Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 7684 0 пікір 1 Қыркүйек, 2015 сағат 09:48

ДИНАРА МЕН ТИМУРДЫҢ БАНКІН КІМ ТОНАДЫ?

Осыдан 2 жылға жуық бұрын – 2013 жылы 13 желтоқсанның түнінде Шардара қаласындағы (Оңтүстік Қазақстан облысы) «Халық банкінің» филиалынан 63 миллион теңге ұрланады. Күдікті ретінде «ұйықтап қалыппын» деген күзетші А.Жарбаев бірден қамауға алынады. Үш ай бойы тіміскілеп, түк таппаған тергеушілер «күзетші көрсетті» деп, 2014 жылдың 8 наурызында банктің филиал директоры М.Ахметов бастаған бес бірдей қызметкерін тағы қамауға алады.

Турасын айтқанда, банк директоры бастаған бес бірдей қызметкер өздері нанын жеп отырған мекемені тонайды дегенге кім сенеді? Ал полицейлер болса, оларды ұрып-соғып, қинап, азаптап, «біз ұрладық» дегізіп, кінәларын мойындатады. Кейін олардың бәрі де бұл мойындаудан бас тартуы, соққы, азап көргені жайлы арыздануы себепті 2014 жылы 22 сәуірде қылмыстық іс қозғалғанымен, 7 қарашада «қылмыстың құрамы болмауы себепті» қысқартылып жіберіледі.

– Менің балам, банкте программист болып істейтін Ержігіт Қасимовты 8 наурыз күні Шардара аудандық ІІД шақырады, – дейді Ұлбосын Сейдаева. – Ойында ешнәрсе жоқ оны кірген бойда Шардара аудандық ІІБ бастығы Бегманов бар, облыстық ІІД Тергеу бөлімінің бастығы Дауылбаев бар, аудандық ІІБ қызметкері Оспанов деген бар, 5–6 адам «ақша қайда?! ақша қайда?!» деп тарпа бас салады. «Қандай ақша?» десе, «Міне, қазір білесің» деп, бір түймені қосса, Жарбаевтың «Ержігіт Қасимов бейнекамераның сымын екі жерден кесті» деп, өйтті де бүйтті деген саңқылдаған даусы естіледі. «Ойбай, өтірік, мен мұндай бәлені істеген жоқпын!» – деген баламды бір ұрып құлатыпты да, қолына кісен салып, екінші бір бөлмеге апарыпты. Ол жерде басына целлофан пакет кигізіп, ұрып-соғып, жатқызып алып тепкілеп, әбден азаптапты.

«Әсіресе пакет кигізіп ұрғанда, қатты қиналдым, тұншығып өліп кете жаздадым. Солардың айтқанына көнбесем, байқаусызда өліп кетуім мүмкін екенін сезгеннен кейін барып, «Жарбаевтың айтқаны рас» деп мойындадым, деді балам кейін жолыққанда.

2014 жылы 2 сәуір күні тергеулік экспериментке апаратын болды деп естіген соң, өзім басы-қасында жүрдім. Адвокат Е.Елеусізов: «Егер сен шынымен ұрлыққа қатысқан болсаң, қазір ұрлықты қалай істегеніңді, терезенің темір торын қалай бұзғаныңды қолыңмен істеп көрсетесің», – деген екен, балам: «Мен оның бәрін істемесем, қалай көрсетемін», – деп, бұрынғы айтқандарын жоққа шығарып, бас тартты.

– Ал менің балам М.Әлімжановты тергеулік экспериментке апармаған, – дейді Б.Әлімжанова. – Себебі А.Жарбаев оны банктің ішіне кірді деп көрсетпеген. Тергеу экспериментіне дейін ұрып-соққан кезінде айыпталушы 6 адамның бесеуі мойындаған-дағы, жалғыз менің балам М.Әлімжанов қана ешнәрсені мойындамаған. Ол штаттан тыс жүргізуші ғой. 14 желтоқсанда жұмысқа келгенде ұрлық болғанын бір-ақ естіген. Оған ұрлыққа қатысты, мына нәрсені істеді деген нақты айып тағылмаса да, сотталып отыр. Тергеушілер қылмыстық іске менің баламның көзі көгеріп, беті күптей болып ісіп кеткені, мұрнының сынғаны көрінбес үшін, 9 наурызда алған жауапты емес, 11 наурызда алған тергеудің бір қырынан түсірген дискісін тіккен.

– Сотта сервердің дискісіндегі бейнежазбаны көргенімізде, ұрылардың есікті бұзып емес, кілтпен ашып кіргені байқалып тұрды. Сол кезде судья Ш.Бийсимбаеваның өзі «Қасимов пен Жарбаевты шығарыңдаршы, салыстырып көрейік» деді. Көргеннен кейін «мына адамның сұлбасы Жарбаевқа келеді екен, Қасимовтың бойы аласа ғой» деді. Сөйтіп отырып, балаларға 5–6 жылдан үкім шығарды... 13 желтоқсан күні түнде балам Ержігіт өз үйімізде қонған, біз күйеуім екеуміз менің әкемнің қырқын беруге кеткенбіз. Қасында кластас досы Нұрлан Пасенов болған. Н.Пасенов сотта сөйлеген сөзінде ант оқып тұрып куәлік берсе де, судья Ш.Бийсимбаева оны қаперге алған жоқ.

Заң бұзушылық алғашқы тергеуде ғана емес, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотында судья Ш.Бийсимбаева 7 ай жүргізген сот тергеуінде де жалғасты. Ол жайлы адвокаттар қаншама өтініш (талап-тілек) бергенімен, ешқайсысы қанағаттандырылған жоқ.

Сонымен, 28 мамырдағы сот үкімімен әлі үйленбеген үш жас жігіт 5–6 жылдан «арқалап» кете барды. Қайтсек әділдікке қолымыз жетеді деп жанұшырған жандарға Заңгер Жаңабек Әбішев былай жауап берген еді:

-         Басқа банк тоналса, заң бұзушылық мұншама мол болмас па еді, ал «Халық банкінің» қожайындары – Динара Назарбаева мен Тимур Құлыбаев. Яғни, еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қызы мен күйеу баласы. Тергеушілер бұл істі аша алмадық, ұрыларды таба алмадық, таба алмағандықтан ақшаны орнына қоя алмадық деп, банк қожайындарына баяндауға бата алмайды. Оларға қалай да кінәліні табу, таптық деп есеп беру қажет.

«Әділ шешемін» деген Шара Бийсимбаеваға сеніп, алданып қалған біздің өзіміз» – дейді байғұс аналар. – Бұл істе біздің ең қатты жанымызға бататыны – Динара Назарбаева мен оның күйеуі Шардарадағы банк филиалының тоналғанынан мүлде хабарсыз-ау дейміз. Естісе, мүмкін, «табылмаса қайтесіңдер, қоя салыңдар» деп те қалар ма еді... Миллиардтаған доллары бар адамдар үшін 63 млн.теңге деген не, тәйірі! Бәрін бүлдіріп отырған – қызметімізден айырылып қаламыз ба деп, қалтырап-дірілдеп жүрген ортадағы шенеуніктер ғой...».

29 шілдеде Шымкент қаласында басталған облыстық апелляциялық сотқа ҚР ҚІЖК-нің 86-бабының талаптарында жазылған: «...бірнеше судьяға немесе бүкіл сот құрамына берілген қарсылық...» деп көрсетілген заң талабына сүйене отырып қарсылық берген олар талабы қанағаттандырылмаса: а) жоғалған ақша Д.Назарбаеваның ақшасы еместігін; б) Д.Назарбаева ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қызы еместігін; в) судьяларды тағайындайтын ҚР Президенті еместігін теріске шығаруды және сонымен бірге ҚР ҚІЖК-нің 87-бабының 10-бөлімінің талабына сәйкес облыстық соттың толық құрамы көпшілік дауыспен қабылдаған шешімімен жазбаша түрде таныстыруын талап еткен.

Әйтсе де, олардың бұл әрекетінен де ештеңе шықпады: қарсылықтар қанағаттандырылған жоқ. Апелляциялық сот өз тергеуін жүргізуге мүмкіндік алды. Оның бірінші отырысында қос адвокат өздерінің апелляциялық шағымдарын ортаға салды.

Адвокат Ә.Сарыбаев: Дәл солардың ұрлық жасағанына ешкім, адвокат ретінде мен де сенбеймін. Нақты ешқандай дәлел көрсетілген жоқ. Айыптау қорытындысы тек болжамдарға жасалған. Біз осыған байланысты талай талап-тілек бергенімізбен, бірде-біреуі қанағаттандырылмады.

Біріншіден, Жарбаевтан басқа 5 жігіт банк филиалындағы жұмыстарын істеп жүрген. Олардың осы қылмысқа қатысы бар-жоқтығы тексерілген, ешқандай күдік тумаған. Сөйтіп келеді де, 2014 ж., 8 наурыз, мейрам күні бірден бесеуі де қамауға алынады. А.Жарбаевтың көрсетуімен. Жедел тергеу іс-шаралары 8 наурыз күні емес, 9 наурыз күні, әрі заңсыз жолмен – қинау, ұрып-соғып азаптау, тіпті дәрі егу арқылы жүргізіліп, тергеушілер өзіне керекті жауапқа осындай жолмен қол жеткізгендігі жайлы олар кейін арнайы мәлімдеме жасады. Прокуратура тергеушілердің үстінен қылмыстық іс қозғағанымен, «нәтижесі» басқаша болды...

Жауап алу, беттестіру, айып тағу, барлығы бір күннің ішінде жасалған. Демек, оның бәрі алдын ала дайындалып қойған деген сөз. Көп жерде заң талаптары бұзылған. Ондай жағдайда алынған дәледемелер қабылданбайтыны белгілі.

Шымкенттік сарапшылар банктің ақша сақтайтын қойма есіктері бұзылып ашылған десе, алматылық және астаналық сарапшылар кілтпен ашылған дейді. Сот соңғы екі сараптамаға сүйенген. Үш есіктің кілті үш адамда сақталады. Оның біреуі жоғалса болды, қоймаға кіру мүмкін емес. Облыстық, аудандық банктердегі кілттердің ешқайсысы жоғалмаған. Олай болса, есіктерді ашатын кілттер қалай пайда болды? Ол кілттердің көшірмесін облыстық банктің бастығы Мақұлбаев беріп жіберді деген нұсқа жарамсыз деп танылып, оның үстінен қозғалған істі прокуратура қысқартып жіберді. Ал онда әлгі екі сараптама неге сүйеніп, «есіктер кілтпен ашылды» деген тұжырым жасап отыр? Олар әлгі «мойындау» туралы жауаптарға, сондағы «біз есіктерді кілтпен аштық» деген сөздерге сүйеніп жасалған. Одорологиялық зерттеуде де бекітілген ережелер бұзылған. Иісшіл ит ұсынылған 5 иістің ішінен 1 иісті ғана бұлжытпай табуы тиіс. Ол үшін керек 1 иіс пен бөтен 4 иіс ұсынылады. Ал тергеушілер 5 иісті қабат ұсынған.

Сол күні таңертең 5.30-да банкте болды деген Айжанов пен Тұрлыбеков атты қалыс куәлар сотта берген жауабында таңертең сағат 9-да келгенбіз десе, кейін қосымша арыз жазып, таңертеңгі 5-те келгенбіз депті. Қайсы сөз шын? Егер олар қатыспаса, онда сол жерде куәгерлерсіз жүргізілген алғашқы тергеу ісінің бәрі заңсыз болып табылуы тиіс.

Тергеушілер әйгілі 2014 жылғы 9 наурыздағы «мойындау» күнінің бейнетаспасын іске тіккен. Бірақ онда оны түсірген кім, қандай бейнекамерамен түсірген, қашан, қай жерде түсірген – бұл жайлы болуы тиіс мәліметтердің ешқайсысы жоқ. Ұрлық болған күні Мінайдаров пен Дауланов үйлерінде болған. Оған әке-шешелерінен де, басқа да куәлар бар. Ұрлыққа қатысқандарына дәлел болатын бірде-бір айғақ зат, дәлелдеме жоқ.

Адвокат Е. Елеусізов: Осы күнді біз көп күттік. Әл-Фараби аудандық сотының үкімі толық өзгертуге жатады, түп-түгел қате. (Мен Жарбаевтан басқа бес азамат жайлы айтып отырмын). Себебі тергеушілерге де, прокуратураға да, сотқа да керегі – «ұрыларды таптық, оларды жазаладық» деп рапорт беру ғана. Кінәсі бар ма, жоқ па – оған басын ауыртып жатқан ешкім жоқ.

Біз бір нәрсенің шикілігін айтсақ, сотқа қатысқан прокурорлар ұялмай орындарынан тұрып барып, істің томдарын ақтарады. Осы ма оқығандары? Мен сотта «неге сіздер істі оқымайсыздар?» десем, «бізде іс көп, оқуға үлгермейміз» деп жауап берді. Прокурор Қожамқұлов сотта қолына айыптау қорытындысын ұстап қана отырды. Бұндай көзқараста ешқандай әділдік болмайды.

Ең бірінші істелер нәрсе – оқиға болған жерді қарау. Сағат 04.43-те банктен дабыл қоңырауы түскен. Оперативтік топ 15 минут өткен соң барып келген. Сотта банк кассирі «бір рет дабыл түймесін байқамай басып қалғанымда, опертоп бір минутта келді» деп куәлік берді. Неге банк қоршауға алынбаған? Қалыс адамдар Айжанов пен Тұрлыбековтен сотта «сіздердің көздеріңізше адам қолының іздері, аяқтың іздері алынды ма?» деп сұрағанымызда, «білмейміз» дейді...

Тергеушілер оқиға болған жерден 4 аяқ киім ізін тапқан. Бірақ оның бірде-біреуі анықталмаған! Қалайша олар тегіс анықталмайды? «Ізі түсіп қалған аяқ киім Қасимовтың аяқ киімі, ол аяғына галош киіп келген» деп қорытынды жасаған. Сонда қыстың күні, далада -15 градус, ал Қасимов галош киіп жүргені ме?

Ал шын мәнінде бұл қылмыс өте мұқият дайындалып жасалған. Шын ұрылар сондай қылмысын 7 айдан соң тағы қайталап, Шардарадағы екі банкоматтың біреуін тонап кетті. Қылмыс сол ашылмаған күйі қалды. Тергеушілер осы істің бітуін, үкімнің күшіне кіруін, Жоғарғы сотта бекітілуін күтіп отыр. Содан кейін барады да, тағы үш-төрт жігітті «мойындатады»...

«Ұрылар есіктерді кілтпен ашты-дағы, содан кейін барып ашылған есіктерді ұрғылап, бұзып кірудің ырымын (имитация) жасаған» дейді. Бұл енді ешқандай қиялға сыймайтын тірлік. Мен бұрынғы тергеуші ретінде шымкенттік сот-трассологиялық сараптаманың «есіктер бұзылып ашылды» деген уәжімен келісемін. Тергеушілер айыпталушыларды мойындатып алған соң барып, сол жауаптарды Алматы мен Астанаға жіберді. Алты адамның жауабы алты түрлі. Осындай жағдайда «айыпталушылар өз кінәларын толық мойындады» деп қалай тұжырым жасауға болады? Олардың сөзі ең болмаса бір сұрақ бойынша да сәйкес келмейді.

«Халық банкі» ОҚО филиалының директоры Мақұлбаев сотталған Ахметовтың «мойындау» сөзі бойынша қамауға алынып еді, Ахметовтың кейінгі ұрып-соғу туралы мәлімдемесінен соң, прокуратураның істі қысқартуына байланысты ақталып кетті. Ал Ахметов бастаған бес азаматтың қамалуына себеп болған Жарбаевтың «мойындау» сөзі. Бірақ кейін Жарбаев та өз сөзінен бас тартты ғой, ендеше неге 5 жігіт Мақұлбаев секілді босатылмайды? Босатылмайтын себебі – ол кезде бүкіл полиция қызметкерлерінің өтірігі ашылады!

Қылмыстық істің екі томы бұл алты адамның бір-бірімен ұялы телефонмен сөйлескені туралы. Соның ішінде олардың сол күндері өзара сөйлескені жайлы бірде-бір дерек жоқ! Үкімде Ахметов пен Жарбаевтан басқа сотталған «...4 жігіт кувалданың көмегімен банк терезесінің темір торын бұзып кіріп...» делінген. Мен 22-томды түгел оқып, бірде-бір жауаптан «кувалда» деген сөз таппадым, судья оны қайдан алып отыр?

P.S. Өткен аптада ақпарат құралдары Шардарада  поштаны тонамақшы болған, мылтықпен, пистолетпен қаруланған қарақшылар ұсталғанын және олардың сыбайласы аудандық ҰҚК-нің қызметкері болып шыққанын хабарлаған соң, сотталған 4 жігіттің ата-анасы Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер мен қоғам өкілдерін осы істі бақылауға алуларын өтінді. «Банкомат пен банкті тонағандар да солар, өйткені шалғай ауданда бұндай ұрлыққа бару көп ұрының қолынан келмейді, тек енді олар тергеушілермен ауыз жаласып, банкті тонағандарын мойындамай кетеді деп қауіптенеміз» дейді олар...

Өмірзақ АҚЖІГІТ,

Журналист.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Дерек көзі: «Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (299) от 27 августа 2015 г.

 

0 пікір