Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 4587 2 пікір 21 Тамыз, 2015 сағат 09:04

ТҮРКІ ӘЛЕМІ ҮШІН ОРТАҚ ҒЫЛЫМИ КЕҢІСТІК ҚАЖЕТ

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

– Алтай тауларына халықаралық экс­педиция ұйымдастырылды. Ал­тай­ды таңдауыңыздың сыры неде?
– Алаштың ақиық ақыны Мағжан­ның Алтайды «алтын бесік» деп атауы, оны алтын таққа балауы бекер емес. Мұнда біздің тарихымыз, өткеніміз, ба­тыр бабаларымыздың даңғыл жолы жатыр. 
Екіншіден, осы Алтайда, Қазақ­стан­ның шекаралық белдеуіне жақын орна­ласқан Берел жерінде белгілі археолог, профессор Зейнолла Самашев біраз жыл­дардан бері қазба жұмыстарын жүр­гізіп келеді. Берелден тарихымызды бағамдауға өлшеусіз үлес қосатын ол­жа­лардың табылғаны белгілі. 
Былтыр Зейнолла Самашев сол Бе­релдің үстіндегі Қарақаба жазығында зерттеулер жүргізе отырып, бірнеше музыкалық аспап тапқан болатын. Біз сол қазба жұмысын қолдап, биыл да ары қарай жаңаша сипатта жалғас­тырдық. Оның үстіне бізге Алтайда қаз­ба жұмыстарын жүргізуді мемлекет бас­шыларының Саммитінде тапсы­рыл­ған болатын. 
Бұрын басқалар тарапынан жазы­лып келген біздің тарихымыздың ақ­таңдақ тұстары көп. Соны өзіндік көз­қа­распен, ғалымдарымыздың тапқан ол­жаларымен толықтыра отырып, дү­ние­жүзіне паш ететін уақыт жеткен сияқты. Сондықтан Алтайдан табылған археологиялық олжалар тарихымыз үшін де маңызды деп есептейміз. Осы мақсатта біздің академия халықара­-
лық экспедиция ұйымдастырды. Оны Алтайдан бастап, «Алтай – алтын бе­сік» деп ат қойып отырмыз. Бұған Әзір­байжаннан, Қырғызстаннан, Түр­кия­дан, Татарстаннан, Моңғолиядан, Қазақ­станнан белгілі археологтар, архео­логия институттарының басшылары және танымал мамандар шақыруда. Түр­кі әлеміне қатысы бар бірнеше ұйым­ның басшылары келеді. 
Берелге барып, Қарақаба жазы­ғы­-
на шығу арқылы бірнеше мақсатқа қол жеткізуді көздеп отырмыз. Олар – ар­хео­логиялық далалық семинар ұйым­дас­тыру, түркі елдері археологтарының арасындағы жұмыстарды үйлестіру, бұдан кейін зерттеу жүргізетін орын­дарды пысықтау. Сондай-ақ біз сол жер­­де Моңғолияның тарих және ар­хеология институтымен меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. 
– Халықаралық экспедиция қан­ша уақытқа жоспарланған? Келесі жыл­дары жалғасын таба ма?
– Халықаралық экспедицияны дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етіп отыр­мыз. Бұл түркі тарихына қатыс­ты, бүкіл туысқан жұрттар үшін қас­терлі жерлерде жыл сайын өз жалға­-сын тауып отырады. 
Мәселен, келесі жылды Моңғолия деп белгілеп отырмыз. Себебі ол –біздің Бумын, Білге қағандардың, Күл­тегін батырдың үстемдік жүргізген жері. Археологтардың, білікті маман­дардың басын қосып, «Шивээт улаан» ғұрып­тық кешеніне археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізіп, далалық семинар өткіземіз. Осы экспедицияны кейін түркілердің табаны тиген Ресей, Вен­грия, Иран, Үндістан, Мысыр, Қы­тай және басқа жерлерде жалғастыр­мақ ойымыз бар. 
Өздеріңізге мәлім, жуырда Түркі әлемі Ұлттық Ғылым академиялары одағын құрған болатынбыз. Оның жұ­мысын үйлестіретін органы – Хатшы­лығының жұмысын Түркі академиясы жүргізеді. Сол ұлттық ғылым академия­ларына қарасты археология институт­та­рының басшылары да осы І халықара­лық экспедицияға келеді. Олармен бо­лашаққа ортақ жоспарлар жасауды, бірлесіп кадрлар дайындауды, қазба жұмыстарын бірге жүргізуді осы Ал­тай­дағы семинар барысында қарасты­руды ойластырып отырмыз. Оның үс­тіне, біздің пайымдауымызша, бұл Қа­рақаба жазығында табылған аймақ Жерұйық, Жиделі-Байсын деп айты­латын, көне түркілердегі Ергенеқон дас­танымен сәйкес келеді. 
– Осы дастан туралы таратып айтып берсеңіз...
– Ергенеқон – оғыздардың ара­сын­да кең таралған дастан. Қапыда ауыр жеңіліске ұшырап, елдігінен айырылған жаужүрек түркілердің та­рих сахнасына қайта көтерілгені ту­ралы үлкен әфсана деп айтуға болады. Бірақ әрбір аңыздың астарында шын­дық жататыны белгілі. Жырдағы де­рек­терде түркілер жаудан жеңіліп, шегініп келе жатып, биік таулармен қоршалған, жазира жазығының орманмен қор­шалған жерұйық жерге бекінгені айты­лады. Осы жерде өсіп-өнеді. Бұл жерді олар Ергенеқон деп атайды. 
Тарихи деректерде түркілердің ал­ғашқы атақоныстары белгілі. Сонымен қатар олардың батысқа қарай шегінгені анық. Сонда олардың уақытша тұрақтап қалған Ергенеқон жері Алтай таула­ры­ның құтты қойнауларының бірі болуы керек. Алтайды алтын бесікке теңеуі­міздің себебі де осында деп ойлаймын. 
Алтайда көптеген қасиетті қорым­дар жатыр. Бұрынғы тарихтан мәлім, түр­кілер негізінен, үлкен шайқастарды аталарының сүйектерін қорғау үшін олар жатқан қорымның басында, қа­сиетті жерлерде өткерген. Біздің па­­йым­дауымызша, Берелде де жеңіліс тап­қан соң, үш мың метр биіктіктегі тау­лармен қоршалған Алтайдың Қара­қаба биігіне шығып кеткен сияқты. 
Қарақаба – сол жердегі бір кере­мет жазық. Сонда түркі бабаларымыз барақат өмір сүрген тәрізді. Онда көп­теген металдар, әсіресе алтынның мол қоры болғаны белгілі. Ең бастысы, бұл жер жан-жағының бәрі таулармен қоршаулы, дұшпан ала алмайтын тау жықпылындағы қыранның ұясы сияқ­ты. Сол ұяда өсіп-өнген, көбейген. Та­былған металдармен өздерінің қару-жарақ, сәндік бұйымдарын жасаған. Археологиялық қазба жұмыстарынан көз жеткізгеніміздей, олардың музы­калық мәдениеті, бекзат өнері болған. Соның айғағындай ол жерде былтыр Зейнолла ағаның жетекшілігіндегі топ бірнеше музыкалық аспап тапты. Олар­дың бірі – ағаштан жасалған, біздің дом­быра пішіндес музыкалық аспап, үш құлағы бар, қасында жатқан ағаш оның ысқышы болуы мүмкін. Келесі табылған аспапты кейбір қасиеттеріне қарап, же­тігеннің алғашқы нұсқалары деуге бо­латындай, бірақ бүгінгі аспап­тар­дың ешбіріне ұқсамайды. Тағы бір қорғанда түркі жауынгерімен бірге жер­ленген аспап едәуір жақсы сақтал­ған екен, оны біз көне қобыз деп отыр­мыз. 
Мұның бәрі бізге жалпы осы жа­зықта өмір сүрген қауымның шат-ша­дыман алаңсыз ғұмыр кешкендігін көрсетеді. Яғни жерұйық сияқты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған за­манды бастан өткерген. Одан кейін аңыз бізге сол жауынгер жұрттың қо­рытқан металдарын пайдалана оты­-рып, көк бөрінің жол көрсетуімен төменге түсіп, жауына тұтқиылдан шабуылдар жасап, атамекенін қайта­рып алғанын аңыз ретінде баяндайды. Осылайша, олар Жетісу жері арқылы бүгінгі Сыр бойына келген. Біз мұны Қорқыттың желмаяға мініп, өзіне Жиделі – Байсын іздеген аңызынан да байқауымызға болады. Бір қызығы, осы Қорқытты Мағжан алтайлық тұлға ретінде айтады. Демек, Қорқыттың ата­ларының арғы Өтүкеннен келе жатып, осы Алтай жеріне табан тірегені анық болса ке­-рек. Табылған олжалар да соны айғақ­тап отыр.
– Бұрындары байырғы түркілерде дабыл, даңғырадан бөлек, қобыз ас­пабы болғаны жөнінде айтыла бер­мей­тін еді. Яғни бұл табылған көне қобыз олардың біз ойлағаннан әлдеқайда үл­кен өрке­ниет иесі болғанын көр­-сете ме?
– Бұл аспап әлі де зерттеуді қажет етеді. Өзіңіз білесіз, қобыз – барлық му­зыкалық аспаптардың атасы. Бүгін­-де табылып отырған біздің ең көне қобыз аспабымыз түркі дәуірін, яғни 7-8 ғасырларды меңзеп отыр. Жалпы ас­паптың ұзындығы қазіргі қобыз­дар­мен бірдей, шанағы ожаудың басы пішіндес іші ойылған, дөңгеленген, екі құлақ бұрауы бар. Шанақтың түбінде шекті керіп тартуға арналған тетігі бар. Бұл оның ыспалы аспапқа жататынын айғақтайды. Біз оны қайта қалпына келтірдік. Белгілі қобызшы, Академия­дағы өнертанушы мамандарымыздың бірі Әлқуат Қазақбаев тартып көрді. Дауысы өте айрықша шығады. Үні нә­зік, пішіні кішкентай болғанымен, дау­сы адам дауысына жақын келеді. Сай-сүйекті сырқырататын, табиғатпен үн­дес қоңыр дауысы бар. Шамасы қо­быздың иесі жорық жыршыларының бірі болар, мерт болған кезде қобызды сындырып иесімен бірге көмген. Қа­сындағы жебелерін де сындырып көм­ген. Бұл адамның дүниеден озғанды­-ғын білдіреді. 
Бұл көне аспапты Азия, Еуропаға кең таралған көптеген ыспалы аспап­тардың түпнұсқасы деп айтуға болады. Бүгіндері қытайдағы эрху, монғолдағы моринхур, тувалардағы игиль, алтай­лықтардағы дошпулуур, әзербайжан, армян, грузин, дағыстан, түрік халық­тарындағы кеманча, қырғыздағы қияқ және тәжік, түрікмен, өзбек, ұйғыр, ауған елдеріндегі гиджак аспаптары осы алтайдан табылған көне қобыздың негізінде таралғаны анық. 
Бүгінде скрипканы білмейтін адам жоқ. Оның тарихын зерттеуші еуро­палық ғалымдар әлемдегі ыспалы ас­паптардың бәрін салыстыра келе, осы скрипканы қазақтың қыл шекті қо­бызынан тарағанын дәлелдеген. Оған біздің Парижде өткен жиында да жұрт көз жеткізгендей болды.
– Париж демекші, екі жүзге жуық елдің басын қосатын ЮНЕСКО секіл­ді ұйыммен бірлесіп өткізген осы ауқымды шара табысты өтті ме?
– Парижге барған сапарымыздың негізгі себебі – биыл «Қорқыт ата кі­табының» Дрезден нұсқасының жа­рияланғанына 200 жыл толды. Оны кеңінен атап өтуге байланысты Әзер­байжан Президенті Ильхам Алиевтің Жарлығы шыққан. 
Жалпы, Қорқыт аңыздары қазақта мол сақталған. Сонымен қатар Қорқыт мазарларының негізгісі – Сырдың бо­й­ын­да тұр. Олай дейтіні­міз, Түр­кияның Байбұрт қаласында да, Кав­казда да Қорқыттың мазары бар. Де­генмен де, Қорқыт күйлерінің тек қа­­зақ арасында сақталуы, басқа түркі ха­лықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыз­дарының бүгінге дейін қазақ ар­қылы жетуі – Қор­қыт мұрасының мұ­ра­гері қазақ екенін көрсетеді. 
Бұдан бұрын Қызылордада Қорқыт фестивалі өткізіліп келген болатын. Біз соның ауқымын кеңейтіп, Парижде өткізуді жөн көрдік. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер – Әзірбайжан­­ның, Түркияның, Қазақстанның ЮНЕСКО ұлттық комиссиялары мақұлдады. Тү­рікменстанның ЮНЕСКО ұлттық ко­миссиясының төрағасы да жиынға кел­ді. Осылайша, Сыртқы істер министр­ліктерінің қолдауымен, Түркі кеңесінің де ықылас танытуымен Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қор­қытқа байланысты ауқымды жиын, мәдени шара өткіздік. 
Қорқыт дәуірінің жәдігері – көне қобыздың қазақ жерінен табылуы да біз­ді біршама қанаттандырып, жігер­лендірді. Бастамамызды Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Нау­шақызы Әбдіқалықова қолдап, Қазақ­стан делегациясын өзі бастап барды. Ол кісінің Париждегі ЮНЕСКО штаб пә­терінде арнайы сөз сөйлеуі, Қазақ хан­дығының 550 жылдығына да тоқталып өтуі және ЮНЕСКО бас хатшысы Ирина Бокова ханыммен кездесу ба­рысында көптеген түйткілді мәселе­лер бойынша шешімдерге қол жеткізуі бұл жиынның тағы бір табысы болды. 
Сонымен қатар қазақтың әйгілі скрип­кашысы Айман Мұсаходжаеваға ерекше ілтипатымыз бар. Ол кісі Қазақ ұлттық өнер академиясы ұжымын бас­тап апарып, сонда скрипка мен қо­быз­дың керемет бір симбиоз үйлесімін көр­сетті. Қылқобыз бен скрипка бірі-гіп, Қорқыт күйлерін орындағанда өнердің, мәдениеттің астанасы деп есеп­те­летін Париж жұртшылығы, ЮНЕС­КО-дағы бүкіл елшілер тік тұрып қошемет көрсетті. 
Жалпы, бұл жиынның тағы бір ерек­шелігі – бүкіл түркі елдерінің қобыздан тамыр тартатын дәстүрлі музыкалық аспаптары ЮНЕСКО тө­рінде түгел та­бысты.
Париждегі кешке Әзiрбайжан та­рапынан вице-премьер Элчин Эфен­диев үлкен өнерпаздар тобын бастап барды. Сонымен қатар Түрікмен­стан­нан, Түркиядан, Өзбекстаннан барған өнерпаздардың Қорқыт мұрасын Еуро­паның төрінде жандандыруы – Ха­лықа­ралық түркі академиясының биыл­ғы жылғы бір жетістігі деп есеп­тейміз. 
– Түркі әлемінде интеграциялық үде­рістер белең алып келе жатқаны бел­гілі. Халықаралық Түркі акаде­миясын осы үдерістің қай жерінен көруге болады?
– Түгел түркіге ортақ тұлға Ис­маил Гаспринскийдің «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген ұраны бүгінде күн тәрті­біндегі өзектілігін жойған жоқ. Мұн­дағы істе бірлік– экономикалық бірлік. Тілде бірлік дегеніміз – біздіңше, ортақ мәдениетіміздегі тұтастығымыз. Ал пікірдегі бірлік – идеялардың бірлігі, ғылымдағы, танымдағы бірлігіміз. Бұл біздің Халықаралық Түркі академия­сының атқаруға тиіс миссиясы деп бі­леміз. 
Түркі елдерінің ынтымақтастығын білім-ғылым арқылы дамыту мақ­са­тын­да құрылған Академияның негізгі мін­дет­терінің бірі – барша туыс халықтар­дың ғылыми бастамаларына қолдау көрсету. Осы мақсатта Халықаралық Түр­кі академиясы қысқа мерзімде ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ИРСИКА, Ха­лықа­ра­лық академиялар одағымен және Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Моң­ғолия, Венгрия ұлттық ғылым ака­де­мияларымен, көптеген беделді орта­лықтармен, ЖОО-мен әріптестік бай­ланыс орнатты.
Таяуда Академияға Түркия Респуб­ликасының бұрынғы президенті Аб­долла Гүл мырза келді. Сол кісі Түркі ака­­демиясы түркі интеграциясы үшін маңызды интеллектуалдық тетік екенін, сондықтан оның Астанада орнала-
суы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің тағы бір айқын дәлелі екендігін баса айтты.
– Жақында Дүниежүзілік Акаде­миялар одағына мүше болдыңыздар, Түркі әлемі Ұлттық Ғылым акаде­мия­лар одағы құрылды. Бұл құрылым түр­кі әлеміндегі қандай мәселелерді ше­шуге тиіс?
– Қазір дүниежүзінде көптеген ака­демиялық одақтар бар. Солардың ең ірісі – орталығы Брюссельде орналас­қан Халықаралық Академиялар одағы бізді осы жылдың мамыр айында мү­шелікке қабылдады. 
Дегенмен, тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен мүдделері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ ғылыми кеңістік қажет. Сондықтан Түркі әлемі Ұлттық Ғылым академиялар одағы ең алды­мен, Байқалдан Балқанға дейін аймақ­-та ор­тақ ғылыми кеңістік қалыптас­тырып, ғалымдарымыздың түркі дү­ниесіне ор­тақ мәселелерді бірлесіп зерт­теуіне, бірлескен халықаралық жо­ба­ларды жүзеге асыруына жол аша­тын алтын көпір болады деп білеміз.
Екіншіден, кез келген ынтымақ­тас­тық интеллектуалдық платформа және ғылыми негізде қалыптасады. Сон­дық­тан ғалымдар мен ғылыми институт­тарды қамтитын академиялар осы инте­грацияға Академиялар одағы арқылы белсенді араласа алады. Ортақ жиын­дар әзірлеу, жобаларға атсалысу, жаңа­лықтарды бөлісу – ықпалдастықтың нығаюын жеделдетеді. 
Үшіншіден, түркі әлемі тек тәуелсіз алты елден ғана тұрмайды. Шекара танымайтын ғылым осы халықтарды түркі әлеміне жақындастырады. Біздің алғашқы құрылтай жиынымызға Та­тарстан мен Башқұртстанның қаты­-сып, Саханың қолдау білдіргені соны айғақтайды. Сонымен қатар тамырлас, тағдырлас елдер бар. Атап айтқанда, Ат­тилаға мекен болған Мажарстансыз және Күлтегіннің көк тасы тұрған Моңғолиясыз түркі әлемін елестету мүм­кін емес. Сондықтан Венгрия мен Моңғолия Ғылым академияларының академиялар одағын құруға қолдау біл­діруі үлкен маңызға ие. 
Төртіншіден, түркі елдерінің Ғы­лым академиялары түрлі сипатта болған­дық­тан, ғылым да қилы бағытта дамуда. Мәселен, Түркия батыстық бағытты, ал көпшілігіміз кеңестік жүйені жалғас­тырып келеміз. Сондықтан көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз ететін Одақ арқылы түркі әлемінің ғылымы да біріздене түсер еді. Бұл орайда біз бір-біріміздің тәжірибемізге сүйене оты­рып, өзара қолдау көрсетуіміз қажет. Академиялар одағы бұған жақсы плат­форма болады деген үміттеміз. 
Бесіншіден, қорғалған ғылыми дис­сертациялардан хабардар болмауы­-мыз, ғылыми журналдардың көп та­ралмауы, шетелдік импакт-фактор жур­налдарына тәуелді болу сияқты көп­теген мәселелер бар. Мұндай түйт­кілдерді біріксек шеше аламыз. Ол үшін елдерімізде импакт-фактор журнал­дардың саны мен сапасын артыру мақ­сатында Одақ аясында ортақ индекс құру керек. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 
Өзіңіз байқап отырғандай, Акаде­миялар одағының алдында түрған мін­деттер көп және өзекті. Осы мақсат­тарды көздеп отырған Түркі әлемі Ұлт­­тық ғылым академиялары одағы өз жұмысын бастап та кетті. Оның ал­ғаш­қы төрағасы болып Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов сайланды. Келесі жиын Анкарада өтеді. Одақтың сайты жасалып, бюллетені баспаға әзір­леніп жатыр.
– Биылғы саммиттің Астана қала­сында өтетіні белгілі. Бұл түркі дүниесі үшін қаншалықты маңызды жиын?
– Бұған дейінгі барлық саммит­тер­ден маңызды деп санаймын. Өйткені бұл – алғашқы бесжылдық белесті қо­ры­тындылайтын жиын. Түркі кеңесінің алғашқы саммиті Алматыда өткен бо­латын, содан бері биыл бесінші жыл толып отыр. Одан кейін Бішкекте, Га­балада, Бодрумда өтті. Ұйымдастыру кезегі қайта айналып Қазақстанға ке­-ліп отыр. 
Мұның Қазақ хандығының 550 жыл­дығымен тұспа-тұс келуі де ерекше оқи­­ға деп есептейміз. Бұл біздің мем­лекетті мойындауды, қазақ жерін қара­шаңырақ ретінде тануды әрі Қазақстан Президентінің түркі дүниесіндегі бе­делін де көрсетеді. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасхан
Ұлбосын АЙТӨЛЕН

Айқын газеті

2 пікір