Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7938 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 08:40

Е. ТОҚТАРБАЙДЫҢ "СЕРТІ" ҺӘМ Д. АМАНТАЙДЫҢ СЫНЫ

Елдос Тоқтарбай. Серт

(хикаят) 

 

 Уәде – Құдай сөзі

Халық мәтелі

 

 Қасиетті   бұлақ

Ерте  көктем  келісімен-ақ, біздің  көшенің  бұзықтары үйеңкі мен сасық теректің  бұтақтарын  сындырып, көк  шыбықтарын  атқып  мініп, ауыл  іргесіндегі  бұлаққа  тарттық. Үйдің  үлкендері  «Әулиетұма –қасиетті бұлақ»,  «суын  ішерде  біссімілла  деуді ұмытпаңдар»  деп  отыратын.

Баламыз  ғой  қайсыбір  ырым, тыйымдарды  сақтап  жатайық. Әулие болса  өзіне, бізге  тек  ақшасы  керек  деп, бұлақ  маңындағы  ағаштарға  байланған  түрлі-түсті  маталар  мен беторамалдарды  ақтарып, ішіндегі  тиын-тебенді  жинап  алып, ауылға  қайтатынбыз. Біздің  ауылда  шипажай  бар емес пе, сондағы  демалушылар  келіп, бұлақтан су ішіп, тиын-тебен  тастап кетеді екен. Бұл әрекет  күнде қайталанатын  еді.

Сондай  кезекті  күндердің  бірінде  Жанат  досым бұлақ  көзіне  қарап тұрып,  шаптырсын де. Мән беріп, қой дейтін біз бе екенбіз, ақшаның  соңынан  жүргенде, жан-жаққа  қарау  деген  бола ма?! Сол  мезетте  Жанаттың  аяқ-қолы  тартылып  қалса  керек, аңырап  жылап  қоя берді. Арамыздағы  естілеу  Ерлан  үлкендер  айтып  жүретін  «біссімілласын»  жиі қайталап,  бірдеңелерді  оқып, бұлақтың  суы мен батпағын  аяқ-қолына  жағып, уқалай  бастап  еді, сотқар  сабазымның  айқайы  басылып, сіресуі  тарқады. Сол  кезде  менің  тұла  бойым дірілдеп, жұдырықтай  кішкентай  жүрегім  кеудеме  сыймай, бақайшағымның  ұшына  түскен еді...  Сонда  ғана  мен пақыр бұлақтың  қасиетін  ұққандай болғанмын.

 

Түс

Бүгін бұлаққа барып келгеннен кейін, мұрттай ұшып, ұйықтап қалыппын. Түсімде ақ шапанды, ала таяқты ақ бас шал келіп:

– Айналайын, сенің болашағың бар екен. Әрқашан аманатқа адал бол! Іңкәрлік таныт! – деді де, ғайып болды. Көрген түсімді әжеме үтір-нүктесіне дейін баяндадым. Әжем: «Ақ сөйле! Аруақ қонған!» деп маңдайымнан сүйіп, оттық тұтатып, аластай бастады. Мен де жақсылыққа жорыдым.

Өршіл мінез

Мектеп жылдары. Мен ол кезде өте мансапқұмар, мақтансүйгішпін. Сыныптың старостасы, мектептің «Жер-Ана» жас экологтар үйірмесінің жетекшісі секілді жоғары лауазымды мансаптар атқарамын. Яғни, қатардағы оқушыдан бір саты биік тұратынымды сеземін. Және осы биігімнен құламау үшін, керісінше, қайтадан жоғары, түу биікке өрлей түсу үшін үздік оқуға тырысамын.  Оның бәрі – өршіл мінезіме тән құбылыс. Сынып түгілі, күллі мектеп оқушылары мені «профессор» дейтін.  «Мұның білмейтіні жоқ», «Энциклопедия» , «Білмейтіні жер астында» деген сықылды сөздерге құлақ етім үйреніп қалған.

 

Сондай күндердің бірінде сынып жетекшіміз Қаламқас Нұрболатқызы: «Сендер енді  7-ші сыныпты да тәмамдайсыңдар. Үш ай демалыстан соң, 8- ші сынып боласыңдар. Енді сендер туған ауылымыз – Аршалының тарихын білулерің керек. Ол үшін үш ай демалыста текке жатпай, ауыл туралы, бұрынғы колхоз туралы мәліметтер жинаңдар!» – деді. Бәріміз ұстаз тапсырмасына келіскендей, басымызды иіп, ишара таныттық. Айбар деген сыныптасым бар, менімен бәсекелес, әлде қарсылас па, ол жағы маған түсініксіз... Сол сынып алдында өзіне ұпай жинамақшы болып:

– Апай, біздің сыныптың старостасы – Сырымның білмейтіні жоқ қой. Ол – біздің сыныптың «профессоры!» Сырым, өзіңнің көшең жайлы айтшы? – деп, маған қарап бір көзін қысты. Барлық сынып оқушыларының назары маған қарай бұрылған.  Өзімнің биігімнен құламай, сынып алдында еңсемді түсірмеу үшін  өз көшемнің тарихын ақтардым:

 – Біздің көше – Аршалы ауылындағы орталық көшенің бірі. Көшенің аты – Қазақтың тұңғыш космонавты Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне берілген, – дедім. Сыныптастарым менің табан астында жауап бергеніме қуанып, ду қол шапалақтады.  Сол қошемет-құрметке марқайып тұрғанымда, Қаламқас апай:

 – Сырымжан, сен қателестің. Ол көше – Тоқтар Әубәкіровтің емес, Жұмаділ Әубәкіровтің атына берілген,  – дегені сол еді, мен де сынып алдында еңсемді түсіргім келмей:

– Апай, Жұмаділ деген кім?  Жұмаділ дегенді бұрындары естіген  емеспін. Бәлкім, Тоқтар Әубәкіров шығар,  – деп қоймадым. Менің жеңілгенімді пайдаланып, Айбар іле-шала:

– Сырым-ау, сенген қойым сен болсаң!.. – деп мені тағы сөзбен түйреп өтті.  Сыныптағылар  тегіс қарқылдап берсін. Сол күлкі – мені жер қылды. Бетім қызарып, айыпты болған баладай басым салбырап, жүрегім тулап тұр. Сонда апайым:

 – Жұмаділ Әубәкіров – біздің даңқты жерлесіміз. Ол – кешегі 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан әскери капитан, – деп біздің өз ауылымыз туралы әлі ештеңе білмейтінімізге қатты налыды. – Естеріңде болсын, туған ауылының тарихын білмеген бала, болашақта  оның көркейіп, дамуына үлес қоса алмайды! – дегені сол еді, қоңырау шар ете қалды. Осы қоңырау  мені тығырықтан шығарған « құтқарушы періштем» секілді болды. Алайда мұғалімімнің соңғы сөзі  қатты әсер етті.

 Анам мен әжем үнемі: «Сырым  бізді ешқашан ұятқа қалдырмайды! Ол – ертең керемет мамандық иесі»  болады дейтін. Менен үміт күтіп отырған екі адамның бірдей сенімін  ақтай алмай  сынып алдында оларды ұятқа қалдырдым. Айбар секілді сыншыл сыныптастарым үйлеріне барғанда бүгінгі жағдайды ата-аналарына айтса...  масқара, арты не болмақ! Не болса да, қайырлы болса екен...

 

 Ауыл – шағын. Енді мені бүкіл мектеп мазақ қылатын болды. Анам мен әжем үшін, сынып жетекшім үшін – туған ауыл тарихын бес саусақтай тарқататын, тамыры терең Отан тарихын жетік білетін азамат боламын деп, өзіме серт бердім.  Осы жолы оңбай күйредім, бірақ алдағы күндері қайтсем де бәрін қалпына келтіремін. Нағыз жігіт  өз сертіне қиянат жасамайды. Енді мен сынып алдында, ауыл алдында өзімнің ауыл тарихын білетінімді дәлелдеуге тиіспін. Өйтпесем... апайымыз айтқандай, азаматтығым қайсы?!.

 

Тарихқа бастар баспалдақ

 Зуылдап күндер, сырғып айлар  дегендей, үш ай демалысым  кітапхана мен үйдің арасында өтіп жатыр. Сондағы бар ойым – өз білместігімнің орнын толтыру. Ол кезде менің сынақтан сүрінуім өзіме осылай  көрінетін. Бәлкім, бұл 7-8 ­-ші сынып оқушысына тән қасиет шығар?! Кім біліпті дейсің!

Зейнеш әжем үй шаруасындағы әйел болғанымен, оқыған, көзі ашық, біраз нәрседен хабары бар. Әжеме өзімнің білмегенімді айтып, жөн сұрадым:

  – Әже, мен өткенде  ауылымыз – Аршалының тарихын білмей қалдым. Енді жаңа оқу жылында мұғалім бізден сұраймын деген.  Көмектесіңізші!

– Айналайын, Аршалы – сенің кіндік қаның тамған жер. Аядай ғана ауылыңның тарихын неге білмей қалдың? Жә, уайымдама, мына көршіміз Нұрғайшада ауыл тарихы туралы тың деректер бар. Содан сұрайық,  – деп әжем маған көмекке келді. Ол кісі -  менің жебеушім, демеушім. Ауыл арасындағы той-томалақ, құдайы тамаққа барса, «Сырымыма»  деп кәмпит, пішінә, алма алып келеді. Мен – немересінің тұңғышымын. «Немере – баладан тәтті» дегендей, мені басқа немерелеріне қарағанда ерекше жақсы көреді. Маған деген ықыласы – алабөтен.

 

Нұрғайша  деген көрші әйелді неге екенін қайдам, ауыл тұрғындары тәлпіш, қыдырымпаз, бәдік дейтін. Ол жөн-жосықсыз сөйлегенімен, көкірегі тұнып тұрған тарих. Оның үйі – құдды бір мұражай, мұрағат секілді көрінетін. Абажадай бөлмелеріндегі ілулі тұрған портреттер мен ескі сағаттар бәрі-бәрі – қыздың жиған жүгіндей көздің жауын алады. Әсіресе, қабырғада ілулі тұрған картиналар  менің жүрегіме үлкен сүйіспеншілік сезімін ұялатты. Кітап жинауды, кітап оқуды  сол кісіден үйрендім. Нұрғайша тәтенің үйінен шыққым келмейтін. Ол үйге барған сайын  бойымда ерекше бір тылсым күш пайда болады. Оның қандай құдірет екенін білмедім!

 

Нұрғайша тәте өзінің жинастырған барлық құжаттарын алдыма жайып салды. Айтуынша, «оқимын, ізденемін деген адамға оның берер пайдасы өте көп». Жұрт қанша жерден Нұрғайша тәтені тәлпіш десе де, мен үшін ол - біздің ауылдағы нағыз зиялы адам. Сенесіз бе,  сол  Нұрғайша  тәтеміз жауынгер  Жұмаділ Әубәкіровтің туған немере келіні екен. Маған берген құжаттары  сол кісіге тиесілі көрінеді. Нұрғайша тәте  сонау 1935-1938 жылдары Жұмаділ атаның өз қолымен жазған құжаттарын сары майдай сақтап, жинастырыпты. Жетпіс жыл бойы мынадай ескірген, көнетоз қағаздарды сақтау дегеніңіз – қиынның қиыны емес пе?! Тарихи құжаттарға ықтияттылықпен қарап, оларды асқан жауапкершілікпен сақтап, өзінің қайынатасының аруағына құрмет таныту – кез келген келіннің қолынан келетін іс емес. Ал енді осындай адамды қалай ғана ауызың барып, «кезбе», «бәдік» дерсің? Дәтің бармайды-ау!..

 Осылайша, Зейнеш әжем мен Нұрғайша тәте қатпарлы тарихқа барар жолды нұсқады. Олар сол күннен бастап жас өлкетанушының тұсауын кесіп, тілеуін тілеп, алдағы ғұмырлық сапарына ақ жол нұсқады.

 

Аршалым – алтын бесігім

Кешіріңіздерші, сыныбым, апайым туралы айтамын деп, сіздерге ауылымды таныстыруды  ұмытып кетіппін ғой. Біздің  ауыл – Аршалы.  Аршалы – тау ішіне  қоныс тепкен, табиғаты көрікті  мекен. Екі жағын екі тау қоршап тұр. Ол таулардың атауларының өзі керемет. Қоянкөз, Құлжабас.  Қос  таудың  ортасынан  өтетін  тотияйындай  көкпеңбек өзен  бар. Көкірек көзімен қарай білген адамға аламан бәйгеде шауып бара жатқан бейне бір ақ жалды көк дөнен  іспетті құдды. Жері шұрайлы Алмалы өңірінің  бір  бөлігі  болып  тұрған  осы  аймақтың  табиғаты  да, ауасы да, суы да  ерекше.

Әулиетұманың  табиғаты  тіптен керемет қой. Әсіресе, Баянжүрек, Мұздыбұлақ, Тәбей, Тереңөзек, Қожабек  көктеулерінің  көрінісін  суреттеуге  тілің  жетпейді. Тереңөзек -  үлкен  қыратты үстірттердің  ортасына  орналасқан терең сай. Екі жақ қапталындағы жақпар тастардың  бәрі бір-бір мүсін  дерлік. Пейзажы  түрлі-түсті  палитралы  бояуға  қанық, әсем  де  сұлу.

Даласы  жасыл  кілем  жамылған аймақта  өсімдік  атаулының  небір  түрі  өседі-ау...   Туған елден  жырақта  жүрген  кезіңде  ауылдың  көктемгі  келбетін, құлпырған  бөктерін  сағынасың...  Осы  бөктерде  асыр сала  ойнап, құлын  жетелеп, қызғалдақ  терген балалығымыздың  белгісі қалған. Кіндік  қаның  тамған  жер  әрқашан  ыстық  болады екен.

Ой, көктемгі  ауыл  көрінісін айтсаңшы...  Әжемнің  тіккен  құрақ көрпесіндей  болып түрленіп, небір түспен  жасанып, ажарланып  жатқан  қыраттар  мен  текшелерге, сол  жасыл  кілемді  дала  төсіне  таңғы  шапақ  нұрынан  қызарып  кеш батқанға  дейінгі  сәулесін төккен  күнге, көксеңгір  аспанға  құмарта  қарап телміруден бір жалықпайсың.  Табиғи  жаратылыстың  осындай құдіреттілігін   тамашалай  отырып, бір рақаттанасың. Көктегі  күнге, жердегі  гүлге  мейірімің  бір  қанбай  жүргені...Күрең  қызыл тобылғысы мен шұғынығының иісін айтсаңшы. Біздің ауылда соңғы қоңырау салтанатын шұғынық гүлінсіз елестету мүмкін  емес.

Ауыл таңы. Ауылдың  ақ таңын  қорадағы  мал мен  қаз­-үйректің шуылымен қарсы  алудың  өзі  бір  ғанибет! Таң  нұрымен  таласып, малды  өріске  айдап, ауланы  тазартып,  құдықтың  суымен  самауыр  қайнатып, бау-бақша  арасындағы  жаздық  бастырманың астында  терлеп-тепшіп  шай ішу  де  қаладағы  адамдар  үшін  бұйырмас  бақыт  қой...

 

Жазғы  ауыл  тірлігі. Шіркін-ай, ошақ  маңында  сүт пісіріп, ірімшік   пен құрт  қайнатып  отырған  жеңгеміз, есік  алдында  қой мен ешкінің  жүнін  түтіп  отырған әжеміз, қысқы  отын-су  қамымен  жүрген  көкеміздің  тірлігі, улап-шулап  жүрген  балалар  даусы – бәрі- бәрі қызық.

 

Осындай Құдайдың ықыласы мен мейірімі төгілген ауылдың тарихын білмей, ауасын жұтып, қасиетті жерін басып жүргеніме кейде ұялып, өз-өзімнен жер болатыным бар.

 

 «Қасиетті Аршалым, мен сенің тамыры терең тарихыңды жатқа білетін боламын. Сен – тек менің ауылымсың! Мен – сенің ұланыңмын! Мен! Мен! Мен!»  деп жүрегімдегі «менімнің»  қоламтасы қоздап, жаңа оқу жылы жақындаған сайын,  туған ауылыма деген сүйіспеншілігім арта түседі-ау...

 

Жаңа оқу жылы

 Көптен күткен «ұлы»  күн келді. Мен – енді 8-ші сынып оқушысымын! Басқа балалар «каникул бітпесе екен» десе, мен «оқу жылы тезірек басталса» екен деп, асыға күтумен жүрдім. Ұстазым мен сыныптастарымның алдындағы кезекті сынаққа үш ай бойы сақадай сайланып келгенмін. Үш айғы демалысым текке өтпеді. Осы мезеттің менің үлкен ғылым жолына қадам басқан алғашқы баспалдағым  екенін  ол кезде қайдан білейін, әрине. Үш ай күндіз ойыннан, түнде ұйқыдан айырылып, ауыл тарихын зерттедім. Шыныңызды айтыңызшы, Сіз де бір нәрсені біліп алсаңыз, соны көпке  тезірек жеткізіп, жұрт алдында дәлелдеуге, құрмет-қошемет күтуге асығасыз ғой, сол секілді мен де  бұл сәтті тағатсыздана күттім.

Жаңа оқу жылы. Бойымыз да, ойымыз да өскен. Сыныптастарымның бәрі жаңа туған сәбидей нұрланып, қыр гүліндей құлпырып  кетіпті.

Әдетте, 1- ші қыркүйек күні мектеп алдында салтанатты лездеме өтеді. Лездемеден соң, әрбір сыныпта алғашқы сынып сағаты басталады. Біздегі алғашқы сынып сағаты  Аршалы ауылының тарихына арналды. Апай бәрімізді түгендеп болғаннан кейін, өзінің жазғы демалысқа берген тапсырмасын сұрай бастады. Айбардың көкірегіне нан пісе, мені нұсқамай тұрғанында, өзім бастайын деп, қолымды көтердім. Апайым: «Сырым, бастасын!»  дегеннен кейін:

–Біздің Аршалының тарихы сонау 1848 жылдан басталады. Ауылымыздың шипалы суы туралы  деректер саяхатшы  ғалым -  Семенов­-Тянь‑Шаныскийдің  жол жазбаларынан да кездеседі екен. Негізінен Аршалы  тарихы Қопалының тарихымен тамырлас. Қопалының іргетасы – 1847 жылы қаланған. Қопалы – Верныйға дейінгі (қазіргі  Алматы) үлкен бекініс. Верный 1854 жылы салынған. Қопалы – кезінде үйез орталығы, ал кейіннен 1997 жылға дейін аудан орталығы болған кент. 1997 жылдан бері Қопалы ауданы таратылып, Қопалыға қарасты барлық елді мекен іргелес Алмалы ауданының құрамына өткен, – деп тарих  қойнауынан біраз сыр шерттім. Сыныптастарымның бәрі мәз. Ұстазымыз да разы. Еңсем көтеріліп, сыныптастарымның сенімінен шыққаныма өзім де  қуанып қалдым.

Апайым сабақ соңынан менің қала тұруымды өтінген.

 – Сырым, сен үш ай демалысыңды тиімді пайдаланыпсың. Тынбай ізденетін қасиетіңе сүйсінем. Енді екеуміз бірігіп, өлкетану бағыты аясында ғылыми зерттеу жұмысын жасаймыз. Тақырыбы – Аршалы ауылының тарихы. Желтоқсан айына қарай аудандық    Кіші Ғылым академиясының «Зерде» конференциясына қатысасың. Ертең ауыл тарихына қатысты жинаған құжаттарыңды бір ретке келтіріп, жүйелейік. Жарай ма? – деді.

Шынымды айтсам, мұндай ұсынысты күткен емеспін. Ғылыми зерттеу жұмысын жазу туралы мүлде ойламаппын. Тосын ұсыныс болды. «Саған сенемін!» деген сөзі жүрегіме ұялап алды. Ендігі қадам – ауыл тарихы жайлы зерттеу жұмысын жазу, ұстаз сенімін ақтау.

 

Ғылымға табан тіреу

Ертесіне апайыма бардым. Ол кісі жұмысымыздың жоспарын дайындап келген екен. Жоспарды беріп, жұмыстың жалпы мазмұны туралы:

– Сырым, ғылым жолы – бұралаң. Ғылым жолы – қиын жол. Жанкештілік керек! Ізденіс керек! Сен соған дайынсың ба? – деді.    

– Әрине! Мен бәріне дайынмын!

 – Ендеше,  дұрыстап тыңда, менің дарынды шәкірттерімнің бірі – Қайрат Адамбосынов еді. Қайрат –   ойламаған жерден қанаты қайырылған  қырандай  күй  кешті.  Білімге  деген  ынтасы  зор еді. Ғылым  ордасына  келген  кезінен -ақ,  қанат  жайып, тамырын  тереңге  таратты. Білім Академиясында ол үнемі жетілу, өсу үстінде болды;  ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер лауазымдарын ойдағыдай атқарды. Өзінің негізгі ғылыми міндеттеріне байланысты тарих пәнінің орта мектепке арналған мемлекеттік білім стандарттарын, жаңа бағдарламалары мен оқулықтарын, оқу әдістемелік кешендерін жасауға белсене қатысты.Санаулы  ғұмырының  әр күнін   қатпарлы  тарих  саласына  арнап,  құлазыған  қазақ  даласының  тағылымды  эпопеясы  жайлы  жазба  деректерін  жинап,  ғасырлар  қойнауындағы  тылсым  сырды  егжей - тегжейлі  зерттеп, бүгінгі  ұрпаққа  жеткізіп, ғылым  саласына  өзінің  есімін  жазып, шежіре  тарихымызға  өзінің  өшпес қолтаңбасын  қалдырып, құйрықты  жұлдыздай  жарығын  молынан шаша, маңдайымызға  сыймай  кетті,  – деген сөзін естігенде көңілім толқып, жанарымнан ыстық жас ыршып түсті.

 

– Сен Қайраттың жолын жалғастырасың. Ауылдасыңның әрі көршіңнің аяқталмай қалған жұмысын жалғастыру – сенің перзенттік міндетің! – деп мойныма үлкен аманат жүгін арқалатты. Шын мәнінде, Қайрат аға – менің көршім еді... Ол кісі  -  біз қазір оқып жатқан  «Қазақстан тарихы»  оқулығы авторларының бірі. Менің ауылдасым – менің мақтанышым!

Алғашқы зерттеу жұмысым он бөлімнен тұрды. «Білімнен шырақ жаққандар», «Аршалының ардақтылары»  секілді екі бөлімге ауылымнан шыққан ақын, жазушылар мен ғылым қайраткерлері туралы жазылды.

– Сырым, желтоқсанға дейін дайын бол! – деді де, апайым сабағына кіріп кетті. Мен аманат жүгін арқалап, үйге қарай әр басқан қадамымды санап бара жатырмын. Әр қадамым – ертеңгі болашағым!

 

Құрбандыққа шалынған сезім

Жаңа оқу жылы басталғаннан  ерекше бір күйге бөлендім. Әлгі үлкендер үнемі айтатын  бала «махаббат» деген сезім пайда болған сияқты. Сөйтсем: ғашықтық сезімім дабыл қаға бастапты. Демек, сегізінші сыныпқа келгенде, махаббат бағдаршамының жасыл түсі жанды. Сыныбымдағы татар қызын ұнатып қалыппын. Ол сондай сүйкімді, сұлу еді. Оған деген сезімім күннен күнге артып, жүрегімнен жыр шумақтары төгіле бастады. Қайтпек керек? Не істемекпін? Алғашқы махаббаттың есік қаққаны не деген қызық еді...

 Әрине, бұл кез – өтпелі кезең. Ауыспалы шақ. Құбылмалы уақыт. Бірақ, есімізді тез жидық. Ол мезетте  алдағы үлкен өмірімізге  үлкен мақсат қойғанбыз.  «Мен сертіме қиянат жасай алмаймын. Сезім ешқайда қашпас. Ауыл тарихын білу керек! Бабаларымызды түгендеуім керек!» деп, әлі қауыз жара қоймаған  алғашқы  балаң сезіміме  үзілді-кесілді  нүкте қоюыма тура келді.

 

 

Ізденіс жолдары

 

 

Қыркүйектің белортасы. Желтоқсан дегеніңіз иек астында тұр. Уақыт шіркін сынаптай сырғиды. Әжем мен Нұрғайша тәтемді ертіп алып, ауылдық кітапханаға бардық. Кітапханашы Қадиша апай бізді әдеттегідей құшақ жая қарсы алды. Әжем мен көрші тәтем мән-жайды тегіс айтқан соң, кітапханашы:

– Сырым ала жаздай кітапханада жүрді.  Әр кітапты байыбына барып, мұқият қарап, оқитын. Қазір мен өлке тарихына қатысты кітаптарды алып келейін, – деп кітап сөрелерінен бізге керекті кітаптарды тауып берді. Кітаптарды үйге жаздырып алып, анам Гүлжанар екеуміз бірге оқыдық.

Кешқұрым шай үстінде әжем бұрын-соңды естімеген қызық әңгіме қозғасын.

 – Мына Нұрғайша тәтеңмен отыз жылдан астам көршімін. Бұл – Жұмаділ батырдың немере келіні. Мына іргедегі Қызылжар деген ауыл бұрын 11-ші бөлімше деп аталатын. Осы бөлімшеде Әубәкір деген ақсақал болған. Оның төрт баласы бар еді. Төрт баласының екеуі соғысқа кетіп, Отан қорғау жолында шейіт болды. Сол екі  ұлдың бірі – Жұмаділ.  Оның артында жалғыз қызы қалды. Осы ауылда тұрып, курортта дәрігер болған. Қазір Алматының маңында тұрады. Өте тағдыры қиын әйел. Бізбенен замандас, – деді де, көзіне жас алды. – Аты – Рена.  Өзінің әкесін көрмеген. Әкесі соғысқа кеткенде ол іште қалған. Тағдыр оны маңдайынан сипай қойған жоқ. Ол да сен сияқты нағашыларының қолында өсті. Жұмаділді ауыл тұрмақ, Ренаның өзі де біле бермейді. Асыл ер ұмыт қалды-ау, ұмыт қалды,  – деп Жұмаділ батырдың жалғызы туралы айтып, көңілімді аулады. Түнімен дөңбекшіп, төсегімде жата алмадым. Батыр жауынгердің қызы ­ - Ренаны  көзбен көріп, тілдескім, әкесін тірілткім келді.

Таң атысымен әжем екеуміз көршінің үйіне бардық. Мұражай - кемпірдің үйіне кіріп, атасының суретін көрдім. Сұлу, реңді, айбатты кісі болған екен. Батырдың суретін қолыма ұстап тұрып:

 – Нұрғайша тәте, атаңыз жайлы айтыңызшы? Рена апамен танысқым келеді, – дегеніме көршім сүйсініп, көз жасын  бір сығып алып:

– Жұмаділ атам, №100 атқыштар бригадасында әскери комиссар болған. Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықовтарға әскери шеберлік курсын өткізген. Жоғары дәрежелі «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің кавалері. Отыз екі жасында жер жастанған арыс қой! – деп бізге шай құюға кірісіп,, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрды. Бәлкім, шерменде жүрегі ауырған болар. Мен де қазбалап сұрамадым.

Үйге келген соң, көршім жинастырған құжаттарды ақтарып, қарай бастадым. Жұмаділ – өте сауатты болған екен. Ол  Ташкентте, Ашхабадта білім алыпты. Орыс, латын тілдерін жетік меңгерген. Жазған хаттары, құжаттары  бәрі орысша, латынша  жазылыпты. Соғысқа дейін Алматыдағы өрт сөндіру басқармасында басшылық қызметте болыпты. Оқып алып, таңқалдым. Ол кезде ілуде біреу болмаса, қазақтың қара домалақ баласының билік басына келуі екіталай еді. Әмбе тарихтан білуімше, ол кезде қазақтың оқығандарын нақақтан-нақақ Итжеккенге айдап, түрмеге тоғытқан емес пе?!

Менің ғылыми ізденіс жолым осылай басталды.

 

Еленбей қалған батыр

 Ауылым – мақтанышым. Ауыз толтырып айтар мерейім де, махаббатым да, мархаббатым да – Аршалы. Аршалының даңқты ұлы – Жұмаділді туған ауылы ұмытқан екен. Жұмаділ – 1911-1943 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға. Отан үшін от кешкен батырдың жұлдызды ғұмыры өте қатты қызықтырды. Жасындай жарқ етіп өте шыққан ғұмыр иесінің отбасы туралы білгім келгенін көршіме айтқанымда:

– Жұмаділ Күлән деген қызбен шаңырақ көтерген. 1940 жылдың үшінші  қыркүйегінде Роза есімді қыздары дүниеге келді. Бірақ қыздарына көз тиіп, шетінеп кеткен. 1941 жылы 23 шілдеде соғыс басталғаннан кейін, Алматыда қызметте жүрген Жұмаділ әйелін ауылға жібереді. Рена - ол кезде іште.  1941 жылдың бірінші қыркүйегінде дүние есігін ашыпты. Әкесі соғысқа кетіп бара жатып:  «Күлән, босансаң, сәбидің есімін ұл болса да, қыз болса да Орал деп қойыңдар. Мен елге аман-есен оралайын» деген екен, – деп батырдың келіні өткен күндер жайлы асықпай айтып жатты. – Бір күні майданнан ауылға хат келіпті. «Күлән, менің қандыкөйлек досымның он сегізге енді толатын қызын неміс басқыншылары қинап өлтірген еді. Мен оған: «Сенің қызың өлген жоқ. Сенің қызың тірі. Менің қызым –сенің қызың! Мен өз сәбиіме сенің қызыңның есімін қоямын» деп сөз бергенмін. Баланы – Рена-Орал деп атаңдар» деп өтініш жазған екен. Содан бері  ол Рена-Орал атанып кетті.

Амал нешік, Рена әкесін көре алмады. Әкесі 1943 жылы алтыншы қаңтарда Великие Луки түбінде елімізді жаудан қорғау жолында ерлікпен қаза тауыпты, қарағым! – деп өксіп-өксіп алды да: – Жұмаділді ұрпағымен қайта қауыштыру – сенің парызың. Себебі: сен батыр атындағы көшенің тұрғынысың! Енді батырды насихаттау ісі – саған аманат. Саған сенемін, жарығым,  – деп батырдың келіні менің мойныма үлкен  аманат жүгін арқалатып жіберді.

Аманат деген – аса жауапты  іс. Қиянат жасамау керек. Батыр аруағының разылығы үшін  іздестіріп, елге таныстыру ісін үлкен сеніммен, асқақ арманмен, айқын мақсатпен  құлшына қолға алдым.

 

 

Сәтті сапар

 

 

 

Бірінші тоқсан біткеннен кейін онкүндік демалысты сәтті пайдалану үшін, әжем, көршім үшеуміз Алматы қаласына бет алдық. Яғни, Ренаны іздеу сапары. Такси дегенге ақшасын төлесің болды, құстай ұшып, діттеген жеріңізге алып барады. Үш-төрт сағаттың айналасында батырдың артында қалған жалғыз тұяғы, асылдың сынығы – Рена апайдың қарашаңырағына келдік. Үлкендер табысты, мен таныстым. Арқа-жарқа, мәре-сәре болып  ас ішіп, ұзақ шүйіркелестік. Ауыл жайлы, өткен күндер жайлы әңгімеден соң, немере келіні:

– Ренатай, мынау – Сырым деген бала. Аршалыдағы мектептің 8-ші сынып оқушысы. Мына отырған Зейнештің қызының баласы. Бала күнінен осының қолында өскен. Жиені ғой, бірақ, қазақшалап, немерем дейді. Әкесіз өскен. Анасы – Гүлжанар ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінде есепші. Сенің әкеңді зерттегісі келеді. Сол мақсатпен арнайы келдік, – деді. Рена апа көзіне жас алып, маңдайымнан сүйіп тұрып:

– Бүгін әкем тіріліп келгендей болды ғой, құлыным! – деді.

– Мектепте мұғалімі ауыл тарихын зерттейсің. Желтоқсан айында аудандық үлкен жиында жазғаныңды қорғайсың депті. – Сөзге әжем араласты.

 – Бұл жақсы жаңалық екен! Жастар ауыл тарихын білмесе, зерттемесе сексенге келген бізден  не қайыр, – деді Рена апайдың жолдасы Бағдат ата.

– Аршалы мектебінде Қаламқас Нұрболатқызы Байқонысова деген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бар. Мына Сырымның сынып жетекшісі. Өте білімді, сауатты, ғылыми көзқарасы ерекше педагог. Көрші ауыл – Ақжардың қызы. Біздің ауылға келін болып түскен. Қазір мектептегі «Дарын» үйірмесіне жетекшілік жасайды. Сол мұғалімнің қолға алған игі бастамасы,  – деп  Нұрғайша  тәте сынып жетекшіміз туралы кеңірек мәлімет берді.

– Өте жақсы бастама екен! – деді ерлі­-зайыптылардың екеуі де қуаныштарын жасыра алмай.

Бұл  күн өте керемет, әсерлі өтті. Естен кетпес оқиға болып, жадымда мәңгілік сақталар.

 

Жүрек мұңы

Рена апа бізді құдалары келгендей күтті. Қой сойғызды. Бас тартылып, сорпа ішілді. Салт -дәстүр бойынша жөн-жоралғылар жасалып жатты. Осы кезде мен үлкендерден Рена апамен келесі бөлмеге кіріп, оңаша сөйлесуге рұқсат сұрадым.

– Бұл бөлме – Бағдат атаңның бөлмесі. Бағдат атаң кезінде инженер – механик болған. Физика және математика, техника саласының маманы. Мына кітаптар соныкі. Әлі күнге дейін кітап оқып, конструкция құрастырып, жобалар сызып, есеп шығарып тұрады, – деп шалының жұмыс бөлмесі туралы айтып жатқанда, төрде ілулі тұрған Жұмаділ атаның портретіне көзім түсті. Күйеу баласы әйелінің әкесін көрмесе де, қатты сыйлайды екен. Мен осы уақытқа дейін біраз күйеу бала, жездені көрдім, дәл бұлай атасын сыйлаған күйеу баланы көруім – бірінші рет. Тегінде, Жұмаділ атаның күйеу баласы да, немере келіні де зиялы адамдар. Бөлме іші мұнтаздай таза. Қаз- қатар тізілген кітап сөрелері. Жұмыс столында сызғыш, циркуль,  есептеуіш  секілді құралдар тұр. Математиктер – нақты ғылым иелері дегенді айтқызбай-ақ түсінгендейсің.

– Рена апа, алдағы жылы соғыстың біткеніне 65 жыл толады ғой. Соған орай туған ауылыңыз  -  Аршалының орталық алаңында үлкен парад өтпекші. Сіз де келіңізші,– дедім.

– Жақсы, құлыным. Аман болсақ, барамыз.

– Апа, ата-анаңыз жайлы айтсаңыз, – деппін ауызыма сөз түспей, абдырап.

– Е-е, балам-ай, мен әке мен шешенің аялы алақанында тербеліп өспедім ғой. Бізде балалық шақ деген болмады. Әкем майдан өтінде жан тапсырғанда, анам бар-жоғы жиырма жаста екен. Мен нағашыларымның қолында өстім. Әжем анамды Алматыдағы оқуына жібермей, мені өздері қараймыз деп, анамды майданнан жараланып келген Қожа деген азаматқа қосады. Анам Қожа әкемнің шаңырағының түтінін түтетіп, отанасы болып, маған бауырлар сыйлады. Менің екінші тынысым –  өмірімнің жалғасы Қожа әкемнің шаңырағында өтті, – дегенде, шарасы мөлтілдеген жасқа толып кетті. Өзімнің  оспадар қылығыма, орынсыз сұрағыма қысылып,  көңілім босап сала берген.

– Менің орнымда басқа бір пысықтау қыз болса, әкесін баяғыда іздеп табатын еді... Әкемнің жатқан жерін көру – менің арманым. Сол арманыма жетер ме екем, Құдайым, – деп әже өзінің жүрегін жарып шыққан арман-тілегін айтып жатқанда:

– Мама, не переживай, алып барамын Москваға, – деді анасының сөзін кенет естіп қалған ұлы. Фархаттың сөзіне анасы да, мен де разы болдық. Ана жүрек қуанып, күндей күлімдеді.

Иә, Рена апаның жүрегінде өткеннің мұңы бар. Ол – соғыстың жетімегі. Оның жүрегіндегі мұң – бақытсыз  балалық шағы, әкесіз өсіп-өнуі, атадан  жалқы болып қалу қасіреті.

 

Қиянат 

Сегізінші сыныптың баласына қиянат жасалғанын көргеніңіз бар ма? Мен көрдім. Сынып жетекшіміздің ақылымен 8- ші сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ  алдағы үлкен өміріме  үлкен мақсат қойдым: тарих саласына табан тіреп, тарих ғылымдарының докторы, профессор боламын дейтінмін. Сол үшін жата-жастана тарихи кітаптарды оқумен болдым. Бесінші сыныпта жүрген кезімде сізге өтірік, маған шын атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің  «Көшпенділер» трилогиясын түгелдей оқып, қазақтың хандары мен батырларының өмірлеріне қызыққаным әлі есімнен кетпейді. Әсіресе, Хан Кененің ерлігіне сүйсінгенмін. Кейінірек С.Сматаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов секілді тарихи тақырыпқа батыл қалам тербеген жазушылардың қалыңдығы кірпіштей-кірпіштей том-том кітаптарын тауысып, кітап оқуға құныға түстім. Амал нешік, асқақ арманыма тұсау түсіп, Батыраштардың қиянатынан басқа арнаға бет бұруыма тура келді...

19 желтоқсан. Алмалы ауданының орталығы – Берсүгір кенті. Атақты ғалым Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында аудандық  «Зерде»  конференциясы өтіп жатыр. Өлкетану секциясы. Жиырма бес үміткер. Әрбір үміткер өз ауылының тарихын қорғауда. Кезек маған да жетті.

– Менің жұмысымның тақырыбы: «Аршалы ауылының өткені мен бүгіні». Жұмысым 10 бөлімнен тұрады. Мақсатым  - туған өлкеміз – жер жаннаты Қопалы өңірінің бір бөлшегі Аршалы ауылының табиғаты, тарихы, кешегі мен бүгінгі  күндері жайында, экономика мен мәдениетінің қалыптасуына  терін төккен ауыл азаматтары, Ұлы Отан соғысында құрбан болған  жерлестеріміз, осы жерде туып­- өсіп, қанат қаққан, сан салада жұмыс істеп жүрген қоғам және мемлекет қайраткерлері туралы және т.б. деректерді жинау, мұрағат  материалдарын қарастыру, газет, журнал, көркем әдебиет беттеріндегі мақалаларды жинақтау, таразылау, көне көз қариялардың әңгімелерін, естеліктерін тыңдап, қол- жазбаларын алу, материалдарды зерттеп, бір жүйеге келтіру, – деп шалқұйрықтай тоқтамай шаба жөнелдім.

Үміткерлер мен әділқазылар тарапынан бес сұрақ қойылды. Бәріне Отан тарихы аясында толыққанды  жауап бердім. Бәрі қол соғып, қошемет көрсетті. Жүрегімдегі «менім» жеңімпаз боларыма сеніп, қуанышты жауап күтіп отыр едім. Қуанышым көпке ұзай қоймады. Апайым екеумізді тапал бойлы, бидай өңді кісі жеке шақырып алып:

– Сіздердің жұмыстарыңыз өте жақсы. Шәкіртіңіз жалындап тұр екен. Облысқа өту үшін 15 мың теңге берсеңіз, І орын сіздердікі, – дегенін құлағым шалғанда, көзім қарауытып, басым айналып, құлағым тас бітіп, жүрегім аузыма тығылып, мең-зең боп, Кербаланың шөліне қақталғандай жұтынып, безердім де қалдым. Ұстазым Қаламқас Нұрболатқызы – өте әділ, ақ сөйлеп, жақынына жақпайтын ақ адал жан. Ол кісі:

– Кешіріңіз, баланың көзінше ақша сұрап, өзіңіздің педагогтік этикаңызға нұқсан, арыңызға дақ түсірдіңіз. Мені қойыңызшы, етім үйреніп қалған, мына баладан ұялсаңыз етті. Сатып алған жүлденің көк тиындық құны жоқ. Әділқазы деген заттарыңыздың абыройын түсіріп, шәкіртімнің жүрегіне жара салдыңыз-ау!.. Жүр кеттік, Сырымжан,  – деп апайым мені қолымнан ұстап, сыртқа шыға жөнелдік. Апайым әріптесінің бейәдеп қылығы үшін қызарып, маған:

– Сырымжан, өмір болғасын жеңіс пен жеңіліс, жақсылық пен жамандық қатар жүруі - заңдылық. Адам баласы ала-құла, әр түрлі болады. Осы бастан оны да көріп, біле бергенің де артық болмас... Еңсеңді түсірмей, тік ұста! Сенің абыройың – таза. Аққа Құдай жақ! – деп, мені жұбатып жатыр. Осыдан кейін, ең қадірлі – білім саласы да көк ақшаның құлына айналып, қадір-қасиетін түсіріп алғанын,  аудандық мүшәйра, оқулар мен олимпиада, «Ақбота», «Кенгуру», «Русский медвеженок» секілді интеллектуалдық байқаулардың жүлделерінің де сатулы екендігіне көзім жетіп, көңілім құлазыды.  

Біз отбасында  үш адамбыз.  Әжем, апам және мен. Әжем – зейнеткер. Анам – есепші. Мен – оқушы. Қоңторылау дегенге де келмейтін тұрмысымыз –

 мәз  емес. Ала сиырымыз – Машаның арқасында ауызымыз аққа жарып, анамның азғантай тиын-тебеніне киініп, әжемнің зейнетақысына азық-түлік аламыз. Үйде ер азамат болмаған соң, ер адамның жұмысын әжем мен анам істейтін. Мектепте күнде осы сықылды байқауларға ақша жинайды. Бір күні алып бара алсам, бір күні апара алмаймын. Сондай күндері көшеден  бос шөлмек жинап, қаладан келетін бөтелке алғыш машинаны асыға күтемін. Тырна бөтелке (шампан шарабыныкі) – 3 теңге, ақ шаңқан ақаңдікі – 2 теңге, күңгірттеу  сыра құмырасы – 1 теңге. Әжептәуір тиын-тебен жинап, оны үнемдеп жұмсауды  әдетке айналдырғалы  қашан.

Ішім удай ашыды. Керемет жұмыс еді! Бірақ, солақай пейілді пенделердің  кесірінен  өз жүлдесін ала алмады. Ең өкініштісі – осы. Жарты жыл бойғы еңбегім құлагердің күйін кешіп, орта жолда қылтасынан қиылды. Әділқазылар, әділқазылар емес­-ау, батыраштар  тарапынан жасалған көзсіз қиянат пен әділетсіздік  жүйке жүйемізге қатты тиді. Үлбіреген үмітіміз үзілді, жігеріміз құм болды, қызығушылығымыз қожырап, тұп-тұнық  көңіл айдыны лайланып, көңіліміздің шарайнасы  быт-шыты шықты. Балаң да албырт қиялым арман бесігінде тербелмеді. Сөйтіп,  бұл жұмыстың қорғалуына нүкте қойылды.

 

Өкініш

Сабақ бітіп, демалысқа шыққаннан кейін үйге Нұрғайша тәте келіп, әжеме:

 – Зейнеш, мен жақын күндері Алматыға кетпекшімін. Рена екеуміз Әзілхан Нұршайықовпен кездесуді жоспарлап отырмыз. Сен менің қасыма Сырымды қосып бер, әйгілі батыр-жазушыны көріп, кездесіп, батасын алып қайтсын, – деді.

– Жолына ақша тауып беремін, барсын, көрсін,  – деді әжем. Бірақ, өзімнің сол кездері көңіл-күйім болмады. Әмбе ғылыми жұмысты жалғастыруға ниетім де жоқ еді. Желтоқсандағы қиянат жүрегіме кірбің түсіргені соншалық өзімнің сүйген ісімнен жеріп кеттім. Ойлаңызшы, өзіңнің аңсарың ауып келген, жүрегің қалаған сүйікті  ісіңнен, өмірлік арман-мақсатыңнан бас тарту деген оңай ма?! Оңай соқпады. Үміт күтіп отырған үш әйелге: 

– Мен бара алмаймын! Демалғым келеді. Әзілхан атамен кейін бір кездесермін,  – дедім де, қитығып өз бөлмеме кіріп кеттім. Жыладым. Бұл жас – қиянат жасаған адамдардың кесірінен аққан  жас еді.

Әттең, сол кезде баруым керек-ақ  еді... Қайран, Әз-атам да дүниеден өтіп кетті. Әзілхан ата  бұл  дүниеден өткен күні – өзімнің қырсық-қыңыр мінезіме қапаланып, ішім қан жылады. Ең үлкен өкінішім – Әзілхан Нұршайықпен кездесе алмауым.

Нұрғайша тәте махаббат жыршысы атанған жазушының өз қолтаңбасы қойылған кітабын естелікке сыйлады. Жеке кітапханамдағы ең құнды дүнием – Әзағаның қолтаңбасы бар  «Боздақтар» деген  кітабы. Бұл кітаптың он сегізінші бетінде  менің ауылдасым  капитан Жұмаділ Әубәкіровтің көзсіз ерлігі туралы жазылған.

«Сырымжан, талабың оңғарылсын!

 Егер әскери шенді капитан, батальон командирі Жұмаділ Әубәкіров Ұлы Отан соғысы майданына 8 рет кіріп, ерлікпен қаза таппаса, бүгін Маршал болмаса да, Талғат Бигелдинов сияқты генерал болатын еді. Іске сәт!

Ізгі ниетпен, жер басып жүрген ең соңғы майдангерлердің бірі – жауынгер атаң

Әзілхан Нұршайықов,

Қазақстанның Халық жазушысы.

23.07.2008 жыл, Алматы» 

Бұл қолтаңба – тарих, әдебиет саласына келуге іңкәрлік танытып, аңсары ауып жүрген жас талап иесіне берілген жүргізуші куәлігі секілді қасиетті құжат.

 

Жүректегі жазулар

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Анам маған сонау екінші сыныптан бастап жеке күнделік жазуды үйреткен. Күнделік – жеке ойың, сырласың. Менің туған бауырымның, қарындасымның жоқтығы жүрегіме қаяу түсіреді. Анам мені жасық, ынжық болмай өссін деп, маған күнделік жазуды үйреткенін кейін ұғындым. Тұйық емеспін. Өжетпін. Осының бәріне себепші анам ғой...

Менің нені қалайтыным, не істегім келетіні – бәрі күнделігімде жазулы.  Күнделігіме жазылған арманымның бірі мынау еді:

«... 19 желтоқсан не деген ауыр күн болды. Осыдан жиырма төрт жыл бұрын дәл осы күндері алаңға теңдік іздеп шыққан  қазақтың өрімдей жастарын «нашақор», «бұзық» деп нақақтан-нақақ жала жауып, ұрып-соғып еді...  Кеше педагог адам менен пара талап етті. Әділдік қайда? Қайтпек керек? Не істеймін...

Осы жұмысты жазарда  патриоттық сезімім оянып, ауылымнан шыққан жерлестерім жайлы ауыз толтырып мақтануға жасымай, Отан үшін сұрапыл майданда бозторғайдай жанын қиған азаматтар ерлігін оқып- талдағанда ержүректілік, қайсарлық жүрегімді шарпыса, ауылдың ежелден қоныстанғаны жайлы деректер жинағанда – қасиетті ауыл топырағының үлкен махаббат сыйлағанын, театр жайлы ізденгенімде – актерларының өнерге деген, әдебиетке деген көзқарасымды аспандатуын, алғашқы мектеп жайлы ізденгенімде – «мектеп» деген сөздің қадыр- қасиетін ұқтым. Бүгінгі ауыл келбетін жасағанымда – ауылдас ағайындардың осы жұмысты маған сеніп, келешек ұрпаққа аманаттағанын түсіндім! Бұл менің көңіліме қанат бітірді.

Ана тіліміздің  ауылда дамып, қалада өркендеуіне сөзсіз сенем!  Жұмысты қорытындылай келе, ауыл жастарын, қатарлас құрбыларымды Отанды сүюге, ауыл, ел тарихын білуге, ана тілді құрметтеуге шақырам!

Менің кішкентай жұмысымның өлкетану саласына өзіндік бір үлесін қосып, замандастарымның көзқарастарын, дүниетанымын кеңейтіп, пайдаға жарары анық.

Ендігі арманым – осы жұмысымды кітап етіп шығару. Туған жерге деген патриоттық сезімім жетім көңілді ұйқысынан оятты. Намысым шоқтай қоздап тұр! 

20.02.2010ж. 

 Мен ұйықтап жатқанда, анам төсегімнің басында тұрған  күнделігімді алып, осы арманымды  оқып қойыпты. Сөйтіп,  ақшасын жинап, Қопалыға барып, кітап етіп, шығарып әкелді. Ана  жүрегі керемет! Баласының ой-арманын, мақсат-тілегін орындау үшін бәріне дайын ғой. Аналарымыз  аман болсыншы!

 

Бауырмалдық

9 мамыр – ұлы жеңіс күні. Қасірет пен қайғының қара аспанын, бейбітшіліктің көк аспанына айналдырып, Отан үшін от кешіп, қара басын туған жері үшін қатерге тігіп, өлім құшқан асыл ерлердің ең керемет сыйы – адамзат баласына жеңіс күнін сыйлағаны. Ұлы жеңіске 65 жыл толды. Біз, оқушылар, ауыл орталығындағы үлкен алаңға жиналып, аққу-қаздың балапандарындай қаз­-қатар тізіліп, оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып, мойнымызды сол қапталға бұрып, сапта тік  тұрмыз. Халықтың көңілі шат-шадыман.

Мен сол күні еліміздегі өзге ұлттардың бауырмалдығын көріп, сүйсіндім. Қасқыр шауып енесінен айырылған қасқа құлындай шарқ ұрып, кешегі отты жылдары өзімен бірге майдан даласына аттанған, кезінде балалық шақтары бірге өткен, тай-құлындай тебісіп өскен жолдасының артында қалған жалғыз қызын іздеп, сонау Ресейдің Ор қаласынан ат терлетіп соғыс және еңбек ардагері Анатолий ата өзінің туған ауылы – Аршалыға келіп, ауылдастарымен кездесіп, Жұмаділдің қызы Рена-Оралмен қауышты. Рена апайымыздың да біздің өтінішімізді жерге тастамай ауылға келгеніне  риза болдық. Сөйтсем: батырдың немере келіні Нұрғайша  тәте Ор қаласына  хат жазып, тоқсаннан асқан қарт жауынгерді ауылға шақырыпты. Мұны кейінірек біліп, Нұрғайша тәтенің бұл ісіне бәріміз шынайы разылық білдірдік. Алаң ортасындағы үлкен сахна төріне көтерілген батыр жауынгер:

– Аршалым! Менің Аршалым! Уа, ағайын! Осыдан жетпіс жыл бұрын бізді осы жерден өздеріңіз туған жерді қорғауға аттандырып едіңіздер. Міне, сол күні Аршалыдан кеткен жүз сексен ер азаматтың арасынан тірі қалып, жер басып жүрген ең соңғы жауынгер менмін. Құдайға шүкір! Менің төрт қызым бар, енді міне, бесіншісі – мына Жұмаділімнің жалғызы Ренатайым. Сен енді менің – бесінші қызымсың! Менің бес қызым –маңдайымда жарқыраған бес жұлдызым,  – деп қазақша сайрап, Ренаны кең құшағына қысып, ұзақ тұрды. Біздер қуанышқа ортақтасып, қол соғып, риза болдық.

Рена әкесімен, әкесі қызымен қауышып, ағайын-жұрт жалғыз түйір қарт майдангерін құрметтеп, иығына қазақы шапан жауып, астына ақ боз ат мінгізді. Тоқсанның төртеуіне келген қарт сарбаз ақ боз атқа қарғып мініп, «Ах, Самара, городок» әнін шырқап, жиналған қауымды қуанышқа бөледі.  «Енді көк аспанды қара бұлт торламасын. Соғыс деген болмасын. Сендер аман болыңдар, айналайындарым! Оқыңдар. Көп оқыңдар» деп қарт сарбаз көк байрақ түстес көйлек киіп тұрған біздерге қарап сүйсініп, әрқайсымыздың басымыздан өзінің аялы алақанымен сипап, жүрегімізге отансүйгіштік дәнегін сеуіп, Ор қаласынан әкелген базарлығын таратты.

Сөйтсек, Анатолий ақсақал Жұмаділ атамыздың бала күннен осы ауылда бірге өскен  жан досы екен. Сұрапыл соғыстан аман оралған соң,  Ресейде қалып қойған көрінеді.

Сол күні төбем көкке екі елі жетпей қалды. Мен де ертең өскенде елімді шетсіз, шексіз сүйіп өтемін. Себебі: Отанымның көк туы таласқа түсіп жатса, мен төсегімде жайбарақат жата алмаймын. Отан мен ер азаматтың арасында шекара белгісі болмайды. Ер азамат – Отанның тіреуі екенін түсініп, жүрегім тебіреніп, жүрегімнің түкпірінен шыққан жүрек сөзін ақ қағазға төктім. Бұл менің жүрегімді жарып шыққан –батыр атам Жұмаділге арналған тұңғыш өлеңім еді... Осы өлең мен үшін сондай ыстық.

 Азаматтық    үлгісі –

Батыр  бабам  зиялы.

Жалғасады   ізгі  ісі,

Ұрпағымен  мың  әлі.

 

Қол  бастаған   сардарым,

Жазып  қанмен  тарихты.

Шежіре  боп  арманың,

Ғасырларға дарыпты.

 

Жігер  күшің  халқым деп,

Соққан  жүрек  сол үшін.

Сақтап ерлік салтын бек,

Ұрпағы жалғар өр ісін.

 

Барометрім

Сауатымды  ашып, көкірек  шөлімді  басқан  мекеме  – мектеп. Мен  он  бір  жыл  бойы  білім алған  оқу  ордасы  – иеленген Аршалы  ауылындағы  ірі  мәдени  ошақ. Бұл мектептен  көптеген  белгілі  адамдар  шыққан. Мен  де  солардың  заңды  жалғасымын. Барлыбек –қазақтан шыққан  тұңғыш кәсіби  заңгерлердің бірі. Сол себепті біздің  ешқашан  жаман  болуға  хақымыз жоқ! Әрдайым алда, көш басында болуымыз шарт.

Мені  гуманитарлық  салаға  жетектеп  әкелген  ұстазым – Қаламқас Нұрболатқызы. Қазір  күні-түні  апайыма  алғысымды  айтамын.  Мен – әдебиеттің  адамы  екенмін. Арманымның, болашағымның  кемесінен  адаспаппын. Ұстаз – психолог.

Ұстазым – барометрім. Балапан  болып  алдына  барғанымда  қыран  қылып, қанатымды  қатайтып, түу биікке  түлетіп, өз  қолымен  ұшырды. Жарқын  болашағыма  сеніп, ақ  батасын  риясыз  көңілінен  білдірді. Сіз – менің  өмірімнен  ойып  тұрып  орын  алар  аса  қадірлі  жанның  бірісіз. Жас  жүрегім  лебізін  жиі  білдіреді. Жақсылығыңызды  ешқашан  есімнен  шығармаймын.  Ендігі  бар  арманым  –  шәкірттік  міндетімді  адал  атқару.

Рахмет,  Сізге  Ұстаз!

 

Сенім

Нұрғайша тәтенің жетпіс беске келген  туған күнін аттап өттік. Алматыдан Рена апа да келді. Сол күні  ол кісі ағынан жарыла ақтарылып бір сөйледі дейсіз.

– Менің әкемнің сүйегі жырақта жатыр. Туған елінің бір уыс топырағы бұйырмады. Қатал тағдыр-ай, гүлді өсірмей, ерте жұлдың-ау... Неткен, кем дүние. Өмір дегеніңіз – бірде көл, бірде шөл екен. Әкемді іздеу, әкемді тірілту, Жұмаділді бүгінгі ұрпаққа насихаттау, ел жадында қалдыру ісі – осы Аршалы ауылынан басталған.  Олай дейтінім, келінім – Нұрғайша Мақатайқызы  әкеме қатысты барлық құжаттарды ұзақ уақыт жинастырып жүрді. Нұрғайша – архив, мұрағат құжаттарын ықтиярлықпен, асқан жауапкершілікпен жинайтын жан. Әрбір деректі байыбына барып, зерделейді. Оның үйінде архивтік құжаттар өте көп. Міне, сол келінім мені Сырым Нүсіп есімді жас жігітпен таныстырды. Сырым осы ауылдағы  мектептің оқушысы. Ол 2007 жылдан бері сынып жетекшісі Қаламқас Нұрболатқызы екеуі бірігіп, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп жүр. Сол ғылыми зерттеу жұмысының бір бөлімінде менің әкемді зерттеу нысанына алыпты. Әкем туралы барлық мәліметтерді келінім беріпті. Сырыммен 2008 жылы таныстық. Сол жылы Сырым республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы ұйымдастырған «Ауылымның мәртебелі азаматы» атты республикалық байқауға  «Капитан Әубәкіров – менің жерлесім» атты эссесін жолдап, Бас жүлде алды. Әлгі конкурстың марапаттау рәсімі Алматы қаласындағы  аталмыш журналдың редакциясында өткен.  Марапаттау рәсіміне үлкен ұлым – Талғат екеуміз  де қатыстық.

Осы жылы  8-ші мамырда Сырым  Алмалы ауданының орталығы – Берсүгір  кентінде өткен  аудандық  Бауыржан Момышұлы  оқуларына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Сол байқауда Сырым әкем Жұмаділдің рөлін сомдады. Байқауға біздің әулеттің атынан келініміз – Нұрғайша қатысты.

Сырым – кішкентайынан елгезек, оқуда үздік, барлық сабаққа қабілеті жоғары. Нұрғайша екеуі осы ауылдағы менің әкемнің атына берілген көшедегі №14, №16  үйде тұрады. Сол көшеде тұрғандықтан, Жұмаділ Әубәкіров есімін ұрпақ жадында  қалдыру үшін еңбек етіп жүр. Рақмет, Сендерге Алла­-Тағаланың нұры жаусын! – деп, ақ батасын берді. Нұрғайша тәтенің құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйді. Маған тай мінгізіп, маңдайымнан сүйіп: «Көп жаса, өркенің өссін, Әкем!»  - деді.

Сенімдерінен шығуым керек!

 

Серт

Менің жаным – әдебиет. Ұстанымым – Ахмет Байтұрсынның сөзі (Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін). Ұраным – Алаш. Ғылыми бағытым – ХХ ғасыр. Салам – тарих. Қызығушылығым – ұлттық журналистика. Әуестігім – кітап жинау. Сүйікті ісім – кітап оқу.

Білім – теңіз. Сол теңізде жүзгің келсе – өз кемеңнің ұзақ  та соқтықпалы, соқпақсыз жолға жүре алатынына көзіңді жеткіз. Қарсы соққан дауылдар мен толқындардан адаспай, бет алған бағытыңнан жаңылмай өте білсең – білімнің түу биігіне көтерілгенің. Иә, Жаратқан Ием, ниетіме жеткізе гөр!

Иә, Аруақ, желеп-жебеп жүр!

Қазақ  тарихы  үшін  шам  қылғым келеді  жүрек  майын!

Тарихтан өзіне лайық бағасын ала алмай, тасада қалған ерлер қаншама?! Әрқайсысын тірілту керек! Ұрпағымен қайта қауыштыру керек. Тек Жұмаділ Әубәкіров қана емес, Аршалыдан соғысқа көптеген ерлер кеткен еді... Жас өркен  соларға жоқтаушы болуы керек. Замандастарыммен  бірге осы іске білек сыбана кірісуім  шарт!

Серт бердім! Иә, сәт!!!

 

***

 

Ақиқаттың ауылын іздеген жас өрен өзіне  серт берді. Серт – жүрек сөзі еді...

Ол «Кімде кім ғылымды, ғалымды сыйласа, жәннатта менің көршім болады» деген Пайғамбар хадисін жүрегіне ұялатып, ғылымға деген көзқарасын арттыру үшін Алматы шаһарына жол тартты.

Алматы – ғылым мен өнердің ордасы. Ақсақ Алатау баурайынан қол бұлғап, оны ғұлама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шақырып тұр...

Жер бетіне сыймай кеткен Алаш арыстарын кеудесіне сыйдырып, жүрегіне жерлеп алып, ғылымның түу биігіне көтеріліп барады...  Алды – биік, арты – жар...  Құдай Тағала оның арман-мақсатына қанат бітірер...  Оның бойында  көптің  сенімі мен үміті бар...

Оны болашақта қаншама адам еңбегі үшін құрметтесе, соншама адам оның сол еңбегі үшін көре алмасы анық. Әділдік пен әділетсіздіктің өзара үйлесер жеріне шамшырақ алып аттанып барады....  аттанып барады...  Өмірдің, ғылымның биігі ылдиы еді... 

 

Елдос Тоқтарбай

 


 

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  әдебиеттанушы, жазушы Елдос Тоқтарбайдың  "Серт" әңгімесіне жазушы Дидар Амантайдың жазған пікірін ұсынамыз. 

Сертіне берік, сеніміне кәміл, халқына адал, мұратына қиянатсыз. Жазғаны Фазыл Ескендірдің шығармаларына ұқсайды екен. Бірақ, нақышы, бояуы ұлттық нышанға толы, баяндаған сәтінде әңгімеші қазақтың мың бір түн бойы хикая шерткен жақсы дәстүрінен бір кез айнымайды, жолдан ауытқымайды, желіден шатаспайды.

Негізінен, баяндауға құрылған шағын-шағын суреттер. Темір жол жеткен, пошта көлігі адаспай тапқан, ғаламтор желісіне жалғанып, қарамай жол түскен –  қыр суреттері.

Алайда, суреттер – суреткерлік шеберліктің шыңына көтеріліп келе жатқан перзенттің биіктен қарағандағы алғашқы әсерлері. Енді балауса қаламнан туған бала көріністерді тұлғаландыру керек, яғни сипатының қайталанбайтындығын, тұрпатының айрықша екендігін, айту өнерінің тереңдігін, сөзінің нығыздығын... Сенде ғана, менде ғана бар дегендігін.

Өзіне әсер еткенді ашыла-ақтарыла айтқанды тоқтатқан не азайтқан жөн. Әсілі, өзге жұртқа әсер ететін тәсілді табу қажет.

Әуелі, зады, жағымды-жағымсыз кейіпкерлікті доғарып, бейтараптықты меңгерген дұрыс. Барлық адам жағымды да, жағымсыз да... Бірде көл, бірде шөл.

Көріністі, көңіл-күйді бейнелегенде, көпсөзділіктен қашыңыз, әйтпесе, сурет бұлдырап кетеді, көп сөз тұнық ойды лайлайды. Құдықтан су алғанда, тастаған шелегіңіз жалғыз түсуі керек. Бірнешеуі құласа, тұнық судың түбіндегі лай қозғалады, мөлдір су былғанып, лайы бетіне шығады.

Ешкімді таныстырмаңыз. Қалыптасқан жағдайында көрсетіңіз...

Сөзіңіз құнарлы, тіліңіз бай, енді көркем-әдеби машықта ойды, қимыл-қозғалысты, көріністі дөп басатын сөзді, сөйлемді, қорытып айтқанда, тәсілді іздеп табуыңыз қажет.         

 

Болашағыңыз бар. Кітаптың қадірі, қаламгердің беделі тайған заманда әдебиетке, өнер сахнасына келдіңіз, жолыңыз – ауыр, тұрмысыңыз – жауыр, бірақ, қалайда сертіңізге берік болыңыз, әдебиет өнердің бір түрі ретінде ешқашан жоғалмайды, жойылмайды.

Көркем-әдеби кітаптан білім іздемеңіз, онда автомобильдің құрылымы, үйдің құрылысы жоқ, әдемілігі бар, әңгімеден парасат табыңыз, новелладан сұлулықты көріңіз. Байқаңыз, аңғарыңыз, байыптаңыз...

 

Шығармада жазудың кемел нұсқасы, өрнектің қиыстырылған асқан мәнері бар, мені сол нақыш қызықтырады, шоқтығы биік туындыларға жеткізсін Құдай, тартқан қаламнан туған, сағынышқа бой алдырған жақсы сөз – әдемі машықта – біз аңсаған, мұрат тұтқан асыл құндылыққа, ұлттық қазына-байлыққа айналады.         

 

Дидар Амантай

www.adebiportal.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594