Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 3296 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО ӘКІМІ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА БАРДЫ

Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов iссапармен Ордабасы ауданында болып, «Ордабасы құс» ЖШС-нiң жұмысымен танысты. Аталған кәсiпорынның бас директоры Мұрат Тағаев өңiр басшысына өндiрiс орнының бiрнеше нысанын аралатып көрсеттi.

«Дәмдi ет» фирмалық атауымен өндiрiлетiн күркетауық етiнiң денсаулыққа пайдалы екенiн әрi отандық өнiмге қолдау көрсету мақсатын ескерген облыс әкiмi әлеуметтiк мекемелердi де мемлекеттiк тапсырыс арқылы күркетауық етiмен қамтамасыз ету мәселесiне тоқталды. Ол үшiн ҚР Мемлекеттiк сатып алу туралы заңының нормативтiк актiлерiне тиiстi өзгертулер енгiзу қажеттiгiн айтқан Бейбiт Бәкiрұлы бұл ұсынысты Үкiметке жеткiзу керектiгiн тiлге тиек еттi. Аталған мәселенi нақты қолға алу үшiн тиiстi орынбасарына қолма-қол тапсырма бердi.

– Шетелден келетiн өнiмдердiң сапасы кей жағдайларда көпшiлiктiң көңiлiне күдiк ұялататыны рас. Осында өндiрiлiп, үлкен сұранысқа ие болып жатқан күркетауық етiн экспортқа ғана жөнелте бермей, облыстағы денсаулық сақтау, бiлiм беру секiлдi әлеуметтiк нысандардың да ас мәзiрi құрамына кiргiзуiмiз керек. Ол үшiн жоғарыда айтып өткенiмдей, алдымен мемлекеттiк сатып алу заңына тиiстi түзетулер енгiзiлуi тиiс, – дедi өңiр басшысы.

Облыс әкiмi жоғары бағасын берген кәсiпорынды Оңтүстiк жұртшылығы 5 жылдан берi жақсы танып алды. Өйткенi, «Ордабасы құс» етi оңтүстiкқазақстандықтардың бүгiнде ең сүйiктi асына айналған десек, еш қателеспеймiз. Оқырманға қызықты болу үшiн айта кетейiк, «Ордабасы құс» ЖШС-iнде жылына 8110 тонна құс етi өндiрiледi. Кәсiпорынның алдағы жоспарында өндiрiс қуаттылығын 20 мың тоннаға, ал, өнiм түрлерiн 100-ге жеткiзу мақсаты тұр.

Жас мамандар жұмыстан кетпеуi үшiн оларды ең алдымен баспанамен қамтамасыз ету керек. Бүгiнгi таңда ең өзектi болып отырған бұл мәселе «Ордабасы құста» өз шешiмiн тапқан сыңайлы. Бұлай деуiмiздiң себебi, Ықылас темiр ауылындағы өзеннiң бергi жағалауынан «Ордабасы құста» еңбек ететiн жұмыскерлерге арналып тұрғын үйлер салынбақшы. Жоба бойынша мұнда бiрiншi кезекте 500-дей үй тұрғызылады деген жоспар бар. Әрбiр үйге 20 сотық жерден қарастырылған. Жұмысшылардың кейiн бау-бақша егуiне мүмкiндiк жасау мақсатымен әдейi жер телiмi көбiрек бөлiнген. Келешекте «ордабасықұстықтардың» қоныс мекенi 2 мың шаңыраққа жеткiзiлiп, аймағы кең ауылға айналғалы тұр. Мұнда олардың өз фельдшерлiк пунктi, мектебi мен балабақшасы болады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Abai.kz

0 пікір