мұражайының мерекеге ат салысып, көрме дайындағанына ризашылық білдіріп, қорық-мұражайы директоры Ж.Әубәкірге алғыс айтты.

 

Абай қорық-мұражайының жетекші

ғылыми қызметкері М.Мұхамедова

 

0 пікір