Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 7471 0 пікір 19 Тамыз, 2015 сағат 16:52

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:«Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі»

                                                                1.Сөз басы

Қазақ халқы үшін сонау совет өкіметі кезінен тәуелсіздікке шейін күрмеуде қалып келген негізгі мәселелердің бірі – жол қатынасы еді. Бұл да бүгіндері өз шешімін таба бастады. Ауыл тіршілігі қайта маздауда. Бұған бәрін тізбелемей-ақ қояйық,Ақтөбе өңірінде салынған«Хромтау – Алтынсарин», «Жезқазған – Бейнеу» темір жолдары және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы сөзімізге нақты куәлік береді.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында: «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жол мен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс»,– деген еді. Жұртымыздың тұрмысын одан әрі жақсарта түсу мақсатындағы бұл айтып өткен маңызды шаруалар қолға алынуда. Қазақстанның батыс аймағында алдағы кез жоспарланып отырған осы саладағы істердің бірі – «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы. Мұның әу бастағы жобасын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Мұханбет-Шәріп Кенжебай жасап, оны республикалық басылымдарда жариялаған-тын (Қараңыз:Болсайшы жігіттердің бәрі осындай! (Сұхбат). // «Егемен Қазақстан» газеті, 16. 06. 1996 жыл; Д. Нұрмұханбет. Ақ жол – астанамыз Ақмолаға апарар төте жол. // «Егемен Қазақстан» газеті, 18. 04. 1997 жыл). Бірақ ел экономикасындағы қиын кезеңге тап келіп, кейінге ысырылған еді. «Сабақты ине сәтімен». Енді осы идея-жоба жайы он сегіз жылдан соң қайта қозғалуда. Мұның негізі мына жайтқа байланысты еді.

       ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылы 11 қарашадағы Жолдауында:«Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральді автомобиль, темір жол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар: Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау (астын сыздық.-Б.К.); Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань», – деген сөзінен аз уақыт өткеннен кейін үстіміздегі жылы шілденің 14-інде «Какие дороги появятся в Казахстане к 2020 году»деген тақырыппен nur.kz сайтында хабарлама жарияланды. Онда былай деп жазылған: «До 2020 года в рамках программы «Нұрлы жол» в Казахстане планируется реализовать 11 дорожных проектов общей стоимостью 2,4 триллиона тенге. Заместитель председателя Комитета автомобильных дорог МИР Сатжан Аблалиев наглядно представил дорожные проекты страны во время выступления на форуме «Казахстанской национальной ассоциации профессиональных инженеров и консультантов».

       Для реализации программы планируется привлечь займы Международных финансовых институтов – 5,4 млрд долларов (1 трлн тенге), в том числе: Международный банк реконструкции и развития – 3,6 млрд долларов, Азиатский банк развития – 690 млн долларов, Европейский банк реконструкции и развития – 243 млн долларов, Исламский банк развития – 908 млн долларов…

       Центр-Запад с выходом на Астрахань. Самый большой проект, общей протяженностью более 2000 км. На сегодняшний день ТЭО разрабатывается на участке Астана-Карабутак через Торгай и участке Актобе-Макат. Также на днях был подписан контракт на разработку ТЭО на участке Атырау-граница Российской Федерации до Астрахани (Қараңыз: www. nur. kz сайтынан алғанжоба картасын мақаламызда қоса беріп отырмыз).  На участке Бейнеу-Актау ведутся работы, которые будут завершены до конца 2016 года. Проект Центр-Запад будет реализовываться в основном за счет Международных финансовых институтов».Осы «Астана – Торғай – Қарабұтақ»маршруты бойынша жобаланған тасжолға байланысты және мынадай ақпараттар берген:

        Астана – Ақтөбе - 1059 км.

        Стоимость – 1696 млн. долларов США.

        Финансирование – займы ИБР, АБР.

        Подлежить реконструкции – 591 км.

        Новое стройтельство – 290 км.

        ТЗО – 2015 ( объявлен конкурс в мае).

        ПСД – 2015 – 2016 годы.

       Бұған қатысты пікір таластар туындады да (Қараңыз: Н.Сәрсенбайұлы. «Қарабұтақ–Торғай» трассасының қисынсыздығы хақында»// «Егемен Қазақстан» газеті, 26 ақпан 2015ж). Бұл – заңдылық. Пайдалы жағы көп. Әркім өз ойын қорғау мақсатында түрлі дәлелдер ұсынады. Сол баяндалған ойлардың қисынсыздығы, қисындылығы айқындалып, нақты ақиқат жақындай түседі. Рас Маңғыстау түбегін Астанамен жалғайтын болашақтағы «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз – Торғай» тас жолы жайлы ел ішінде әңгіме бар. «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды». Шамасы анық болар. Өйткені Президент Н.Ә. Назарбаевтың сөзі де бекіте түседі мұны. Енді «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы жобасына қатысты ойымызды таңбаламастан бұрын сәл шегініс жасайық.

       Мен де бала кезімнен атақонысым Ырғыздың келбетін көзіммен көріп, тарихын санама құйып өстім. Өзім Тұмабұлақ жақта дүниеге келгенмен Жармола өңірінің де қадір-қасиеті маған ерекше...  

       «Жабасақ», «Басқұдық»совхоздары 1972 жылға шейін Ырғыз ауданының қармағында болды. Кейін тек мал өсірумен айналысатын осы екі шаруашылықты Комсомол ауданына (қазіргі Әйтеке би ауданы.-Б.К.) қосты. Бұл өңірлер бағзыдағы Аманкөл болысына қарасты жерлер еді. Тарихқа қарасаң, тіпті анау Шалқарың да, бір кездері аудан орталығы болған Қарабұтағың да, қазіргі Әйтеке би ауданың да Ырғыздан енші алып шыққандар.

       Біздікі «Қарабұтақ – Торғай» тас жолының қажетілік деңгейін өзіндік көзқараспен, дәлелдермен шама-шарқымызша сараптап көру.

 

 

                                 2. Әйтеке би ауданы экономикасына шолу

       Жалпы қандай да бір салынбақ жолдың, ол темір жол болсын, мейлі тас жол болсын әуелгі басында мүмкіндігінше мына жағдаяттар таразыланып, басты назарға алынады:

       а) жол бойына пайдаланушы және тауар өндіріп тасымалдаушы өндіріс орындарының жақын орналасуы;

       ә) жолдың бір нүктеден екінші нүктеге төте түсуі арқылы қашықтықты азайтудағы һәм шығындарды ықшамдаудағы көрсеткіші.

       Бұл тұрғыдан келгенде «Қарабұтақ – Торғай» тас жолының тура салынуы экономикалық тұрғыдан өте тиімді.Әйтеке би аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Серік Жақыповтың 2014 жылғы статистикалық қорытынды бойынша берген, яғни 2015 жылдың басындағы нақты дереккөздерін куәлікке тартайық.

       Ауылшаруашылық саласы. Ауданда жыл сайын 145000 га жерге дәнді дақылдар егіледі. Мұның 92 % бидай, қалған бөлігі арпа мен тары. Мұнан бөлек 9000 га алқапқа майлы күнбағыс өсіріледі. Бидай өнімін өңдеуде 5 ірі диірмен жұмыс жасайды. Олар: Ақтасты ауылында «Болашақ» ЖШС, Талдысай ауылында «Щербаков» ЖШС,  Тереңсай ауылында «Агро - Бантт» ЖШС, Құмқұдық ауылында «Құмқұдық» ЖШС, Сарат ауылында «Әсем-Наз» ӨК.

       Жер қойнауындағы ресурстары. Аудан аймағында Бала Талдық мраморы (Талдық), Бөгеткөл никель кен орны (Құмқұдық), Талдық кварц кен орны, Теректі ақ мрамор (Комсомол), Қайрақты гранит, Союзный каолин саз балшығы, Бенқала кобальтты - никельденген жез кендерінің көздері бар.

       Сұлукөл селолық округіне қарасты Бенқала кен орнында «KazCoopper» жауапкершілігі шектеулісеріктестігі 2012 жылдан бастап катодты мыс алу жұмысын атқаруда, сонымен қатар «Vertex Holding» ЖШС темір рудасын, «Ақтөбе мрамор» ЖШС ақ мрамор өндіруде,жол төсеніштеріне  пайдаланылатын қиыршық тасты өңдеумен айналысатын «Текше тас» ЖШС зауыты аудан орталығы – Комсомол ауылынан 9 шақырым Тасқожа елді мекенінде. «Самара – Шымкент» немесе «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолдарын жаңғырту барысында қолданылған Қияқты тас кен орыны Аралтоғайда, ол тас жолға жақын орналасқан.

       Өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға Әйтеке би ауданында мол мүмкіндіктер бар. Үшқатты елді мекенінде орналасқан Союзный каолин саз балшығын игеруге инвесторлар іздестірілуде. Жамбыл селолық округі территориясында жер қойнауында сирек кездесетін металдар қорын анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілуде.

        Тағы бір айта кетер жайт, даму деңгейі жоғары 7 елді мекен бар екен. Олар: Қарабұтақ, Аралтоғай, Талдысай, Комсомол, Құмқұдық, Сұлукөл, Әйке.

Сонымен 2014 жылдың қорытындысы бойынша Әйтеке би ауданында атқарылған істердің нәтижесіне көз жүгіртсек, инвестиция көлемі 4 млрд. 844 млн теңгені; өнеркәсіп өндірісі 4 млрд. 714 млн. теңгені; металл кендерін өндіру 324 мың тоннаны; мрамор тастарын өндіру 205 текше метрді; қиыршақ тас өндіру 349 текше метрді; ауылшаруашылық өнімі 12 млрд. 145 млн. теңгені; құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд. 952 млн. теңгені; тауарларды өткізу көлемі 1 млрд. 317 млн. теңгені құрап тұр.

       Айтпағымыз, аталмыш жоба жүзеге асып жатса Әйтеке би ауданының ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде дәнді дақылдарды, өңделген ұнды, ет, сүт, теріні өткізу көздеріне, еліміздің батыс, орталық, шығыс аймақтарына жеткізуге мол мүмкіндіктер алады. Облыстың тауар айналымына үлкен пайда әкелмек. Тіпті республикамыздың өзге де бірқатар аймақтары көрші Ресейдің Астрахан, Саратов облыстарымен шығыны аз, тиімді, автокөлік қатынасын орнатар еді. Бұл – «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы қызметінің аса маңызды екенін, қажет екенін көрсетеді.

 

            3. Болашақ тас жол бойындағы тұрмыстың жаңаша тұрпат- жобасы

       Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен үстіміздегі жылы шілде айының 22-сі күні қоғамдық тыңдау кеңесі өтті. Мұнда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Мұқанбет-Шәріп Кенжебай «Жақсы өмір сүрудің жаңа формуласы» деген атаумен болашақта салынар «Қарабұтақ – Торғай» автокөлік тас жолы бойында ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу мен тасымалдаудың логистикалық тізбегін құруға арнап жасаған идея-жобасымен таныстырды. Жиынға Қарабұтақ, Ақкөл, Басқұдық, Жабасақ селолық округтерінің өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мекемелер мен қоғамдық ұйым жетекшілері, бұқаралық ақпарат саласының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Сонымен аталған идея-жобаның мақсаттары мынадай:

       а) келешекте үстінен «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы өтетін, ұзындығы 250 шақырым, ені 200 шақырым құрайтын территорияға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін өндіріс бірлестіктерін және халыққа қызмет ететін инфроқұрылымдық объектілер ұйымдастыру;

       ә) барлық шаруашылықтар мен инфроқұрылымдарды энергиямен қамтамасыз ететін 1 мегаваттық күн сәулесі электростанциясы (2 км х2 км) және жол бойында әр 10 шақырым сайын үш тұғырдағы 0,5 мегаваттық 30 жел электростанциясы орналастыру;

       б) Басқұдық селолық округінің орталығы – Тұмабұлақ аулының солтүстік-батыс батысындағы Айтбай ахунның 20-30 жылдары шығыр салып, егін еккен су қоймасын қайта жаңғырту, тамшылатып суару арқылы Қарашатау бағытындағы 500 га жерді табиғи шабындыққа қосымша мал азығын дайындайтын алқапқа айналдыру, осының нәтижесінде өсірілмек 250000 қойды, 5000 сиырды, 5000 жылқыны жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін шешу;

       в) өнімдерді өңдейтін орындар ашу;

       г) өнімдерді шет елдерге аз шығынмен ыждағатты тасымалдау үшін аэродром салу, т.б.

       Капиталистік жүйедегі мемлекеттер халқы мұндай тұрмысқа әлдеқашан өткен. Сондықтан бұл әсте орындалмайтын қиял емес. Профессор Мұқанбет-Шәріп Кенжебайдың осы идея-жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында: «Аймақтардың өзара байланысын жақсарту – елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады», – деп бағыт сілтеуінен туындап отыр. Салынған тас жолдартек автокөліктердің әрі-бері өткен ағынымен шектелмей, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартатын тетікке айналуы тиіс екенін Президент бұрында ескерткен-ді...

      Сонымен аталған жобаны жүзеге асыруға қаржыны табудың нұсқалары жасалынып, көздері іздестіріліп жатыр.

      Қатысушылар идеяның ел келешегі үшін маңыздылығына тоқталды, ыждағаттылықпен іске асуына тілектестік білдірді.

 

 

 

                             4. Қарабұтақтан Торғайға төте бет түзегенде...

       Бас қосу аяқталған соң Мұқанбет-Шәріп аға 1996 жылы жүріп өткен Торғайға дейінгі аралық өлшемін тағы бір пысықтауды жөн көріп, түс ауа аудан орталығы – Комсомолдан Қарабұтаққа қарай қайта жол тарттық. Басқұдық селолық округінің әкімі Қиялов Әуесхан да бізге қосылды. Көлігіміз – «Нива». Жүргізушіміз – әйтекебилік Кәдірбаев Асқар. Өңірдің ой-шұқыры оған бес саусағындай жақсы таныс екен. Қарабұтаққа жеткен соң ол одометрді (шақырымды өлшейтін құрал) қосты. Торғайға тура бет түзедік. Біршамадан кейін Ақкөлге келдік. Бұрынғы Қарабұтақ ауданында 500-ге жуық түтіні бар ірі шаруашылықтың орталығы болған еді. Совхоздар тарап, жағдай кеткен қиын уақытта елеусіз бір бүйірде қалғандықтан, жұмыссыздықтың салдарынан ауылдың жартысынан астамы басқа өңірлерге қоныс аударған. Қазір селолық округ. Халқының саны – 759. 11 шаруа қожалығы бар. 1 сауда, 2 тұрмыстық қызмет көрсету орны жұмыс істейді. Мұнда сәл аялдап, шақырым өлшеуіш құралын тексердік. Қарабұтақтан 32 шақырым. Ақкөлмен Қарабұтақ арасын көтерме жол жалғап жатыр.

       Шөп басқан жолдың сорабымен төте жүріп, лезде Сақабай тамы деген қонысқа жеттік. Ақкөлден 12 шақырым. Мұнан кейін Ақпансорына келдік. Осы тұста өлшеуіш құралы 10 шақырымды көрсетіп тұрды. Одан әрі Милысорға асып түстік. Бұл – жазушы Сабыр Шариповтың 5-кластың «Әдебиет» оқулығына ертеректе енген «Тайшым Орысұлы» деген әңгімесіндегі кейіпкер Тайшым батырдың мекені. Мүрдесі осы жерде деп естіген едім бала кезден. Руы Төртқараның Бақшағы. 1916 жылы патшаның әйгілі «Июнь жарлығына»  қарсы бас көтеруді ұйымдастырған. Милысор Ақпансорынан небәрі 5-ақ шақырым. «Келесі Қоскөл», – деді жүргізуші. Жолдың сұлбасын қуалап келе жатқан Асқар ағамыз тағы да: «Ана оң жақтағы қабақтың арғы тұсымен тура салсақ 3-4 шақырым кемиді, бірақ мынадай жеңіл көлікке жер бедері мүмкіндік бермейді», – деді. Қанша төте десек те көлденеңнен кездесіп қалатын шұңғыл-жыраға байланысты ара-тұра жол сілемі сәл қияс кетіп, бағытын қайта түзеп отырады. Қоскөл Милысордан 9 шақырым екен. Енді алдымызда – Құрқұдық. Сарат ауылдық округіне қарасты жер. Бұрын қой фермасының орталығы болған. Қазір мұнда жеке қожалықтар орналасқан. Бұған жеткенде одометр 19 шақырымды көрсетті. Құрқұдық аулының дәл іргесінен басталатын көтерме жолға түстік. Тұп-тура Тұмабұлаққа апарады. Бұрынғы «Басқұдық» совхозының орталығы. 1990 – 92 жылдары Комсомол аудандық (қазіргі Әйтеке би ауданы.-Б.К.) статистика бөлімін басқарған Серік Спандиярұлының қолындағы мәліметтерге, басқа да нақты дереккөздеріне сүйенсек, совет өкіметі дәуірінің соңғы жылдарының өзінде шаруашылықта  50 мың бас қой қысқы бағымда болып, жазда қозысымен 96 мыңға дейін көбейіп отырған. 1600 мүйізді ірі қара, 2000 бас жылқы өсірілген. 18 мың га  алқапқа дән сеуіп, мемлекетке тиісті мөлшерде жыл сайын астық өткізген. Жекеменшік пен шаруашылықтың мал санын қосып есептегенде 1991 жылғы қаңтардың 1-індегі санақ бойынша 6835 сиыр, 255777 қой-ешкі болыпты. 493 шаңырақ, халқының саны – 2687 еді деп куәлік береді деректер. Тарихы терең мекен. Бетке ұстайтын игі жақсылары көп. Шынтай Ырғызбаев, Құтпанбет Ақпанов есімді Социалистік Еңбек Ерлері шыққан аталарымыздың жұрты. Ауылдардың жағдайы кеткен ана бір қиын шақта, бұл елдің де жартысынан астамы өзге жақтарға үдере көшкен-тін. Жоба бойынша үстінен өтетін «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы салынса түтіні түзеліп, аудан, облыс орталықтарына барып-қайтудағы жол азабынан түбегейлі құтылар  еді, Мемлекет басшысы айтқандай, бақуатты тірліктің қайнар көзі ашылар еді... Бүгіндері селолық округте 16 шаруа қожалығы, 4 сауда, 2 тұрмыстық қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Сарыбұлақ елді мекенінде 6 шаруа қожалығы, 2 сауда, 1 тұрмыстық қызмету көрсету орындары бар екен. Халқының жалпы саны – 1204 адам... Күн де байыды, біз де Басқұдық селолық округінің орталығы – Тұмабұлаққа жеттік. Өлшеуіш құралы Құрқұдықтан 19 шақырым екенін көрсетіп тұрды. Бізді құдам Махамбетов Жанайдар қарсылады.

       Ертеңіне, шілденің 23-інде, Тұмабұлақтан Торғайға дейін жоспарлаған сапар бойынша Мұқанбет-Шәріп аға, Жанайдар құда және мен жолға жиналдық. Жүргізушіміз – Маңғалов Нұрболат есімді мың болғыр жігіт. Сонымен басын Тұмабұлақтан алатын Қарақай өзенін батыс жақ бетімен 3 шақырымдай қашықтықта қуалай Торғайды бағытқа алып шығысқа тарттық. Нұрболат одометрді іске қосты. Әуелі Қара қыстау аталатын жерге келдік. Тұмабұлақтан ара қашықтығы 20 шақырым болды. Сонан соң Аяп деген мекенге жеттік. Қарақай өзеніне тақау. Жері шүйгін. Қаптай жайылған мал. Жүргізушіміз Нұрболаттың жеке қожалығы екен бұл. Аяп пен Қара қыстаудың арасы жақын, 5 шақырым. Жолымыз енді одан әрі Әбдірахман тамы деген қоныс арқылы өтеді. Кейінгі карталардың біріне Абдрахам деп, енді біріне Дөсек тамы деп түсірілген. Мұны анықтау қажет. Бірақ тап қазіргі міндетімізге жатпайды. Есентөбе деген жерден кейін бұрыннан қалған жолдың сорабын қуалай жүрсе оңтүстік-шығысқа қарай әжептәуір бұру кетеді. Сондықтан біз үшін түзу бағыт ұтымды. Әбдірахман тамы 35 шақырым. Аяптан төте жүргенде. Бұл ара Қарақай өзенінің оңтүстік-шығысқа қарай кілт бұрылыс жасайтын тұсына жеткенде 8 шақырым болды. Біз мінген «Патриот ФИКАВ»УАЗ көлігі бұрында түскен жолдың ізімен енсіздеу, ағысы үзілген, құрғақ, аса терең емес таяз тұсынан еш кідірісіз өте шықты. Айта кетейік, бұл жерге анау айтқандай көпір орнатудың қажеті жоқ. Көктем, күз айларында ғана су жүреді. Бірақ қай кезде де өткел бермейтіндей ағысы жоқ. Бұған шеңберінің диаметрі кең коллектор құбыр орнатып өтсе де болады деп пайымдаймыз. Пікірімізді өзеннің мына ғылыми анықтамасы да былайша қуаттай түседі: «Ұзындығы 146 км, су жиналатын алабы 3150 км2. Тұмабұлақ ауылының солтүстік-батысынан (5 шақырым жерде) басталып, оңтүстік-батысында жазда құрғап қалатын Күшіккөл көліне құяды. Аңғары 0,5 – 4 шақырым, арнасының ені 40 метрден 125 метрге дейін жетеді. Жайылмасы кең. Жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Су тапшы жылдары арнасының көпшілік жері құрғап, қара суларға бөлініп қалады. Жылдық орташа су ағымы 0,62 м3/с.Суы мал суаруға және жайылымды көлдетіп суландыруға пайдаланылады».

        Келесі Көлбайдың Аққабағы. Қарақай өзенінің бұрлысынан 4 шақырым екен, бұған әп-сәтте жетіп келдік. Айта кетейік, Комсомол аудандық (кейін Әйтеке би аудандық. –Б.К.) «Жаңалық жаршысы» газетінде қызмет еткен 1990-94 жылдары іссапармен әлденеше рет болып кеткен таныс жерлер. Ол кезде иесіз емес еді. «Жабасақ» совхозының мыңғырған малы толтырып тұрушы еді. Осы Көлбайдың Аққабағында жылқышылар отырды. Ен жайлау құлазып тұр. Ел жоқ жайлаған... 10-11 шақырымнан соң әрі қарай Қостанай облысының территориясы.

       Өлкейек өзенінің Қостанай облысы территориясын қиып ағып жатқан бөлігінде, халық аузында «Деревянный мост» аталып кеткен көпір болған ертеректе. Патша заманында Торғай өңірінің қазақтары Жаманқалаға кіре тартқанда өткел қылған деседі. «Деревянный мост» сол дәуірден қалған атау болса керек. Совет өкіметі кезінде де бұл маң пайдаланылған. Болашақ салынбақ «Қарабұтақ – Торғай» тас жолы Өлкейектің тап осы тұсынан өтпек. Енді Көлбайдың Аққабағынан сол жерге дейінгі ара қашықтықты анықтамаққа әрі қарай жүрдік. Келдік. 25 шақырым екен. Ақтөбе облысының Торғай даласымен шектесетін тұсынан есептегенде 14-15-тей. Айналаны шола қарадық. Көпірге зер салдық. Кейініректе топырақты жал қып үйіп жасаған екен. Көліктің еркін жүріп өтуіне ыңғайлап, үстін кең етіп жайып төсеген. Бірақ қазір істен шыққан. Қақ ортасынан әдейі жарып жібергендей опырылып түскен. Бұзылған тұста аумағы кең, іші суға толы тоған пішінді апан пайда болыпты. Жүзіп жүрген балықтар көрінеді. Көліктер қазір бұзылған бұл көпірге таяу жерден салынған басқа өткелден өтіп жатыр.

       Өлкейек өзені жайлы нақты мәлімет мынадай: ұзындығы 349 щақырым. Су жиналатын алқабы 3600 км2. Бастауы Толыбай сағасынан шығыста 3 шақырым жерде. Жантай мен Толыбай өзендерінің қосылған жерінен басталады. Балапан сағасынан оңтүстікте 15 шақырым жердегі Қызылкөлге құяды дейді.  Жоғарғы ағысында белесті жазықпен ағады, аңғары 1 шақырымнан 3,5 шақырымға жетеді. Жайылмасы екі жағында 0,6-2 шақырым. Арнасы 20-30 метр, бұл бөлігінде су жазда қара суларға бөлініп қалады екен. Қабырға өзені сағасынан төмен Өлкейек аңғары жайпақталып 7-8 шақырымға ұлғаяды. Үлкенді-кішілі қарасулар (ең ұз. 9,8 шақырым, ені 50—60 метр, тереңдігі 7 метр) кездеседі. Суы тұщы, жазда кермектенеді. Жылдық орташа су шығыны сағасы тұсында 1,60 м3/сек.

       «Деревянный мост» деп аталатын осы жерден Хан моласы жақын дейді. Көреген саясаткер, сайыпқыран Әбілқайыр хан иемнің асыл сүйегі жатқан мекен. Қазір онда даңқты қолбасшының басына кесене салынып, 22 метрлік биік мұнара құрылысы жүріп жатыр екен. Ұрпақ жадында сақтаудың амалы. Болар елдің қаракеті. Хан моласына 1990 және 1993 жылдары арнайы сапарлап, Әбілқайыр хан зираты жөнінде әр келгенімде мақалалар жазып, аудандық, облыстық басылымдарда жариялағанмын-ды. Келешекте салынбақ «Қарабұтақ – Торғай» тас жолымен ара қашықтығын біле кеткенді де жөн көрдік. Енді ат басын солай қарай бұрдық. Көп ұзамай хан ордасын тігіп, қоныс қылған жерге де келдік. Расында да онша алыс емес, 20 шақырым. Хан иемнің рухына дұға бағыштадық...

 

                                                             5. Тәмам сөз

       Сонымен Қарабұтақ пен Торғайға шейін өзіміз куә болған нақты жайттарды қорытындыласақ, өңірдің жер бедерін жақсы білетін жүргізуші әйтекебилік Асқар Кәдірбаевтың жол бойы көрсетіп, түсіндіруі бойынша сәл кемітіп, Қарабұтақ пен Тұмабұлақтың арасын 106 емес, 103 шақырым деп есептейміз. Ал Басқұдық селолық округінің орталығы – Тұмабұлақ пен  Қостанай облысының әкімшілік-шекарасына дейінгі аралық 82 шақырым. Сонда Қарабұтақтан бұл жер 185 шақырым болып тұр. Демек, Мұқанбет-Шәріп аға Кенжебайдың 187 шақырым деп жүрген пікірі шындық. Тағы да еске сала кетейік қайталап, Өлкейек өзеніндегі өткел, ел аузында аталып жүрген «Деревянный мост» Торғай өңірімен түйісетін біздің Әйтеке би ауданы территориясы шегінен санағанда 15 шақырым. Қазір Ақтөбе қаласынан Астанаға баратын жол айналма, 18 сағаттық, 1458 шақырым. Ал трасса Қарабұтақтан Торғайға тура түссе Елордаға шейінгі жүріс уақыты екі есенің үстінде, 9-10 сағатқа қысқарар еді. Сонда жүк тасымалы қысқа мерзімде қамтамасыз етіледі, шығын азаяды, жүргіншіні физиологиялық ауыртпалықтан құтқарады.

       Және бір аңдағанымыз, Ақтөбе облысының осы аумақтық-әкімшілік шекарасы тұсына дейін көп қаржы шығартып бөгесін болатындай көлемі үлкен сай-сала, батпақ, қалың құм кездеспейді. Жер келбеті аласа төбелі жазық. Шөбі бітік, шұрайлы. Шаруаға өте қолайлы. Яки болашақ «Қарабұтақ - Торғай» тас жолы бақуатты тірліктің көзіне сұранып тұр.

 

 

Бөрібай КӘРТЕН,

Ақтөбе – Әйтеке би – Қарабұтақ – Тұмабұлақ – Өлкейек өзені – Хан моласы.

 

Abai.kz

0 пікір