Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 13121 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 07:13

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕ БӘРІМІЗГЕ ОРЫН БАР»

 Метафора непрерывной игры между                     

                                 самоотражающимися зеркалами является, как уже  

                                     упоминалось, парадигмой культуры постмодерна...

                             Ричард Кейни, «Кризис постмодернистского образа»

  Модернизм – логикалық ойдың жемісі, ол классиканың ықшамдалған нұсқасы

                        Иосиф Бродский                                 

                

Каждая новелла Крейна – триумф новеллы, как жанра: минимум лингвистических отвлечений и максимум событий. 

Глеб Шульпаков, «Литературная газета», 21.10.1998. 

Бізге пана болған қасқыр қазаға ұшырады, алайда көк бөрі рухы түркі баласын жұртқа тастап кеткен жоқ,

әлі күнге шейін киіз туырлықты қазаққа тиіскен адамның түсіне кіреді 

Дидар Амантай

 

b2ap3_thumbnail_10.jpgКезекті сұқбаттасымыз – жазушы, философ, кинодраматург Дидар Амантай. Көп сыналатын, сонымен бірге көп мақталатын жазушы. Көп басылатын, көп оқылатын да қаламгер. Көп оқитыны өз алдына. Журналист қауым көп қызығатын да, көп қызықты жайтты айтатын да ойшыл. Оқымысты. Кәсіби философ. Бүгінгі сұхбаттың ерекшелігі неде десеңіз, мүмкіндігінше ешқашан өзінің өзектілігін жоймайтын, өміршең деген шығармалардың атын атап, түсін түстеуге тырыстық. Әр жанрда. Сонымен бірге, Дидар Амантайдың соңғы кезде қоғам, мәдениет, руханият туралы философиялық түйіндер жазып, өлең жанрына да қалам тартып жүргенін білдік. Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек тәрізді асыл тұлға, асқан кітапқұмар оқымыстыларға арналған өлеңдерін оқып та берді. Борхес поэзиясы секілді ойға, көне тарихқа құрылған жырлар. Жарияланып отырған сұхбатқа кірмей қалған бір тақырып – кино, қазақ киносы, ұлттық кинематографтың ендігі беталысы. Дидар Амантай дәл біз сұхбаттасқан күні (24 шілде) «Қазақфильмдегі» қызметінен кетті. Бірақ, өзі қызмет еткен уақыттағы, оған дейінгі және кейінгі қазақ киносының тынысын айтып берді. Жанрлық кино да, авторлық (арт-хаустық) кинотуынды мен бедел қалыптастыратын (имидж) фильмдер де аз түсірілмепті. Балаларға арналған фильмдер жаңа бір белеске көтеріліпті. «Өз басым қазақ киносына соңғы жылдары Ермек Аманшаев көп еңбек сіңірді деп айта аламын. Ұлттық кино саласында да айтарлықтай табысқа жеттік. Досағаңның «Біржан салы» мен «Құнанбайы», мәселен. «Біржан сал» фильмі – қазақтың басынан дәурені өткені туралы кинотуынды, «Құнанбай» –  қазaқтың қолынан тізгіні кеткені жайлы көркем дүние», – дейді Дидар Амантай. 

–Әңгімені Бельгердің сөзінен бастағым келіп отыр. Герағаның мынадай бір сөзі бар еді: «Қазір әлемде алты баспа табақтан аспайтын романдар бар. Ал бізде бір ауылдан екі атты шығады. Содан екеуі келесі ауылға жеткенше ішті кептіріп тауды да суреттейді, тасты да суреттейді. Сөйтіп кітаптарын қалыңдата береді». Расында да, біздің қазақ әдебиетінде бұл көп кездеседі. Әдебиеттің алтын ғасыры делініп жүрген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы шығармаларда да суреттеу көп кездеседі екен... 

–Суреттеу емес, баяндау көп. 

–Баяндау да көп, суреттеу де көп, идея соның тасасында қалып қоятындай... 

–Біз алдымен мынаған келісіп алайық. Жиырмасыншы ғасырда күрт дамыған еуропалық философияның Эдмунд Гуссерль негізін қалаған бір тармағы – феноменология ағымы пәнінен дәріс оқыған бір ұстазымыз «алдымен категорияларымызды белгілеп, мазмұн-мәртебесін айқындап, ұғымдық өрісін, басқа туыстас түсініктерден айырмашылығын нақтылап алайық, сонда философияның ғылым екенін аңғарамыз» деп айтатын еді. Закирьянова дәріскеріміз айтқандай, біз алдымен сөз барысында қолданатын, іріктелген категорияларымыздың тізімін бекітіп, әр түсініктің мән-мазмұнын ашып, жайылатын өрісін шолып, мағынасын басқа да туыстас ұғым-түсінік немесе түрлерінен айырып, тақырыптық топты бір-бірінен ажыратып алайық. Бәрімізге белгілі, түсінік – заттың немесе құбылыстың елеулі қасиеттерін, байланыстарын, қатынастарын көрсететін ойлаудың формасы. Барлық энциклопедиялық лұғаттарда жазылғандай, категория – әуелі, заттардың, әлемнің объективті құбылыстарының ең мәнді қасиеттері мен қатынастарын көрсететін жалпы ұғым, екінші, заттар, құбылыстар жалпылылығы, қайсыбір белгілерімен біріккен жеке тұлғалардың дәрежесі, түрі, сыныбы, тобы. «Допустим, есть повествование, и есть описание». «Повествование» – баяндау. «Описание» – суреттеу. Яғни, суреттеу амалында, зады, уақиға айтылмайды немесе әңгімеленбейді, бейнеленеді немесе суреттеледі: бас қаһарманға баға бермейсіз, кейіпкердің іс-әрекетін түсіндірмейсіз, қалам әлқиссалап бастаған жайтқа қатысушы халықты оқырманға таныстырып жатпайсыз, сіз аталған бар кейіпкер мен әңгімені ситуацияда көрсетесіз. Суреттеу әдісінде адамның мінез-құлқы туралы жазылмайды, кісінің кім екендігі айтылмайды, ол қимыл-қозғалысынан, жасаған іс-әрекетінен көрінеді. Автор ештеңеге араласпайды, түсініктеме бермейді, мақал-мәтел келтірмейді. Таза ситуацияны береді, ой ситуацияның ішінде тұрады. Шығарманы оқып біткен соң, өзіңіз сол ойды тұжырасыз. Сіз тұжыратын қорытынды, байламды ой шығармада жазылмаған, бірақ кітаптың ішінде жүреді. Мысалы, «Шұғаның белгісі» – ұлы шығарма. Бірақ, ол – баяндаудың шыңына шыққан, машықтың жоғары деңгейіне жеткен шығарма. Шұғаның кім екенін айтады, сүйген жарын айтады, құсалықтан қалай бейнет кешіп, азапқа түскенін айтады, соның бәрін баяндап, әңгімелеп кете береді. Әңгімедегі әр тұлға өз бағасын алады. Ал Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелері, негізінен, суреттеу. Ол кісі бар жайтты суреттеп береді. Қазақ әдебиетінде, жалпы, суреттеуден гөрі баяндау басым. Көбіміз қалыптасқан дәстүрдің жетегінде келе жатқан бастаушыдан қара жазып қалмайық деп, құйрық тістесіп, көш түзеп, бір-бірімізге жалғасып, керуен тартып келеміз, шығандап бара жатсақ, шолғыншылар түре қуып, қайырып әкеліп үйірге қосады. Ауызекі тілден бізге жеткен низам солай болды. Байқасаңыз, қазақ прозасында бірінші жақтан жазылатын әңгімелер көп. Өйткені, үшінші жақтан тақырыпқа қалам тарту – қиын әрі бейнеті көп машық. Үшінші жақтан жазғанда автор ретінде араласа қоймайсыз. Араласқаныңыз көрініп тұрады. Прозаның балауса кезеңі сияқты «менің кейіпкерім ананы-мынаны ойлап отыр» деп те айтып кете алмайсыз. Өнердің мақсаты да, эстетикасы да, міндеті де сол: нәзік дүниеден тамаша ой шығару. Қарап отырсаңыз, «Ұлпанда» бәрі суреттеу тәсілімен басталады да, соңында Ғабең өзі кірісіп кетеді. «Негізі, Ұлпан жақсы адам еді, күйеубаласы жаман адам болды» деген сияқты. Стивен Крейн, Герман Мелвилл, Гертруда Стайн, Иван Тургенев, Лев Толстой секілді тұлғалардың жазу мәнерінен көп үйренген Хемингуэйді біз неге ұнатамыз? Өйткені, испандар аялап, жақсы көріп Эрнесто деп атаған ол көбінесе үшінші жақтан жазады. Тіпті, бірінші жақтан жазылған романының өзінде де, Хэм ақсақал – аса бір байсалды, сабырлы, сөзге үнемді, сараң, артық-ауыс тіркес жоқ, тек кернеп бара жатқан ситуацияны бейтарап беріп қана отырады. Тартынып, сөзден тарылып жазатын қаламгер қазақта да жоқ емес, бар. Мысалы, Қалихан Ысқақтың «Ақтоқымы». Жалпы, бұл – қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ең үздік шығарма. Біздің прозада одан асқан әңгіме жоқ. Сайын Мұратбековтің «Күзгі бұралаң жол» деген керемет әңгімесі бар, тіпті, Сатыбалды Нарымбетов осы туындының желісі бойынша кино да түсірді. Бейімбеттің әңгімелері, Мұхаңның «Көксерегі» осы қатарда. Баяндау мен суреттеу араласып келіп отыратын «Абай жолы» бар. Осы тұрғыдан келісіп алсақ, әңгімеміз жарасады деп ойлаймын. 

b2ap3_thumbnail_3_20150826-053734_1.jpg

–Баяндау, суреттеу дейміз. Бірақ, одан тыс, артық суреттеу бар ғой. 

–Әсірелеу. 

–Мәселен, айдалада өсіп тұрған шөптің гүлін, жұпар иісін суреттеу дегендей...

– Тегінде, шөптің гүлін, жұпардың иісін кейіптеу маған ұнайды, бұл машық мөлдір тұнықты бейнелегендей, аса бір нәзік эстетикалық өрнекті қажет етеді. Бірақ, Сіздің не айтқыңыз келгенін түсініп отырмын. Ойыңыз дұрыс. Қазақ әдебиетінде кәдімгі қарапайым шөптің өзі ең бір ерекше шөп болып шығады. Әңгіме бір алып адам туралы болса, ол дүниедегі ең алып адам ретінде сипатталады. Біреу ғашық па, дүниедегі ең ғашық адам сол тәрізді. Неге десеңіз, эпикалық тыныс, эпостық жырлардың ықпалы әлі қатты сезіледі. Өйткені, онда бәрі де күшейтпелі шырайда әсірелене көрсетіледі. Ауызша жырлағанда, өсіре айтып, асыра мақтаған, үлкейтіп жеткізіп, үрейлендіре хабарлаған, шынында да, жарасымды, келісті, төгіп-төгіп жібергенде жырдың әсері де күшейіп кетеді, орынды, жақсы, қызықты, тартымды шығады. Алайда, жазба әдебиет дегеніміз мүлдем бөлек, оқшау дүние. Ауыз әдебиетіне жақындығы – туажаттың деңгейінде. «Литература» («Literature») – шеттен келген термин. Түбірі «литер», «литера» («Littera») – әріп дегеннен шығады. Яғни, әдебиет – әріптен басталады. Жазба әдебиетіне көшкенде, басқа мәдениет қалыптасады. Жазба мәдениеті. Онда, тіпті, бір бетте қанша абзац тұратыны, абзацты қай жерден бастайтыныңыз, бас әріпті қай тұстан қоятыныңыз, барлығы дерлік мәтін және көркем сөздің эстетикалық қуатына, сұлулығына, сапасына әсер етеді. Кейде бір жақсы әңгімені үнсіз оқып отырсаңыз, бәрі келісіп, жарасып тұрады да, дауыстап оқи бастасаңыз бірден әдемілігі бұзылады. Бұл мәтіннің ерекшелігі деп ойлаймын. 

–Сізге әдебиеттің бір өкілі ретінде қайсысы жақын? Суреттеу стиліндегі шығармаларды жақсы қабылдайсыз ба, әлде баяндау стиліндегі ме? 

–Суреттеу баяндаудан жоғары тұр. Бірақ, баяндаудың ішінде де ұлы шығармалар бар. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Суреттеу үлкен машықты, білімді қажет етеді. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Үшінші жақтан аз жазылатыны да сондықтан. Біздің атақты «Менің атым – Қожа» деген шығармамыз бар ғой. Ғажап туынды. Керемет кино түсірілді. Міне, осы «Қожа» – баяндау. Ең бастапқы сөйлемдері есіңізде ме? «Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады» деп басталады ғой. Ауыл баласының психологиясы. Өнер бірте-бірте ықшамдала келе жақсы бір модусқа келіп тірелуі қажет. Мұхтар Мағауиннің маған бірде: «Пабло Пикассо бұқаның өмірде қандай болатынын салуды меңгеріп алғаны соншалықты, кейін бұқаны үш-ақ сызықпен кейіптейтін болды» дегені бар еді. Кейін Пикассоның туындыларын қарасам, өскені соншалық, екі-үш немесе үш-төрт сызықпен ғана ойын жеткізе алатын суреттер салған екен. Тамаша эсселер жазған Бродскийдің бір сөзін үнемі айтып жүремін. Бродский «Модернизм – есть лишь логическое следствие – сжатие и лаконизация – классики» дейді. Қазақшаға аударсақ, «модернизм – классиканың ықшамдалған нұсқасы». 

–Жаңағы өзіңіз айтып кеткен Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейдісі» – 20-25 баспа табақтық роман. Осы шығармада тек қана болып жатқан оқиғалар баяндалып отырады, барлығы соның ішінде. Артық суреттеу деген жоққа тән...

–Бердібек Соқпақбаев баяндаудың ең биік шыңына жеткен адам ғой. «Менің атым – Қожада» да артық сөйлем жоқ. Ауыл баласының психологиясын өте жақсы меңгерген және соны прозада бере білген. Ал осының төркіні қайда жатқанын білесіз бе? Ғабеңнің «Қазақ солдаты» деген романы бар ғой, содан деп ойлаймын. Алғашқы бөлімдері есіңізде ме? «Зытып келем, зытып келем...» деп басталады. Жетімдер үйіндегі балалардың психологиясы тамаша берілген. Шаштаразды қалай суреттейді? Базардағы елдің затын ұрлаған ашқарын балалардың ойын, қиялын, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қалай береді? Осы, меніңше, қазақ балалар әдебиетінің алғашқы нышаны. Ар жағы сұйылып кетеді. Солдаттар тойда жүрген сияқты. Соғыс деген мереке-мейрам, той-думан емес, қанша айтқанмен, бейнет қой. Сол жағы нанымсыз шыққан. Бұл, әрине, Ғабеңнің мәртебесін төмендетпейді. Ғабит Мүсірепов – ұлы эстет адам. «Ұлпан» да керемет шығарма. Бірақ, соңында асыққан. Сол жөнінде Қалихан Ысқақтан бірде: «Қалаға, «Ұлпанды» оқығанда таңғажайып сезімде отырасыз, бірақ аяқ жағына келгенде, оқиғалар тез-тез дамып, сюжеттік желі кілт аяқталып қалады. Неге асыққан?» – деп сұраған едім. «Мәреге асыққан тұлпарлар сияқты ғой», – деген еді Қалағаң. Бәлкім, жеке өміріндегі тосын азап, басындағы қайғы әсер етті ме, кім білсін. Қалай болғанда да, «Ұлпанды» баппен бастаған да, баппен аяқтай алмаған. Ал «Боранды түнде» деген әңгімесі ғажап! «Қос шалқар» қандай?! Мұхтар Әуезовтің «Қыр суреттері», «Қорғансыздың күні» керемет жақсы дүниелер. Бірақ, бәрінен де биігі, әрине, «Көксерек». Жалпы, Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы ең биік, оқшау тұрған шығарма «Көксерек» деп білемін. 

–«Көксеректің» идеясына қатысты күні кеше ғана бір пікір көзге түсті. Осы шығарманың өзінде Кеңес өкіметінің қысастығын, бірақ оның бәрібір ұзаққа бармайтынын меңзеп отыр дегенге келтіреді...

– «Көксеректің» жазылуына ықпал еткен Джек Лондонның шығармалары болуы мүмкін. Бірақ, бұл еліктеп жазды деген сөз емес. Қазақтың өзінің қасқыры бар. Алайда, жазуға ықпал етті, түрткі болды деп ойлаймын. Абайдың алашордашылардың бел ортасында жүрген, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймаутовтарға дос, серік болған Тұрағұл деген аяулы перзенті бар, қалам тартқан ең құнды еңбегінің бірі – «Әкем Абай туралы» деп аталатын, Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша жазған естелігі, қазақ әдебиетінде, жалпы, ұлы Абайды, асыл қара сөздерін есепке алмағанда, естелік жазу жанрының басында – Тұрағұл тұр десек те болады. Сол кісі ғажап аудармашы болған. Джек Лондонның «Эскимос Киш» әңгімесін, Максим Горькийдің «Челкаш», А.С.Неверовтың «Марья-большевичка», «Мен өмірге жерікпін» атты әңгімелері мен Болеслав Прустың «Антек» деген шығармасын қазақ тіліне тәржімелеген. Сонымен қатар, Джек Лондонның «Мартин Иден» романын аударған, бірақ қолжазбасы сақталмаған, осы дүниелерді тауып, шығару керек деп ойлаймын.

b2ap3_thumbnail_7_20150826-053737_1.jpg

–Мұқабасы көк, жұқалтаң ғана кітабы болушы еді...

–Ол естелігі болса керек. Тұрағұл – Әйгерімнен туған жалғыз ұл. Сіз айтып отырған идеяға толық қосыламын. Бірақ, менің Әлмира Бекетқызы Наурызбаева деген ұстазымның бір пікірі ойыма оралып отыр. Осы шығармасында Мұхтар Әуезов бұрын біздің анамыз болған қасқырдың өлімі туралы жазады дейді. Яғни, түркі баласын асырап-сақтаған Тотем ажалын аза тұтқан туынды. Сіз Совет Одағының қысастығын көрсетті деп отырсыз ғой, меніңше, тегінде, лениндік идеяның сақараға баса көктеп келгенін, қызыл өкіметтің түзде орнағанын көрсеткен сияқты. Қалай дейсіз ғой? Қазақтың қырдағы салтанаты аяқталды, ойдағы сәулетті өмірі таусылды! Хан тағынан, билер алқалы мәжілісінен айырылды, батырдың найзасы сынды, көштің теңі бұзылды. Даладан еркіндік кетті. Патша қыстауды қиды, жайлауды кесті. Қақын қақты, құнын арзандатты, құқын шектеді. Тізгін патшаның қолына көшті. Бізге пана болған қасқыр қазаға ұшырады, алайда көк бөрі рухы түркі баласын жұртқа тастап кеткен жоқ, әлі күнге шейін киіз туырлықты қазаққа тиіскен адамның түсіне кіреді. Қасқыр ұлы Анамыз еді. Алаш жетім қалды. Қорғансыздың күнін кешті.  

 

 

–Әдебиеттің өкілі болмағаннан кейін мұндайға мән бермейді екенбіз...

–Қалай болған күнде де, бұл қасқырды жоқтаған шығарма деп ойлаймын.

–Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Сайын Мұратбеков шығармаларында кейіпкерге сипаттама берілмесе де, солардың мінез-құлқы, әдет-дағдысы іс-әрекетінен көрініп қалатын тұстары көп кездеседі. Әсіресе, Дулат Исабеков «аңқау еді», «ожар еді» демей-ақ, бір ғана әрекетімен көрсете қоюға шебер. Мысалы, «Ақырамаштан наурызға дейін» деген шығармасында. Тынымбай ағамыздың «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қысынан» да осындайды байқаймыз. «Әлі шалдың қыздары» қандай! Жалпы, бұл жазушылардың қай-қайсысы болса да, шығармаларын оқығаннан кейін таңдайыңда дәмі қалғандай бір керемет әсерде жүресің. Тез аяқталып қалады. Сонымен бірге, мана өзіңіз айтып кеткендей, аяқтала алмай кететін шығармалар да кездеседі біздің әдебиетте. Ол және кейбір мықты жазушыларда да кездеседі...

–Баппен бастайды да, баппен аяқтай алмай қалады ғой. 

–Соңы сәтсіз аяқталып жатады.

–Финал көбейіп кетеді. 

–Мұндай да көп қой бізде? 

–Қазақ әңгімеші халық қой, жалпы. Әңгіменің майын тамызып айтамыз. Бірақ, өлең құрағанның бәрі ақын еместігі секілді, әңгімешінің бәрі жазушы емес. Әдеби шығарма эстетикаға құрылуы керек. Әңгіменің басында бір эстетикалық тәсілдің ізіне түстіңіз бе, онда соңына дейін сол дәстүрге адал болуыңыз керек. Иә, Дулат Исабеков – шебер жазушы. Бірақ, қазақтың сөзі қыршаңқы, қыңыр сөйлеуге, теріс жасап, кері толғауға қашанда дайын тұрады, қырсығып қырып алуға да өте қолайлы, оңтайлы, ыңғайлы. Қазақ бірдеңеге ерегісіп, қырсық сөйлей бастаса, оны тоқтата алмайсыз. Дулат Исабеков осыны шебер пайдаланған. «Конфронтация» деген шығармасы бар, дүркіреп той өтіп жатқанда бас қаһарман жарықты өшіріп тастайды. Бірақ, сабырлы, салиқалы, эстетикалық талабы жоғары, баппен жазылған, баппен қайырылатын шығармалар, өкінішке қарай, аз. Жекелеген шығармаларды айтуымызға болады. Мысалы, Сайын ағамыздың «Күзгі бұралаң жолы». Мағжанның «Шолпанның күнәсі» керемет жазылған! Бейімбеттің «Естайдың ауылы» деген шығармасы қандай! «Шұғаның белгісінен» бір де кем емес. Базары тарқаған ауыл, белгісіз біреудің 

b2ap3_thumbnail_6_20150826-053736_1.jpgқарашаңырағы. Төбеден аттылар құлайды, оқшау жатқан ескі ауылға қонақ келе жатыр, жортуылшылар суыт жүріп отырып ел ішіне ілігеді, алайда қарсы алған ешкім жоқ. Бәрі көңілсіз. Дастарқан жайылады, бірақ күйсіз үйде қандай әңгіме жарассын. Гүрс-гүрс жөтелген біреу қоңыр домбыраны шығарып, қонақкәде ретінде бірдеңені шіңкілдетеді. Елдің көркі, жұрттың ажары қашқан, сәні кеткен, әні таусылған. Сөйтсе, бұл ауылға оба жеткен екен. Мен есте қалған әсер бойынша баяндап отырмын. Осыны Бейімбет керемет берген! Обадан қырылып жатса да, қонақкәдесін ұмытпай, бастарын көтеріп, еңселерін тіктеп, асығып жеткен қонағын қарсы алып жатыр. Бірақ, жетім қыздың тойындай дастарқанды, ас үстіндегі жарасымсыз әңгімені, сүреңсіз күйді керемет берген. Бейімбет қырғыннан аман қалғанында, ұлы роман жазатын ба еді деп ойлаймын. «Раушан – коммунист» Бейімбеттің негізгі шығармасы емес. Негізгі шығармасы – «Шұғаның белгісі». 


–Бейімбеттің шығармашылығы шынайылығымен биік шығар. Қанша уақыт өтті, заман өзгерді, қоғам басқаша кейіпке енді. Бірақ, Биағаңның шығармаларын оқып отырсаң, сол замандағы сол бір адам тура өзіңнің айналаңда бар сияқты әсерде боласың. 

–Сол заманның тынысын береді. Кейде нашар шығармалар жарық көрмеуі тиіс деген пікір естіліп қалады. Жаңсақ, ұшқары пікір. Сәтсіз кітапты да шығару керек, елге ұсыну керек. Қазақ әдебиетінде жақсы шығарма да, нашар шығарма да болуы керек. Егер шындасақ, бізде Рамазан Тоқтаров, Бексұлтан Нұржеке, Сәбит Досановтың деңгейіне жете алмай жүрген жазушылар көп. Ал Досановты оқысаңыз, тілі шұрайлы, тілді жетік меңгерген, прозаның талап-тәртібін біледі, әдеби сауаты бар. Өз оқырманын тапқан қаламгер. Қазақ әдебиеті босағасында уақыт атты қырағы бақылаушы тұрған алып ғимарат сияқты, күзеттің көңілінен шыққан бар ақын-жазушыға орын да табыла кетеді. Кимелеп, жанталасудың қажеті жоқ, бәріміз де сыямыз. Жас кезімізде басымыз қосыла қалса, біреуді мақтап, екінші біреуді сынап жататынбыз. Әсіресе, Әмірхан Балқыбек екеуміз ұшыраса қалсақ, бейбіт әңгімеміз қып-қызыл шатаққа ұласатын. Сондықтан, қырық-елу жыл өткен соң, Сәбит Досановтың жазғандары бүгінгі уақыттың сипатын айқындаған кітапқа айналуы мүмкін. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндей дәуір келбетіне, замана үніне айналмаса да, өз ғасырының тынысын берген шығарма ретінде ел есінде қалары сөзсіз. 

Бізде аты-жөні көп атала бермейтін тағы бір жазушымыз бар – Бексұлтан Нұржекеұлы. Ол кісінің екі романын оқыдым. Бірі «Күтумен кешкен ғұмыр» да, екіншісі – «Бір өкініш, бір үміт». Тәсілі қандай, жазу мәнері қандай, машығы қандай, ол қазір есімде жоқ. Бірақ, жас кезімде оқығандықтан, мәңгі есімде қалды. Кейіпкерлерінің іс-әрекеттері жадымда жатталмаса да, атмосферасы санамда, көкірегімде сайрап тұр. Сара Мыңжасарованың «Әйел бақыты» деген романын оқыдық. Ауылында Совет өкіметін орнатқан әйел туралы. Жап-жақсы шығарма! Сол кездегі қазақ халқының өмірін баяндайды. Марқұм Адам Мекебаевтың екі шығармасын оқыдым. Жас кезімде «Періште келіншегін» оқыдым. Жалғасы болады деген сияқты еді, болмады ғой деймін. Екіншісі – «Құпия қойма». Ашаршылық туралы сәтті шығармалардың бірі деп ойлаймын. Зейтін Ақышев, Зейін Шашкин деген тамаша суреткерлер бар еді. «Жаяу Мұса» мен «Доктор Дарханов» («Теміртау», «Тоқаш Бокин») атты романдармен бәріміз де таныспыз. 

Прозаны бес түрге бөлетінімді бұрын да сұқбаттарымда айттым ғой деймін. Олар: әлеуметтік-антропологиялық проза, фантастикалық проза, коммерциялық немесе детективтік проза, философиялық немесе метафизикалық проза, ақындық, яки поэтикалық проза. Ішіндегі шоқтығы биігі ақындық проза деп ойлаймын. Оған кімдерді жатқыза аламыз? Асқар Сүлейменов...

–Тәкен Әлімқұлов...

–Иә, Тәкен Әлімқұлов. Тәкеннің шығармаларынан Габриэль Гарсиа Маркестің шығармаларымен ұқсастық таптым. Біріншіден, Маркес сияқты Тәкеннің кейіпкерлері де бір шығармасынан екінші шығармасына кіріп жүре береді. Мысалы, қобызшылары, атбегілері бір шығармасынан екіншісіне көшіп жүреді. Екіншіден, Маркес те, Тәкен де ертегі оқып отырғандай әсер қалдырады. Үшіншіден, кейіпкерлерінің өлімі үлкен қайғымен, трагедиямен келмейді. Мысалы, қобызшы туралы бір шығармасында халықтың риза болғаны соншалық, киіз үйді көтеріп тастап отырғанын жазады. Қобызшы тартып отырған әуенін доғарып, жұртпен қоштаспастан, орнынан тұрып кетіп қалады. Кейін қобызшының ауылына барып қайтыс болғаны жөнінде хабар жеткенін жазады. Бітті. Адамның қазасын әсірелеп, күшейтіп берсеңіз, ол өзінің шындығынан айырылады. Тіпті, әсер етпейді. Ал мынадай тосын ажал адамға қатты әсер етеді. Адам өлімінің қай-қайсысы да тосын. Михаил Булгаковтың «Мастер және Маргаритасы» есіңізде ме? Шайтанмен кездесетін жері. Бірақ, шайтан екенін білмейді. «Человек смертен» дегенде шайтан келіспей, «нет, человек внезапно смертен» дегенді айтады. Төртіншіден, Тәкенді оқып отырғанда сөйлемдері өзінің тігісін тауып жатқаны бірден аңғарылады. Қазақ ескіше қалай сөйлеп, қалай сөз саптады, тура сол қалпында жазады. Тіпті, бір шығармасында қысқа-қысқа он бес абзац

b2ap3_thumbnail_4_20150826-053735_1.jpgболса, соның оны «Сонда...» деген сөзбен басталады. Кейде бір абзацтың ішіндегі барлық сөйлем «...қояды» болып аяқталуы мүмкін. Мұндайға қарамаған. Өйткені, ауызекі тілде ондайға қарамайды. Текстің мәдениетін меңгерсе де, ауызекі тілдің қалпын бұзбаған. Совет Одағы кезінде ештеңе жасалмаған сияқты көрінеді. Ұшқары ой. Сол уақытта қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі шықты. Керемет жұмыс. Аударма көп жасалды. Жас кезімде оқыған шығармалар әлі есімде. Толстой, Гоголь, Достоевский, Тургеневтің шығармаларынан бөлек, ешкім танымайтын, тіпті, орыстардың өзі білмейтін шығармаларды аударған екенбіз. Мәселен, тау халқына арналған «Ұбықтан қалған бір жалғыз» деген романды оқушы кезімде оқыдым. Авторы – Баграт Шинкуба. Әсері әлі күнге ұмытылмайды. «Құсқанаты» деген атпен жарық көрген поляк халқының әңгіме-новеллаларын да университетте жүргенде оқыдым. Аудармасы керемет! Шекспир, Пушкин, Лермонтовтар аударылған. Шекспирді аударуға, тіпті, қазақтың аяулы тұлғасы, ғұлама ғалым Евней Бөкетов атсалысқан. Қуандық Шаңғытбаев ағамыз аудармаға үлкен еңбек сіңірген. Шығыс тілдерінен, парсы тілдерінен Әбілмәжін Жұмабаев керемет дүниелерді аударған. Осы Әбілмәжін ағамыздың Сыздық төре туралы жазғаны бар. Өмір бойы ұмытылмайтын дүниелер.

–Ақындық прозаны Асқар Сүлейменовпен, Тәкен Әлімқұловпен шектейміз бе, әлде?..

–Тәкен Әлімқұловта біз білмейтін бір тіл бар. Тек әдебиеттен ғана емес, өмірден жоғалып бара жатқан тіл. Поэтикалық шығармалардың көшін Мұхтар Әуезов пен Бейімбет бастайды, ол даусыз. Ал Әбдіжәмил Нұрпейісов – ірі суреткер. Мәселен, Тәңірберген образы – өте сәтті шыққан образ. Мұқан Иманжановтың «Адам туралы аңыз» деген шығармасын осы қатарға жатқызуға болады. Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесі – таза поэтикалық шығарма. Ол повесті оқыған сайын көзіме жас келеді. Әлі күнге дейін! «Тазының өлімі» қандай! «Аласапыран» өз алдына. Ал «Шыңғыс ханды» қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдары жарық көрген құбылыс тұрғысындағы шығарма деп ойлаймын. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Аңыздың ақыры» – поэтикалық шығармалар. Оралхан Бөкейдің эсселері – таза ақындық прозаға жататын дүниелер. Ал «Атау-Кере» зорлықпен жазылған дүние сияқты көрінеді. «Қайдасың, қасқа құлыным?» – өлең ғой тұнып тұрған. «Аспандап ұшқан алты қаз» – новелла да емес, эссе де емес, әңгіме деп те айта алмайсыз. Бірақ, тамаша туынды. Төлен Әбдікұлының «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі, Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Күзгі бұралаң жол» шығармалары да осы қатарда. Ал Қалихан ағамыздың «Ақтоқымын» ең үздік әңгіме деп ойлаймын. Қалихан ағамыздың «Тұйық», «Қоңыр күз еді», «Ақсу – жер жаннаты» шығармаларын Әмірхан марқұм көп мақтайтын. Бірақ, бұл шығармалар маған аса ұнамады. Мен үшін «Ақтоқымның» жолы бөлек. Сұмдық шығарма деп ойлаймын. Шерхан Мұртазаның әңгімелері қандай керемет! «Жүз жылы» қандай! 

Жұмабай Шаштайұлы деген ағамыз бар ғой. Мен өмірде сол кісідей шынайы адамды көрген жоқпын. Адамды жамандыққа қимайтын кісі. Адам туралы жаман ойламайды, жаман айтпайды. Сұранып тұрған тұжырымның өзін бере қоймайды. 1992 жылы «Жас Алашқа» Жұмабай Шаштайұлының бір мақаласы шыққан. «Атау-Кереден» бастап түгел атап жазған. Соны оқыған уақытта Жұмабай Шаштайұлы керемет сыншы бола алатын адам деген ой түйдім. Зейнолла Серікқалиевтің жақсы шәкірті болар еді. Ал Зейнолла Серікқалиев – ешқашан адамды жауға бермейтін кісі. Нашар жазушының өзін құтқарып алып шығады. Жалпы, Зейнолла ағамыздың әдебиетке деген адалдығы – көпке үлгі. Өмірінің соңғы жылдарында үйіне бір барғанымда,  айтылмай кеткен бір жазушының кітабын баспаға дайындап отыр екен. «Бұл кісілердің артында ұрпағы жоқ» дегенді айтты, сол үшін өзі қолға алыпты. Қазір сыншы дегенді қаламына іліккенін қиратып, жайпап тастайтын адам деп ойлайды. Жаңсақ түйін. Зейнолла ағаларымыз қандай сыншы еді! Сыншы болу үшін кең жүрек керек адамға. 

b2ap3_thumbnail_5_20150826-053735_1.jpgҚазір жастарда тіл жоқ деген пікір де көп айтылады. Мұндай пікірмен келіспеймін. Асылбек Ихсан (Ықсан), Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева,  Ерлан Төлеутай, Мәдина Омарова, Дархан Бейсенбекұлы, Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Мұрат Алмасбекұлының әңгімелерін оқыңыз, қандай тамаша туындылар, қандай құнарлы тіл. Думан Анаш, Өміржан Әбдіхалық, Нұрлан Қабдайлардың тілі өте бай. Серік Сағынтай, Алмас Мырзахметов деген жігіттердің шығармаларын оқимын. Өз басым қазақтың эпосын оқып өскен, жыраулар поэзиясын әлі күнге дейін оқитын адамдардың бірімін. Қазақта мен білмейтін сөз жоқ. Соңғы білмейтін сөзім бар еді, оны кеше таптым. «Наз» деген сөзді біз әдетте өтініш, еркелік ретінде ғана түсінеміз ғой. Қазақ, әдетте,  әйел адамдардың арасынан шыққан сал-серілерді «наз» деп атаған екен. 

Тегінде, атымның Дидар қойылуының өзі тегін емес. Әжем Қазиза Құдайбергенқызы оқымысты кісі еді. Төрт-ақ кластық сауаты болса да, көркем әдебиетті сұмдық оқыған. Менің әжелерім – «Абай жолы» роман-эпопеясының тұңғыш оқырмандары. Ауылға келген жалғыз кітапты сағатқа бөліп, кезектесіп оқитын болған. Кейін Мұрат Әуезовпен кездестіріп, екеуін суретке түсіріп алдым. Мен дүниеге келгенде әжем Мағзом Сүндетовтің «Күтем сені, Дидар» деген повесін оқып жатқан екен. Кейіпкер ұнаған болуы керек, менің атымды Дидар қойыпты. Сондықтан, менің тағдырымды айқындаған, жолымды тауып берген әжем деп ойлаймын. 

–Ешқашан өзінің өзектілігін жоймайтын, ешқашан өлмейтін 10 роман, 10 повесть, 10 әңгіме, 10 поэма, 10 өлеңді тізімге түзіп көруге қалайсыз? 

–Көрейік. Егер бұл тізімге әлдекім кірмей қалса, олар әлсіз, осал деген сөз емес, олар келесі тізімге кіреді деген сөз. Және дәл осы мен айтқан тізімнің басқа да бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Мұны менің тосын айтылған жеке пікірімнің бірі деп қабылдаған жөн. Сонымен бірге, мен 10 деректі роман және 10 аударманы да қосар едім. Сонымен, кеттік.

 

10 роман:

1.Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» – бастау

2.Мұхтар Әуезов, «Абай жолы»

3.Ғабит Мүсірепов, «Қазақ солдаты»

4.Ғабиден Мұстафин, «Қарағанды»

5.Бердібек Соқпақбаев, «Өлгендер қайтып келмейді»

6.Әбдіжәмил Нұрпейісов, «Қан мен тер»

7.Әбіш Кекілбаев, «Аңыздың ақыры»

8.Мұхтар Мағауин, «Аласапыран»

9.Мұхтар Мағауин, «Шыңғыс хан»

10.Сәкен Жүнісов, «Ақан сері»

10 деректі роман:

1.Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу» (немесе «Ақжолтай батыр»)

2.Сәбит Мұқанов, «Балуан Шолақ»

3.Медеу Сәрсеке, «Қаныш Сәтбаев»

4.Медеу Сәрсеке, «Евней Бөкетов»

5.Медеу Сәрсеке, «Ермұхан Бекмаханов»

6.Мұхтар Мағауин, «Мен»

7.Шерхан Мұртаза, «Ай мен Айша»

8.Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкен Сейфуллин туралы романы

9.Таласбек Әсемқұловтың «Біржан сал» кинороманы

10.Ерлан Төлеутай, «Жүсіпбек Елебеков»

10 повесть:

1.Жүсіп Алтайбаев, «Ер Ағыбай»

2.Асқар Сүлейменов, «Бесін»

3.Ақан Нұрмақов, «Құланның ажалы»

4.Тәкен Әлімқұловтың повестері

5.Сайын Мұратбеков, «Жабайы алма»

6.Әбіш Кекілбаев, «Шыңырау»

7.Мұхтар Мағауин, «Тазының өлімі»

8.Оралхан Бөкей, «Қайдасың, қасқа құлыным?»

9.Төлен Әбдікұлы, «Тозақ оттары жымыңдайды»

10.Таласбек Әсемқұлов, «Шымдан»

10 әңгіме: 

Мұхтар Әуезов, «Көксерек» – қазақ әңгімесінің үлгісі...

2. Ғабит Мүсірепов, «Боранды түнде» 

3. Мұқан Иманжанов, «Адам туралы аңыз»

4. Мұхтар Мағауин, «Әбдіғаппар сері»

5.Шерхан Мұртаза, «Жүз жыл»

6. Сайын Мұратбеков, «Күзгі бұралаң жол»

7. Қалихан Ысқақ, «Ақтоқым»

8. Тынымбай Нұрмағамбетов, «Зәуреш»

9. Нұрғали Ораз, «Боранбай-Бораш»

10. Айгүл Кемелбаева, «Қоңыр қаз»

11. Ерлан Төлеутай, «Иманжүсіптің әні»

10 поэма: 

Қазақтың Бас ақыны Абай поэмалары – ұлт поэмасының үлгісі...  

1.Мағжан Жұмабаев, «Батыр Баян» немесе «Қорқыт», 

2.Сапарғали Бегалин, «Тасарал»

3.Ілияс Жансүгіров, «Құлагер»

4.Қалижан Бекхожин, «Батыр Науан», (1939 жылы атышулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын атты поэма жазған, кейін 1950 жылдары осы поэмасы үшін қуғын көрген, кітаптарын шығаруға тыйым салынған)

5.Мұқағали Мақатаев, «Моцарт. Жан азасы»

6.Қасым Аманжолов, «Ақын туралы аңыз»

7.Жұмекен Нәжімеденов, «Жоқ, ұмытуға болмайды»

8.Сырбай Мәуленов, «Соғыстан қайтқан солдаттар»

9.Ғафу Қайырбеков, «Дала қоңырауы»

10.Олжас Сүлейменов, «Қыш кітап»

10 өлең: 

Абай өлеңдері – қазақ жазба поэзиясының үлгісі... 

1.Мағжан Жұмабаев, «Түркістан» («Күншығыс»), («От»), («Пайғамбар»), («Хәкім Абай»), («Мен жастарға сенемін»)

2.Қасым Аманжолов, «Дариға, сол қыз»

3.Төлеген Айбергенов, «Бір тойым бар» 

4.Мұқағали Мақатаев, «Сарыжайлау»

5.Жұматай Жақыпбаевтың Ләйлә туралы өлеңі

6.Есенғали Раушанов, «Қазақ ауылы»

7.Серік Ақсұңқарұлы, «Қасқыр бабалар»

8.Қадыр Мырза Әлі, «Ақындар өтер таңғалып»

9.Тұманбай Молдағалиев, «Әнім сен едің»

10.Әмірхан Балқыбек, «Жорық жыры». 

Сондай-ақ, осы тізімге Несіпбек Айтұлы, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Маралтай, Жарас Сәрсек, Талғат Ешенұлы, Ерлан Жүніс, Ұларбек Дәлейұлы, Бауыржан Қарағызұлы сияқты ақындарды кіргізе алмағаным өкінішті. 

10 аударма: 

1.Баграт Шинкуба, «Ұбықтан қалған бір жалғыз»

2.Федор Достоевский, «Нақұрыс»

3.Иван Буниннің «Балқарағай» топтамасы

4.1990 жылдары шыққан поляк новеллалары (кім аударғаны есіме түспей отыр)

5.Тұрағұл Абайұлы, Джек Лондонның шығармалары («Мартин Иден», «Эскимос Киш»)

6.Қалмақан Әбдіқадыров, «Мың бір түн»

7.Әбілмәжін Жұмабаевтың аудармалары

8.Мұхтар Мағауин, «Сүлеймен патшаның кеніші»

9.Таласбек Әсемқұлов, «Жат келбет», Кобо Абэ шығармасының аудармасы

10.1920, 1930, 1940, 1950 жылдары Маркс, Энгельс, Ленин және Сталинді аударған аудармашылар: тізімін қалпына келтіру керек.

–Дәл қазір не жазып жүрсіз? 

–Соңғы уақытта мен өлең жазып жүрмін. Кезінде, мектепте оқып жүргенде, университет қабырғасында поэзияға қалам тартқан тәжірибем бар еді. Кейінгі уақытта біраз өлең туды. Соның ішінде Әмірхан Балқыбек пен Таласбек Әсемқұловқа арнаған екі өлеңімді оқып берейін: 

–Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз. 

 

Әмірхан Балқыбектің рухына!

ЕҢКІНІҢ ЖӘНЕ БОРХЕСТІҢ КІТАБЫ

КНИГИ ЭНКИ И БОРХЕСА / BOOKS OF ENKI AND BORHES

 

 

                                                        «И создал Господь Бог человека из праха  земного, и вдунул в лице его 

                                                          дыхание жизни, и стал человек душою живою» (Бытие 2:7)

 

                                                          «Сыңғырлап тұрған кепкен балшықтан  тиісті мүсінге келтіріп, адамды Біз  

                                                           топырақтан жараттық» (Құран Кәрім,  «һижір» сүресі. 15:26) 

 

                                                           «Адамды Ол  ұйыған қаннан жаратты» («Алақ» сүресі, 96:2)

 

 

Әумин!

 

Ей, Әмірхан! 

Сен – Тәңірмен тілдестің!

Қасқыр құдай болған кезді шын дестің.

Тақуадай кітап оқып күн кештің!

Жолықтың ба Рұм патшаларына?!

Шумер халқын көргеніңді білмеспін...

 

Жалын тартып, асау мініп алыстың,

Құла дүзде желмен ойнап жарыстың.

Ат үстінде бала сүйіп, жар құштың.

Жүрсің бе енді ұжмақ кітапханаларында – 

Жұмбақтарын шешіп екі ғарыштың...

 

Қыпшақтардың жорық жырын айбат үн

Рұмды шапқан сапарда айтып қайтатын.

Шылбырыңды ұстар, байлар қай қатын... 

Соңғы кітап жазылады бір күні

Бар кітаптың мазмұндарын айтатын.

 

Нибиру – көк аспандағы құт әнім.

Қаза ауыр. Қайғыдан қан жұтамын.

Ануннаками, нені қастер тұтамын.

Енді ешқашан оқымайды адамзат 

Еңкі жазған кітаптардың кітабын...

 

Тақтан тайма, отыр мәңгі күрсіңде.

Құлақ түріп сырттан жеткен дүрсілге,

Кітап күтіп елегізіп күрсінбе.

Құдайды іздеп қолжазбаңды сүйретіп

Құс жолында қамырығып жүрсің бе.

 

Атқан таңы ассирия сібірлеп,

Өткен аккад, хананея дүбірлеп! 

Хетта, хуррит, арамея түбірлеп 

Қыштан жазған ұлы поэмаларды

Өзіңе-өзің оқисың ба күбірлеп...

 

Жусан иісі космоста бұрқырап,

Отырсың ба оңашада жыр құрап.

Тұңғыш нұсқа, соңғысына – қыр жұтап,

Енді ешқашан оқылмайды ғаламда 

Сен оқымай кеткен жалғыз бір кітап.

 

О, уақыттар!

Дешті-қыпшақ даласын –

Оятамын!

Қырға тізген қаласын!

Көне шаһар оттары еске саласың...

Ұмытпаңдар орда құрған 

Шыңғысхан

Сүйген Бөрте әулетінің баласын!

 

02-03.07.2015

 

 СЕНІ ЖОҚТАП КҮҢІРЕНГЕН ҚОҢЫРАУ1 

 

Ту сыртыңнан соқты тағдыр кішіңде: 

Көк тулақты қасқыр тартқан пішінде.  

Туған жерің – жат босаға, бірақ та, 

Туырлықты киіз үйдің ішінде.

 

Құла дүзден жыр естіліп қоңырлау,

Қарс айырды көкіректі сол жырау,  

Шақырады қырды өзіңдей сүюге

Сені жоқтап күңіренген қоңырау.

 

Бұйық көңіл қимаса да бесігін,

Бұзып-жарып шықты бір күн есігін.

Бұйырғаны – жетім тағдыр, алайда,

Бұл әлемнен сұрамадың кешірім. 

 

Құла дүзден жыр естіліп қоңырлау,

Қарс айырды көкіректі сол жырау,  

Шақырады қырды өзіңдей сүюге

Сені жоқтап күңіренген қоңырау.

 

Жауға шаптың елдің шетін қорып та,

Жаудыр көзді жас Отаным, торықпа.

Тура келді тосын ажал, о, тоба,

Ту-байрақты желбіреткен жорықта. 

 

Құла дүзден жыр естіліп қоңырлау,

Қарс айырды көкіректі сол жырау,  

Шақырады қырды өзіңдей сүюге

Сені жоқтап күңіренген қоңырау.

 

                                       Соңы 

 

«Сені жоқтап күңіренген қоңырау»1

Бұл өлеңге бергісіз, жыр жолындай сөз – XX ғасырдың басында соғыс тақырыбына арнап жазған Эрнест Хемингуэйдің «По ком звонит колокол» атты романы атауын алаштың аяулы перзенті, ойшыл, қаламгер досым Таласбек Әсемқұловтың ана тілімізге аударған қазақша нұсқасынан алынды... 

 

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда

Kitap.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522