Жұма, 19 Сәуір 2024
Тұлға 7457 0 пікір 24 Тамыз, 2015 сағат 09:17

АБАЙ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Абай мұражайында ақынның 170 жылдығы тойланды


Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында тамыз айының 21 күні Абайдың туғанына 170 жыл және 23 тамыз туған күніне арналған «Хакім Абай» атты мереке аясында мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Мереке «Абай» ескерткіштерінің басына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Келген қонақтар Абай қорық-мұражайының «Тақырыптық көрме» залында өткен Шығыс Қазақстан Өнер мұражайының «Абай. Уақыт. Өнер.» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.

Көрме Абай қорық-мұражайының директоры, ф.ғ.к., доцент Ж.Әубәкірдің құттықтау сөзімен ашылып, Шығыс Қазақстан Өнер мұражайының бөлім меңгерушісі Л.И.Мартыноваға арнайы сөз берілді. Абай мұражайының ғылыми қызметкерлері экскурсия жүргізіп, аталмыш көрмені таныстырды.

Мәдени шара Абай қорық-мұражайының мәжіліс залында ақынның 1885 жылғы өлеңдеріне 130, 1895 жылғы өлеңдеріне 120 жыл толуына арналған «Абайдың әдеби мұрасы» атты әдеби-сазды кешпен жалғасты.

Әдеби-сазды кеш мұражай директоры Ж.Әубәкірдің алғысөзімен ашылды.

Кеште Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті педагогика жоғарғы мектебінің директоры, ф.ғ.д., профессор А.Еспенбетовтің «Адамзаттың Абайы», Абай мұражайының жетекші ғылыми қызметкері М.Мұхамедованың «Ақынның 1895 жылғы өлеңдері» және ұлы ақынның туған жері Абай ауданы «Қасқабұлақ» ауылының М.Әуезов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ҚР оқу ісінің үздігі Л.Ғылымбаеваның «Ұлы ақынның 1885 жылғы өлеңдері» атты баяндамалары тыңдалды.

Кештің құрметті қонақтары Семей қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Б.Көпбайұлына және ақынның ұрпағы Б.Ерсалимовке сөз берілді.

Шара барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Б.Омаров, Семей қаласы Мәдениет сарайының әншісі Ж.Шарипов, Абайдың ән мұрасын насихаттаушы шәкірті Әлмағамбет Қапсалямұлының ұрпағы, әнші Қанат Қабылановтың орындауында Абайдың әндері «Ата-анаға көз қуаныш», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас», «Сегіз аяқ» орындалып, Семей қаласының Әміре Қашаубаев атындағы филармония оркестрінің орындауында Абайдың «Торжорға» күйі ойналып, Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері «Абай» композициясынан қойылым көрсетті.

Облыстық «Абай», «Шәкәрім» оқуларының, «Абайды оқы, таңырқа...» байқауының жүлдегерлері, №15 орта мектептің, 9, 10 сынып оқушылары Н.Төлеуовтің, З.Қадылбекованың және Абай ауданы Көкбай Жанатайұлы атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы А.Тұрғазинаның орындауында ақынның 1885, 1895 жылғы өлеңдері жатқа оқылды.

Кешке Абай ұрпағы Б.Ерсәлімов, қаланың және ұлы ақынның туған жері «Қасқабұлақ» ауылының зиялы қауымы, Мәдениет, әскери мекемелерінің қызметкерлері, ЖОО-ның ғалымдары мен студенттері, Бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

 

Абай рухына тағзым

 

Семей қаласында тамыз айының 21 күні Абайдың туғанына 170 жыл және 23 тамыз туған күніне арналған «Хакім Абай» атты мереке аясында мәдени шаралар өткізілді.

Мереке Пушкин көшесі бойындағы «Абай» ескерткішінің басына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Мәдени шара Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Шарованың алғы сөзімен ашылып, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, ф.ғ.к., доцент Ж.Әубәкірдің құттықтау сөзімен жалғасты. «Абай» ескерткішінің басына гүл шоқтарын қою рәсімі жасалып, Абай рухына тағзым етілді.

Шара барысында Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығымен арнайы Абай мұрасын насихаттау мақсатында концерт ұйымдастырылды. Жас ақындардың ұлы ақынға арнаулары оқылып, Абай әндері орындалды.

Қадірменді қонақтар Абай қорық-мұражайына шақырылып, «Абай» ескерткішінің басына жиналып, гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты жиынға Семей қаласының әкімшілігі, қаланың зиялы қауымы, Мәдениет, әскери мекемелерінің қызметкерлері, ЖОО-ның ғалымдары мен студенттері, Бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Мұражайда Абайдың 170 жылдығына орай жаңа көрме ашылды

 

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойына орай 2015 жылы 21 тамызда Шығыс Қазақстан Өнер мұражайының «Абай. Уақыт. Өнер» атты көрмесі салтанатты ашылды.

2014 жылы Шығыс Қазақстан Өнер мұражайы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Абайды танып, біл!» акциясы аясында бейнелеу өнері туындыларының облыстық байқауында жүлделі орын алған суретшілердің бейнелеу өнер туындылары көрмеге қойылды.

Осы байқаудың «Мүсін», «Тарихи нақтылық», «Тақырыпты философиялық оқу» және «Жас дарын» аталымдары бойынша жеңімпаздары аталған өскемендік Н.Аштема, Е.Тұрғанбаев, семейлік Т.Жұбанышев, Ғ.Макаров, Т.Татиев пен М.Қайырхан сияқты тағы басқа суретшілердің туындылары Семей жұртшылығына ұсынылды.

Көрмені қаламыздың зиялы қауымы, мәдени мекемелердің қызметкерлері, қала қонақтары, Шығыс Өңірлік Қолбасшылығының мемлекеттік тілді дамыту әскери қызметшілері, Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері және мұражай қызметкерлері тамашалады.

Көрме 1 ай бойы мұражай көрермендер назарына ұсынылады. Барлықтарыңызды көрмені көруге шықырамыз!

 

 

Abai.kz

0 пікір