Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5323 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 05:06

«Саясат – сайқалдың ісі» дегенді айтып жүрген адамдардың өзі сайқал

 

 

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының бас директоры, «Шәмші» журналының бас редакторы:
– «Қалдыбек–композитор, Қалдыбек – журналист, Қалдыбек – іскер азамат» деп ел-жұрт сізді танып, бағалайды. Десек те, сіздің илікпейтін қырсықтығыңызды сөз етіп, қайран қалып жүреді. Тік мінезіңізден таяқ жеген кездеріңіз болды ма?
– Мінез – Алладан берілетін қасиет. Менде ешқандай жасандылық жоқ. Анамнан осындай боп туылғанмын. Меніңше, ең бақытты адам – мінезін өзгертпеген адам. Негізі, тамыры мықты, өзінің айтары бар адам еш уақытта мінезін өзгертпейді. Бізде көбі, керісінше, мысалы, бастығына жалтаңдап, дос-жарандарының ығына жығылып, билікке жағыну үшін белгілі бір жағдайларға тәуелді болып, әйелінің қас-қабағына қарап, мың құбылып жүретіндерді өз басым толыққанды азамат деп қабылдамаймын. Ондайлар біздің қоғамда жетіп-артылады. Ал тік мінезімнің пайдасы болмаса, зиянын көрген емеспін.
– Теледидарды қосып қалсаң – Қалдыбек, радионы басып қалсаң
–Қалдыбек, газет-журналды ашып қалсаң – Қалдыбек… Әрине, өнер адамына көпшіл болу керек шығар, дегенмен үнемі ел алдында жүруді жақсы көретін сияқтысыз…
– Менің анам 12 перзент көтерген. Қазір дүниеде бары сегізбіз – алты ұл, екі қыз. Мен сегізінші ұлмын. Жалпы, біздің отбасымызда үндемей қалатын адам жоқ. Өзім бала күнімнен белсенді болып, әділетсіздікке қарсы тұрып өстім. Содан барлық жерде бірінші болуға талпындым. Егер де мен өнерден басқа салада, мысалы құрылыста, бизнесте, саясатта жүрсем, бәрібір Алла берген бар мүмкіндікті пайдалана отырып, өз биігіме көтерілер едім. Мен етікші болсам да мықты етікші болар едім. Бұл мақтаншақтық, атаққұмарлықтан емес, бұл – бойдағы ішкі қуат, күш-жігерден. Мысалы, Құдай бір адамға бар өнерді үйіп-төгіп береді. Ол өте керемет данышпан болуы мүмкін. Алайда өзінің өнерін насихаттап, жұртқа жеткізуге келгенде енжар. Бірақ мінезінің жоқтығынан көптеген игіліктерден құралақан қалып жүреді. Ал талантына тоқмейілсіп, оны ары қарай насихаттап, жетілдіріп дамытқысы келмейтін адам – ақымақ. Алла тағала маған талантпен қоса, ұйымдастырушылық қабілет пен белсенділікті беріпті. Неге пайдаланбасқа?!
– Сіз кез келген нәрсеге сыни көзқараспен қарайсыз. Қашан да дау-дамайдың, қайшыласқан пікірталастардың бел ортасында жүресіз. Табиғатыңыздан сондайсыз ба, әлде бұл әншейін имидж бе?
– Адам сөйлеймін деп сөйлемейді. Баяғыда бір жиында ғалым Әлкей Марғұлан қазақтың арғы-бергі тарихын айтып келе жатып әдебиет жайында ұзақ ой толғапты. Сонда Мұхтар Әуезов: «Әлеке, сіз әдебиетке ұзағырақ кетіп қалған сияқтысыз, өз салаңыздың жайын айтпайсыз ба?» – десе, Әлекең: «Көп білетін адам көп сөйлейді. Менің білетінім көп, соның бәрін айтқым келеді», – деп жауап берген екен. Мен бәрін көріп, білдім деп айта алмаймын, бірақ айтқым келетін дүниелерім баршылық. Мен «Құдай берген талантыма ғана сүйеніп, жазуымды жазып, әнімді шығарып қана жүрсем болды. Ұлт пен жер мәселесі, тіл мен дін мәселесі, басқа да қоғамдық-саяси проблемалар – менің айналысатын шаруам емес» дейтіндердің қатарынан емеспін. Дегенмен мұндай жандарға өкпелеуге де болмайды. Деңгейі сол болса қайтесіз. Ал менің өнерімнен басқа да қарым-қабілетім болса, түрлі қайшылықтарда өз пікірімді дәлелдеп шығуға мүмкіндігім болса – неге үндемей қалуым керек? Мен өнердегі кейбір ағаларым мен інілерім секілді «үйім жоқ, күйім жоқ, маған атақ беріңдер» деп ешқашан көп алдында жеке басымның проблемасын қозғаған емеспін. Пәлен жыл бойы Алматыда қаңғырып, Кеңсайда қонып жүрген кезімде де ақиқатқа арашашы болуға ұмтылдым. Ал менің кейбір ақын бауырларым: «Мен әдебиет үшін денсаулығымды құрттым, егер маған үй берсе, мен бұдан да күшті шығарма жазар едім» дегенді айтады. Ал ел мұңын жоқтайтын көп ағаларымның өз мұңын айтқанда етектері жасқа толып кетеді. Мені осы күнге жеткізген – ең бірінші өнерім, алға қойған мақсатым мен үкілеген үмітім. Осы тұрғыдан алғанда биліктің көзі соқыр емес екен әйтеуір. Қазір, құдайға шүкір, үй-жайым бар, бала-шағалымын. Ал бір жерде өткір сын айтып, ашық пікірімді білдіріп, ойымды тура айтып жүрген болсам, ол ең алдымен менің ұлттық мүдде үшін күрескім келетіндігінен. Мен ешқашан сөз айтар мінбер іздемеймін, мені жұрт өздері шақырады. Бірақ тыңдар құлақ болмаса, мен де сөзімді зая қылмаймын.
– Баяғыда бір ағамыздың «Қалдыбекті ел анау дейді, мынау дейді, бірақ оның айтқандарының көбі саяси мәлімдеме сияқты» дегенін естігеніміз бар еді. Танымал адамдар түбінде саясатпен айналысып кетіп жатады. Әсіресе, өнер адамдары. Жалпы, өнер адамының саясатпен айналысқанына қалай қарайсыз?
– Өнер адамдары саясатпен айналыспасын деген заң жоқ. Жалпы, саясатпен кім айналысуы керек: инженер ме, металлург па, құрылысшы ма? Қазіргі биліктегілердің барлығының мамандығы саясаткер емес қой. Дегенмен бұған біржақты қарауға болмайды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, саясатқа да әркімнің таласы бар. Ал «саясат – сайқалдың ісі» дегенді айтып жүрген адамдардың өзі сайқал. Егер де сенің бойыңда ұлтқа деген сүйіспеншілігің болса, елді көркейтуге байланысты нақты іс-жоспарың, ұтымды ойларың болса, неге биік мінберге ұмтылмасқа, неге саясатпен айналыспасқа?! Өкінішке қарай, саясаттың басы-қасында жүрген кейбір атқамінерлер белгілі өнер адамдарын өздерінің саяси ұпайларын ұлғайту үшін пайдаланады.
– Әсіресе, сайлау сияқты науқан кезінде дейсіз ғой…
– Осыған байланысты мынадай бір қызық әңгіме бар. Бірде біреу «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының кезіндегі жетекшісі, актер Асқар Наймантаевтан «Соңғы кездері сіздер ел алдына шығуды қойдыңыздар, эфирлерден де көрінбей кеттіңіздер ғой», – деп сұрапты. Сонда ол: «Биыл сайлау болмай кетті», – деп жауап қайырыпты. Әлгі кісі: «Немене, депутаттықа түсейін деп жүрсің бе?» – деп қайыра сұрапты. «Сайлау жақындағанда депутаттар өздері шақырады», – деген екен Асқар.
– Қоғамның қандай да бір қысылтаяң кезеңдері болмасын, жеке бас қайғысынан гөрі ұлттық мүддені, елдік мақсатты алға қоятын тұлғалы азаматтар болған. Сіздіңше, бұл мәселе қазіргі қоғамда қалай көрініс табуда?
– Кез келген мемлекеттің, ұлттың өсіп-өркендеуіне оның әрбір азаматы кішкене болса да өз үлесін қосады, бірақ ұлтты алға сүйрейтін жеке тұлғалар ғана. Әр заман, әр ғасыр осындай тұлғаларды тудырумен қоса, олардың балағынан тартатындар мен ел үшін қызмет етуге мүмкіндік бермейтіндерді де қоса тудырады. Әйтсе де бұл – заңдылық. Егер де жер бетіндегі адамдардың барлығы «гуманный» болса, бүкіл қазақ бір-біріне «сіз» деп сөйлейтін болса, мен жынданып кетер едім. Сол сияқты бір ғана нотада тұрып, бір сарынды ырғақпен ән айту мүмкін емес. Бірқалыпты тіршілік адамды тез жалықтырып жібереді. Жылдың ауыспалы төрт мезгілі болатыны сияқты адамдардың да қасиеті ашылып тұруы шарт. Десек те, көптеген зиялы, білімді деген адамдардың өздері елдің сөзін сөйлеуге келгенде тартыншақтап қалып жатады. Сондықтан да жаңағы айтып өткеніміздей, «саясатта нем бар, онымен саясаткерлер айналыссын» деген немқұрайдылық – меңіреу адамдарға ғана тән. Бұл неден дейсіз ғой? Бұл ұлт мүддесінен гөрі жеке бастың қамын күйттеуден. Мысалы, бір зиялы, ықпалы бар дейтін тұлғаға әйелі немесе басқа да жақын туысы «әй, нең бар сол жерде, ол сенсіз де айтылатын нәрсе, басқалар сөйлесін. Баламыз оқуға түсейін деп, қызымыздың қызметі өсейін деп тұрғанда кесірі тиіп кетер. Үй ала алмай қаласың» дегендей бірдемелерді айтып басып тастайды. Міне, осылайша, өзіндік мені жоқ талай тұлғалар елге пайдасын тигізе алмай жүр. Мен кейде мұндай кертартпа адамдарды аяймын. Ал ұлт үшін аянбай еңбек етіп, барын берген тұлғаларды қашанда үлгі тұтып жүремін. Мысалы, дүниеден өтіп кеткен Өзбекәлі Жәнібеков, Кеңес Нұрпейісов ағаларым қазаққа қаншама нәрсе беріп кетті. Бүгінде кейбір тізгін ұстаған ағаларым маған «Қалдыбек, сенің мықты ойларың бар, пікірлерің де орынды. Бірақ сен қызбалыққа салынба, сөздерің пәленше мен түгеншеге тиіп кетпесін. Ендігі жерде мына мәселені айтсаң болады», – деп өтірік мақтап, қолқа салады. Сонда мен, «Қажетті мәселені неге өздеріңіз қозғап, айтпайсыздар?», – десем, құлағыма ақырын сыбырлап: «Шырағым, мұны бізге айтуға болмайды, айта алмаймыз да», – дейді ұялмай.
– Сонда бүгінгі қазақ зиялылары деп кімдерді тануға болады?
– Баяғыда біреулер зиялы қауымды «зиянды қауым» деп жазды. Жалпы, біздің қазақ зиялы деп кімдерді таниды өзі?. Зиялы деп оқыған адамды айтамыз ба, әлде лауазымды қызметі бар кісіні айтамыз ба? Немесе оқымаған, бірақ өмірден көріп-түйгені мол, бүкіл бір ауыл-аймақты ұйытып отырған көнекөз қарияны айтамыз ба, болмаса атақ-абыройы жетерлік жазушыны айтамыз ба – ол жағын ешкім тап басып айта алмас. Дегенмен «бізде зиялы қауым жоқ» деп айта алмаймыз. Олай десек, өз ұлтымызды жоққа шығарған боп қаламыз. Елдің қаймақтары болып саналатын зиялы қауым өкілдерін екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісіне – өте білімді, қажет тұста ұлттың сөзін сөйлеуге бар және өз сөзін ісімен дәлелдей алатын, басымды бәлеге тығам деп қорықпайтын азамат тұлғаларды, екіншісіне – білімділігінен басқа осы қасиеттерге қарама-қарсы қасиетке ие адамдарды жатқызуға болады. Бүгінгі зиялылардың шамамен 90 пайызын осы екінші топқа жатқызуға болады. Әйтсе де бұларды да кінәлай алмайсың. Олардың бойында мықтыларға тән ерік-жігер, өжеттілік болмаса, ұсақ-түйек пендешілігі баcым тұрса, не дау айтуға болады? Шындап келгенде, ұлттың маңдайына біткен зиялылар өздеріне зияны тиіп кетсе де ұлттың сөзін сөйлемесе ауырып қалуы мүмкін. Ондайлар бізде көп емес. 10-ақ пайыз. Сондықтан да қазіргі қазақты алға сүйреу үшін 90 пайызды құрайтын тоғышар зиялылар, титтей де болса пендешіліктерін жойып, әлгі қалған 10 пайыз күрескер зиялыларға іштей болса да болысып, тілекші болуы қажет. Мұның өзі үлкен сауап болар еді. Бірақ өз биігіне жетіп, «елдің атын шығарған зиялы» деп жүрген кісілер күрескер емес.
Негізі, қазақ халқы біреудің айтқанынан гөрі істегеніне қарап бой түзейтін халық. Мысалы, бір ақын өкіметтен үй алыпты десе, басқалары екіншісіне «ей, сен де ақынсың ғой, әрекет жасамайсың ба» дейді. Содан кейін ғана барып әлгі байғұс құжаттарын жинастырып, баспаналы болуға әрекет ете бастайды. Біреу кітабын шығарса, соған қарап басқалары да шығара бастайды. Бірақ бұл мәселеде тек жақсылықты көру арқылы ғана жетістіктерге қол жеткізу керек.
– «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, айтқандарыңыз өзіне тиіп кеткен кісілер тарапынан, тіпті қауіпсіздік саласының адамдары тарапынан сын-ескертпелер алған емессіз бе?
– Әдетте белгілі бір мәселелерге байланысты телеарналар мен басылымдарда ашық пікір білдіргеннен кейін маған Қауіпсіздік комитетінің адамдары келіп «әңгіме» айтады, әр сөзіме мән бергендей астын сызып отырып ескерту жасайды. Бірде мен оларға «тіл, жер, дін мәселесі ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қорғала ма?» дедім. Олар «әрине» деді. «Егер мен тілімді, жерімді, дінімді қорғап сөз айтсам, онда тұрған бұрыс не бар? Сендердің айлық алып атқаратын жұмыстарыңды мен тегін істеп жүрмін ғой?» – дедім сосын. Айналып келгенде, мемлекеттің қауіпсіздігін, тілімізді, жерімізді, дінімізді қорғайтын сол қауіпсіздік саласының мамандары емес пе?
– Өзіңіз өнер адамысыз, журналистігіңіз және бар. Бір ауыз сөзге сыймайтын ойларыңыз болса, неге мақалалар жазып, кітап шығармайсыз?
– Бүгінде Шәмші туралы үлкен зерттеу еңбек жазу үстіндемін. Ғылыми жетекшім – академик Ғарифолла Есім ағамыз. Менің бұл зерттеуім Шәмші туралы жазылған тұңғыш ғылыми жұмыс болмақ. Қазіргі уақытта өзімнің көрген-түйгендерімді бір жүйеге келтіріп, екі кітап жазуға дайындық үстіндемін. Онда менің өмірімде ерекше орын алған оқиғалар туралы, маған шапағаты тиген тұлғалар туралы, ұлтын ойлайтын азаматтардан алған жақсы қасиеттердің әсері хақында баяндалмақ. Кітаптың кейіпкерлері бүгінде дүниеден өткен Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев, Мәдина Ералиева, Бекзат Саттархановтардан бастап қазірде көзі тірі тұлғалы ағаларым болмақ. Бірінші кітабым өнер адамдары туралы болса, екінші кітабымда бүгінгі қоғамдық-саяси өмірге деген өз көзқарасымды ашып жазғым келеді. Мұндағы ойым – елге сырымды айта отырып, осы уақытқа дейін не істеп, не қойдым дегендей өзіме өзім есеп беру.
– Талантты бағалаудың өлшемі бар ма?
– Бірде Жазушылар одағында кезекті әдеби жиын өтіп жатты. Сонда бәрі жабылып, тұңғыш жинағы шыққан бір жас ақынды быт-шытын шығарып сынап жатты. Айтатындары «неге сен жақсы өлең жазбайсың» дегенге саяды. Әлгі ақын жігітті аяп кеттім де, мінберге шығып «Айналайын, ағалар, неге сіздер бұл ақыннан мүмкін емес нәрсені талап етесіздер? Оның бойына Құдайдың берген таланты сол-ақ болса қайтесіңдер? Соншама не үшін ақ тер-көк тер боласыздар? Сонда ол жақсы өлең жазғысы келмей жүр дейсіздер ме, мықты ақын болғысы келмей жүр дейсіздер ме? Алланың берген мүмкіндігінен асып, ешкім артық ештеңе тудыра алмайды емес пе?! Бұл кінәлауларыңыз орынсыз» дегенді айттым. Отырғандардың аузына құм құйылғандай болды. Сонда мен 23 жастағы жігіт екенмін. Ал енді бұл мәселенің тағы бір екінші жағы бар. Мысалы, біреу ақындыққа, суретшілікке, әншілікке немесе басқа да өнерге мықты қарқынмен келеді де, кейіннен болдым-толдым дегендей өз деңгейін тым болмаса ұстап қала алмай жатады. Міне, сондай кездерде «сен кезінде мықты шығармалар тудырып едің ғой, сенің талантың биік еді ғой, енді неге жақсы дүниелер тудырмайсың» деп жанашырлықпен айтуға болады. Демек, мұндай дарындар Құдайдың берген зор мүмкіндіктерін пайдалана алмайды, таланттарын еңбекпен ұштастыра алмайды деген сөз. Мысалы, мұндай уәжді «Сен керемет әнші едің ғой. Депутаттық мансапқа бола неге өнерден алыстап кеттің» деп Бекболат Тілеухановқа айтуға болады. Ол ұлтына әнші Бекболат ретінде ұшан-теңіз қызмет етер еді. Кейде мен «шіркін-ай, Бекболаттың шексіз талантын маған берсе ғой» деп ойлаймын…
– Жақында телеарналардың бірінде болған тартыста бір ағамыз «Қалдыбек композитор емес, ол жай ғана мелодист, ары кетсе, әуесқой сазгер ғана. Оның музыкалық білімі жоқ» дегенді айтып қалып еді. Бұған не дейсіз?
– Бүкіл ел болып айтатындай керемет ән тудыра алмаған адам симфония, опера сияқты мықты дүниелерді шығара алады деп өз басым сенбеймін. Мысалы, мақала жаза алмаған адам жазушы бола алмайды, жарытып әңгіме жаза алмаған адам роман жаза алмайды. Сол сияқты мені «самозванец, мелодист» деп іштарлықпен кемсітіп жүрген «композитор» ағаларымның ел білетін бір әні де жоқ. Олардың айырмашылығы – арнайы музыкалық білім алғандықтарында ғана. Ары кетсе, табақтай дипломдары бар. Мен ешбір қазақтан «мені композитор деп атаңдар» деп сұраған емеспін. Азды-көпті шығарған әндерімді жұрт жақсы қабылдап, мойындап жатса, қолпаштап, құрметтеп жатса, мен кінәлі емеспін ғой. Олар одан да қаптап кеткен дүбәра әндерге неге шүйлікпейді? Бұл енді – пендешілік. Бірақ мен бұған бас ауыртқым келмейді. Өйткені бәрі өтпелі. Бір кездері бар қазақ жаппай қытайдың арзан аяқкиімдерін киюге мәжбүр болды емес пе? Сонда өмірбақи осылай боп қалатындай үрейлендік. Қазір ел экономикасы түзеліп келеді емес пе?! Сол сияқты нашар әндердің де дәуірі өтеді де, тәуір дүниелер қалады. Сондықтан да мен мынау өтпелі дүниеде ешкімнің атақ-абыройына жармасып өмір сүргім келмейді.
– Алдағы 30 мамыр күні Республика сарайында ән кешіңіз өтейін деп жатыр екен. Шығармашылық қадамдарыңызға сәттілік тілейміз. Айтыңызшы, жалпы, өнер кештеріне, концерттерге қандай адамдар барады?
– Әр концерттің өз көрермені бар. Жалпы біздің халық өнерге құрметпен қарайды. Ал бірде-бір шенеунік концертке арнайы билет сатып алып барған емес. Оларға шақыру билетін берсең де, келе қоймайды. Содан Республика сарайына жиналатын 3000 адамды емес, әлгі үш шенеунікті күтіп отырасың. Олардың кейбіреуі концертіңе келгеннің өзінде басында бір көрінеді де, артынша жоқ болып кетеді. Сосын «олар ел қамы үшін қызметтен қолы тимей, Елбасы тапсырмасын орындаумен шапқылап жүрген шығар» деп ойласаң, кейін алаңсыз бильярд ойнап, бір жерде көңіл көтеріп жүргенін естисің. Демек, менің шығармашылығымды түсінуге ондайлардың өресі жете қоймас. Мәдениет пен өнерге деген осындай көзқарастың қалыптасуы осы саладағы кадр мәселесінің дұрыс жолға қойылмағандығынан. Бұл мәселе басқа салаға да қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, белгілі саланы дамыту үшін ондағы білікті кадрлар тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Әкімдер мен министрлерді қайта-қайта ауыстыра бергеннен ешқандай істің нәтижесі шықпайды. Мен билікке сын айтып отырғаным жоқ. Бұл менің өнер адамы ретінде, азамат ретінде айтып отырған, жақсы болсын деген сыңайдағы жеке пікірім.
Алашқа айтар датым!
Мен билікте де, оппозицияда да болған емеспін. Әлдекімдердей жоғары жақтың тапсырмасымен немесе оппозицияның дайындауымен сөз айтып жүрген адам емеспін. Мен – өзінің айтар ой-пікірі бар жеке мемлекетпін! Дегенмен әрбір қатардағы азаматтар, ең бастысы ұлтқа қандай пайда келтіруге болады, соны ойланса деймін. Меніңше, егер де барлық деңгейдегі атқамінер шенеуніктер, биліктегі лауазымды азаматтар өздеріне тиесілі міндеттемелерді үтір-нүктесіне дейін, титтей де шашау шығармай, дәлме-дәл, нақты атқаратын болса, онда оппозицияға жұмыс қалмас еді. Демек, биліктің қандай да бір атқарған шаруаларында ылғи да бос кеңістік қалып қояды. Осындай осал тұста ұрымтал сәтті пайдаланып, саяси ұпай жинайтындар да арамызда өріп жүр. Елде бәрі жақсы болса шулап неміз бар? Мен де тып-тыныш әнімді жазып, концертімді қойып жүре бермеймін бе?! Сайып келгенде, оппозицияға жұмыс тауып беріп отырған биліктің өзі. Мүмкін, бұл саяси ойын ғана шығар. Бірақ ойыннан өрт шығатынын естен шығармағанымыз дұрыс. Бүгін қазақ 67 пайызға жеттік. Енді біраз жылда 80, 90 пайызға да жетерміз. Ендігі кезекте сол кезде не істейтінімізді, қандай рулық емес ұлттық мемлекет құратынымызды осы сәттен бастап ойласуымыз керек.

 


Сұхбаттасқан Алмат ИСӘДІЛ
«Алаш айнасы» газеті 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір