Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тамыр 8061 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 09:30

ОСЫДАН ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ШЫМКЕНТТІҢ СЫЙҚЫ

 

Осы сайтта жарияланған Шымкентті көріп шок алған (риза болған) солтүстік баласының пікірін салыстыру үшін бір ғасыр бұрын жазылған қала туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

Шымкент қаласы – ауасының тазалығы, жерінің егіске қолайлылығымен Сырдария облысында бірінші жер. Қаланың оңтүстік жағында үш шақырым шамасында «Қошқар ата» дейтін әулиенің зираты бар. Соның түбінен аққан күмістей жылтыраған таза бұлақ суы бұралып қаланың тап ортасынан, жарып өтеді.

Құдайдың адам балалары үшін тегіс пайдалануға ағызып қойған нығметінен пайда көріп, бау-бақша өсіріп қаланы безеп көркейткен халық – орыстар, онан қала сарт бауырларымыз екен.

 Біз мұнда 25 февральда болып едік. Қаланың сырт жағына шығып жүрдік. Жер жүзі түрлі шөптер, бәйшешектермен қапталып, масатыдай құлпырған. Аспанға қарасаң түрлі-түрлі әнге басқан құстар. Мұның бәрі бізге май айын еске түсіреді. Шымкент әуелде сарттар салдырған қала болғандықтан халқының көбі сарт. Бұл сарттардың ашық пікірлі, заманадан хабардар бір-екі байлары салдырған бір мектебі бар. Мұнда үш мұғалім жүздеп баланы төте оқуменен оқытады. Сарт балаларынан басқа балаларды оқытуға үкімет рұқсат қылмайды. Мұнда он екі ноғай бауырлар да бар екен, Бұлар да аздығына қарамай, өз алдына мұғалім ұстап, балаларын төте оқумен оқыттырып жатыр. Келелік қазақтарға. Не қала қазағы, не дала қазағы болсын, мұғалім ұстап баласын оқытқан бір қазақ жоқ. Шымкент уезіне қараған 38 болыс қазақ бар екен. Көбі ұлы жүз, дулат. Одан қала орта жүз – найман, арғын, қыпшақ. Бұлардың бұрынғы кезде көшіп-қонып жүрген жерлеріне бұ күнде мұжық орнаған. Жаяулап көшіп келген хахолдар жылына үш жүз десятинадан егін салып, осы күні мың-мыңдап мал айдаған қазақ байларын басып озды. Қазақтар бұрынғы байлықтан да айырылып, оның үстіне хахолдарша ұқсатып егін де сала алмайды. Ілгерірек заманда үкілеп ат мініп, өздерінше сауық-сайран қылып жүрген жайы бар көрінеді.

Шымкент уезіне қараған осынша қазақтың ішінде көзі ашық, халықты ғылым жолына бастайтын, ұлт қайғысын қайғыртқан не орысша, не мұсылманша оқыған біреу жоқ. «Қазақ» газетасына Мұхамедғали Оразаев арқылы он шақты кісі алуға жазылды. Сол жазылған адамдардың ішінде бір-ақ жігіт шымкенттік. Басқасы шет уезден келіп, уақытша қызмет қылып тұрған азаматтар. Басқа елдерге қарағанда заманадан ең хабарсыз жатқан ел Шымкент елі болса керек.

Мақала «Қазақ» газетіне 1915 жылы басылған. Авторы Зәкір Ғайсин. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегеніміз осы болар. Қазір түрлі ақпараттарда Шымкент қаласында 200-ге жуық мектеп, 94 колледж, 66 ЖОО бар – деген деректер келтірілген.

 

Abai.kz

 

0 пікір