Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 10128 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 08:34

МАХАББАТТЫҢ МӘҢГІЛІК МҰНАРАСЫ

Қазақта «мәңгілік» деп айтылатын киелі сөз бар. Киесі сол – оны кез-келген уақытта, кез-келген жағдайға орай пайдалана алмайсың. Себебі, Алла тағаланың өзі жер бетінде ешнәрсені мәңгілік етіп жаратпаған. Егер бәрі де өткінші, бәрі де уақытша болса, онда «мәңгілік» сөзінің қажеті қанша деген сауал туындауы заңдылық емес пе? Міне, осы арада жақсылап ойлануға тура келеді...

 Бізде «мәңгілік ғұмыр» дейтін сөз тіркесі қалыптасқан. Оны «о дүниеге» қатысты айтып жатады. Алайда, өзінің ұлы істерімен, даңғайыр дарынымен халықтың жүрегінен өшпестей орын алған жаратылысы бөлек тұлғалар болады. Олар дүниеден өткенде «Енді оның мәңгілік ғұмыры басталды» деп жатады жұрт. Ұлтымыздың ұлы ақыны, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Физули атындағы халықаралық түркі дүниесі сыйлығының иегері Тұманбай Молдағалиевқа қатысты әңгіме өрбігенде осы «мәңгілік» деген сөз тіл ұшына орала берген. Неге дейсіз ғой?...

 

 Дана Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең...» демеп пе еді. Сол айтқандай, біздің ұрпақ та қазақ деген ақын да сазгер халықтың асыл жырларына, әуезді әуеніне тербеліп өсті. Менің әкем хат танымаса да көкірегі ояу, табиғи жады мықты жан болатын. Бір естігенін жаттап алып, жаңылмастан қайтара айтып беретін қасиетін сан көргенбіз. Теміржолдың темірдей қатал тәртібіне орай жұмыстан шаршап келсе де, кешқұрым шайға қанып алғаннан кейін өзі қолдан домбалдап жасап алған домбырасын бір қағып қойып, қазақтың қисса-жырларын ұзақ толғайтын еді-ау. «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» сияқты ұзақ дастандар мен батырлар жырын қаріп танымай тұрып жарықтық әкеміздің аузынан естігенбіз. Содан кейінгі тыңдайтынымыз керегеде ілулі тұратын табақ сияқты радио. Күндіз-түні қосулы тұратын осы бір саңғырлаған аспаптан жаңалықты да, ауа райын да, уақыттың қанша болғанын да біліп отыратынбыз. Ал, осындай біз ұға қоймайтын хабарламалар арасында жүрекке жылылық құйып, көңілді тербететін әндер шырқалатын. Тұманбай Молдағалиевтың есімін де тұңғыш осы радиодан естідім, білем.

   Әсем әуенді қабылдау үшін, ойлы да көркем өлеңді ұғу үшін білімнің қажеттігі шамалы-ау, сірә. Ол үшін сезімтал жүрек пен ұшқыр қиял болғаны әлдеқайда тиімді. Әйтпесе «Консерватория бітірмеген» деп Құрманғазыны, «Университет тәмамдамаған» деп Махамбетті жоққа шығарар ма едік. Міне, сым желілер арқылы біз үшін беймәлім Алматы деген қаладан қан тамырдай тарап, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі әр ауылдың бойына әсемдік нұрын құятын сырлы саздар жүрегімізге іңкәрлік отын осылай жаққан болатын.

  Уақыт жылжып өтіп жатты. Біздер есейіп, ер жеттік. Ендігіде ес білгелі естіп өскен тамаша әуендерді дүниеге әкелген адамдардың аты-жөндерін анықтап білетін болдық. Мұқан Төлебаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Әбілақат Есбаев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлар мен Қасым Аманжолов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов  қатарлы ақындар өздерін көрмесек те жақын туыстарымыздай қимастарымызға айналған. Радиодан есімдері қашан аталады екен деп елеңдеулі күй кешетін жағдайға жеткенбіз. Солардың ішінен Тұманбайдың  сөзіне жазылған әндер бірден жүректерді баурап, халықтық әуенге айналып бара жатты. Әлі бұл дүниенің жалған екенін түсінбеген шақта:

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы,

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай қалады... – деп сызылттық. Неге жылай алмай қалатынында шаруамыз жоқ, солай айтылған, бітті... Енді бірде бозбала болып:

Кел билейік, кетпе менің қасымнан,

Қызғалдағым, таң нұрымен ашылған.

Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған... – деп әуелеттік. Ауылымызда алты ай жазда бірер мәрте ғана жауатын жаңбыр Алматыдан бізге ауысса ғой деп армандаған да болармыз, бәлкім. Қалай болғанда да ән мәтіні қара сирақ ауыл балаларын алыстағы көкжиекке көз тігіп, ақын жырлаған арман қалаға шақырғандай болатын. Жаздың тымырсық түндері үйде ауа жетпегендіктен тамның төбесіне төсек салып, ағайынды бес-алты бала қатар жатқанда:

Куә бол жұлдыздар жымыңдасқан,

Куә бол әппақ ай, ашық аспан.

Куә бол Алатау бақытыма,

Арманға кезінде есік ашқан... – деп қосыла әндеткеніміз есімізден қалайша өшер. Осылайша жұлдыздармен, айменен Тұманбайша сырласуды үйрендік. Ал:

Алатаудың етегінде туыпсың,

Алатаудың бұлағындай тұнықсың.

Тау секілді мінезің бар арайлым,

Саған үнсіз қызығумен қараймын... – деген шумақтарды тыңдағанда өзіміздің болашақ сүйгеніміз сол таудың етегінде жүргендей сезініп, біздің ауылдан мұнартып көрінетін Алатауға жетуді аңсамаушы ма едік?! Кейін, есейіп жігіт бола бастаған шақта мектепте өзіңнен төмен оқитын қара көз қызға өлердей ғашық болып:

Құрбым, жан құрбым, бала кезіңнен,

Бақыт көруші ем, қара көзіңнен.

Кеттің ұмытып, мүлдем ұмыттың,

Жібін үздің ғой нәзік үміттің... – деп үзіле әндеткеніміз имандай шындық. Осының бәрі Тұманбайдың жыры  болғанымен әрбір бозбаланың, әрбір бойжеткеннің жеке, өзіне ғана таныс, жүрек түкпіріндегі құпиясы болатын. Ақын соған тіл бітіріп, біздің атымыздан айтушы ғана деп ойлайтынбыз.  Қазақ даласы Шәмшінің , Нұрғисаның әндерімен тербелсе, Тұманбайдың, Қадырдың өлеңдерімен тебіренетін. Міне, біз танымайтын, бет-жүзін көрмеген Тұманбай Молдағалиев осындай өшпес өлеңдерімен бүкіл қазақ даласындағы әрбір тіршілік иесінің жүрегінен мәңгілік орын алып жатты.

                х       х       х

    Сонау сәби шағымыздан санамызға сіңіп, сезімімізді баураған көркем жырлар болмаса өлең жазуға деген құштарлығымыз оянар ма еді, қайтер еді? Қалай болғанда да поэзияға деген талпынысымызды оятуға аға буын ақындардың қатты әсер еткені анық. Мектеп кітапханасындағы көркем шығармаларды түгесіп, ауыл кітапханасына жазылғанымыз да бүгінгідей есімде. Сол кездері қалың-қалың романдардың арасынан пышақтың қырындай ғана жұқа өлең кітаптары кездесіп қалатын. Тез арада оқып шыққаныңмен ой салмағы ауыр, құрылымы тамаша өлеңдер жан дүниеңді баурай түсуші еді. Тұманбай Молдағалиевтың «Студент дәптері» деп аталатын тұңғыш жыр жинағы осылайша қолыма ілікті, білем. Бұл бала кездерімде әкемнің тізесіне отырып алып тыңдайтын батырлар жырына, махаббат дастандарына мүлдем ұқсамайтын, сезімнің қылын шертетін тумысы бөлек өлеңдер болатын. Сонау зар-заман ақындарынан бастап, кешегі біздерге оқытатын Сәкеннің, Ілиястың жазғандарына да ұқсамайды. Жалындаған жас жігіттің сұлу қыздың құлағына сыбырлап қана айтатын сырлары сыпайы әрі жарасымды жазылатынын қайтерсіз.

Ай да бүгін аласарып төбемізден төнеді,

Сәулешімді рұқсатсыз қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған жар бетін,

Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді, – дейді ақын. Япыр-ау, сезіміңді, жақсы көретініңді сүйгеніңе осылай да жеткізуге болады екен-ау дейміз. Оқи берсең сезімнің тұңғиығына бата бересің, дәл солай ғашық болып, дәл солай махаббаттың машақатына бөленгің келеді.

    Өткен ғасырдағы елуінші жылдарыдың соңы мен алпысыншы жылдардың басында шығармашылыққа келген жастар сөз жоқ, қазақ әдебиетінің алтын ғасырын айшықтауға сүбелі үлес қосты. Алдыңғы буын ағалардан кейін айдынға шыққан Олжас, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Фариза, Марфуға сынды ақындар шоғыры өздерінің бар екендерін, зор екендерін әйгілей келген. Солардың ішінде ұлттық жаңа лирика туғызуда, және оған өзгеше өң беріп, сыршылдық рухта жырлауда Тұманбайдың орны алабөтен болатын.

   Осыған дейін саясатқа қызмет етіп, социалистік жүйені, күн көсемдерді жырлауға мәжбүр болған қазақ өлеңіне тоқтау түсіп, адамның ішкі жан-дүниесін, сезімін, махаббаты мен қайғы-мұңын айтудың басында Тұманбай тұрғаны анық. Ол осынысымен барша қазақ қауымы үшін махаббаттың ақыны атанып кетті. Бұл жайында Әбділда Тәжібаев: «Жастар біздің махаббатымыздың ақыны деп Тұманбайды көбірек дәріптейді. Ол шынында да махаббат өлеңін өзгемізден көбірек жазған ақын» – деуі тегін емес. Ал Әбіш Кекілбаев болса одан тереңдетіп: «Оны (Тұманбайды) махаббат жыршысы деседі. Десе дегендей. Оның барлық кітаптарының негізгі мазмұны – махаббат... Оның жырларында махаббат – адам өмірінің айырықша жоғары құндылығы, саф алтын қасиеті, күллі тіршіліктің негізгі мән-мағынасы ретінде сан-салалы толғаныс тапты. Ол жырлар әркімнің өз жан сырындай, өз жүрек лүпіліндей сезінді. Олардың жапай әнге айналып, халықтың аузында жүруі сондықтын» деп жазды.

    Алғашқы албырт жырларын Алла тағаланың адамзатқа сыйлаған ең асыл сезімі – махаббаттан бастаған ақын жасы  ұлғайған кезде де осы бағытынан ауытқымағаны таңдандырады. Мұқағали: «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады...» десе, Тұманбайдың бүкіл жазғандарын бір ғана сөзге сыйғызып: «Ғашықтық дастаны» десе болғандай. Әрине, өз Отанының адал перзенті ретінде елі мен жеріне, ұлтына деген сүйіспеншілігін әркез жырға қосып отырғанымен, әйелге деген іңкәрлік Тұманбайдың бүкір творчествосының өне бойынан аңғарылып отырады. Жән оны өзі де жасырған емес:

Мен осы әйел үшін ақын болып,

Өмірді әйел үшін жақсы көрем! – деуі бекерден-бекер болмаса керек. Және, көпшіліктің пікірінше нәзік жандылар жайлы, махаббар турасында Тұманбайдан асырып айтқан ақын қазақта кездеспейді. Қараңызшы:

Тұрған кезде басымда бақ-талабым,

От іздедім, өмірден от қарадым

Әйтеуір мен өлгеннен кейін дағы,

Әйел халқы тұтынар зат боламын.

 

Мың қуанып, күніге мың жүдеймін,

Өмірімді өзгеге үлгілеймін.

Қызғалдақ боп тұрамын қыр үстінде,

Қыздар үзіп алсын деп үлбіреймін.

 

Рухына бұйырып киелі алаң,

Мүмкін жолда өсетін шие болам.

Шие ерінді қыздарға бұйырамын,

Көлеңкеммен шаршаса сүйеп алам, –

немесе:

Ай қарады көгілдір көл бетіне,

Қыз қарады көлдегі келбетіне.

Қосылды да қос сәуле құшақтасты,

Мөлдір толқын төсінде тербетіле...–

деп келетін шумақтар ешкімді де бейжай қалдырмайды.

Бұлай деп жазу үшін ақын шын ғашық болуы керек шығар. Ал, Тұманбай өмірге деген іңкірлігін бір сәтке де суытпаған ақын.

                Х        х      х

Алматыоблысы, Еңбекшіқазақ ауданының Казатком деген ауылында дүниеге келіп, әкесі майданнан қайтпай қалған жас бала анасы Қымқаптың тәрбиесінде өскені белгілі. Оны анасына арнаған, әкесі жайлы толғаған, әпкесін сағына еске алған жырларынан айқын аңғарамыз. «Етік» атты әйгілі өлеңінде анасымен бір етікті қалай кезектесіп кигені жайлы тебірене жазады. Сол сияқты, «Әкеммен әңгіме», «Менің анам», «Жеңгеме», Өшпей қалған сәулелер», «Хаттар, хаттар» атты поэмаларында ақын сұм соғыс салып кеткен ауыртпалықты шынайы жырлап, ойынды білмей өскен балалық, әке қамқорлығынан ада жетімдіктің тақсіретін жеткізуге тырысады. Шығарма кейіпкерлерімен әңгімелесе отырып, опасыз соғысқа лағнет айтады. Оның өлеңінде туған ауыл, өскен ортасы, көрген өмірі,  Отаны мен елі қапысыз көрініс табады. Лирикалық қаһарманы – балалығын соғыс кезінде өткізген, әкесі майданнан қайтпаған, жоқшылық, жетімдік көрген жас адамдар. Және онысы абстактілік ұғым емес, шынайы тірлік иелері болып келеді.

    Осындай жоқшылық пен аштықтың азабын тарта жүріп, күн сәулесін аңсаған тал шыбықтай көкке ұмтылған болашақ ақын бойына ізгілік атаулыны қалай сіңіре берген десеңізші. Қазір ғой, болып-толып тұрған заманда адамдардың қатігездігі жан түршіктіреді. Ал, қиындық атаулы тіршілік иесін бір-біріне жақын болуға, жақсылық жасауға үйрететіні рас болса керек. Жоқ әлде бұл ақындарға тән  мінез бе екен? Осындайда Нұрлан Оразалиннің: «Адалдық деген періште құбылыс – ақын атаулыға Алладан бұйырған бақ. Адалдық – құдайдың суреткерге тарту еткен алабөтен сыйы. Бұл даусыз ақиқат. Адалдық аманда – жыр аман» деген сөзі ойға оралады.

     Тұманбай ақынның тағы бір ерекшелігі –  өлеңдерінің денін бірінші жақтан жазуға машықтанғаны. Қандай оқиға, нендей құбылысты сөз етсе де ортасында өзі жүреді. Сол жайға қатысты ойын айтып, тебіренісін жеткізумен болады. Ішкі толғанысымен бөліседі. Бірде Тұманбай болып, енді бірде Тұмаш немесе Тұман болып жұртқа назын айтып жатады. Және ешкімге ұқсамайтын бұл қылығы өзіне жарасымды, шынайы шығатынын қайтерсің. Оның бұл ерекшелігі жайлы Шериаздан Елеукенов: «Қазақ лирикасына Тұманбайдың «мені» қосылғалы поэзиямыздың ұлттық ажары ашыла түсті. Мөрі қашқан, судырақ, жарамсақ тіркестерге, стилистикалық орай-оралымдарға бұл ақынның поэзиясынан орын табылмай қалды. Соның есесінен қазақы түсінік, кеңдік, жылылық, ақылды әзіл өз жүйесін тауып, ойыңды өсіріп, жаныңды жадыратар жолдар әдеби қорымызға сан жылдар толассыз құйылуда...» деген болатын.

    Тұмағаң әнге арналған мәтіндерді өте көп жазған ақын. Тегінде, әуенің қанша жерден тамаша болып тұрса да, егер сөзі келіспесе ондай ән жүректерге жетпейді. Әннің мәтіні тілге жеңіл, көңілге қонымды, түйсікке түсінікті болса ғана халықтың махаббатына бөленеді. Бұл талассыз ақиқат. Сондықтан композиторлар мықты ақындарға сөз жаздыруға мүдделі. Ал мұндайда Тұмағаңа жетер жүйріктер аз. Еркеғалидан бастап Нұрғиса, Шәмші, Әсет сынды саз өнерінің саңлақтары арнайы тапсырыспен Тұманбайға ән мәтінін жаздыруы тегін емес. Мысалы, «Құстар қайтқанда» әнінің сөзін Нұрекең Тұманбайды үйіне шақырып алып жаздырыпты. Алдымен күйсандықта ойнап, әуенін тыңдатқан екен. Солан кейін ақын отыра қалып, аз уақытта мәтінін дайын еткен. Өзі қайтыс боларда  Алаштың аса туған ардақтысы Нұрғиса: «Мені шығарарда Майгүл Қазтұрғанованың орындауында «Құстар қайтқанда» әні ойнап тұрсын!» деп аманат айтуын өлең мен әуен құдіретін мойындау деп түсінген жөн шығар.

    Ал, көптеген халықтық әндеріне өлең шығартқан Шәмші Тұмағаңа әуенін ыңылдап айтып, мазмұны қандай болу керек екенін ескертетін болған. Бір жолы кездесуге шақырып, бір сазды айта жөнеліпті. Соңынан: «Бұл өзі билеп жүріп айтатын ән болсын» деген тілегін қоса жеткізген.  Табан астында туған өлеңге «Бақыт құшағында» деген ат беріліп, умашталған қағазды Шәмші: «Сен басқа біреулерге беріп қоюың мүмкін» деп қалтасына салып алған көрінеді. «Қайран менің жүрегім, жас жүрегім», «Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың», «Екі жұлдыз», «Дос туралы жыр», «Жаздың күні барқыт еді әдемі», Шақырады көктем», «Жүрегім менің» сияқты әлдеқашан халықтың қасиетіне айналып кеткен әндер осы Тұмағаңнын жүрегінің бір бөлшегі екенін мойындауымыз керек.

    Иә, Тұманбай ақын арнау өлеңдерді де көп жазған. Осы үшін сын тезіне алынған кездері де аз емес. Алайда, ғұмыры – жырға, жыры – ғұмырына айналып кеткен ақынға «Сен неге тілекті қара сөзбен емес, өлеңмен айтасың?» – деп кінә қоюға болады ма?!. Ең бастысы өлеңге деген адалдығын өміріне шамшырақ еткен ақын арнауларына да үлкен мен берген, оның көркем де сапалы шығуын ұмытпаған. Осы арнауларынан-ақ бүтіндей бір ғасырдың адамдарының көркем портретін жасап шығуға болар еді. Ал бұған да өлшеусіз дарын мен уақыт керек-ау. Құдайдың өлшеп беретін қысқа ғұмырында 40 томнан аса өлеңмен жазылған махаббат дастанын жазып қалдыру әр ақынның қолынан келе бермейтін ауыр да азапты, сөйте тұра рахаты мен ләззаты мол жұмыс болса керек. Ол Тұмағаң сияқты тума таланттар ғана атқара алатын шаруа.

         Х        х       х

Сөйткен ақын осыдан тура төрт жыл бұрын өмірдегі досы, өнердегі әріптесі, араларына қылау түспеген құрдасы Қадырды алдына салып, қоңыр күздің ақырғы жаймашуағына ілесіп аттанып кете барды. Тұманбайдай ақын тумайды деді қаралы жиынға келгендер. Кейінгілер жете туар, кете туар, бәлкім өте туар... Қалай болғанда да Тұманбай дара қалпында, жалғыз қалпында, мұңды қалпында, қорғансыз қалпында қала бермек. Тек, осы жалғыздықты халқының оған деген махаббаты сездірмейді. Қазақ деген халық жер бетінде аман тұрғанда Тұманбай ақын өлмейді. Оның мәңгілік ғұмыры – жыр ғұмыры өзі шексіз сүйген елімен бірге жасай береді!!!

    P.S. Осы мақаланы даярлау кезінде Тұманбай Молдағалиев 25 жылдай жетекшілік еткен «Балдырған» журналының қара шаңырағына да бас сұққанмын. Басылым тізгінін ағасынан қабылдап алып, енді ақынның 80 жылдығына арналған естелік кітап дайындап отырған бас редактор Дүйсен Мағлұмовпен кездесудің сәті түскен. Әңгіме арасында сыңар қозыдай бір жүрген қазақтың қос шайырының бірі – Қадыр Мырза-Әліге жерлестерінің көрсетіп жатқан құрметі де айтылды. 80 жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп, Орал қаласында ақын атындағы Мәдениет және өнер орталығы ашылды, даңқты жерлесіне екі жерден ескерткіш орнатылды. Мектептер мен көшелерге есімі берілгені өз алдына жеке әңгіме. Ал, біз болсақ, Тұманбайға қатысты осының бірін де жасамағанымыз жасырын емес. Дайын тұрған кітаптың тағдыры да күмәнділеу көрінеді.  Осындайда жыр Құлагері Ілиястың: « Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді...» деген сәуегейлік жыры ойға оралады. Дегенмен, Алматы облысы да асылын ардақтауға қабілетті деген сенім көкірегімде қоламтадай маздап жатты!

Қуат Қайранбаев,

«Жетісу» газеті

Алматы облысы.

 АҚЫНДАР АҚЫН ТУРАЛЫ...

...Бұл Тұманбай – таңғажайып ақындығымен қоса таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін туған...

Әбділда Тәжібаев.

   ...Тұманбайдың лирикалық кейіпкерінің жүрегі – қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей. Несін де болсын жасырмай жайып салады, қалтарыс-бұлтарысы жоқ...

     ... Тұманбайдың ақындығының өзі оның сенгіштігінде. Қуана да, күйіне білетіндігінде, өзін-өзі сарыла зерттегіштігінде...

Мұқағали Мақатаев.

...Біздің поэзиямызда үлкенді-кішілі алуан әуенді ақындар бар. Сол әуендердің арасынан аса бір назды нәшпен, нәзік сырмен есетін лебіз – Тұманбай Молдағалиев жырлары. Өлең әлеміне алғашқы үн қосқан албырт шағынан бастап-ақ Тұманбай өзінің лирикалық тебіренісімен өлең сүйгіш жас қауымды, біз секілді ақын ағаларын да айрықша сүйсіндірген жан. Тұманбай – поэзиямыздың көрнекті, мерейлі ақыны...

Қалижан Бекхожин.

...Тұманбай секілді ақыны бар қазақ поэзиясы бақытты поэзия. Қашанда оның бақытын жасайтын осындай-осындай ірі ақындар ғой...

Ғафу Қайырбеков.

...Тұманбай өлеңі төгіліп тұрады. Тау бұлағының ағысындай табиғи, заңды, әрі екпінді, лепті, әрә таза, мөлдір. Кідіріссіз, мүдіріссіз, сүрініссіз. Шыншыл, бүкпесіз, ашық-жарқын. «Осың жалған-ау, әй қайдам?!» дегізбейді. Жеткізбей айтқан жерлері бар шығар. Орта жолда үзген тұстары да табылар. Ал бұра сөйлеген, бұлдыр сөйлеген кездері кездеспейді десем, оған күдіктенушілер табыла қояр ма екен?...

Мұзафар Әлімбаев.

Тұманбай Молдағалиев – өте өнімді ақын. Қашан көрсең де миуа жемісін көтере алмай, бұтақтарымен жер тіреген алма ағашы сияқты. Оның беріп үлгергенін жинап үлгермейтін кездеріміз де болады. Жасыратыны жоқ,Тұманбай Молдағалиевтың осынша «ашқарақ» шығармашылық тәбетіне әркім әртүрлі қарайды. Әр жаңа жинағы сайын енді не айтар екен, енді қайтер екен деп отырған оқырман. Жеміс мол болған сайын ұсақ болады деушілер де көп... Оны Тұманбайдың өзі де естіп жүр. Кейде ондай-ондай пікірлер ақын табысын жоққа шығарса, ақын өлеңдері ондай пікірлердің өзін жоққа шығарып келеді. Өнердегі Тұманбай маған осынысымен қымбат...

Қадыр Мырза Әли.

 

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір