Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 3373 0 пікір 10 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТIНIҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнiң ОҚО-дағы филиалы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов қатысып, БАҚ өкiлдерiне сәттiлiк тiледi, - деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан газеті.

– Орталық коммуникациялар қызметi журналистердiң жұмыс iстеуiне қолайлы жағдай жасап, олардың мемлекеттiк органдардан шынайы әрi жедел ақпарат алуына жол ашты. Былтырдан берi Орталық коммуникациялар қызметiнiң филиалдары облыстарда да ашылуда. Бүгiн мiне, кезектi филиалы күн нұрына бөленген Шымкентте өз жұмысын бастады. Бұл облыстың ақпараттық, қоғамдық-саяси өмiрiндегi елеулi оқиға. Филиалдың ашылуы өңiрдегi мемлекеттiк органдардың транспоренттiлiгiн арттырып, билiк пен бұқараның арасын жақындата түседi деп сенемiн, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Мұндағы алғашқы баспасөз мәслихаты облыста кәсiпкерлiктi дамыту және индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысына арналды. Оған облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен «Хлопкопром Целлюлоза» ЖШС-нiң бас директоры Қайнар Аббасов қатысты.

Сапарбек Құрақбайұлы өңiрде кәсiпкерлiктiң дамуына кедергi болып келген бiрқатар проблемаларға тоқталып, оларды шешу үшiн атқарылған жұмыстарды әңгiмеледi.

– Кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына ең алдымен әкiмшiлiк кедергiлердiң көптiгi тосқауыл болып келген едi. Сол себептi облыста Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, «бiр терезе» қағидасы енгiзiлдi. Онда өз iсiн бастаған азаматтарға рұқсат беру, тiркеу құжаттарын бiр жерден алуға мүмкiндiк бар. Кәсiби мамандар оларға қаржылық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес бередi. Мұның бәрi бизнеске әкiмшiлiк кедергiлердi азайтуға ықпал еттi, – дедi облыс басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, орталық бүгiнгi күнге дейiн 50 мың бизнесменге қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, облыстың барлық аудан-қалаларында да Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсiпкерлiк мектептерi ашылған. Олардың барлығы да типтiк ғимараттарда жұмыс iстеуде.

– Бизнес жүргiзудегi тағы бiр үлкен кедергi жер телiмiн алудың қиындығы мен инфрақұрылымның жоқтығы. Бұл мәселенi шешу үшiн Шымкент қаласының маңынан «Оңтүстiк» индустриалды аймағы мен «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы ашылып, инвесторларға жер телiмi берiлдi. Инфрақұрылымдық желiлер де мемлекеттiң есебiнен тартылды. Шымкент қаласында тағы 4 индустриалды аймақ ашу көзделуде. Сонымен қатар облыстың барлық аудан, қалаларында индустриалды аймақ құру жұмыстары жүргiзiлуде, – дедi С.Тұяқбаев.

Оның айтуынша, «Оңтүстiк» индустриалды аймағында жалпы құны 81 млрд. теңгеден асатын 66 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бюджеттен бөлiнген 1 теңгеге 12 теңге көлемiнде жеке инвестиция тартылған.

Облыс әкiмiнiң орынбасары бизнестiң дамуына қолбайлау болар тағы бiр мәселе қаржы тапшылығы екенiне тоқталды. Бұл бағытта облыс әкiмдiгiнiң арнайы делегациясы 14 шет мемлекетте болып, өңiрдiң инвестициялық мүмкiндiктерiн көрсететiн роуд-шоулар ұйымдастырған. Нәтижесiнде бүгiнде Оңтүстiк өңiрде шетелдiк инвестицияның қатысуымен 29 бизнес-жоба жүзеге асуда.

Сонымен қатар Сапарбек Құрақбайұлы Шымкент қаласындағы әуежай маңынан көлiк-логистикалық орталық құрылып жатқанын айтты. Онда жалпы құны 24 млрд. теңгенi құрайтын жобалар қолға алынған. Ендi тап осындай көлiктiк-логистикалық орталық Түркiстан қаласы мен Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында да салына бастапты.

– Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетi өте жоғары. Бiз қазiрдiң өзiнде жемiс-жидек пен көкөнiс өнiмдерiн Еуразиялық Одақ елдерiне ғана емес, Еуропаға да экспорттап жатырмыз. Алайда, сақтау, тасымалдау, еуропалық стандарттарға сәйкес қаптап, әрлеу жұмыстарын тиiмдi жүргiзбесек, өнiмнiң өзiндiк құны шарықтап кетедi. Көлiктiк-логистикалық орталықтар осы мәселелердiң барлығын шешiп, өнiмдерiмiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырады, – дедi ол.

Өңiр басшысының орынбасары, облыста туризм кластерiн дамыту iсi де жүйелi түрде қолға алынғанын атап өттi. Өңiрде туризмнiң iрi 4 орталығы қалыптаспақ. Атап айтқанда, Түркiстан қаласында – тарихи-танымдық, Сарыағашта – емдеу-оңалту, Шардара жағажайлары мен Төлеби ауданының тауларында экологиялық туризм ошақтары дамытылады.

Сондай-ақ, С.Тұяқбаев ҮИИД бағдарламасының екiншi бесжылдығында облыста 115 инвестициялық жоба iске асырылатынын, нәтижесiнде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғанын атап өттi.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Abai.kz

0 пікір