Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4638 0 пікір 20 Тамыз, 2015 сағат 13:19

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. ЕКІ ҰРЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

(Әзіл ауылының ар жағында, қалжың ауылының  бер жағында болған хикаят)

Бірінші серия

 

  Біраз жерде аты шыққан екі ұры ойда жоқта кездесіп қапты.

-Ассалам..

-Әлейкум...

- Сауда сәтімен деген... Жеріңізді сатыпсыз,зауытыңызды сатыпсыз, фабрикаңызды сатыпсыз, малдарыңызды сатыпсыз.Естіп жатырмыз, құтты болсын!

- Рахмет, тілегің қабыл болсын.Біз сияқты ұрыға бұл дүниенің ең қадірлісі - мал-мүлік емес, алтын мен асыл тастар ғой. Ал, оны құдайға шүкір, бір адамдай жинадым.

- Ойбай, жұрттың айтпайтыны жоқ, бәйбішеңізді де сатып жібергенсіз бе?

- Иә, дүние-мүлкімен құрттым қақбасты. Енді тоқал мәселесі де шешіліп қалар. Айтпақшы, өмірдің шегін айналдыруды мына ағаңнан үйрен.

- Ал!?

- Дойбы деген ойында үш жеп биге шығу деген бар. Мен үш емес, бір жерді төрт тонап, байып жүрмін ғой. Бізде  бюджет деген ақша жиналатын жер бар, соның артық ақшасын шетелге қуып жіберем.Сосын оны елге қайтартып, заңдастырам. Сосын ол ақшаларға бизнес орталықтар сатып алам. Олардан түсетін пайда, өзің білесің, он есе ғой. Ал, енді откат-маткат деген оның бер жағындағы дүниелер ғой. Қалғанын өзің есептей бер.

Сонда ұрының кішісі:

- Ау,пәлі, қадірлі қалқан құлақ ағам-ай.Талай нәрсені сізден үйрендім ғой. Мен қазір триллиондаған қаржысы бар қорды басқарам ғой. Онда менің пәлен мың туысқандарым жұмыс істейді.Олар қалай жаласа да қордың ақшасын бітіре алмай жатыр. Сіз қулық сұмдықтың жаңа мектебін жасаған адамсыз. Ұрлықтың нана технологиясын Сізден үйрену керек екен,- депті.

 

Екінші сериясы...

Екі ұры гөй-гөй әңгіменің дүрілімен, қымбат коньяктің қызуымен стол басында біраз отырып қапты. Бірі: «Ой менің қолым алтын ғой» десе,екіншісі : «бәрін ақылмен шешетін, менің  басым алтын» деп, бір-біріне дес бермесе керек. Екеуі сөйтіп бөсіп отырғанда, бір алып шайтан келіп, екеуінің де желкесінен бүріп ұстап, көкке көтеріп әкетіп: «Елді тонағандарыңмен қоймай, соған мақтанып отыр екенсіңдер, ана дүниеге барғанда дозақтың отына саламын» депті де, жерге қайтадан лақтырып жіберіпті. Содан үлкені  жұмылған көзін ашып,екіншісінен: «жаңағы көргенім түсім бе, әлде өңім бе?» деп сұрапты. Сонда әріптесі «қорыққанға қос көрінеді» деген, мына коньяктің әсері шығар» десе керек.  Бұлардың әңгімелерінің шет жағын құлағы шалып қалған официант: «Алла тағала сендердің жазаларыңды өлгеннен кейін емес, тірі кездеріңде берсе жөн болар еді» деп қапты. Сонда ұрының үлкені: «Бұлар кезінде «қойдың аузынан шөп алмас, момын болушы еді. Енді құлға да тіл бітейін деген екен. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген, мынаны ал да, аузыңды жап» деп, мың долларды официантқа қарай лақтырып жіберіпті. Жас даяшы жігіт: « Арам жолмен тапқан ақшаңмен артыңды сүрт» депті де, кетіп қапты. «Затына қарамай, қара мұның намысқойын» деген екі ұры орындарынан тәлтіректеп тұрып, далаға шыққанда, беттерін бүркеп алған екеу мыналардың бүйіріне мылтықтарын тіреп: «Бұдан былайғы табыстарыңның алпыс пайызын бізге беріп тұрасыңдар» деп талап қойыпты. «Байларға да жан керек» деген, екі ұры көше сойқандарына: «жарайды» деп келісімін берген екен. Сөйтіп екі ұры - екі бай «Бұл жолы да өлімнен ақшаның құдіретімен құтылдық» деп үйлерінің табалдырығын аттаған екен.

 

Abai.kz

0 пікір