Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 4111 0 пікір 25 Тамыз, 2015 сағат 10:37

«ДАМУ» қоры кәсіпкерлерді қолдауын қысқартпайды

 

 

Теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі «Даму» қорынан қарыз алған кәсіпкерлерге әсер етпейді, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау көлемі бұрынғы деңгейде сақталады,- деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымының орынбасары Дәулет Әбілқайыров. Ол қаржы нарығындағы өзгерістерге қарамастан, аталған қордың бағдарламалары қалыпты жұмыс істей беретінін атап айтты.

«Даму» қоры шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларының қарқынын ешқандай қысқартпайды және төмендетпейді. Керісінше, біздің кәсіпкерлерге беретін көмегіміздің көлемі арта түсетін болады. Атап айтатыным, теңге бағамының өзгеріске ұшырауы қордан қарыз алғандарға әсер етпейді, өйткені, «Даму» бағдарламалары бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру теңгемен ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар, несиелерге жәрдемақша беру кезінде шетелдік валюта да қолданылады. Қазіргі кезде «Даму» қоры бағдарламасы арқылы осындай 27 жоба бойынша жалпы құны 53 млрд. теңгеге қарыз берілді. Алайда бұл кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасының үшінші бағыты бойынша «валюталық тәуекелдерді төмендету» тәсілімен қаржыландырылды. Аталған компаниялардың валюталық тәуекелдері алдын-ала сақтандырылған,- деп түсіндірді Дәулет Әбілқайыров.

Оның айтуынша, аталған қордан қарыз алғандардың арасында шетел ақшасымен берілген несиенің көлемі өте аз, әрі кетсе 3 пайызды құрайды. Алайда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемеге жәрдемақша беруге қарастырылған бюджеттің көлемі 27 млрд. теңгені құрайды. Десек те 2015-2016 жылдарға бұл мақсатқа бөлінген қаражат ешқандай қысқартуға ұшырамайды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымының орынбасары 2015 жылдың соңына дейін қор мемлекеттің қолдауы арқылы жалпы құны 228 млн. долларды құрайтын Азия даму банкінің үшінші траншын алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ең бастысы, бұл жерде қордың барлық тәуекелдері сақтандырылмақ. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне несие тек теңгемен ғана беріледі. – Азия даму банкінің ақшасы аясында 1300 адамға қарыз беруді ойластырып отырмыз, соның нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары пайда болады,- деді Д. Әбілқайыров.

Сонымен қатар, «Даму» қорының өкілі қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының қарқынды жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, бүгінге дейін 5 536 кәсіпкер қарыз алып, сыйақы мөлшерлемесі арқылы мемлекеттен жәрдемақша алу құралын пайдаланған, олардың алған несиесінің жалпы құны 1 трлн. теңгеден асады. Сондай-ақ, «Дамудың» кепілдік беру құралының көмегін 1173 кәсіпкер пайдаланып, 56,3 млрд. теңгеге несие алған.

Әмірлан Әлімжан. 

0 пікір