Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сараптама 7155 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 10:10

ДЕВАЛЬВАЦИЯ: ЖАРЫҚ АСТАУ ЖАНЫНДАҒЫ ОЙ

Ұлттық банк төрағасы «құламайды, бәрі жоспармен болады» деп жүрген ұлттық теңгенің долларға шаққандағы бағамы бір күннің ішінде 35% құлдырады. Жұртшылықты сабырға шақырып, бір-бірімізге қанша басу айтқанмен теңгенің құлауы қоғамның барлық саласына әсер етеді. Сәл-пәл тыныс алып, иығы көтерілетіндер - Қазақстанның шикізатын экспортқа шығарушылар мен өндіріс, өңдеу салаларының кәсіпорындары. Бұған дейінгі үш девальвация да солардың мүддесін қорғап жасалған еді. Бірақ «баяғы жартас - бір жартас». Ешнәрсе өзгермеген, яғни еліміздің экономикасы шикізаттық бағыттан айырылмаған. Бұған қоса еңбек өнімділігі төмен. Бұл - Қазақстанда өндірілетін өнімдердің өзіндік құны жоғары деген сөз. Сондықтан шикізаттың бағасы түсе бастаса, Қазақстан экономикасы есірткіге тәуелді  жандай қалтырай бастайды. Ал оның салдары осындай девальвация сынды күрделі жағдайлардың орнауына әкеліп соқтырады. Еліміздің қазіргі жағдайын атақты орыс ақының әйгілі ертегісінің мазмұнымен суреттесек, балықшының жарық астау жанындағы пұшайман көңілі елестейді.         

Болар іс болды – бояуы сіңді. Енді не істеу керек? Теңгені құлату арқылы Үкімет шикізаттық бағыттағы экспортерларға және өндіріс, өңдеу салаларындағы кәсіпорынға көмек көрсетіп отыр. Ендігі уақытта оларға Үкімет тарапынан бір тиыны ұрланбай тікелей қаржы бөлінбеуі тиіс. Үкімет Қазақстанда шикізаттық өнім жоқ деп санап, барлық күш-қуатты, ынтаны экономиканың өзге салаларына бағыттауға көз жұма кірісуге міндетті. Басқа шегінер жер жоқ.

Теңгенің құлдырауы, ең алдымен, әлеуметтік жағынан аз қорғалған қарапайым халыққа, мемлекеттік, бюджет саласының қызметкерлеріне, әсіресе, төменгі және ортаңғы буынына әсер етеді. Елбасы осыны ескеріп, Үкіметке арнай тапсырма берді. Аталмыш категориялардағы тұрғындардың жәрдемақысын, шәкіртақысын, еңбекақыларын девальвация салдарына сәйкес көтеру қажет. Осы арқылы жұрттың тауар сатып алу мүмкіншілігін төмендетпеу тетігі жүзеге асады. Тауар сатылса, нарықтың классикалық «тауар – ақша – тауар» айналым үлгісі өз бағытымен жүріп отырады. Бұл өз кезегінде экономикаға тоқтатпай әлсіз болса да қан жүгіртіп отырады. Қазақстандық өнім өндірушілер осы қалыптасқан жағдайды ұтымды пайдалана білуі де маңызды.

Бұған қоса, ел Президенті 2 деңгейдегі және Тұрғын ұй құрылыс банктің салымшыларының теңгелік депозитіне өтемақы беру қажеттігін айтты. Өте дұрыс шешім. Шешім жүзеге асқан жағдайда, Үкімет, біріншіден, салымшылардың сенімін қайтарады, екіншіден, экономиканың өзекті бір саласы - құрылыс саласына қолдау көрсетеді. Әңгіме Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тікелей қатысты болып отыр. Себебі бұл банкте заң бойынша тек теңгемен ғана депозит ашылып, шетел валютасына рұқсат берілмейді. Демек, салымшы бірден үкіметтің өзі шығарған заң шеңберіндегі тұтқынға алынған немесе кепілдікке алған тұлғасы болып саналады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банк салымшыларына толық өтемақы төлеу арқылы үкімет дағдарыс уақытында құрылыс саласының құлдырап кетпеуіне мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде құрылыс маңында жүрген өзге кәсіпорындарға да оң әсерін тигізеді деген сөз. Басқаша айтсақ, жұмыс орындары сақталады, сонымен қатар қазақстандықтардың өте мұқтаж әлеуметтік мәселесі де кейін шегеріліп қалмайды. Сондықтан бұл жерде Үкімет еш ойланбауы және шұғыл шешім қабылдауы тиіс. Тезірек қимылдаған сайын, жағдайдың күрделенбеуіне жол ашылады.  

Теңге бағамы құлағанға дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкте салымшылардың 270 миллиард теңгесі жинақталған екен. Демек, салымшылардың жоғалтқаны (35%) 94,5 миллиард теңге. Бүгінгі доллардың бағамымен шаққанда (1 доллар – 252 теңге) 377 миллион доллар. Ал Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұруға соңғы уақытта 28 миллиард доллар жұмсағанын ескерсек, аталмыш сомаға Үкіметтің шамасы әбден жетеді. Тек ынта мен экономикалық мүддені ойлайтын болса, әрине. Үкіметтің салымшылардың өтемақысына жұмсаған қаржысы уақыт өте келе еселеп қайтатыны шығар күндей, туар айдай анық.

Бұл бір ғана саланың мәселесі. Дағдарыс кезінде мұндай жекелеген салаларды тым төмендетпеу маңызды мәселе. Қазақстанға шикізаттық бағыттан толық арылу керектігін осы бір дағдарыс тағы да ескертіп отыр.

 

 

 

Серік Қоныршин, сарапшы.

Abai.kz

0 пікір