Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021
Билік 1915 0 пікір 13 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ЖАҢА ӘКІМ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ НАЗАРЫНА АЛДЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов алғашқы жұмыс сапарында Шымкент қаласында күрделi жөндеуден өтiп жатқан бiрқатар мектептердегi жұмыс барысымен танысты. Облыста биылғы жылы республикалық және облыстық бюджет есебiнен 104 бiлiм нысанының құрылысы қолға алынған. Оның iшiнде жыл аяғына дейiн 67 бiлiм мекемесiнiң құрылысын аяқтау жоспарланып, бүгiнге дейiн 37 нысан iске қосылған. Пайдалануға берiлген жаңа нысандардың iшiнде ғимараты апатты деп танылған 19 мектептiң де құрылысы аяқталып отыр. Жыл соңына дейiн осы санаттағы тағы 10 мектептiң құрылысын бiтiру жоспарланған. Қалған 27 апатты мектептiң мәселесi 2017 жылға дейiн кезең-кезеңiмен шешiлмек. Сонымен қатар, биылғы жылы 100 бiлiм нысанында күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Қазiргi таңда осы бағыттағы жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Бiлiм мекемелерiнiң жөндеу жұмыстарын облыс аумағында 25 тамызға дейiн аяқтау жоспарда бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында бiлiм мекемелерiнiң дайындығын пысықтауды мақсат еткен облыс әкiмi бастаған жұмыс тобы Шымкенттегi Б.Момышұлы атындағы №44 және Қазыбек би атындағы №36 орта мектептерiндегi жөндеу жұмыстарымен, Сайрам елдi мекенiндегi 1200 орынды орта мектептiң құрылысымен танысты. Бiлiм ошақтарының алдағы оқу жылына дайындығын қадағалаған облыс басшылығы мердiгерлерден жоспарланған жұмыстарды өз мерзiмiнде аяқтауды талап еттi. Құрылыс барысында қолданылып жатқан құрылыс материалдары сапалы болуы керектiгiн, мектеп аулаларының көрiктендiрiлуi де үнемi назарда болуы қажеттiлiгiн ескерттi. Әлеуметтiк нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажеттi жобалау-сметалық құжаттарды әзiрлеуде ғимараттардың жылу жүйелерiн жылыту маусымында iс жүзiнде қадағалау мәселесi мен мектеп iргесiндегi жер учаскелерiн суару жүйесiн орнату талаптарын ескерудi жүктедi. Жұмыс сапары қорытындысында бiлiм ошақтарындағы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалаған Бейбiт Атамқұлов мектептерде балалардың сапалы бiлiм алуы үшiн барлық жағдай жасалуы керектiгiне көңiл бөлiп, «облыс әкiмдiгi алдағы уақытта да саманнан салынған мектептердiң орнына заманауи бiлiм ошақтарын салу жөнiнде нақтылы шараларды атқарады» дедi. ОҚО әкiмi аппаратының баспасөз қызметi.

 

Abai.kz

 

0 пікір