Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5149 0 пікір 1 Қыркүйек, 2015 сағат 10:51

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БАСТАУЫН АРҚАУ ЕТКЕН КІТАП

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертетін «Алаш жолы» атты кітабы жарық көрді (Қойшыбаев Б. Алаш жолы. Рисәлә. – Алматы: «Қаратау КБ»; «Дәстүр» баспасы, 2015. – 400 б.). Кітапта Ресей империясының отарына айналған қазақ елінде  бостандық үшін жаңа тұрпатты  күреске бет бұрған XX ғасырдың басындағы кезең суреттеледі.

Автор бүгіндері Алаш қозғалысы деп аталатын құбылыстың бастауында тұрған аға ұрпақтың іс-әрекеттерін  көркем зерттеудің нысанасы етіп алған екен. Халқымыздың саяси тұрғыда оянуын, қаз тұрып, мақсатын айқындауын мүмкін еткен азаттық жолындағы қозғалысы  өткен жүзжылдық табалдырығынан аттай бере туған да, «халықтар түрмесін» қаусатуды көздеген жалпыимпериялық революциялық қозғалыстың қуатты толқынына толқын болып қосылған. Жазушы  сонау күрделі кезеңдегі ұлы өзгерістер макрокосмын он бөлімнен тұратын өз әдеби тәжірибесінің микрокосмында бейнелеп, империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен астаса өрістеген Алаш қозғалысы сынды ерен де ерек құбылысты бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасы, мемлекетіміздің мың жылдық ғұмырын қамтамасыз ету  жолындағы күрестің күретамыры ретінде танытуға тырысқан.

Алаш саяси ойы әлемін көрсететін рисәләнің «Аңсау» атты алғашқы бөлігі ұлттық қозғалыс өмірге келген шақтағы отарлық ахуал мен саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік кейпін суреттеп, патша үкіметіне халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы жазылған тілекхат жайын әңгімелейді.  «Тамырда» жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, қазақ қайраткерлерінің қатысуымен ашық әрекетке шығуы сөз болады. Жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін күресу барысында қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы нобайлары қалай туғаны «Айбат» бөлімінде көрсетіледі. Рисәләнің аталған бөлімдерінен оқырмандар Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды бірқатар тарихи тұлғалардың бейнелерімен, олардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады.

«Алаш жолы» рисәләсі Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай  ұлт-азаттық қозғалыс тарихына қызығушылық танытатын барша оқырманға, жастарға  пайдалы тарихи мағлұматтар береді.

Суретте: Бейбіт Қойшыбаевтың «Алаш жолы» рисәләсі.

 Абай-ақпарт

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544