Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әдебиет 22747 0 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 11:08

ПӘТЕР ІЗДЕП ЖҮР ЕДІК

ПӘТЕР ІЗДЕП ЖҮР ЕДІК

(әңгіме)

Алматыны алты айналып, жетім бұрышты жеті айналғанда өкшем опырылып түсті. Енді маймақ жүріске бастым, аяғым ауырды деп келіншегім отыра кетті. Пәтер іздеп жүр едік...
Құмырсқаның илеуінше қайнаған жетім бұрыштан бізге лайық пәтер табылмады. Табылмады емес, табылды-ау, әкесінің құнын сұрайды, тіпті маклер саған қарайтын емес, сөйлесу үшін де кезекке тұрады екенсің.
— Пәтер бар ма, апай?
— Бір қыз керек.
— Пәтер бар ма, ағай?
— Бір жігіт керек.
— Апай, пәтер керек еді.
— Екі қыз керек.
— Келіншегім екеуміз тұрсақ бола ма?
— Болмайды, келіншегіңнің қасына бір қыз қос, өзің басқасын жалда.
— Пәтер керек еді.
— Жас отау керек.
— Біз жас отаумыз, – қуанып кетіппін, дауысым қатты шығып кетті.
— Онда естіп ал, елу мың теңгеден, жүз елу мың теңге үш айдың ақшасын алдын ала тапсырасың.
— Бөліп тапсырса ше?
— Онда барыңдар ары.
Сасқанымнан келіншегіме қарадым, маған жаны ашыған болу керек, естісе де, естімеген боп тұр. Аппақ бетінің ұшына аздап қан шапши қалыпты, көзінен мұң байқалады, қасынан алыс тұруға тырысып, тағы бір маклерге қарай жүгірдім.
— «Шаңырақта» бір үй бар, жас отбасын тұрғызады, – деді семіз қара келіншек. Кеудемдегі өшіп бара жатқан үміт оты жарқ еткендей болды.
— Қанша болады?
— Он мың теңге, үш бөлмелі жаңа үй.
— Шаңырақ алыс па? – дедім келіншегіме бұрылып.
— Өте алыс қой...
— Амал жоқ, шамамыз соған жетеді, үш бөлмелі үй болса болады екен.
— Жарайды, келістік.
— Тауып берген ақысына мың теңге төлейсіңдер.
— Мінеки, мың теңгеңіз.
Қалыңдығы бір елі, тозығы жеткен, іші шимайға толы дәптеріне үңіле түсті.
— Мынау телефоны мен аты-жөні. Сұлушаш тәте жіберді дейсіңдер.
— Қожайынмен бірге тұрмайтынымыз қандай жақсы болды, – деді келіншегім жол-жөнекей құлағыма сыбырлап, бұрынғы жәбір-жапаны ұмытқан адамдай өте көңілді, жымың-жымың етеді, еріксіз жымиып күлген болдым.
Қолым дірілдеп, ішімнен иманымды үйіре түсіп, телефон құлағын бұрадым. Ар жағынан ер адамның барылдаған жуан дауысы шықты.
— Ало, кім?
— Ало, ассалаумағаликум, Сәкен аға ма екен?
— Иә, мен.
— Сұлушаш тәте жіберді. Пәтер іздеп жүр едік..
— Қайдағы пәтер, өткізіп жібергенбіз үш күн бұрын.
— Сұлушаш тәте он мың теңгеге үш бөлмелі пәтер бар деген болатын.
— Он мың теңгеге тауық кепе де жалдай алмайсың, бауырым, – деді де телефон тұтқасын тастай салды.
Ашудан жарылардай мелшиіп тұрдым да қалдым.
— Әкеңнің-ай, маклер алдапты, – дедім келіншегіме.
— Не деген опасыз адам еді, – дейді келіншегім дауысы дірілдеп.
Тозығы жеткен маршрутканың ішіне есіктен ытқып шығардай сығылып әрең сыйдық та, қонақтаған тауықтай бір-бір аяғымызды көтеріп тұра қалдық. Маршрутка қиралаңдап жетім бұрышқа қарай тартып келеді. Ойым әлгі алдамшы әйелді тауып алып, сазайын тарттыру. Тіпті болмағанда қолымда жүрген топли өкшесімен маңдайдан тарс еткізу. Ызадан булыққаным сонша, ішімнен тынып әрең келем, жол бойы келіншегім екеуіміз бір ауыз үн қатысқан жоқпыз. Массаждан шыққан адамдай қиралаңдап жеттік ақыры. Маклер әйел сужұқпастың өзі екен, біздің қайтып келетінімізді білгендей, тайып тұрыпты.
Барахолкадан бір-ақ шықтық. Көше бойымен әр дарбазаға жалтақтай қарап, барлап келемін. Бір кезде пәтер жалдаймын деген жазу көзіме шоқтай басылды. Қуанғаннан айқайлап жібере жаздап, бетімді шымшып өзімді әрең тежедім. Қожайын ұйғыр әйел екен, бізді суық қарсы алды.
Айнадай жарқыраған жап-жаңа үйдің қарсы алдындағы тозығы жеткен үлкен үйдің іші сасық исі мүңкіген қараңғы дәліз екен. Артынан еріп келеміз. Таусылып болмайтын бұрылмасы көп дәліздің түбіне барып бір-ақ тірелдік. Ең соңғы бөлме, ең соңғы үмітім. Көзім сәл үйірлескендей болды. Қоян екеш қоян да інін дәл бұлай қаза алмас-ау, сірә!? Қыртыс есікті шалқалай ашты, үш аттап төрге жеттім, құлашымды жайып едім, саусақтарымның ұшы қабырғаға тиді. Сол жақ бұрышқа ұзынынан екі төсек қойылыпты. Төсек емес, үсті-үстіне қиюластырып, кірпіші, шөркесі аралас бірдемелердің үстіне жатқызып қоя салған тақтай екен. Сол тақтай төсектің біреуінің тең жартысы есіктің артындағы үйді бөлген кездегі бетон қабырға мен тақтай қабырғанын арасындағы бос аралыққа кептеліп кіргізіліпті. Егер осы қуыс болмаса бір ғана төсек сыятындай. Үш метр үйге төрт метр төсек, әне, солай сыйып тұр. Оған кір-кір, мақтасы салбырап тозығы жеткен матрац төселіпті. Өртенген, әлде май тамғаны белгісіз, кейбір жерлері сарғыштанып кеткен. Оң жақ түпкі бұрышқа бойы жерден әрең асатын кішкентай үстел қойылыпты. Ырғап көріп едім, билеп тұр. Енді байқадым, үлкен бір залды келсін-келмесін, иттің ұясындай қылып сансыз бөлмелерге бөліпті. Тақтаймен бөлсе бір сәрі.  Қыртыспен қиюластыра беріпті. Соның керегеге тірелген соңғы қуысы бізге бұйырып тұр. Саңылауларының ар жағында пәтершілердің қарасы анық көрінеді. Сол сәт арғы беттен сәбидің шырқырап жылаған ащы үні естілді. Қыртыс қабырғаның үстіңгі жағы төбеге бір қарыс жетпей қалыпты да, сол ашық аралыққа небары жалғыз ғана шырақ орнатыпты. Арғы жақ пен бергі жақ сол жалғыз шыраққа тәуелді. Егер шырақ сөнсе, екі жақ та жарықсыз қалады.
Есік жақ қабырға да итеріп қалсаң құлап түсердей, қаусап әрең тұр. Бірақ ол оң жақ қабырға сияқты ашық емес, сәл де болса жиі шегеленіпті. Опырылған оң жақ тоқал өкшемен еденді ақырын теуіп көріп едім, ескі төсеніштің шаңы бұрқ етіп балағыма шапшыды. Шамасы бізден бұрын аяқ киімін шешуді білмейтін біреулер тұрған тәрізді.
— Қоныс жәйлі болсын, – деген дауысқа жалт қарасам, аппақ сақалы кеудесін жапқан қария қарап тұр екен, қапелімде сасып қалдым.
— Бірге болсын, ата, – деппін.
— Е-е, балам менсінбей тұрсың-ау, ә! «Ер жігіт бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді». Біз де жүрміз ғой! – деді солқ-солқ күліп. Осы арада қожайын әйел киіп кетті.
— Алсаңдар осы үй бос, он мың теңге, қарап тұратын уақыт жоқ, тез шешіңдер.
Келіншегім маған қарады, мен келіншегіме қарадым. Екеуімізде де үн жоқ. Қария күлімсіреп: «Әй, балаларым-ай!» деп басын шайқап қояды.
— Аяғым ісіп кетті, жетім бұрышқа енді бармай-ақ қояйықшы. Өкшем ойылып қалды-ау деймін, удай ашып тұрғаны.
— Келістік, – дедім. Аузымнан осы сөз қалай шыққанын да сезбей қалдым. Артынша елден қай жеріміз артық, өзіміз сияқты қазақтар екен ғой осында пәтер жалдап жүрген, – деп қоям күбірлеп. Өзімді-өзім жұбатқан түрім.
— Мына үйде бір нәрсе жетіспейді, – деді келіншегім, аналар кеткесін сылқ-сылқ күліп. – Бір нәрсе жоқ.
— Бір нәрсе?! Бір нәрсе ғана емес, бұл үйде ештеңе жоқ.
— Бір нәрсе ғана жоқ.
— Телевизор ма?
— Жоқ.
— Айна...
— Қойшы, айна біздің не теңіміз. Өзің соқырмысың. Көзіңді ашып қарасайшы.
— Өзің айтшы ал.
Кенет жарық жалп етіп сөне қалды.
— Өй, жарыққа не болды, – деп сасып қалдым.
— Мен өшірдім, – дейді келіншегім сыңғырлап.
— Жындымысың, жақ шырақты.
— Не нәрсе жоқ екенін тапсаң жағам.
— Бәрі жоқ бұл үйде. Ештеңе жоқ.
— Әдейі істеп тұрсың ба, әлде, соған да миың жетпей тұр ма?
— Бала қорқады, жарықты жағыңдар, – деген еркек дауысы шықты қыртыс қабырғаның ар жағынан.
— Терезе жоқ, – деген әйел дауысы шықты қырсық қабырғаның ары жағынан. Шырақ жарқ етіп жана қалды.
— Терезе жоқ дейді?
— Иә, терезе жоқ, – деді келіншегім. 
— Терезе жок, – деп қарқылдап күлді ер мен әйел.
— Терезесі жоқ үй де болады екен-ау, ә.
Қырсықтың көкесін жатарда көрдік, екі адам еркін айнала алмайтын куықтай бөлме, ермек етерлік дәнеңе жоқ. Жалғыз шырақты жағып-сөндіру құқы бізден бұрын келгендіктен көршімізде болды. Сол себепті жарықты сөндіруге бата алмадық. Ерте ұйықтайын десек, біреу-міреу қыртыстың саңлауларынан сығалап тұрған секілденді де, киімімізді шешуден арландық. Астымызға бірдеңе салып бүктетіліп жата кетуге еден тым лас екен. Оның үстіне егеуқұйрық талап кететін түрі бар. Амалсыз бір төсекке қырымызбен қысылысып жаттық. Мен келіншегіме суық тиіп қалмасын деп түпкірге жаттым. Келіншегім әлме-әл қозғалып қояды. Тар төсекке сыймай жатқанын сезіп, өзім шет жаққа алмастым.
Ұйқы келер емес, жалмауыздың жалғыз көзіндей жарқыраған шырағы құрғыр көзімді талдырып жіберді. Көршінің жас нәрестесі жағы талмайтын жылауықтың өзі екен. Қарсы бөлмеде жатқан ақсақал күрк-күрк жөтеледі. Оған есік жақтағы құрылысшы жігіттер соғыстырған рөмке сыңғыры, бір-біріне сөз бермей гәукіген ащы дауыстары қосылды. Біресе барқырап ән айтқан болады, біресе орысша-қазақша араластырып боқтасып қояды. Бөлмелер бөлек-бөлек болғанымен ауасы ортақ екен. Терезенің пайдасын енді білдім. Мүңкіген иіс қолқамды қауып барады. Мұрныма арақтың сасық исі келді, оған анда-санда темекінің түтіні қосылады. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін.

Қай мезгіл екенін білмеймін, ояна келсем, терге малшынып жатыр екем. Қайда жатқаным есіме түсіп, көңілім ортайып қалды. Уақыт өткізу үшін тамақтан кейін келістіріп отырып екі шәугім шәй ішкен едік, сол қысып барады. Еріксіз далаға шығуға тура келді. Сипалап жүріп жарықтың түймесін әрең тауып, жасқана жақтым. Бір бұрышқа маңдайымды, бір бұрышқа тіземді соғып жүріп, бұлың-бұлың дәлізбен далаға әрең шықтым. «Уһф» деп кең тыныстап, рахаттанып қалдым. Дәретхананы үйден недәуір алысқа салыпты. Солай аттай беріп едім, тайыншадай екі төбет тұра атылды. «Өлген жерім осы ма?» деп ойлап үлгергенім жоқ, тілеуіңді бергір ұйғыр қатын ол екеуін білектей шынжырмен мықтап байлаған екен. Төбеттердің күркіреген дауысына арқаланып, малақайдай-малақайдай бес-алты қанден қосыла шәуілдеді. Солардан қашқан беті жан дәрменім қалмай дәретханаға бірақ сүңгідім. Қайтарда да иттен қашқан мысықтың күйін кешіп жүріп үйге әрең жеттім. Қандендерден оншалық қорықпадым, ит үрсе есім шығатын әдетім бар еді, әсіресе шәуілдеген дауыстан қатты мазасыздандым.
Тәтті ұйқы құшағында жатқан жерімнен келіншегім қатты жұлқып оятып жіберді, үйдің іші тастай қараңғы.
Тұр деймін түс болды, тұр тез, – деп есімді шығарды.
— Сонша ерте оятатын, не күн туды басыңа?
— Ертесі несі, түс болды.
— Онда шырақты жақсаңшы.
— Тоқ жоқ, күндіз өшіріп тастайды екен.
Басымды жастықтан жұлып ала сала, далаға жүгіре шықсам, Күн дәл төбеге таяп қапты.
Кешке пәтерімізге өте жақын бір досым келді. Бұл біз бас құрап үй болғалы келген тұңғыш қонақ еді. Сол себепті бір жағынан қуансақ, бір жағынан қатты қысылдық. Сыртқа шәй қайнатқалы шыққан келіншегімнің қасына барып едім, қайнап тұрған еттің көбігін сүзіп жатыр екен.
— Етті қайдан алдың, – дедім таңданып.
— Көрші әйелден қарызға сұрап алдым.
— Ұят-ай!
— Ұялмай-ақ қой, бірер күннен соң ауылдан ағам келеді, телефонмен сөйлестім, ет әкелетінін айтты.
Досым: «Екі адамның арасына есі кеткен түседі» деп, қоярда-қоймай шабаданның үстіне жайғасты. Келіншегім екеуміз төсекке отырдық. Дастарқанның үсті недәуір жайнап кеткен екен. Мен келіншегімнің мұндай тағамдарды қайда сақтап, қайдан әкеле қойғанына таңмын. Табақ толы етті жағалап, енді ауыз тие бергенде, қыртыс есікті біреу жұлқып ашты. Қожайын әйел екен. Ашулы, дүрсе қоя берді.
— Мынау кім? – Қатар атып тұрыстық.
— Досым еді, тәте.
— Сендер жас отаумыз, басқа ешкіміміз жоқ деген едіңдер, енді үшеу болып алыпсындар. Мен сендерді білем, көбейіп аласындар. Үйді қоқсытып жіберіпсіңдер, түнімен темекі шегесіндер бұрқылдатып.
— Қашан шектім мен, темекі шекпеймін, – демекші болып едім, досым білегімнен тартып қалып, үндеме деген сыңай танытты.
— Сізге тамақтан кейін барып түсіндірейін деп отырғам, ақшасын берем ғой.
— Қадірлеріңді кетіргенше сөйтпейсіндер ме, баяғыда? – есікті тарс еткізіп жапты да бұлқан-талқан болып шығып кетті.
Досымнан ұялып, кірерге тесік таппай тұрмын. Келіншегім сыр білдірмегенсіп, жымиып күліп қояды. Досым иығымнан қағып жұбатқандай болды. Қожайынға ақша апарған кезде, бір кендеу ескі темір төсек берді. Досымды соған жатқыздым. Торы салбырап, құйрығы жерге тиді.
«Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді», біз де қараңғы пәтерге үйірлесе бастадық. Таңертең тастай қараңғы пәтерде шалбарымның қайда тұрғанын, жейдемді қайда ілгенімді, аяқ киімімнің қай жерде жатқанын ойланбай-ақ табатын болдым. Тіпті шалқалап жатқан беті қиналмай қол созсам болды, қуықтай пәтердің қай жерінде болса да іздеген дүниемді оңай бас салам.
Бұл күндері ел ауылдан туысым келетін болды деп қуанса, мен туысым келетін болды деп қорқатын болдым. Әуел десеңіз, дәл мынандай кезде әкем мен шешемнің келуін де қаламайтын едім. Бұл менің жалғыз қорқынышым. Қайнағам келсе қайттым, ойбай, ұят болды-ау! Қайсы төсекке жатқызам деп сары уайымға салындым. Телефонмен сөйлескенде «әдірісін айтқан соң, өзім тауып барамын» деген еді. Бір күні кеште ойламаған жерден жаңбырлатып жетіп келмесі бар ма? Лашығымызды көріп шошып кетті. Есіктен төрге дейін көзі шарасынан шыға жаздап үрейлене көз жүгірітті. Шай ішіп отырмыз, шабаданның мен қозғалған кездегі қаудырлаған дыбысынан басқа тырс еткен дыбыс шықпайды, ешкімде үн жоқ.
— Шәй ішіңіз, аға, – деймін қайнағама жапақтап, іштей шәйді аз ішсе екен деп тілеймін, түзге шығу бұл үйде қиямет екенін қайнағам байқұс қайдан білсін! Ештеңе ойламастан сораптап отыр. Бір кезде үйдің төбесінен тамшы тама бастады. Отқа қақтаса да, тер шықпайтын тандырдай денемді суық тер басты. Себепсіз ыржақтай бердім, ауылдың әңгімесін сұраған болып, сөзге тарттым, жарытып ештеңе айтпайды. Әдетте аузы-аузына жұқпайтын шешеннің нақ өзі еді, енді ұртына су толтырып алғандай-ақ үнсіз отыр. Тамшының тамғанын пайдаланып, терлеп жыбырлатып әкетіп бара жатқан желкемнің терін әкесін танытып сүртіп тастадым. «Қайыршыға жел қарсы» деп енді дастарқанға тамшы тама бастады, тамған сайын жүрегіме біреу ине пісіп-пісіп алғандай күй кештім. «Қайнағамның ыдысына тамшы тамыза көрме» деп Алладан іштей тілей бергенім сол-ақ екен, кесенің дәл қасына тамшысы түскірдің тамып-ақ кеткені. «Тамыза көрме» деп іштей бәйек боп мен отырмын. Әне бір тамшы ернеуін сүріп те өтті. Әне тамып та кетті қайнағамның шыныдағы шайына. Маңдайымнан сұп-суық тер бұрқ ете қалды. «Тер ыстық болушы еді, осындай да суық тер болады екен-ау!» деп таңғаламын. «Басқа шыныға құяйық» деп қайнағамның шынысына қолымды соза беріп едім, ол: «керегі жоқ», деп шәйді сылқ еткізіп іше салды. Ашуланғаны ма жоқ, бізді ұялтпау үшін солай істеді ме, ол жағын білмедім. Енді қайнағама қарайтын менде бет жоқ.
— Бұрын тамшы тамбаушы еді, не болды екен, ә, – деп ұялғаннан төбеге қарап едім, келіншегім:
— Біз келгелі жаңбыр бірінші рет жауды ғой, – деп түйеден түскендей дүңк еткізді. Бетіне жалт қарадым. Қысылғанда менің сөзімді сөйлемегені қалай, дауысында діріл бар. Жүзі бұлт бүркеген күндей күреңіте қалыпты. Көзінің үсті домбығып, ұзын кірпіктерінің ұшынан мөлдір тамшы ыршығалы тұр.
— Әнеу күні жауған секілді еді ғой, – дедім мыңқылдап. Жауап болмады. Бұрын шыны көрмеген адамдай шыныны қолыма алып сипалап үңіле бердім. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алып» сол сәт дастарқанның екі шетінен екі тарақан пайда болды да, қарама-қарсы жорғалай жөнелді. Келіншегім шөгіп барады. Тарақан құдды соғыс майданына жекпе-жекке шыққан қас батырдай екпіндеп келді де, бір-біріне тұмсық түйістірді. Бір-біріне айбар шекті. Сосын шағылысты. Қайнағам теріс қарады. Әйелім бетін басты. Мен күйіп-жанып бара жаттым. Тамағым кеберси берді, құрт малтап отыр едім, сол құрт өңешіме тығылып қалғандай, сөйлесем дыбысым шықпайтындай сезілді.
Мен қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын, өмірімде тап болмаған тылсым бір бақытсыздық күй кешудемін. Қайнағам тұнжырап, келіншегім жылап отыр, оған жаным ашыды. Ай мен күндей жарқыраған сұлу келіншек, ешкімнің қолы жетпеген, менің ғана қолым жеткен сұлу келіншек, үріп ауызға салардай аппақ сұлу келіншек көз алдымда жылап отыр. Мен оны жылату үшін алып па едім!? Оның көз жасы менің жүрегіме, жүрегімнің ішіндегі өзекке тамшылап жатқандай.
Келіншегім тамақ жасауға сыртқа беттеді. Үйдің іші үй емес, төбесі түсіп құлазыған ескі моладай қаңырады. Жалғыздың күйін кешіп, мен қалдым. Қайнағамның бетіне қарауға дәтім шыдамайды. Келіншегім бейне бір алыс сапарға кеткендей сағындым да қалдым. Бір сылтау тауып, мен де сыртқа атылдым. Қазан-аяқ жақта әбігерленіп жатқан келіншегімнің қасына бардым. Жылап тұр екен. Ту сыртынан қапсыра кұшақтай алдым, жақтыртпаған адамдай бұлқынды. Мен де жылап жіберіппін, көз жасым желкесіне тамып жатты. Келіншегім қарсылық көрсетпеді. Мұрнын пыс-пыс тартып ыдысын жуып жылап тұр.
— Ана қатынға бар. Тез, пәле салады, – деді өксіп.
— Үйінде жоқ, – дедім мен де өксік аралас.
— Жаңа келді.
Тұра жүгірдім, қараңғыда біреу өте шыққандай болып еді, қожайын әйел екен. Қайқаңдап ұшып барады, біздің есікке таяп қалыпты.
— Тәте, – дедім. Даусым жарықшақтанып шықты. Кілт тоқтады. Қатып киініп алыпты. Әдетте алба-жұлба жүретін. Сырттан келген беті екен, киімін де алмастырмапты.
— Кім анау? – деді ашуланып.
— Қайнағам еді, ауылдан келіпті.
— Сендердің-ақ, қайнағаларың таусылмайды екен.
— Апай, ақырын сөйлеңіз, естіп кояды.
— Намысшылын, өздеріңше ақша бермей қонғызбақсындар ғой.
— Міне ақша, – деп екі жүз теңгені ұсына берген едім:
— Керегі жок, – деді сөзін шорт түйіп, – кетіңдер ертеңнен бастап.
— Кетсек кеттік, қазір-ақ кетеміз, ит байласа тұрғысыз қу молаңнан. Естіген қайнағам естіді, аянудың жөні жоқ.
— Қытайдан отыз шақты ұйғыр туысқандарым келе жатыр. Олардың бәрі үйге сыймайды, солар келем дегенше мына пәтерлерді тегіс жөндетіп қоюымыз керек. Сендер жатқан бөлмеге Лайкам жатады.
Лайкасы иті еді. Біздің сонда ит кұрлы да құнымыз болмағаны ма? Дәл осы сәт ұйғыр қатын көзіме «Аш қасқырдай» елестеді.
— Сен бізді кім деп тұрсың?
— Онда бүгін кетіңдер, – деді де шығып кетті.
— Кетсек кетеміз! Немене, сенен басқада үй жоқ па екен? – дедім кетіп бара жатқан әйелдің соңынан айқайлап. «Біз көшеміз» дедім сосын келіншегіме қарап.
— Естідім.
Үні аянышты шықты. Бөлмемізге баруға жүрексініп, қазан-ошақтың маңын торуылдадым да қалдым.
— Ағамның қасына барсаңшы.
— Мен ұялып тұрмын, садағаң кетейін сен баршы!
— Жарайды, мен барайын, сен тамақ ішерде келерсің. Бөлмеге кіріп кеткені сол екен, дереу тасыр-тұсыр жүгіріп келді.
— Ағам жоқ, кетіп қалыпты!?
Осы сөз маған «ағам өліп қалыпты» дегендей қайғылы әрі аянышты естілді.
Көшеге жүгіріп шықтым. Жаңбырдың астында, біреу тар кешені бойлап бара жатқандай. Қайнағам емес пе екен? Айқайлап шақырмасам жете алар емеспін. Бірақ не деп айғайларымды да білмеймін, «қайнаға», деп айқайлауым керек еді, айғайлай алмадым, атын не деп атайын. «Пәленбай аға» деп атайын ба? «Қайнаға» деп атауға мен татимын ба?
Төңіректі шарлап қайнағамды таба алмай, құр сүлдерімді сүйретіп, үйге қайтып келдім, келген беті ұйғыр қатынмен ұрсыстым. Ақыры шындап көшуге бекіндім. Көрпені буып-түйіп, иығыма салдым да, шабаданды бір қолыма ұстап, сыртқа беттедім. Басқа нәрсеге бас қатырмадым, үйде қанша қасық, қанша шыны бар, бәр-бәрі маған аян. Көп емес, көше-көше көндіккен пендеміз, сол себепті, ине-жібіне дейін бәрі менің санамда сайрап тұр. Қалғанын келіншегім колына ұстай салатынын сезіп келемін.
Жаңбыр төпеп тұр. Түнделетіп жаяу келеміз, иығымда көрпе-жастық, қолымда шабадан, бірдеңелерін көтеріп келіншегім соңымнан еріп келеді. Көшелер шұрық тесік. Шұқырына аяғыңды малып алсаң суы шалп етіп, тірсегіңнен келеді. Алғашында қорғанып едім, сәлден соң соқыр адамша былшылдатып баса бердім. Алдымда машина көрінсе де, қорғанар мен жоқ. Машина көрінбеді. Такси ұстауға үлкен жолға қарай беттедік.
Аялдаманың тұсынан шықтық, судан шыққан тышқандай аялдаманың астында жаңбырдан паналап тұрмыз. Ойым такси тосып, пәтер іздеу. Бағыма қарай жақсы біреу табылатын шығар деп үміттенем.
Сіркіреп жауған ақ жаңбыр басылар емес. «Астыңнан су шықты ма?» деуші еді. Су емес, шу шықты ғой, су шығатын үйім болса, жеті түнде безбей-ақ, тұншығып өлсем де жата берер едім, әттең! Кенет аялдамадағы жарнама қағаздарына көзім түсті.
Бізге қажеті бар ма екен деп үңіле түстім. Көзім жайнап сала берді, үй жалдап алғың келсе, хабарлас депті. Өңім бе, түсім бе? Неше қайталап оқып шықтым. Телефон нөмірі де анық жазылыпты. Дереу телефон шалдым. Ар жағынан:
— Бұл кім? – деген еркек дауысы естілді.
— Аға, мен ғой... Жарнамадан оқыдым, пәтер іздеп жүр едік.
— Иә, бар... Бірақ қазір өте жәй болып кетті ғой.
— Бәрі бір, аға. Бағасын айтыңыз, қазір өзіміз барамыз.
— Неше адам едіңдер?
— Жас отаумыз, келіншегім екеуміз ғанамыз.
— Үйленген бе едің? Бізге бала-шағаның керегі жоқ.
— Мына кейпімізбен баланы қалай бағамыз аға, әзірше баламыз жоқ.
— А, онда былай болсын, мен де әйеліммен бірге тұрамын, бір бөлмесін жалға береміз.
— Канша болады, әдіресін айтыңызшы!
— Бағасы жиырма мың теңге, қымбат емес шығар?
— Қымбат емес.
— Ертең келсеңдер қайтеді!
— Жоқ, қожайынмен келіспей қалып, бізді қуып шыққаны.
— Мына түнде ме? Неткен опасыз еді. Әй, өздерің де тентексіндер ғой тегі, тыныш жүрмегенсіңдер!
— Жоқ, бізде кінә жоқ.
Келіншегімнің жүзін жас жуып кеткен бе, әлде, жаңбыр суы жуып кеткен бе, әйтеуір малмандай су. Ерні дір-дір етеді. Жаңбырдан қорғана түсіп менің мимикамды бағуда.
— Онда былай болсын, баурым. Біз тыныштықты қалаймыз. Қонақ келмейтін болсын!
— Жарайды.
— Арақ ішуші болмаңдар.
— Ол не дегеніңіз ағасы, мен арақ ішкен адамды өлердей жек көрем.
— Мен ішем ғой, мені де жек көресің бе?
— Жо-ға, сіз іше беріңіз, сізді жек көрмеймін.
— Ха, ха, ха, тамақты бөлек жасап ішесіңдер.
— Оны білеміз енді, бірге тұрып жүрміз ғой.
— Келіншегің биік өкше аяк киім кимейтін болсын.
— Неге?! Оның қатысы қанша?
— Қатысы қанша дейсің бе-ей? Дәлізден кіргенде мазамыз кетеді ғой.
— Жарайды.
— Далаға шыққанда аяқтарыңнын ұшымен басып шығыңдар.
— Неге?
— Дыбысы шықпау үшін, әйелім ұнатпайды.
— Айтқаныңыз болсын.
- Ал кірген кезде....
— Онда да аяқтың ұшымен кіремз ғой?
- Жоқ. Кірген кезде өкшелеріңмен ептеп, дыбыс шығармай кіресіңдер..
— Мақұл, мақұл, мақұл.
— Ал тамақ жасаған кезде...
— Иісін шығармай, аяқ-табақты салдырлатпай жасаймыз ғой.
— Оны қайдан білесің?
— Аға, ау аға!
— Тыңдап тұрмын.
— Атаңның басы.
— Не, сен... адам боқтадың ғой, кімсің өзің?
— Боқтықтың үлкені мынау, естіп ал, қазақ былай боқтайды, жетпіс жеті атаңның басы, үйт тексіз хаюуан сол. Ойнастан туған малғұн – дедім де, телефонды жаба салдым.
Жаңбыр толастайын деді, сүрепеті кеткен айғыз-айғыз көшемен қараңғы түн құшағына сіңіп барамыз.
Пәтер іздеп жүрміз...

***

ЖЕЛТОҚСАН ЫЗҒАРЫ

(әңгіме)

Автобустың іші сиыр оқыралағандай дүрлігіп кетті.

– Мынау алқаш қайдан пайда бола кетті ей, өзі.

– Құсығы неткен сасық еді кәпірдің.

– Ұят-ай, ә.

– Смотреть противно!

– Выгони его!

Еңгезердей екі орыс сүрепеті кеткен бомжды алдыңғы жақтан екі құлағынан ұстап суырдың айғырынша шыңғыртып сүйреп алып шықты да артқы есіктен лақтырып жібермекші болып еді. Үлгіре алмады. Автобус қозғалып кетті. Бүйірден ыңқ-ыңқ еткізіп екі тепті де, ең артқы қатарда отырған менің қасыма лақша лақтырды.

Жаныма дік етіп орнықты. Жөпелдемеде не істерімді білмей қалдым. Ақтарылған қарын сасыған мынау бомждың иісі қолқамды қауып мұрнымды бастым. Көздері өлетін қой көзденіп төңкеріліп отырды да қалды. Жүзі бір ағарып, бір сұрланды. Артынша бүйірін басып «Ал..ла..а..ай!» деп ыңыранды.

Өздерінде бомж жоқтай орыстар аузы жабылмай қарғанып-сіленіп жатыр. Жиіркеніп әрең отырсам да намысқа тыртысып бомждың қасында қаққан қазықтай отырдым да қалдым.

«Ал..ла..а..ай!»,- деп тағы ыңыранды. Сосын жан біте бастады. «Иттің балалары-ай, сендер-ақ түбіме жететін болдыңдар ғой!» Аштық деп атамды әкеттіңдер. Соғыс деп әкемді әкеттіңдер! Ол аз болғандай «Желтоқсан» деп әйелімді әкеттіңдер. Мені мүгедек еттіңдер! Иттің балалары» деп бар дауысымен айғай салды. Автобус іші сілтідей тынды. «Желтоқсан» дегенге құлағым елең етіп оған мойнымды бұрдым. «Бауырым», - деді, желкеме қолын артып. Көмірдей қолы темірдей қатты екен. Мен қозғала қоймадым. Домбығып ісінген қабақтың ары жағындағы жасаураған жасты жанарынан  ащы шындықтың, жүйкесін мұжыған кімдіктің жатқанын сездім. «Бауырым, білесің бе?» таяқтан дүрдиген жаралы еріндерін тілімен жалап қойып көсіле сөйледі. «Мына иттің балалары ғой менің тәнімді де, жанымды да жаралаған. Хан өміріне бергісіз бақытты ғұмырымды бір-ақ күнде тас-талқан етті ғой! Сен білесің бе? Ол түн мен үшін өмірімдегі ең бақытты әрі ең бақытсыз түн еді, өліп – құшып сүйген ғашығым, аспандағы жұлдызым, жердегі қырмызым, көлдегі құндызым Жанар екеуміз үйлену тойымыздың бүкіл әбігерлігін енді ғана аяқтатқанбыз. Бүгінгі түннің қарасын батырсақ, ертең тойымыз. Бақыт бізді күтіп тұр. Некемізді қидыра салып КазГУ қайдасың деп Есентай өзенін бойлай талдардың арасымен жоғары қарай жұбымыз жараса тартып келе жатқан бетіміз.  Екеуміз КазГУ-ден аспирантураны бітіре салысымызбен сонда білдей аға оқытушы болып орналасқанбыз.

Ол күн дәл бүгінгідей қатулы, шыңылтыр аяз еді. Таңдайың мұздап, демің кеңсірігіңде, түкірігің аузыңда қатуға шақ қалған. Аспан түнеріп тұрған. Дымқыл сыз бетіңді шымшиды. Қараңғылықты пайдаланып сонша жыл махаббат бесігінде бірге тербелсем де жақындауға батпаған  сұлу Жанарымды белінен батылдана икемдедім. Жанарым ұяң жүзі бал-бұл жанып тоңғаны ма? Жоқ бойындағы тылсым сезімнің буына мастанды ма? Білмедім. Құныса түсіп құшағыма икемделе берді. Ерніне ернім жақындай берген еді «Үйге барған соң» деді сыбырлап, аузын баса төмен қарады. Оң аяғының ұшымен қар тепкілей қалды. Ілгері жылжыдық. Үйге жетуге асығып келеміз. Бұл түн біздің түн еді. Бұл түнде жағылған әрбір шырақ біз үшін еді. Бұл түнде айтылған әрбір ән, жайнаған әр жұлдыз біз үшін еді. Соғылған шапалақ, әлемнің шаттығы бұл түні біз үшін еді. Мен солай ойлағам. Кенет қарсы алдымызға  бір қазақ солдат жетіп келді де: «Тез қашыңдар! Қанша тез болса, сонша жақсы, қап, әттеген-ай!» -  деді де лып етіп тал қараңғылығына сүңгіп кетті.

Есімнен шығып кеткенін енді сездім. Студенттер алаңға жиналып жатқан еді-ғой! Қалай ұмыта қалдым. Мен де сонда болуым керек еді. Тойдың қабаттаса қалғаны. Сол түні әйгілі «Желтоқсан көтерілісінің» екінші күні-тұғын. Сақтанып-ақ келе жатыр едім, қалайша алшаңдай қалдым?! Абайлау керек еді. Кері бұрыла берген едім, үлгірмедім. «Тоқта!» - деді ащы дауыс, тасыр-тұсыр жүгіріп жетті де, құралды төрт жендет жан-жағымыздан қоршай қалысты. Өздері итше тіміскіленгенімен қоймай, тайыншадай  қасқыр ит жетелеп алыпты. Көздері тұздай төрт орыс.

– Наркоман деді, біреуі мылтықтың дүмімен маңдайыма қойып кетіп. Жабыла кетті, екеуін ұрып құлаттым. Төрт жігіт үлгірте ме? Қолында темірдің сынығы жоқ мен байғұсты бүркітше шеңгелдеді де, қолымды тыртыстырып көзірлеп тастады. Иті тірсегімнен аямай қапты. Жанар жан ұшыра шыңғырып келіп мені бас салған еді. Май бас орыс қолаң шашынан екі орап ұстады да, шықшытынан бір қойып сылқ еткізді.

Екі құлағым тырс етіп бітелді, төбе құйқам шымыр ете түсті. Бас сүйегімді келіге салып жаншып-жаншып жібергендей шыңылдап кетті. Екі көзімнің асты түйіліп ауыра қалды, бар дауысыммен бақырып жібердім. Май бас орысты тұмсығынан маңдайыммен келістіріп отырып пердім-ай сәті келіп. Қасқыр иті жамбасымнан қырши тістеді. Қара құсымнан зілді соққы тиді. Біреу көз алдыма сансыз ұсақ жұлдыздарды әкеліп шашып жібергендей болды. Тілімді жұтып қойғандай күй кештім, тамағым бітіп бара ма?! Күйіп бара ма, әйтеуір үнім шықпады. Есімнен танып бара жаттым.

Есімді жиғанда Жанарды әлгі май бас орыс қардың үстінде жұлмалап жатыр екен. Сүзіліп түскен көше шырақтарынан барлығы анық көрініп тұр. Ақ балтыр, ақ бөксе көзіме бірден шалынды. Аппақ қардың үстінде, аппақ Жанарым былғанып барады. Өзім жұлмақ тұр ғой иіскеуге қимаған аппақ гүлім нәжіске батып барады. Сомадай кәпір тақымына басып алып нығыздап жаншиды-ау келіп, Жанарым жанталаса тыпыршиды».

Бомж сұңқылдап жылады. Сосын оқыс маған жалт қарап: «Сен айтшы, бүгін қандай күн деді? – деді, жас шимайлаған жүзін ақжем болған бас киімімен сүртіп жатып. Мен үнсіз басымды шайқадым. «Сендер айтыңдаршы!» - деп ақырып қалды. Ешкім жауап қатпады.

«Бүгін 16 желтоқсан, білесің бе?!». Өз басын өзі төпештеді. Тісін қайрады. Шықырлаған дыбысы жүрегімді қажап жатқандай. Ұялғанда кірерге тесік таба алмадым. Әттең, мынаның қорлығын-ай дәл қазір қолыма құрал берсе алдыңғы шепке аянбай аттанып-ақ кетер ем.

 - Сен жарымессің, -  деді маған жұдырығын түйе.  – Жарым есің бар, жарым есің жоқ, себебі миыңның жартысын мыналар білдірітпей жеп алған. Ал қалған жартысын иттеріне сақтап отыр. Барлығың жарымессің! Көпшілікке қарай қолын сермеді. Барлығың мәңгүртсің! Қазақша айтып тұрмын. Жақсылап есітіңдер! – Маған мойнын бұрып: «Бауырым, білесің бе? Бұлар қазақшаны сенен артық біледі. Көрдің бе, қызарақтай қалғанын». Қойнынан бір бөтелке арақ алып шықты.

   – Ішесің бе?

–  Жоқ, аға, намаз оқушы ем.

–  Дұрыс, сен ішпей ақ қой! Одан да маған дұға тіле. Мына шашты көрдің бе?

– Көрдім, ағарып кетіпті.

– Дұрыс айтасың. Шаш деген ақ сөңке. Мына шаш сол түні-ақ ағарып кеткен. Ал жүрек сол түні қарайып кеткен. Сен мені көрмедің ғой! Мен қандай едім. Мен жігіт біткеннің сарасы болатынмын. Мені елдер алқаш дейді. Ол рас, бірақ бір ауыз өтірік айтып көрмегем. Шашыма қарап шал деп ойлама. Мен әлі жаспын. Мүгедекпін. Мендей ғаріп бар дегенге сенбейтін де шығарсың. Жанарым-ай! Бүгін алаңға барып, Жанардың, бүкіл желтоқсаншылардың аруағына бағыштап Құран оқыдым. Құран болғанда да, мен түсінеді дейсің бе? Қазақша шатпақтадым. Қайтем енді!? Құдай түсінеді, ә! Ал сен отырсың көзің бақырайып. Қайдан шыққаныңды, қайда баратыныңды да білмейсің. Жүр сөйтіп жақсы болса. Арағынан бір ұрттап қойды да жалғасты әңгімеге көшті.

– Азат, қарамашы. Жалынам, қарама маған деп шыңғырды Жанарым. Май бас кәпір мені көрдің бе дегендей періштедей пәк Жанарымды езгілеп жатыр. Бейне қансонарда бүркітке жем болып бір тамшы қанын аппақ қарға шашып берген ақ қоянды елестетерсің. Жыртылған киімдер мен іш киімді үстіме лақтыра салды. Бар қайратымды бойыма жинап орнымнан түрегелдім, қолым артыма қайырыла көзірлеулі еді. Жан  дәрмен ұмтылдым. Үш жендет ортаға ала таяқтың астынан алды. Бетім бет емес тулақ дерсің, көз кетті жұдырықтай боп ісіп, мұрын орнында жоқ деп ойладым. Қабырғам быртылдап сынды, тістерім шыртылдап ұшты. Мына саусақтарымды көрдің ғой?! Сапер күрекпен қыршып түсірген. Қыршып түсіргені аздай «Шіркін тұз болса ғой! мына бұзақының жарасына сепсең ән айтады», «Айызымыз бір қанар еді» деп тамсанғандарын қайтерсің. – Енді байқадым, оң қолының төрт саусағы буыннан жоқ.  – Жіліншігімді сапер күрекпен май бас кәпір бір емес, санап жаттым төрт рет шапқанда күйреп түстім. Құлын дауысым шықты. Оң жақ аяғым жер тартып жатқандай сылқ етті. Жан жоқ. Ыңыранып жаттым. Ол белбеуін ағытып жіберіп басыма шаптыртты. Сәлден соң төрт жендет жерден жұлып алды да, талдың ашасына тамағымнан іле сүйеп қойды. Біреуі жүзіме жарқ түсірді, екіншісі иегімнен көтеріп тұрып, кәрі қойдың тісін тексергендей езуімді кергіледі, май бас кәпір бажайлап қарады да, сау қалған тістерімнің арасындағы екі тал алтын тісімді байқап қалды. Сойған түлкідей жиркенішті ыржиды. Сосын белінен кішкентай балта алып шықты да, соның арт жағымен жанымды онша қинамай ақ, асқан ептілікпен әлгі көкейін тесіп бара жатқан қазынаны тырс-тырс еткізіп қағып алды. Жаным көзімнің алдында тоқтаусыз жанталасып жүрді. Миым шың етті. Бақайым солқ етті. Басым төмен салбырап бара жатты. Ол аз болғандай Жанар екеуміздің қолымыздағы неке жүзігімізді түгел сыпырып алды. Ана үшеуіне бұрылып: «Мына қыз енді сендерге қалды», -деді.

Үш жендет тырдай жалаңаш Жанарыма аш қасқырдай жабылды. Өмірде сірә, мендей сорлы жоқ шығар-ау! Мені тірі деп ойлап тұрсыңдар ғой! Мен әруақпын. Сен сенесің бе? Мен бар болғаны Азаттың әруағымын. Мен сол түні-ақ өлгенмін. Азат деген есім жер бетінен сол түні мәңгілікке жоғалған. О, жаратқан ием-ай! Мұндай қорлықты көрсеткенше, көзіме неге шел бітірмегенсің! Маған қос жанардан көрі, жалғыз Жанар керек еді ғой. Жаратқанға мұңымды шақтым. Жендеттер құмары әбден қанған соң Жанарымды жалаңаш күйінде шашынан сүйреген беті Есентай өзеніндегі мұздың бетіне шалқасынан жатқызып қойды. Сосын көздері от шаша  аяңдап қасыма келді. Тығыршықтай бір жендет рәзіңке таяқпен белімнен бар күшін жинап ұрып-ұрып қалды. Көз алдым жарқ-жұрқ етті. Аспан аударылып түскендей болды, белден төмен ұйыды да қалды. Миым табаныма түскендей сезілді, кіші дәретім жүріп кетті. Екі бірдей бүйрегім зақымдалыпты, күні бүгінге шейін кіші дәретіме ие бола алмаймын.

Сол жақ сұқ саусағын ерніне тигізді, оң қолындағы жалғыз бармағымен шалбарының ауын ымдап көрсетті. Ауына мұз қатыпты. Бой бермей кеткен несептің мұзы болса керек. Азат көрдің бе дегендей жымиды, бірақ мұңға толы жүзінен күлкіден гөрі қасірет иісі аңқиды.

 –  Мені Есентай өзеніне домалата салғандай болды сосын екі жендет аяғымнан дырылдатып сүйреп Жанарымның қасына апарғанын сезіп жаттым. «Өлді ғой деймін», - деді бір жендет. Қазір тірілтем деді май бас жендет. Сосын етігімді сыпырып алып өзен жағалай су іздегендей болды. Сәлден соң  бетіме шұрылдап құйылған мұздай судан қалт есімді жидым. Шаш ал десе, бас алатын екі жендет оның бұйрығымен қолтығымнан ұстап жерден жұлқып тұрғызды да сүйеп тұрды. Біреуі мұз үстінде шалқасынан сұлап жатқан Жанарды шашынан тартып тұрғызып беліндегі сапер күрегімен  арқасынан тіреп отырғызып қойды. Май бас орыс аспай-саспай Жанарға мылтығын кезеді. Етігінің батқысымен тіземнен ақырын теуіп қойды, мұнысы жақсылап қара дегені еді.

– Бауырым, сен түсінемісің? Сол кезде көрмеймін десем көзім бар болды. Неге қарадым екен деші! Мүмкін маған қыр көрсеткен шығар, қарай салсам атпас па екен деген түйсік болды санамда. Бұлай боларын өзім де сезбей қалдым. Май бас орыс Жанарды нысанаға алып, шүріппені басып қалды. Мылтық тарс етті. Оқ маңдайдан тиді. Қарамайын ақ деген ем. Мойным бұрылмай қарысып қалғаны, көзім құрғыр солай қадала берді. Маңдайдан ноқаттай із қалдыра тескен оқ, бастың артқы қақпағын, қарақұстың төбемен жалғасқан бөлігін жұлып әкетті. Жанар былқ еткен жоқ. Қимылсыз жатыр. Миы шашылып кетті.

Ары қарай не болғанын білмеймін. Қанға малшынған киімім сауыс болып қатып, өлі мен тірінің арасында жатқан жерімнен біреулер тауып алып мәйітханаға өткізіпті. Су ішерлігім бар екен. Бақытма қарай, сол күні мәйітханада қазақ шал кезекші бола қалыпты да, жүрек соғысымнан тірі екенімді біліп, білдірітпей үйіне әкеп емдетіп алыпты. Жанарымнан үшті-күйлі хабар жоқ. Мүмкін өлі мен тірілердің арасында қала сыртына көміліп кеткен шығар.

«Адам – ит жанды» деген рас екен, қазір ойласам өзім де таңданам. Бір мезгіл «меңіреу» болыппын, «жынды» болыппын, тілсіз мылқау болыппын әйтеуір тірі қалғаным рас деп тоқтатты Азат әңгімесін.

Көз жасын көлегейлеуге тырысып, екі алақанымен бетін баса тізесіне жабыса түсті. Селк-селк еткен денесінен өзін баса алмай қалғаны аңғарылады. Автобустағылар оған тегіс мүсіркей қарайды. «Тоқта!»-деді басын оқыс жұлып ап. Алға қарай шойнаңдай жүгірді. Жұрт жарыла жол берді. Жүгірген беті жүргізушінің қасына кілт тоқтады, мүмкін жынданған шығар, «Ей, тоқта! Қазақша білесің бе? Тез тоқта! Болмаса отырған жеріңде өлтіріп, бас сүйегіңе шай құйып ішем», - деп жұдырығын көтерді. Автобус шарт тоқтады. Азат алдыңғы есіктен түсіп бара жатып шоферге бұрылып: «Біз әлі жүрегіңнен шашлык жасап жейтін боламыз. Күт бізді!»- деді.

Мен содан қайтып Азатты көрген емеспін.

Ерболат Әбікенұлы

Abai.kz

0 пікір